Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Оюларды дұрыс қолданып жүрміз бе?

Оюларды дұрыс қолданып жүрміз бе?
Автор
Ою-өрнек – әлемдегі барлық халықтың ішкі мәдениетін көрсететін элементтердің жиынтығы. Көне замандарда қалыптасып, бүгінге дейін өз қасиетін жоғалтпай жеткен ірі мәдениет үлгісі. Қанша ғасыр аунаса да ұлттық санамызбен біте қайнасып кеткен ою-өрнектер – баба дәстүрінің балталаса бұзылмайтын бөлшегі.

Қазіргі таңда қазақы ою-өрнекпен көмкерілген заманауи киімдер, ұлттық нақыштағы үй бұйымдары, көрпе-төсектер мен сәнді аксессуарлар күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бөлшегіне айналып, жоғары сұранысқа ие брендке айналды.

Ұлттық киімді кез келген халықтың мәдени болмысы мен рухани тектілігінің ажырамас нышаны ретінде қарастыратын болсақ, бүгінгі таңда бұл саланың даму бағытында өзіндік қайшылықтар байқалады. Қазіргі нарықтағы жоғары сұранысты қанағаттандыру мен заманауи трендтерге ілесу жолында кейбір дизайнерлер ою-өрнек мәдениетінің терең мағынасы мен киелі мәнін ескерусіз қалдырып жатқандай. Әрбір сызығы мен нүктесінде ғасырлар шежіресі сайрап жатқан дәстүрлі оюлардың орналасу тәртібі, мағыналық үйлесімі мен этнографиялық заңдылықтары жиі бұзылуда. Қолөнердің бұл асыл мұрасы жай ғана декоративті элементке айналып, өзінің төлтума қасиетінен айырылып барады.

Қазақстан Этнодизайнерлер одағының мүшесі, «Qoloner-Taraz» Жамбыл облыстық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Раушан Құндызбаева отандық сән индустриясының өкілдері форма қуалап, мазмұнды ұмыт қалдырмауы тиіс екенін айтады.

– Ұлттық элементтерді пайдалану барысында барынша мұқият әрі жауапты болуымыз қажет. Себебі қазақ халқы ежелден нышандар мен символдарға ешқашан атүсті қарамаған. Әрбір сызық пен ою-өрнектің артында үлкен философия мен ұғым жатыр. Мәселен, ұлттық киімдерді әзірлеуде жиі кездесетін қателіктер көңіл қынжылтады. Көп жағдайда талғамсыз таңдалған жылтыр маталар мен «қошқар мүйіз» оюларын жөн-жозықсыз, мағынасына үңілместен кез келген тұсқа жабыстыра салу үрдіске айналған. Алайда тарихқа бағамдап қарасақ, дәстүрлі қазақ мәдениеті арзан жылтырға, айғайлаған түстерге әуес болмаған. Бұрынғы аналарымыз үйдегі бар матаның қиындысын қиюластырып, біріктіріп, үнемділік пен шеберліктің символы ретінде құрақ тіккен. Мұндағы басты ерекшелік – құрақтың бетіне ешқашан ою бастырылмаған. Ою-өрнек көбіне тұтас, бір түсті матаның шетіне, киімнің жағасына немесе етегіне ғана түсіп, киімнің сәулетін ашып тұратын. Мұның барлығы ата-бабамыздың эстетикалық талғамының жоғары болғанын және әрбір бұйымның өзіндік орны мен қатаң тәртібі болғанын көрсетеді. Барлығы терең пайыммен, ерекше талғаммен жасалған дүниелер еді. Сонымен қатар халқымызда балаға, ер адам мен әйелдерге тән өзіндік өрнектер жүйесі қалыптасқан. Мысалы, қыз баланың киіміне нәзіктік пен пәктіктің символы ретінде гүл тәрізді немесе қанатты қарлығаш өрнектері бедерленсе, ер баланың киіміне «батыр, алғыр, рухты болсын» деген ниетпен найзаның ұшы, бүркіт немесе қошқар мүйіз секілді айбынды нышандар салынған. Оюдың атауына, көлеміне, пішініне, тіпті түр-түсіне қарай өзіндік қатаң мағынасы болады. Соған байланысты, қазақ дәстүрінде бас киімге арналған өрнекті киімнің етегіне немесе шалбардың балағына салуға, сондай-ақ керісінше төменге тән нышандарды жағаға жапсыруға қатаң тыйым салынған. Бұл оюлар жоғары мен төменді ажырататын рухани тәртіптің белгісі, – дейді Раушан Иманәліқызы.

Адамның төрткүл дүниені тануына байланысты пайда болған бұл оюлар көбіне дүниенің төрт бұрышы бар екенін меңзейді және шеңбер немесе шаршы бейнесінде болады екен.

– Оюдың астарында ата-бабамыздың өмірлік пәлсапасы, танымы мен ұрпаққа қалдырған тәрбиесі жатыр. Қазақ оюларының негізінде көбіне үш іргелі геометриялық пішін жатады: шеңбер, пирамида және төртбұрыш. Тоқтала өтер болсақ шеңбер – Күнді ишараласа, пирамида (Ұлытау бейнесі) – биіктік пен киелілікті меңзейді, ал шаршы – әлемнің төрт құбыласын меңзейді. Халқымыздағы «Төрт құбыласы тең» деген терең ұғым осыдан бастау алады. Ою-өрнек әлемдегі тепе-теңдіктің айнасы іспеттес. Өмір мен өлім, күн мен түн, жақсы мен жаман, ер мен әйел секілді қарама-қайшы ұғымдар бірін-бірі толықтырып, біртұтас дүниені құрайды. Тағы бір ерекшелік – төсеніштерде. Текемет, сырмақта кеңінен қолданылатын «қошқармүйіз», «арқармүйіз», «қырықмүйіз» секілді мүйіз тектес оюлар ешқашан бас киімге салынбаған. Мұндай өрнектер үй жиһаздарына, ер-тұрман мен қару-жараққа ғана тән. Өкінішке қарай, қазіргі таңда білместіктің салдарынан бас киімге тән қасиетті белгілерді етікке немесе балаққа басып жүргендер кездеседі. Тіпті әшекей бұйымдардың өзі «сөйлей» алатын болған. Айталық, бойжеткеннің қолындағы білезіктің бедеріне қарап-ақ, оның басы бос немесе құда түсіп қойылған (айттырылған) жан екенін аңғаруға болатын еді. Қазақ оюы – бұл бүтін бір халықтың өмірін, әлеуметтік мәртебесін және рухани дүниесін қағазсыз-ақ оқуға мүмкіндік береді, – Раушан Иманәліқызы.

Ал ұлттық нақышта көрпе көктеп, киім тігетін Гүлзипа Бидайбаева заман талабына сай сұраныс та өзгеретінін айта келе, бұл мәселеге қатты сыни көзқараста қарамау керектігін ескертті.

– Кез келген дизайнер ең алдымен тұтынушының сұранысы мен талғамына қарай жұмыс істейді. Мәселен, сіз маған арнайы келіп, кәжекейге тапсырыс берер болсаңыз, менің алғашқы қадамым сіздің қалауыңызды нақтылау болады. Ондағы ою-өрнектің түрі, оның орналасу тәртібі, пайдаланылатын бағалы тастар мен әшекейлердің сипаты, барлығы дерлік тапсырыс берушінің ұсынысы мен көзқарасы негізінде жүзеге асады. Алайда, бүгінгі ашық нарықта, яғни жаппай сауда орындарында сатылымға шығып жатқан ұлттық киімдердің жай-күйі расымен де көңіл қынжылтады. «Сұраныс бар екен» деп, арзан матаға мағынасыз оюларды жапсыра салу үрдісі ұлттық киімнің төл құндылығын жоғалтып, оны қарапайым тұрмыстық бұйым деңгейіне түсіріп жіберді. Базар сөрелеріндегі киімдерде оюды орналастыру мәдениеті мүлдем сақталмаған деуге болады. Сондықтан, дизайнерлер  қауымы тек тапсырыс берушінің айтқанымен шектелмей, оған жол көрсетіп, бағыт-бағдар беретін мәдени кеңесші де болуы тиіс. Оюды дұрыс орналастыру сәндік құрылымды сақтап қана қоймай, киіміге әр беріп, әдемілеп тұрады, – дейді Гүлзипа Дәметкенқызы.

Ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс артқаны өте қуантарлық жайт. Алайда, сұраныс артты екен деп қазақ тарихынан сыр шертетін мәдени элементтердің қолдану аясын тарылтып алмасақ болғаны.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар