– Аталған «жабайы» базарды осы Қ.Сәтбаев көшесі қақ жарып өтетін. Кезінде маған қалалық әкімдік сол кездегі «жабайы» базарды жекеменшікке алуымды өтінген. Мен көшенің бойы болғандықтан бас тартқанмын. Себебі көше қашанда көпке ортақ аумақ. Бірақ оны әлдебіреулер сатып алып, Қ.Сәтбаев көшесін екі жерден жауып, «Сауда-Сервис» деп жазып қойды. Осыдан кейін теміржол бекетіне қарай тіке кететін Қ.Сәтбаев көшесі оңға қарай ойысып, яғни менің кәсіпкерлік нысаныма қарай ығысып, салдарынан өз бутиктерімді артқа жылжытуыма тура келді. «Жабайы» базар осы кезге дейін жұмыс істеп тұрды. Бүгінде оны заманауи форматта жаңғыртып пайдаланып отырғаны болмаса, бұл – жолдың орны. Ал жол заң бойынша көрінгеннің иелігіне берілмеуі керек. Сенбесеңіз алды артын айналып көріңіз, жан-жағының барлығы «жабайы» базар. Одан бөлек «Шаяхмет» сауда орталығының кәсіпкерлік аясын кеңейтуге қатысты мемлекеттен қолдау ала алмай келемін. Бір жолы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына 250 миллион теңге көлемінде несиеге қолжетімділігімді арттыру мақсатында кепілдік беруді сұрап бардым. Ондағы мамандар мені бірнеше екінші деңгейлі банкке жұмсады. Аталған қаржы ұйымдары қуана қарсы алғанымен қолдау көрсетпеді, нәтиже болмады. Өйткені ол жерге үш қабатты мега орталық салуды жоспарлағандықтан бір жыл каникул сұрадым. Бір жылда бұрынғы май құю бекетінің орнына сауда нысанын тұрғызу оңай шаруа емес. Ал банктер келісім бермей, қаржыландырудан бас тартты, – деді ол.
Үшінші мәселені де ол көпке ортақ мүдде деп санайды. Айтуынша, иелігіндегі «Шаяхмет» сауда орталығының қасындағы Ж.Түйебеков көшесі бойындағы «Мерей» медициналық орталығының орны бұрын жол жиегіндегі көгалдандырылған аумақ болыпты. Алайда 2008 жылы бір азамат жалпыға ортақ осы жерді заңдастырып алып, келесі бір тарапқа сатып жіберген көрінеді. Кәсіпкердің пікірінше, жалпы пайдаланудағы жердің нысаналы мақсатының өзгертілуі – ортақ мүддеге қол сұғу, көптің құқығын таптау.
– Осындағы кәсіпкерлік мақсаттағы жерімнің жалпы аумағы – 30 сотық. Жер телімінің жартысына жуығы қазір бос жатыр. Ол бұрынғы май құю бекетінің орны, қалған бөлігі «Шаяхмет» сауда орталығы ретінде жұмыс істеп тұр. 2008 жылы Мұңлық Тәжиева есімді тұрғын біздің иелігіміздегі бұрынғы май құю бекетінің қасынан (жанындағы Ж.Түйебеков көшесінің бойы) жер алды. Бұл күнде ол кісі марқұм болып кетті. Сол кезде оның бұл әрекеті заңсыз екенін өзіне ескерттім. Себебі бұл жер маған да, оған да сатылмауы керек. Бұрын аталған жерде көгал болып, талдар өсіп тұрды. Негізінде жолдың жиегі, көгал, тал өсіп тұрған аумақтар көпшілік игілігіне арналған жер болып есептеледі. Олардың нысаналы мақсатын өзгерту оңай шешілетін шаруа емес. Өйткені бұл тек бас жоспарға, қала құрылысы нормаларына немесе қоғамдық мүддеге қажет болған жағдайда ғана қаралуы тиіс мәселе. Сондықтан әкімдік тарапынан қабылданатын кез келген шешім заң аясында, ашық әрі негізді болуы қажет. Сол кездегі біздің май құю бекетіміз М.Тажиеваның жер теліміне ең жақын нысан болды. Сөйте тұра, ол маңайындағы нысан иесі ретінде бізден рұқсат алмастан осы жерді өз меншігіне алды. Одан кейін қалалық жер қатынастары бөлімінен мамандар шақырттым. Олар М.Тәжиеваның бұл әрекеті заңсыз екенін растады. Ол жердің М.Тажиеваға заңсыз сатылғаны жөнінде біз сотқа жүгіндік. Алайда сот М.Тажиеваның пайдасына шешім шығарды. Апелляциялық сотқа да жүгіндік, нәтиже болмады. Бірақ сол кездері аталған жер телімін М.Тажиева өзі пайдаланбай, Бақытжан және Тимур есімді екі азаматқа екі бөлек жер телімі ретінде сатып жіберді. Олар ол жерге екі нысан салды. Бүгінде Тимур есімді азаматтың нысаны кеңсе ретінде жұмыс істеп тұрса, Бақытжан есімді азамат қазіргі «Мерей» медициналық орталығын сауда нысаны ретінде салып, оны Тұңғыш Тұрғынбаев есімді азаматқа сатты. Соның салдарынан маған тиесілі «Шаяхмет» сауда орталығының артындағы бұрынғы май құю бекеті, яғни өзіміздің кәсіпкерлік нысан қоршауда қалып кетті. Ішке қарай ауыр жүк көлігі кіре алмайды. Бұрынғы май құю бекетінің нысаналы мақсатын әлдеқашан сауда жасау талаптарына сай өзгертіп тастағанмын. Енді бұзылған май құю бекетінің орнын тазарту, құрылыс қалдықтарын шығару, оның орнына сауда орнын салуға қажетті құрылыс материалын кіргізуге осы жайт кедергі келтіріп отыр. Жалпы көпке ортақ жерді мемлекеттен кәсіпкерлік мақсатта алып, оны басқа біреуге сатып жіберуге бола ма, мұның заңдылығын анықтап, нысанды бұздыру үшін не істеуіміз қажет? – деді Майко Өлмесқызы.

Біз расында да «Сауда-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алды-арты «жабайы» базар ретінде жұмыс істеп тұрғанын көрдік. Анығын айтқанда, «Сауда-Сервис» кешені жаңғыртылғанымен қарсы алдындағы және оның артындағы теміржол бекеті мен мектепке баратын Қ.Үсенбаев көшесі бойындағы бейберекет дүңгіршектерді заманауи типте жұмыс істейтін сауда орындарына көшіру талабы толық орындалмай отырғаны бірден аңғарылды. Біздіңше, Қ.Сәтбаев және Қ.Үсенбаев көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жүретін жолда жағалай заңсыз сауда жасап отырғандар жаңғыртылған сауда базарына көшіріліп, кәсіптерін сол жерде жалғастыруы қажет.
Біз «Сауда-Сервис» ЖШС аумағы алдында жүргіншілерге кедергі келтіріп тұрған такси жүргізушілерімен де тілдестік. Олар бұл маңда көлік тұрағы (стоянка), тіпті жол жиегіне көлік қоятын тұрақ та (парковка) жоқ екенін айтты. Орталық базар аумағында көлік кептелісі мәселесі әлі күнге шешілмей отырғанын жеткізді. Біздің бір байқағанымыз, «Сауда-Сервис» ЖШС-ның маңайындағы Қ.Сәтбаев, Ж.Түйебеков көшелерінің бойында жаяу жүргіншілер жолының (тротуар) қарастырылмауы. «Жабайы» базарда арбамен шай, бәліш және осыған ұқсас тағамдарды сату, жол жиегін жайма базарға айналдыру, жол бойына пеш орнатып самса пісіру секілді қайнаған қызу тіршілік барысында санитарлық тазалық талаптарының да қатаң сақталатыны күмән тудырды. Заңсыз әрі ескі үлгіде жұмыс істеп тұрған аталған сауда орындарын жою, «жабайы» сауданы тоқтату немесе ол жерге жабық павильондар салу, жаяу жүргіншілер жолындағы бейберекет сауданы бір амалын тауып реттеу жұмысын билік неге жүзеге асырмай отырғанын білуге тырысып бақтық. Сонымен қатар қазіргі таңда қала ішіндегі базарлар сыртқа көшіріліп жатқаны белгілі. Ал біз сөз етіп отырған Шу қаласының бұрынғы «көк базары» (қазіргі «Сауда-Сервис» ЖШС аумағы) сыртқа көшірілуі мүмкін бе? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Шу ауданы әкімінің орынбасары Найманхан Әбдірашевке жолықтық.
– «Сауда-Сервис» ЖШС маңайындағы көлік қозғалысын ретке келтіруде алдағы уақытта Шу қаласының бас жоспарына сәйкес құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қажетті жол белгілерін қойып, тиісті жұмыс істейтін боламыз. Негізінде ол маңда көлік кептелісі туындайтынын өзіміз де көрдік. Ол маң бұрын расында да «жабайы» базар болған. Қазір «Сауда-Сервис» ЖШС өз аумағын жаңғыртты. Сол секілді Қ.Сәтбаев көшесі бойындағы кәсіпкерлік нысандар да тәртіпке келтіріліп, бутиктер қойылуда. Ал қарапайым адамдардың жол бойына отыра қалып сауда жасауын тоқтату шаралары үздіксіз жүргізіліп жатыр, алдағы уақытта біртіндеп қалпына келтіреміз. Сонымен қатар мұндағы сауда орындарын қала сыртына көшіру туралы әзірге ештеңе айта алмаймын, болашақта жүзеге асуы мүмкін, – деді Найманхан Айдарханұлы.
Осы ретте біз «Сауда-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Нұржан Разымбековпен сөйлесуді жөн көрдік. «Сауда- Сервис» ЖШС аумағында орын жетіспегендіктен тұрғындар саудасын сыртта заңсыз жасауға мәжбүр болған шығар» деген де ой келді. Алайда кәсібін заңсыз орында жүргізіп жатқандар бұл жерге келгісі келмейді екен.
– Базар серіктестікке тиесілі жер учаскесінің шекарасында орналасқан, бұл жекеменшік құқығын растайтын актімен дәлелденеді. Орналасуына қатысты заңбұзушылықтар жоқ. Базардың орны қай кезден бастап жол болғанынан нақты хабарым жоқ екен. Себебі бұл базар сонау 1990 жылдардан бері бар. Одан бөлек өзім 1998 жылдары салық органында қызмет еткенімде де осы базар қызу жұмыс істеп тұрды, қазір біз орналасқан аймақ талапқа сай жаңғыртылды. Атап айтқанда, «2025 жылға дейінгі базарларды жаңғырту жөніндегі жол картасының» талаптарына сәйкес «Сауда-Сервис» ЖШС аумағында кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Оның аясында 12 сауда үйі салынды. Көкөніс пен жеміс-жидек сатуға арналған жабық «көк базар» да жұмыс істейді. Сондай-ақ әртүрлі тауарларды өткізуге арналған жеке жабық сауда орындары ұйымдастырылды. Автокөліктен сауда жасауға арналған арнайы орындар қарастырылды. Осылайша нысанды жаңғырту толық көлемде жүзеге асырылып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкестендірілді. Базар аумағында жабайы сауда жоқ. Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтеріне сәйкес автотұрақпен қамтамасыз ету тиісті арақатынас бойынша есептеледі. Атап айтқанда, 30 шаршы метр сауда алаңына – 1 автотұрақ орны. «Сауда-Сервис» ЖШС аумағында шамамен 400 автотұрақ орны қарастырылған, бұл нормативтік қажеттілікті толық әрі артығымен қамтамасыз етеді. Қосымша айтар болсақ, жол жиегіндегі автотұрақ орындары (шамамен 250-300 орын) жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Сонымен қатар аталған автотұрақтарды абаттандыру жұмыстарына «Сауда-Сервис» ЖШС қатысқан. Ал көлік кептелісінің туындауы кейбір жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауына байланысты болып отыр. Қ.Сәтбаев көшесінің бойындағы, яғни осы көшенің «Сауда-Сервис» ЖШС аумағына таяу маңдағы жол бойында жұмыс істеп тұрған «жабайы» базардағы сауда жасаушыларға қандай да бір талаптарды түсіндіруге біздің құзыретіміз жүрмейді. Дегенмен қала әкімшілігі тарапынан «жабайы» базардың заңсыз жұмыс істеуін тоқтатуға қатысты жасаған әрекетінен еш нәтиже шыққан жоқ. Ол жердегі саудагерлердің «Сауда-Сервис» ЖШС аумағындағы сауда орындарынан орын алуға құлқы болмады, қысқасы, бізге келмей қойды. Себебі олар жол бойында отырып, ары-бері өткен жүргіншілерге тауарын саудалауды қолайлы санайды. Серіктестік аумағында сауда жасағысы келгендерге бізде арнайы орын беріледі. Бұл ретте саудагерлер үш күннен кейін базар әкімшілігімен келісімшарт жасасып, әрі қарай жұмысын заңды түрде жүргізе алады. Сонымен қатар бізде жасы 70-тен асқан 10-15 қария бар. Олар қарт адам болғандықтан біз сауда орнын тегін пайдалануына мүмкіндік бергенбіз. «Сауда-Сервис» ЖШС аумағынан әр ауылға қатынайтын «таксистерге» арнайы орын қарастырылған. Мысалы, Мойынқұм ауданының Мойынқұм ауылына қатынайтын 20 такси бар. Сол секілді өзіміздің ауданның Белбасар және басқа да елді мекендеріне қатынайтын «таксистер» үшін бөлек-бөлек орын берілген. Ал «Сауда-Сервис» ЖШС алдындағы жеке көлігімен адам таситын азаматтардың орналасқан жері бізге тиесілі емес. Ол орындағы такси қызметін ұсынушылар аудан орталығы – Төле би ауылына адам тасумен айналысады. Кейде «таксистер» көліктерін біздің қоршауға дейін тақап қойып, жүргіншілердің еркін қимылдауына кедергі келтіретіні рас. Аталған такси қызметін ұсынушылар біздің аумақтан орын алғысы келсе, әрине, қарсылығымыз жоқ. Базарды қала аумағынан тыс жерге көшіру мәселесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде «Сауда-Сервис» ЖШС-ның мүліктік құқықтарына теңдей (нарықтық) өтемақы төлеу шартымен ғана қарастырылуы мүмкін, – деді Нұржан Қалмаханұлы.

Кәсіпкер көтерген екінші мәселе бойынша да жауаптылар тиісті мәлімет берді. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер М.Андасбаеваға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қаржыландыруды алу талаптарының барлығын орындаған. Алайда екінші деңгейлі банктер несие шарттарына сәйкес қарастырылатын бір жылдық жеңілдік кезеңін (каникулды) ұсынудан бас тартқан. Осы жағдайға байланысты кәсіпкер ұсынылған несие шарттарымен келіспей, қаржыландыру алуды жөн көрмеген. Бүгінгі күні «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі және «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен жеңілдікті несиелендірудің жаңа «Өрлеу» бағдарламасын іске қосыпты. Аталған бағдарлама кәсіпкерлерге өңдеу өнеркәсібі бойынша тамақ өнімдерін, тоқыма және киім өндірісін, химия өнеркәсібі өнімдерін, фармацевтикалық препараттарды, резеңке және пластмасса бұйымдарын, электр жабдықтарын, жиһаз өндірісін дамытуға қатысты қолдау көрсетеді екен. Сондай-ақ көлік және қоймалау саласында жүк және жолаушылар тасымалы, қоймалау қызметтері, туризм саласында қонақүйлер, кемпингтер және басқа да орналастыру қызметтеріне қол ұшын созады. Білім беру саласында мемлекеттік білім беру тапсырысы бар мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдары, сондай-ақ денсаулық сақтау саласында медициналық орталықтар, көпсалалы клиникаларды қолдауға бағытталған. Осыған байланысты жеке кәсіпкердің мега сауда орталығын салу жобасы аталған бағдарламаның басым бағыттарының тізбесіне енгізілмеген. Сол себепті бұл жоба бойынша жеңілдетілген несие беру мүмкін емес екен. Егер кәсіпкер қандай да бір қолдау алғысы келсе, басқа бағытты таңдауы қажет. Мәселен, қаржыны сауда нысаны емес, қонақүй салуы үшін сұрауы керек. Егер М.Андасбаева мега орталық салуды ғана көздесе, онда өз жобасын қаржыландыру мәселесі бойынша аталған бағытты қамтитын арнайы мемлекеттік немесе салалық бағдарламаның іске қосылуын күтуіне тура келеді.
Үшінші мәселе бойынша біз Шу ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Серік Оңлабековке жолықтық. Ол «Мерей» медициналық орталығына қатысты мәселе бойынша Шу қаласы әкімінің орынбасары Даниярбек Дәнебекке жолығуымыз қажеттігін айтты. Алайда Қ.Сәтбаев көшесі жағындағы сауда нысанына қатысты өз жауабын берді.
– 2019 жылғы 25 қаңтардағы Шу аудандық жер комиссиясының оң қорытындысына және Шу қаласы әкімінің 2019 жылғы 28 ақпандағы №64 шешіміне сәйкес Азамат Андасбаевқа Шу қаласы Қ.Сәтбаев №64 мекенжайынан кадастрлық нөмірі 06-100-005 129 жер телімінде орналасқан ғимаратқа қызмет көрсету үшін алаңы 0,2987 гектар жер теліміне жекеменшік құқығы берілген. Қ.Сәтбаев көшесіндегі №64 мекенжай маңындағы автожолдың қызыл сызыққа дейінгі арақашықтығы – 10,38 метр. Автожол осьінен аталған жер теліміне дейін 12 метр қашықтықта сауда павильоны орнатылған. Қазақстан Республикасының СНиП 3.01-02-2001 «Жоспарлау және жеке тұрғын үй құрылысы аудандарын салу» нормалары бойынша үй, ғимарат, жеңiл үлгiдегi құрылысжайлар көшенің қызыл сызығынан кемінде 3 метр қашықтықта орналасуы тиіс. Біз зерделеу жүргізгенде аталған сауда павильоны белгіленген қашықтықты сақтамай, 1,38 метр жол жиегіне қарай шығып кеткені анықталды. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 17-бабының 1-тармағының 8-тармақшасына, 2 және 5-тармағына сәйкес, елдi мекендердi жоспарлау мен салу кезiнде белгiленген сызықтар мен құрылыс салу сызықтарынан ауытқуға жауапкершілік көзделеді. Орын алған заңсыздықты және оның зардаптарын жою аталған олқылыққа жол берген субъектiге жүктеледi. Осыған орай Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 167-бабына сәйкес жер даулары сот тәртібімен шешілетіндігі туралы Шу қаласы әкімдігі тарапынан кәсіпкерге түсіндірілді, – деді Серік Оразұлы.
Біз М.Андасбаеваның «Мерей» медициналық орталығы жалпыға ортақ жерге заңсыз салынды» деген мәселесі бойынша оның қазіргі иесі ретінде аты аталған Тұңғыш Тұрғынбековке қоңырау шалдық. Ол бұл нысан әйелінің меншігі саналатынын, бірақ жұбайы үш-төрт күнге жол жүріп кеткенін, десе де нысанның құжаты заңды болған соң сатып алғандарын жеткізді.
Осы мәселе бойынша Данияр Бейсембекұлымен де сөйлестік. Шу қаласы әкімінің орынбасары мән-жай зерделеніп, алдағы уақытта жауабы берілетінін сөз етті. Айта кету керек, бұл жерде әркім өз мүддесін көксеуі де мүмкін. Мұндайда «Әркімнің өз шындығы бар, бірақ ақиқат жалғыз» деген тәмсіл еске түсетіні анық. М.Андасбаеваның көтеріп отырған нақ осы мәселесі бойынша қай тараптың әрекеті заңды екенін бір білсе, Шу қаласы әкімдігі біледі. Сондықтан да көп ұзатпай төрелігін айтар деген ойдамыз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




