Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алтынсарин ұрпақтары Жамбыл жерін мекен етті

Алтынсарин ұрпақтары Жамбыл жерін мекен етті
Автор
Бұл жолы да Әулиеатаның ерекше қасиетіне көз жеткіздім. Біле тұра, миымда кішкентай бір «эврика» пайда болғанда жаңадан танығандай боламын. Жаңалық ашар жайым жоқ. Мақсатым – ұмыт болғанды еске салу ғана. Расында да Әулиеата жері тектен тек «әулие» аталмағанын тарих сан рет дәлелдеді. Бұған дейін бұл мекенге талай азаматтың ат басын тірегенін айттық. Оның ішінде Алаштың ардақтылары Міржақып Дулатов пен Сәкен Сейфуллин де бар еді. Ол жайлы екі тұлға да өз жазбаларымен дәйектеп кеткен. Қызығы – мұнда келген зиялыларымыз түбі құдаласпай кетпепті. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, тағдырдың тезімен туыстықты жалғай түскен екен.

Торғайдың даласынан Әулиеатаға ешкім себепсіз келмегені белгілі. Бұған дейін жазған деректі шағын мақалалардың ізі үнемі Ыбырай Алтынсариннің шәкірттерімен байланыстырылатын еді. Бұл жолы әңгіме ұстаздың өзі туралы болмақ.

Биыл ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына - 185 жыл.

Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы қазіргі Қостанай өңірінде дүниеге келді. Әкесі Кенесары Қасымұлының шапқыншылығы кезінде қайтыс болып, оны атасы Балғожа би тәрбиеледі. Атасы Балғожа Жаңбыршыұлы – ел ішінде беделді би, патша әкімшілігімен қызметтік байланыста болған тұлға. Ыбырайдың бойындағы шешендік, әділдік, ұйымдастырушылық қабілет осы ортада қалыптасты. Ол қазақ даласында орыс үлгісіндегі пәндік білім беретін мектеп жүйесін енгізді, оқу бағдарламасын жасады, оқулықтар жазды. Ол жаңашыл, дарынды ағартушы ғана емес, халқымыздың теңіздей толқып тасыған інжу-маржан жырларын жақсы біліп, еңбегіне арқау еткен. Сөйтіп, өзі өмір сүрген дәуірдің мұрат-мүддесіне, ұрпақ тәрбиесіне жарата білген тұлға. Ал оның заманы тарихтың бір аумалы -төкпелі кезеңі болған еді. Өйткені «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейін қазақ жеріне Ресей патшалығының сұғы қадалып, кезең-кезеңімен жаулап бастаған. Қазақ халқы небір зорлық-зомбылықты басынан өткеріп жатты. Сол бір кезеңдерде қазақ батырлары бастаған азаттық жолындағы күрестер біріне бірі жалғасқан еді.

Қилы кезеңде  ат жалын тартып мінген Ыбырай Алтынсарин білім ұранын көтерді. Елді қорлықтан құтқаратын, игілікке бастайтын дол тек білім деп есептеді. Сондықтан да хан Жәңгірдің ізімен қазаққа қолжетімді білім жүйесін жасауды мақсат етті. Мақсатына жетті де.

Ол жазған еңбектер жаңа замандағы қазақтың тұңғыш төл оқулықтары еді. Жаңа заман дейтініміз, бұл кезең европалық білімнің қазақ даласына әлі келе қоймаған тұсы. Дегенмен ол білімнің ел үшін аса маңызды екенін Ыбырайдың атасы Балқожа би ертерек ұқса керек.

Қазақ даласында, Торғайда 1864 жылы тұңғыш рет қоңырау үнімен Ыбырайдың тұңғыш мектебі ашылды. Кейін Ырғыз, Қостанай, Ақтөбе өңірлерінде училищелер, қолөнер және  қыздар мектебі ұйымдастырылды. Бұлар Ыбырайдың тікелей қатысуымен ашылған мектептер болатын. Ал оның артынша мұндай мектептер тұтас  қазақ даласында кезең-кезеңімен ашылып, тоқтаусыз жұмыс жасай бастады. Бір қызығы, сол заманда Ыбырайдың ұйытқы болуымен ашылған кей мектептер әлі күнге дейін өз қызметін тоқтатпаған. Мұны қалайша мәңгілік игі іс демейсің?!

Ыбырай Алтынсарин 1879 жылы Торғай облысының мектеп инспекторы болып тағайындалды. Қызмет оған мектеп ашып, білім саласын жүйелеуде аса маңызды құрал болды. Сол арқылы ол ауылшаруашылық, қолөнер, қыздар білімін дамыту ісіне ерекше көңіл бөлді.

Заман ағымы бірқалыпты тұрмайды. Бәрі де өзгеріске ұшырайды. Өлмейтіні – ғылым. Қоғамға шырақ болып жанатын білім ғана. Ал ол салдырған мектептер қаншама азаматтың көкірек көзін ашып, ел үшін қызмет етуге себепкер болды.

Ыбырайдан кейінгі замандарда дүниеге келген қазақ әдебиеті мен тарихының шоқтығы биік қай тұлғасын алсақ та, өмірбаянында алғашқы білімі екі жылдық орыс-қазақ мектебімен басталады. Одан әрмен Торғайдағы мұғалімдер даярлайтын мектептің түлектері де баршылық. Бұл дегеніміз оның бәрі де Ыбырайдың мектебінен шыққан түлектер ғой.

Ыбырайдың алғашқы түлектерінің бірі – Қалмұхамбет Танкин болатын. Ол туралы жазба деректерде көп кездесе бермейді. Алайда, Қостанайдағы Ыбырай музейінің ашық деректеріндегі шәкірттерінің тізімі көрсетілген құжаттан Нұрмұхамбет Танкин есімін көз шалды. Сәйкестік емес. Ол біз білетін Танкиннің бауыры. Шамасы, Қалмұхамбет елден ертерек кеткен соң, құжаттарға тіркелмей қалған. Дегенмен оның Ыбырай мектебінің түлегі екенін ақын, әрі туысы Ғафу Қайырбеков өз мақаласында жазады. Сәкен Сейфулиинің Әулиеатаға келгендегі пана ететін үйі де осы Қалмұханбеттікі. Бірде Қалмағанбет, бірде Қалыбай деп те жазылып жүр. Толық атын ресми құжаттан ғана білдік.

Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр өзінің естелік кітабында әкесі Әулиеатаға барғанында қонақ еткен азамат ретінде Қалыбайдың есімін атаса, оның ұлдары Әбік және Қалықпен кейінірек, 1934 жылдары Алматыда тұрғандарында етене жақын араласқандарын, ағайындық туыстығын  сөз  өткен. Тіпті жары Әбенмен де Әбіктің үйінде танысыпты. Ағайындығы сол – Әбіктің әкесі Қалмұхамбет Торғайдың тумасы, арғыннан тарайтын аталас туыстығы бар.

Жамбыл облысының мемлекеттік архивінде Әбік Танкиннің өмірбаяны сақтаулы. Онда ол әкесі туралы құнды деректерді баяндапты. Орыс тілінде толтырылған құжаттың басы: «Әкем Халмұхамед Торғай ауданында кедей отбасында дүниеге келген. Екі жылдық орыс-тузем мектебінде білім алған (ол кездегі Ыбырай ашқан орыс-қазақ мектептерін солай атаған. Ондай мектептер кейінірек Әулиеата өңірінде де болды. Ол жайын төменде тарқатамын– автор). Оқуын жалғастыруға мүмкіндігі болмай, нан табу қамымен жастайынан Әулиеатаға келеді», дейді.

Мұнда Қалмұханбет Әулиеата уездік бітімгер (мировой) соттың тілмашы қызметін атқара жүріп, мал шаруашылығымен айналысқан. Осы жерден өмірлік серігін тауып, тұрақтаған. Ал оның жары Жәмилә Бұралқы болыстың балдызы еді. Бұл жайлы да ішінара Гүлнәр Дулатованың естелігінде айтылған.

1917 жылдың қазанынан кейін революциялық трибуналда аз уақыт қызмет етіп, сосын уездік жер-су қатынастары бөлімінде жауапты лауазымда болған. Әулиеата уезі Шу учаскесінің халық соты қызметін де атқарды. Ал 1924 жылы жасы келген соң, қызметтен кетіп, тек мал шаруашылығымен айналысты делінген құжатта. 1929 жылы ұжымдастыру кезінде Свердлов  (қазіргі Байзақ ауданы) ауданына қарасты Ақшолақ ұжымшарына  мүше болыпты. Бұл кезде оның бажасы Бұралқы Сұлтанбеков ірі бай ретінде тәркіленіп, отбасымен бірге Оралға жер аударылған еді. Былайша айтқанда, Қалмұханбетті сол жолы құдай сақтаған. Мүмкін сол Ыбырай ашқан сауаты да сақтаған болуы керек.

1931 жылы Қалмұханбет Танкин егде жасында дүние салған екен. Ғафу Қайырбеков өз жазбасында оның шамамен жетпіс жасқа қараған шағында өмірден өткенін айтады. Олай болса Қалмұханбет шамамен 1860-64 жылдары туған. Ал Әулиеатаға 1878 жылдары көшіп келді деуге  негіз бар.

Бұл жылы Әулиеатада алғашқы екі жылдық орыс-тузем мектебі ашылған еді. Ол жайында Ташкенттегі Әлішер Науаи атындағы мемлекеттік кітапхана қорында сақтаулы тұрған «Түркістан ведомостарының» 1878 жылғы 13 маусымдағы №23 жазбасында жазылған.  Онда былай делінген: «Оқу ведомствосы бойынша бұйрық. 1878 жыл, 24 мамыр, №64. Сырдария облысының әскери губернаторының өтініші мен училищелердің бас инспекторының ұсынысына сүйене отырып, 1878 жылғы 10 маусымнан бастап Әулие-Ата қаласында екі сыныптық қалалық училище ашуға рұқсат етемін. Түпнұсқаға қол қойған — генерал-адъютант Фон-Кауфман». Бұл мектеп 1905 жылы үш сыныптық білім беру училищесі, 1914 жылдан бастап жоғары бастауыш училищесі деп өзгертілген. Ал Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Ленин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп болса, бүгінде ол Тараз қаласындағы №1 Әлихан Бөкейханов атындағы мектеп-гимназия болып өз қызметін жалғап тұр.

Қалмұханбеттің дәл Әулиеатаға келуі де сол ұстазының бағыттауы болса керек. Ыбырай Алтынсарин өз шәкірттерінің басым бөлігіне ақыл-кеңесін айтып, мүмкіндігінше жәрдем еткенін естелік жазбалардан аңғаруға болады.

Расында бұл азаматтың үлкен бір ерлігі – Алаш ісіне адал қызметі еді. Ол жайлы ашық деректерде де, архивтік құжаттарында да айтылмайды. Дегенмен оның үйі Алаш арманын арқалаған азаматтардың ат басын тіреп, сонда талай мәселені шешіп, мәслихат құратын қасиетті шаңырақ болғанын тағы да естелік жазбалар айғақтайды. Ал бажасы Бұралқы болыс Алаш азаматтарының демеушісі де болған. Өйткені ұлы Мұстафа да сол азаматтардың қатарынан табылды.

Мұндай орыс-түзем мектебі Меркі жерінде де болды. Онда Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаев, Мақсұт Жылысбаев және өзге де жиырмаға жуық өрелі ел азаматтары оқыған. Оларды да Ыбырай мектебінің шәкірттері десек, қателеспеспіз. Олар да Қалмұханбет Танкинмен етене жақын еді.

Ыбырай шәкірттерінің тағы бірі Қалмұханбеттің қасында Әулиеатада қызмет етті. Ол – Жұмыр Исмурзин. Қалмұханбетке қарағанда, Жұмырдың есімі Ыбырай мектептері түлектерінің тізімінде бар. Сондай-ақ оның есімі Міржақып Дулатовты Әулиеатаға шақырған адвокат ретінде де сақталған. Расында дерек аз. Партия қатарында болмаған. Дегенмен, ашық деректер базасында өткен ғасырда саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде Қостанайда ұсталып, атылған деген ақпарат бар. Онда Жұмырдың 1898 жылы Қостанайдың Әулиекөлінде туғаны, 1937 жылы желтоқсанда ұсталып, атылғаны көрсетілген. Ізденіс жұмыстары Әулиекөлдегі мектептің тарихына алып келді. Ондағы қасірет – зұлмат жылдары мектеп директорынан бастап, оннан аса ұстаздың «халық жауы» ретінде атылуы болатын. Ал тағы оны он жылға түрмеге тоғытылған. Сол атылғандардың тізімінде Жұмыр Есмурзин де бар еді. Онда 39 жасар Жұмырдың 1916 жылы мұғалімдік оқуды тәмамдап, Қарабалық ауданында жұмыс жасағанын көрсетеді. 1936-1937 жылдары Әулиекөлдегі Мирзоян атындағы мектепте еңбек еткен. Бұл деректерде оның Әулиеатадағы қызметі айтылмайды. Бірақ бізде Міржақыптың өз жазбасында да, Темірбек Қожекеевтің мақаласында да Жұмырдың торғайлық екені анық айтылған. Яғни, бұл сол Міржақыпты Әулиеатаға шақырған азамат. Міржақып та танымайтын адамның шақыртуын қабыл алуы екіталай екені анық. Оның үстіне М.Дулатов та сол Ыбырай мектебінің түлегі болғанын айта кеткен жөн.

Өз түлектерімен бірге Ыбырайдың да Әулиеатаға құда болғанын айта кетейік. Құда болып келмеді. Әйтсе де тағдырдың қосуымен Ыбырайдан қалған жалғыз түйір немере Нағима Ыбыраева мойынқұмдық азамат Бәйдібек Амангелдиевтің жары атанды.

Ыбырайдың өзі кеткенімен, атағы мен ел алдындағы беделі Кеңес өкіметі орнаған соң, жалғыз тұяқ ұлы Абдоллаға таяқ болып тиді. 1928 жылы қазақтың ірі байларын тәркілеу, жер аудару науқаны басталғанда, Абдолла да «бай» санатына енгізіліп, туған жерден отбасымен қуылды. Әрине, бай болғаны шамалы. Айыбы – әкесінің оқу-ағарту ісіне қосқан үлесі. Бұл кезде оның қолында 12 жасар жалғыз қызы Нағима ғана бар еді.

Жоғарыдан келген құжат бойынша олар Семейге жер аударылуы керек болатын. Алайда ол отызыншы жылдары қырғыз жеріндегі Тоқмаққа келіп тұрақтайды. Өкінішке қарай қиын-қыстау заманда қазақ даласына ашаршылық нәубәті келіп, ел аштықтан, аурудан қырылып жатқан кез. Осы тұста Абдолланың өкпесіне суық тиіп Нұрахмет Қошановтың қолында қайтыс болады. Жамбыл облысында,  Қордайдағы зиратқа жерленген дейді. Бұл деректі жазушы Ақылбек Шаяхметтің құнды жазбаларынан таптым. Кейінірек сол ізбен, Ыбырай ұрпақтарының бүгінде Жамбыл жерінде тұрып жатқанын да білдім. Сәйкестік пе, тағдырдың түрткісі ме, Ыбырайдың әкесінің өліміне себепкер болған Хан Кене қаза тапқан жерде оның жалғыз ұлы да дүние салды.

Нағима Ыбыраева Қырғызстанда тұрмысқа шығып, алғашқы күйеуі соғыста қаза табады. Одан бала қалмайды. Отызыншы жылдары қырғыз жеріне  жансауғалап барған  Бәйдібек пен Нағима елуінші жылдары отау құрады. Тұңғыш перзенті Табылды дүниеге келген соң, көп ұзамай шетінеп кетеді. 1954 жылы Жұмакүл есімді қыз дүниеге келеді. Бүгінде апамыздың көзі тірі. Шу қаласында тұрады. Апамызбен хабарласқанда, есінде қалған естеліктерімен бөлісті. Бес жасқа келгенінде әкесі мен анасы елге қайтып, Мойынқұм ауданындағы Жамбыл атындағы кеңшарға  көшіп барғанын айтты. Елге оралған соң, әкесі де, анасы да ұжымшарда қарапайым шаруа адамы болған. Тек анасы өзінің Ыбырайдың немересі екенін дәйектеп, заң тұрғысында сол мәртебені алуы Нағима әжейге үлкен олжа болды.

Уақыт өте келе ол туыстарымен де байланыс орнатқан. Жұмакүл апамыз бала кезінде анасының жақын ағайыны Мәриям Хәкімжанованың үйінде болғанын еске алды. Нағима әжейді көзі тірісінде асылдың сынығы деп жиі кездесулерге де шақырыпты. Оның ішінде құрметтің зорын жасаған облыс басшысы Хасан Бектұрғанов екен. Оның сыйға тартқан пәтерінде ұрпақтары әлі күнге дейін тұрып келеді.

«Кеңес өкіметі кеткен соң, аласапыран кезең басталып, әркім өз басымен өмір сүріп жатты. Іздеушілер тек Қостанайдан ғана келетін болды. Тараз қаласында Ыбырай атамыздың есімін еншілеген №49 мектеп мұндаға дейін кездесулерге шақырып тұрды. Ыбырай Алтынсариннің 170, 180 жылдық мерейтойларында Қостанайда, Астанада ұйымдастырылған іс-шараларға ұрпағы ретінде біздерді шақырды»,  – дейді Жұмакүл апай.

Ол анасының Ыбырай мектебінің түлегі екенін де атап өтті. Төте жазуды да, кириллица мен латын қарпін де меңгерген әжей ескі кітаптарды еркін оқыған екен. Сондай-ақ, атасы Абдолланың жерлеу орнына қатысты: «Қордайдың жері деп айтылғанымен, анасының көрсетуі бойынша Шу өңірімен шекаралас аймақта болуы керек», дегенді де айтты.

Анасы Мойынқұмда 1993 жылға дейін тұрған. Кейін мемлекет  сыйлаған пәтерге Тараз қаласына көшіпті. Онда ұлы Дулатпен, келіні Сәлимамен бірге ғұмыр кешіп, 1998 жылы 30 наурызда 82 жасында дүниеден өткен. Ыбырай Алтынсариннің немересі Нағима Абдоллақызы Ыбыраева Тараз қаласындағы «Зеленый ковер» зиратында мәңгі сая тапқан.

Осылайша, Ыбырай Алтынсарин Жамбыл жерімен де байланысты болып шықты.

Назым ҚОЖАМАР,

Ш.Мұртаза атындағы Руханият және

тарихтану орталығының «Дәстүр және өнер»

бөлімінің меңгерушісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар