Өзгеріс демекші, бүгінде әлеуметтік желіде желдей ескен контенттің көбі ақыл, кеңес сарынында. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін өмірлік кеңестермен бөлісіп жатады. Бірі танымалдылықты қаласа, бірі түйгенін түсіндіруге тырысады. Өкініштісі сол, құмырсқадай қаптаған бейнежазбалардың адамдардың ой-санасына теріс әсер етуде. Жан-жағымызға бағамдай қарайықшы, көбінің қабағы қатулы. Себепсіз ашуланамын деп, соңында бармақ шайнап, қалып жатқандар да жетерлік. Бұл қоғамның ашушаң бола бастағанының көрінісі іспетті.
Қоғамдағы бұл өзгерістің себебін білмекке біз филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақты әңгімеге тартып, сөйлескен едік. Ол адамның ашуының түрлі себептері болатынын, бірақ бәрін ақылға салу қажеттігін тілге тиек етті.
– Адамдар арасындағы озбырлық пен ашушаңдықтың тамыры бүгінгі заманның ақпараттық агрессиясы мен шексіз жылдамдығында жатыр деп есептеймін. Біз уақыт пен ақпараттың қыспағында қалған буынбыз. Кейбір істерді шұғыл аяқтауға деген мәжбүрлілік жүйке жүйесін ғана емес, адамның ішкі рухани тепе-теңдігін де бұзып жатады. Бүгінгі қоғамдағы ашушаңдық белгілері осы заманауи қажығандықтың тікелей көрінісі деп білемін. Халқымыздың «Кең болсаң, кем болмайсың» деген философиялық танымға толы қанатты сөзі бар. Бұл бүгінгі ашушаңдық пен тарпейілдікке қарсы тұратын басты рухани иммунитет. Бұрынғы замандарды кеңдік пен тыныштықтың дәуірі деп қабылдауымыздың астарында үлкен мән бар. Ол кездегі адамдардың жомарттығы мен кеңпейілдігі сол уақыттың сабырлы ағымымен де үндес келетін. Ал бүгінде уақыттың жетіспеушілігі мен өмірдің қарбалас ырғағы адам мінезін күрт өзгертті. Бұл мәселе тек психологиялық емес, этикалық тұрғыдан да ойлануды қажет етеді. Адамдар арасындағы мейірім, біреудің жетістігіне қуана білу секілді ізгі қасиеттердің сиреп бара жатқаны қынжылтады. Тұрмыстық тауқымет, жалақының төмендігі немесе әлеуметтік қысым болғанымен, біз сөз мәдениетін ұмытпауымыз керек. «Ашу -дұшпан, ақыл- дос» деген халық даналығын басты қағида етіп ұстанып, сөйлеу этикасын сақтау маңызды. Бір ауыз ауыр сөз екі адамның арасына ғана емес, бүкіл қоғамдық қарым-қатынасқа сызат түсіруі мүмкін. Сондықтан іштегі ашуды ақылға жеңдіріп, тіл мен көңіл тазалығын сақтай білу –зиялылықтың белгісі, – дейді С. Құлбарақ.
Қоғамда жиі көрініс табатын жанжалдың көбі аға буын мен жас толқынның немесе үлкен мен кенженің арасындағы келіспеушілік. Бірі ақылын айтқанымен, оны екіншісі жақтырмай, түрлі дау-дамай туындап жатады. Ағаның ініге, інінің ағаға айтар базынасы бар. Мәселен, қоғамдық көліктегі орын таласы сынды даулар күнделікті тіршілікте жиі көзге шалынады. Біз сөйлескен Тараз қаласының тұрғыны Нұрдәулет Мұсаның айтуынша, бүгінде адамдар арасында өзара құрмет-сыйластық азайып бара жатқан көрінеді.
– Қазіргі қоғамдағы агрессия мен ашушаңдықтың белең алуы кездейсоқ құбылыс емес. Бұл бүгінгі өмір салтымыздың тікелей салдары. Меніңше, негізгі себеп тұрмыс тауқыметі мен әлеуметтік байланыстың үзілуінде жатыр. Бұрынғыдай көрші-қолаңмен шүйіркелесіп шай ішу, бетпе-бет ашық әңгімелесу дәстүрі келмеске кетті. Оның орнын виртуалды әлем мен смартфондар басты. Адамдардың ішінде ұзақ уақыт бойы қордаланған стресс, депрессия және кәсіби тұралау сияқты психологиялық жүк көп. Тұрақты жетіспеушілік, ауыр жұмыс пен ертеңгі күнге деген сенімсіздік ішкі агрессияны тудырады. Адамдар бұл негативті сыртқа шығара алмайтындықтан, кез келген ұсақ-түйек түйткіл үлкен жанжалға ұласып кетіп жатады. Ең өкініштісі – сабырдың сарқылуы. Біз үлкенді сыйлау, бір-бірімізге жол беру, өзара кешірімді болу секілді қарапайым адамгершілік құндылықтардан алыстап барамыз. Әркім өз мәселесінің құрсауында қалып, айналасындағылардың жағдайына бас ауыртпайтын болды. Бірақ мен бұған адамдарды кінәламас едім. Олар табиғатынан жаман емес, тек үздіксіз қысым мен қажығандықтан осындай күйге түскен. Тіпті қоғамда қарапайым нәрсеге қуану деген ұғымның өзі ұмытылып бара жатқанын мойындауымыз керек, – деді ол.
Жалпы ғылымда агрессия, ашушаңдық басқа адамға, топқа немесе нысанға нұқсан келтіруге, зиян тигізуге бағытталған физикалық немесе психологиялық күш қолдану мінез-құлқы деп сипатталады. Мамандар бұл жөнінде түрлі дәрістер оқып, адамдарды тұрақты қабылдайтынын айтады. Біз де психология магистрі Айгүл Абдрахманованың көмегіне жүгініп, өз сауалымызды жолдаған едік. Оның айтуынша, өз эмоциясын басқара алатын адам ашу мен ызадан аулақ болады екен. Сондықтан ол эмоционалды интеллектіні игеруге кеңес береді.
– Бүгінгі қоғамда агрессияның жиілеуі бірнеше іргелі фактордың жиынтығынан туындап отырған құбылыс. Ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық қиындықтар, жұмыссыздық пен табыс көзінің шектеулі болуы адам бойында созылмалы күйзеліс пен ашу-ызаны қалыптастырады. Қаржылық қысым артқан сайын адамдардың бір-біріне деген төзімділігі азайып, ішкі агрессия сыртқа шығуға сылтау іздейді. Оған қоса, қазіргі өмірдің тым жылдам қарқыны, үздіксіз бәсекелестік пен ақпараттық тасқын жүйкені қажытып, адамды тез ашулануға итермелейді. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жағымсыз жаңалықтар мен зорлық-зомбылықты насихаттайтын контент адам мінез-құлқына кері әсерін тигізуде. Егер салыстырмалы түрде қарасақ, қазіргі қоғамдағы агрессия Кеңес дәуірімен салыстырғанда әлдеқайда айқын көрінеді. Ол кезеңде өмірдің белгілі бір тұрақтылығы, жұмыс орындарының кепілдендірілуі мен болашаққа деген нық сенім болды. Ал бүгінде адамдарды табыс тапшылығы, баспана мәселесі, әлеуметтік әділетсіздік пен ертеңгі күнге деген уайым көбірек мазалайды. Осындай қысымның әсерінен адамдар эмоцияларын бақылай алмай, агрессияның физикалық, вербальды немесе жанама түрлерін жиі көрсететін болды. Тіпті ашуды сыртқа шығармай, өзін-өзі жазғыратын ішкі агрессия да қауіпті деңгейге жетті. Дегенмен агрессия табиғатынан жаман эмоция емес, ол адамның қорғаныс реакциясы. Тек оны дұрыс басқара білу маңызды. Біз психолог ретінде адамдарға эмоцияны бақылауды, тыныс алу жаттығуларын жасауды және дене белсенділігін арттыруды ұсынамыз. Мысалы, дау-дамай болып жатқан ортадан уақытша алыстап, «Мен неге ашуландым?» деп өзіне сұрақ қоя білу – эмоционалды интеллектінің белгісі. Сондай-ақ жаяу жүру, спортпен шұғылдану, дұрыс ұйқы мен тамақтану режимін сақтау жүйкені қалпына келтіруге көмектеседі. Тіпті ашуды қағазға түсіріп, оны жойып жіберу арқылы да жеңілдеуге болады. Ең бастысы жағдайды саралап, эмоцияны ақылға жеңдіре білу, себебі өз сезімін басқара алатын адам агрессияға бой алдырмайды, – деді Айгүл Абдрахманова.

Бұл мәселенің әлеуметтік салдары да бар. Мәселен, облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың алғашқы екі айында қоғамдық орындардағы бұзақылық деректерінің 16,7 пайызға өскені байқалады. Сонымен бірге осы аралықта қоғамдық орындарда тиісудің 1 287 фактісі анықталыпты. Бұл статистиканың артында тек заң бұзушылық қана емес, адамдардың ашуын тізгіндей алмай, эмоцияға бой алдыруы жатыр. Демек, бүгінде «Ашу -дұшпан, ақыл -дос...» деген дана Абай сөзінің мәні бұрынғыдан да өзекті бола түспек. Іштегі ашуды ақылға жеңдіріп, сөйлеу мәдениеті мен сабырды сақтау бүгінгі қоғамның басты рухани қажеттілігі.
Біз бүгін қалам тартып отырған тақырып ауқымды. Ақ пен қара қатар жүрер өмірдің көз қуантарлық жағы да аз емес, алайда адамдардың мамыражай, риясыз, шынайы қарым-қатынасының сирегені жасырын емес. Оған агрессия кінәлі ме, әлде адам ба, әлде тұтас қоғам ба? Бұл сұраққа әркімнің өз жауабы бар деп білеміз.
Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ




