Шаруаларының дені ырзығын атакәсіптен айырып отырған өңірлердің ішінде Мойынқұм ауданының орны ерекше. Әулиеата өңірін Бетпақдаламен шектестіріп жатқан Мойынқұм ауданы – қойнауы қазынаға, өрісі малға толы құтты мекен. Облыстың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан, жалпы аумағы 50,4 мың шаршы шақырым жерді құрайтын Мойынқұм ауданы Әулиеата өңірінің 43 пайызын алып жатыр. Бұйрат-бұйрат құмына қазына жасырынған осы Мойынқұмның даңқын кезінде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, «Малшылардың маршалы» атанған Жазылбек Қуанышбаев одақтас 15 республикаға танытқан еді. 130 жылдық мерейтойы тойланғалы жатқан дала академигі кезінде 100 қойдан 144 қозы алғаны баршаға мәлім. Даңқты шопан Жаз атаның ізін басқан бүгінгі мойынқұмдық шаруалар малға қырсыз болуға тиісті емес. Өткен аптада Мойынқұм ауданына жасаған жұмыс сапарымызда аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ернұр Надиргужин Таразға жол жүріп бара жатты. Десе де біз мал төлдету науқанының барысы мен Жаз ата салған сара жолдың бүгінгі жалғасы туралы тәптіштеп сұраған едік.
– Мойынқұм ауданының аумағында 684 шаруа қожалығы тіркелген. Оның ішінде малшаруашылығымен айналысатын 542, егіншаруашылығымен айналысатын 142 шаруа қожалық бар. Ауылшаруашылығы мақсатында пайдалануға аудан бойынша 721 684 гектар жер тіркелген. Оның ішінде суармалы жер 6 725 гектар болса, 25 831 гектары – шабындық, 689 128 гектары – жайылым. Аудан аумағында малшаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары жайылым жерлерін толыққанды пайдаланып отыр. Бір айта кетерлігі, Қылышбай, Мойынқұм, Жамбыл ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтар төрт түлігін қысы-жазы бір жайылымдық жерлерде тұрақты ұстайды. Жылдың қыс мезгілінде өзге аудандардан көшіп келіп, төрт түлігін біздің жерде бағатын шаруа қожалықтар жоқ. Негізінде жайылым жерлерді шаруалардың тұрақты бір жерде пайдалануының ауыртпалығы мен салмағы болады. Бірақ аталған ауылдық округтерде жайылым жерлердің жеткілікті болуына, сонымен қатар мал санының аздығына байланысты шаруа қожалықтар кезең-кезеңмен жайылымдарды пайдалануда. 2026 жылдың 1 қаңтарындағы ресми статистикалық көрсеткіш бойынша, ауданда барлығы 63 714 мүйізді ірі қара бар екені нақтыланды. Сондай-ақ 145 932 уақ мал, 19 662 жылқы, 1 258 түйе тіркелген. Аудан бойынша 2025 2026 жылдардағы мал қыстату кезеңіне қажетті мал азығының қорын дайындау жұмыстары жоспарға сәйкес толығымен орындалған болатын. Мәселен, 194 800 тонна пішен 104,2 пайызға, 3 900 тонна сабан 100 пайызға орындалды. Мал азығын дайындауға 96 ауылшаруашылық техникасы бар 16 бригада жұмылдырылды. Тұрмыстық жағдайы төмен 42 отбасыға мал азығын дайындап жатқан бригада жетекшілері нарықтан 20 пайызға төмен бағада 114 тонна мал азығын үйлеріне түсіріп берді. Атап айтқанда, «Үркер» шаруа қожалығының жетекшісі Б.Исабеков, «Аяулым» шаруа қожалығының жетекшісі М.Кожахметов, «Байсубай» шаруа қожалығының жетекшісі К.Құдайбергеновтер аз қамтылған отбасыларға осылай қол ұшын созды. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде отар-отар малы бар шаруалардан да, ауылдық елді мекенде 5-10 тұяқ ұстайтын тұрғындардың да малынан бір тұяқ шашау шыққан жоқ. Қыстан төрт түлік күйлі шығып, қазір төл алу науқанының көрігі қызуда. Жыл басталғалы аудан орталығында ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің өндірген өнімдері бойынша 5 мәрте жәрмеңке өткізілді. Жәрмеңке аясында ет, сүт, бал, көкөніс, бақша өнімдері тиімді бағада саудаланды. Сонымен қатар пішен, сабан, құрама жем секілді мал азығы ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесінде нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен бағада сатылымға шығып жатты. Аудан аумағында осы жылы ауылшаруашылығын дамыту аясында, атап айтқанда, жайылым және шабындық жерлерін ұлғайту мақсатында ұзындығы 125 шақырымды құрайтын «Фурманов» айналма каналына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Бұл айналма каналы арқылы 14 мыңға жуық шабындық жерлер ағын сумен қамтамасыз етіледі деген болжам бар. Ауданға қатысты асыраушы салада осы секілді атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік, – деді аталған бөлім басшысы.
Төскейде түлік түлеткен агроқұрылымның бірі – «Мерей» шаруа қожалығы. Оның басшысы Ғазиза Садырқұлованың айтуынша, аталған шаруа қожалық әкесі Стамқұлдан мұраға қалған екен. Шаруашылықта 1 200-ге жуық асылтұқымды қой бар. Малды асылдандыру жұмысы 2015 жылы қолға алыныпты.
– Уақ малдың гиссар тұқымын, яғни саулық пен қошқарларды өзіміздің Меркі ауданынан, көршілес Түркістан облысынан, Қырғыз Республикасынан әкелдік. Түбі Тәжікстаннан таралатын осы қойдың тұқымын көбейтуде екі жыл сайын қошқар ауыстырып отырамыз. Биылғы мал төлдету науқаны өте жақсы өтуде. Қазіргі уақытта отардың 70-80 пайызы төлдеп қойды, науқан сәуір айының ортасына дейін жалғасады. Шамамен 1000 басқа жуық төл аламыз деп отырмыз. Шаруа қожалықтың малы қырғыз елінен келген бір отбасының бағымында. Маусымдық мал төлдету жұмысы үшін осы отбасыға келісіммен қосымша ақы төленуде. Шаруа қожалық иелігіндегі малға, жерге қатысты ветеринариялық эпизоотиялық жағдай тұрақты. Мал дәрігерлер малды сырғалау, қан сынамасын алу, қауіпті ауруларға қарсы екпе егу жұмысын уақытылы жүргізіп тұрады. Шаруашылыққа тиесілі барлық мал сырғаланып, есепке қойылған. Бекітілген ветеринарлардың жоспарға сай жасайтын ем-домына разымыз. Жасым 60-қа таяп қалды. Әкеміз шопан болғаннан кейін ол сыйға қалдырған шаруашылықтың жұмысын дөңгелету қиынға соққан жоқ. Негізінен шаруашылық жұмысын қадағалау, басқару, көшіп қондыру, малды күйекке түсіру, қырқынға айдау секілді шаруалардың басы-қасында өзім жүріп, өзім шешім қабылдаймын. Дегенмен кейде бала шағам қарайласып тұрады. Шаруашылықтың малы бұл жерге желтоқсан айында айдап әкелінеді. Мал төлдеп болғаннан кейін келесі қысқа дейін екі-үш ай сайын өріс ауыстырып отырамыз. Мәселен, көктемнің соңынан қара күзге дейін «Жалалы», «Теріскен», «Бала теріскен», «Сарықұдық» мал жайылымында боламыз. Алдағы сәуір айының 20-сынан кейін өріс ауыстырамыз. Көшіп-қонуға шаруашылықтың 2 «МТЗ» тракторы мен өзге де қосымша қосалқы техникалары пайдаланылады. Одан бөлек бір жол талғамайтын көлік пен мотоцикл бар, – дейді Ғазиза Стамқұлқызы.
Аталған шаруашылықтың малын бағып отырған 58 жастағы Бейшенбек Мамашарипов кезінде малдың қыр-сырына қанығып өскен екен. КСРО дәуірінде ата-анасы қырғыз елінде белді шопан болған көрінеді.
– Осы шаруашылықтың малын бағып келе жатқанымызға 11 жыл болды. Бағымымда бір отар қой мен бір үйір жылқы бар. Еңбекақымызға ай сайын 700 мың теңге мен сойысқа мал беріледі. Одан бөлек төлді аман-есен жеткізсек, келісімге қарай пайызын аламыз. Шаруашылықта электр энергиясы, монша бар, барлық жағдай жасалған. Төрт балам бар, алды 37-де болса, кенжем 25-те. Негізінде бала-шағам екі-екіден осында келіп, маған кезектесіп қолқабыс етсе, сақпан уақытында науқандық жұмысқа барлығымыз жұмыламыз. Себебі оған қосымша ақы төленеді, одан бөлек қанша қозы өсірсек, күзде соның пайызын алатын болғандықтан сақпанға салғырт қарамаймыз. Өзім ірі сақпанды (төлдейтін мал) бақсам, бір балам орта сақпанды (қозысы аяқтанған мал) жаяды. Майда сақпанға тағы бірі қараса, енді бірі туған қозыны тасиды. Әйелім ас-суымызды дайындайды. Алатаудың арғы жағындағы ағайынмен де қарым-қатынасымыз үзілмейді. Қандай да бір той-томалақ, ас-жиынға баруымыз керек болса, балаларым алмастырады, – дейді Б.Мамашарипов.
Кейбір шаруашылықтың малшы таппай жататыны жасырын емес. Ақысын жақсылап төлесең, малыңа бала-шағасымен бірге қарайтын отбасылар табылатынын «Мерей» шаруа қожалығының тәжірибесінен байқауға болады. Шаруашылықтың малын өз малындай қарауына шопанға төлден берілетін пайыз ықпал етіп тұрғаны анық. Осы арқылы шопанның да мал жинауына мүмкіндігі бар. «Мал баққанға бітеді» деген осы.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ



