Ерекше іс-шараға ардагерлер, белсенді еріктілер мен шебер қолөнершілерден құралған қырықтан астам тұрғын қатысып, ұлттық нақыштағы әсем киімдерімен көпшілікті тамсандырды.
Акция екі бағыт бойынша жоспарланып, әр бағыт өз ерекшелігімен көзге түсті. Бірінші бағыт бойынша қолөнершілер «Mart» ойын-сауық орталығынан бастап сап түзеп шыққан болатын. Шеру ары қарай «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне дейін жалғасты.
Қатысушылар ұлттық киімнің сан алуан үлгілерін көпшілік назарына ұсынды. Әрбір киімнен қазақ халқының бай тарихы мен мәдениеті көрініс тапты.
Шеру барысында Арбат-1 және Арбат-2 көшелері де ерекше сәнге бөленді. Кейін шеру «Доснар» сауда үйі маңына қарай жалғасты. Одан әрі қатысушылар «Grand Bazaar» сауда орталығына дейін жүріп өтті.
Екінші бағыт жастардың қатысуымен ұйымдастырылды. Жастар шеруі Қайрат Рысқұлбеков саябағынан басталды. Олар «Цум-Алатау» әмбебап дүкеніне дейін жүріп өтті. Жастардың көтеріңкі көңіл күйі іс-шараның сәнін кіргізді.
Шеру «Жастар» аллеясына дейін жалғасып, ерекше атмосфера қалыптастырды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ




