Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұл тумаған әйелдің айыбы не?

Ұл тумаған әйелдің айыбы не?
Автор
Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған осы бір әуелеген әннің құшағында тербеліп өстік. Бала күнімнен осынау әнді әкем үкілі домбырасын қолына алып, шарықтата шырқаған сайын қыз болып дүниеге келгеніме өкінгендей болатынмын. Десе де соңымнан ерген жалғыз қарамның бар екеніне шүкір етіп, ініме қарап сүйсініп қалатынмын. Сонда «Егер інім болмаса, біздің шаңырақта шаттықтың үні шықпайтын ба еді? Әкем әуелете ән сала алмай қалар ма еді?» деп көп ойланатынмын.

Қыз дегенің, қонақ қой ол қашанда,

Төбесіне алтын құйып бақсаң да.

Шаңыраққа ие болып қалатын,

Ұлдың аты – ұл ғой шіркін қашанда!

Асып тұрған, тасып тұрған шағыңда,

«Шығын шығып кетеді» деп тарылма.

Шыққан шығын орнын тауып оралар,

Күлімдеген ұлың тұрса алдыңда.

 

Есейе келе адам өміріндегі ең үлкен жауапкершіліктің бірі ата-ана болу екенін ұқтым. Атағы мен даңқы үшін емес, кішкентай ғана құрметтіңнің болашағы үшін бәрін жасайсың. Ұрпағыңның алдындағы борышыңды өтеп, Алланың берген аманатына қиянат келтірмеу мақсатында барлық жақсылыққа барасың. Күлкісінен күн туып, үмітінен өмір гүлдеген балғын жүректер кейде үлкендердің стереотиптерінің салдарынан тағдырдың тауқыметін ерте тартады. «Ұл туып бермеді» деп қанша қыз туып берсе де, сүйген жарынан бас тартатындарды да, әйелін көк ала қойдай сабап тастағандарды да, ізбасарын жоқтап, ішкілікке салынып кеткен ер-азаматтарды да көріп жүрміз. Алайда ұрпақты таратушы еркектің өзі екенін, әйелінің ұл немесе қыз тууы күйеуіне байланысты екенін кейбір жігіттер расында жадынан шығарып алған сыңайлы.

Қазақ қоғамында ұл сүю мәселесі жай ғана перзентке деген сүйіспеншіліктің ғана емес, ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымның, тұрмыс-тіршіліктің, заң мен жоралғының, көшпелі өмір салтының үрдісі. Шаңырақта ұл баланың орны бөлек деп танылуы ең алдымен тіршілік қамынан туған түсінік. Көшпелі өмір салтында мал бағу, ел қорғау, ру намысын сақтау, жауға қарсы тұру секілді ауыр міндеттер ер-азаматтың иығына жүктелді. Сондықтан ұл әкенің жалғасы, шаңырақтың тірегі деп қабылданды.

«Атаның аты өшпесін» деген ұғым қазақ үшін қандай қасиетті болса, ұрпақтың жалғасуы ер бала арқылы жүзеге асатыны да бар. Қазақта қара шаңыраққа ие болу кенже ұлдың парызы. Өйткені ол ата-ананы бағып, оттың өшпеуін қадағалауы тиіс. Шаңырақ жай ғана үй емес, ол әулеттің символы, рухани өзегі.

Алайда бұл ұл артық, қыз кем дегенді білдірмеуі шарт. Қазақ «қыз қонақ» деп түйсінгені, жат жерге ұзатылатындығынан айтқан. Сол сөзге сай құрметтеп, төрге отырғызады, аялайды. Себебі қыз өзге шаңыраққа барса да, туған үйінің намысын арқалап кететін елші іспетті. Сондықтан қазақ қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі деп қарайды. Ана тәрбиелеген ұрпақ – тұтас ұлттың болашағы. Егер қызды кем санағанда, «қыздың жолы жіңішке» деп оның ар-намысын, ибалығын, қадірін биік қоймас еді. Ал нәзікжандының «қонақ» деп аталуы оның уақытша екендігін білдіру ғана емес, аманат екендігін аңғартады. Сондықтан бір үйдің үкілеген аруы тек перзент қана емес, екі елдің ортасын бекітетін татулықтың көпірі сол болмақ. Ал ұл ежелден әулеттің ұрпағын жалғастырушы, қара шаңырақтың иесі саналады. Осылайша қоғам құрылымында әрқайсының өз миссиясы бар.

Бірақ, уақыт алға жылжыған сайын, түсінік те өзгеріп келеді. Мысалы, сегіз ұлы жан-жаққа қазық қағып, шашырап үйлі-баранды болып кеткенде, әкесінің жалғыз қызы шаңыраққа ие болып, ата-анасын бағып отырғанына куә болғанбыз. Бұл заң мен заманның теңдікке жол ашқанының бір белгісі болса керек-ті. Сонда да сананың түкпірінде «ұл керек» деген тілек сақталып келеді. Бұл ғасырлар бойы үзілмеген үрдістің жаңғырығы. Алайда шынайы құндылық жыныста емес, перзенттің адамшылығында екенін ұмытпаған абзал. Қыздың ұлдан несі кем? Мейірім мен берекенің бастауы да сол қыз бала емес пе? Бүгінде ұл арқалаған міндетті қыз да арқалап келеді.

Ұл мен қызды тең көрген отбасының ғана шаңырағы биік, босағасы берік болады. Өйткені шаңырақты ұстап тұрған уықтардың бірі ұл болса, бірі қыз. Бірін биіктетіп, екіншісін аласартатын болса, ол үй берекесіздікке ұшырайды. Сондықтан дәстүрдің тамырын түсіне отырып, оның мәнін жаңаша пайымдау бүгінгі ұрпақтың міндеті. Ұл сүю әрине қуаныш, бірақ қызды шеттету көргенсіздік. Екеуі де Алланың аманаты, арнайы тапсырыспен алынған дүние емес екенін естен шығармайық.

Аңыз бойынша бірде жаңа үйленген жас жұбайлар өздерінің алғашқы күндерінен-ақ әке-шешесі келгенде есікті ашпауға келіседі. Бір күні күйеуінің әке-шешесі қонаққа келеді. Келіншек пен күйеуі бір-біріне қарап, үнсіз келісіп, уәде бойынша есікті ашпайды. Араға бірнеше уақыт салып, қыздың әке-шешесі қонаққа келіп, есік алдында тұрған сәтте келіншек шыдай алмай жылап: «Олар менің әке-шешем ғой, қалай есік ашпай қоямын?!» – деп, күйеуіне бой бермей, есікті ашып жіберген екен.

Кейін бұл отбасында бес ұл дүниеге келеді. Алайда әкесінің қабағы ашылмайды екен. Ал алтыншы сәбиі қыз болып дүниеге келгенде күйеуінің жүрегі өрекпіп, қуаныштан әбден жылаған екен. Сонда жиналғандар түсінбей: «Қыз туғанына неге сонша қуандың?» деп сұрайды. Сонда жігіт «Мен үйіне барғанда есік ашатын адам туылды» деп жауап берген екен. Иә, кімнен қандай жақсылық көретінің адамның ізгілігі мен жүрегінің тектілігіне ғана байланысты, ұл әлде қыз екендігіне емес.

Құран кәрімде «Аллаһ қалағанына қыз, қалағанына ұл бала береді. Біреулерге әрі ұл, әрі қыз бала береді, ал қалағанын тумайтын қылады. Барлық нәрсені хаққымен білетін және бүкіл нәрсеге күші жететін тек қана Аллаһ» делінген. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қыз балаларды қор қылмаңдар» деген. Қор қылу дінді білмеуден туындайды. Қайырлы перзент тілеу керек. Қайырлы болмайтын болса, қыз немесе ұл болуының не айырмашылығы бар?» деген екен. Оның үстіне Исламда: «Қыз баланы жақсылап тәрбиелеп, Алла Тағала берген ниғметтермен молшылықта жегізіп, киіндірсе, бұл қыз оған берекет болады, тозақтан құтылып жәннатқа оңай кіруіне себепші болады» деп те айтылған. Ендеше, ұл тумаған әйелді қорлауға ешкімнің хақысы жоқ. Бәрі Алладан!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар