Бұрын жас келіндер мен тұрмысқа шыққан әйелдер кимешек кию арқылы өздерінің жаңа әлеуметтік мәртебесін көрсеткен. Ондай әйелге ерекше құрмет көрсетіліп, оны отбасының ұйытқысы ретінде бағалаған. Қазақ қоғамында ол аналардың абыройын асқақтататын символға жатады. Оның пішіні мен тігілу үлгісі әр аймақта әртүрлі болғанымен, мәні мен мағынасы ортақ болып қала береді.
Әз аналардың даналығы мен тазалығының мұрасындай болып бүгінге жеткен кимешекті Ханзат Бекболатова алғаш рет келін болып түскенде енесінің басынан көрген екен. «Келін ененің топырағынан жаралады» деген сөздің дәлеліндей болып, бүгінде Ханзат әже енесінің, жалпы қазақ әйелдерінің ізін жалғағысы келетінін айтты.
Жалпы нәзік жандылардың қоғамдағы орны ерекше болғандықтан, оның киімі де мәртебесін айқындайтын белгіге айналған. Ал ақ түс қазақ ұғымында адалдықтың, пәктіктің және рухани биіктіктің белгісі ретінде бағаланғаны белгілі. Сондықтан арын жанының садағасы санаған халықтың кіршіксіз әйел образын заманауи тұрғыда ортаға алып шыққан Ханзат Манатқызы ғибратқа толы киімді үлгі етіп жүр.
– Енем ісмер еді, сол кісінің тіккен кимешегін келін болып табалдырық аттаған сәттен көріп жүрдім. Ол кісі өмірден озғанда үйде бір кимешегі қалып қойған еді. Сол енемнен қалған кимешекті қастерлеп, соған ұқсас мата алып, осыдан жиырма екі жыл бұрын, мен де кимешек тігуді қолға алдым. Абысындарымның бәріне бір-бір кимешек тігіп бердім. Басында тек наурыз мерекесінде киіп шыққанмын. Қазір тыста да, үйде де кимешек киюді әдетке айналдырдым. Ақ кимешек қазақтың қазақ екенін танытатын ұлттық құндылықтың бірі болғандықтан өзіме сондай ыстық. Енемнің кимешегінің күңдігі жиырма метрден асатын. Ол матаның аты бәтіс еді. Бүгінде дәл сондай жұқа бәтіс таппадым. Мен өзім бүгінде заманауи үлгіде, әрі жеңіл болсын деп ақ орамалдарды күңдік орнына орап алып жүрмін. Сыйлық бергенді қатты жақсы көремін. Елуден аса кимешек тігіп, сыйға тарттым. Кей әйелдер мен сыйлаған кимешекті бүгінде намаз оқығанда киіп жүр екен. Кимешектің түр-түрі бар ғой. Кейбір кимешектер кестемен әшекейленіп, нәзік өрнектермен безендірілген. Бұрын енем «Кестелі кимешекті байдың әйелдері киеді» деп айтушы еді. Ал кимешекке салынған өрнектер әйелдің талғамын ғана емес, оның шыққан ортасын да білдірген. Мұны киген ана отбасының берекесін кіргізуші, ұрпақ тәрбиелеуші ретінде құрметтелген. Бүгінде ол күнделікті тұрмыста сирек қолданылғанымен, салт-дәстүрде өз орнын сақтап отыр. Той-томалақтарда, мерекелік шараларда кимешек киген аналарды көру ұлттық рухтың жандануын білдіреді. Кимешек әйелдің бет-бейнесін ашады, – дейді Ханзат әже.
Жалпы кимешек әйелдің шашын толық жауып, ұяңдық пен инабаттылықтың белігісіндей көрінеді. Қазақы тәрбие бойынша әйел адамның әдептілігі мен ибалығы оның киімінен де көрініс табуы тиіс. Сондықтан кимешекті тек киім емес, тәрбиенің де бір көрінісі деп есептеуге болады. Бүгінгі таңда дизайнерлер де кимешекті заманауи үлгіде жаңғыртып, оның маңызын қайта дәріптеуде. Бұл ұлттық құндылықтың ұмытылмай, қайта жаңғырып келе жатқанын көрсетеді.
Мұндай өнегелі киім өткеннің жәдігері емес, ол бүгінгі күнмен де үндесіп жатқан рухани мұра екенін естен шығармайық. Оның әрбір қатпары мен өрнегінде ғасырлар бойы сақталған тарихтың ізі жатыр. Ақ кимешек ананың мейірімі мен жылуын, даналығы мен сабырын бейнелейтін киелі белгі екені анық. Ал оны кию үлкен жауапкершілік пен құрметтің көрінісі болып тұр.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ




