Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әлеуметтік желі – отбасылық қарым-қатынастың көрінісі

Әлеуметтік желі – отбасылық қарым-қатынастың көрінісі
Автор
Ұлы Абай: «Өлең шіркін – өсекші жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей» дегенде «өсекші» деп өлеңді айыптаса, бүгінгінің бүлінгені мен сүрінгенінің жігін жықпай «жеткізуші-өсекшісі» әлеуметтік желі болып тұр. Тіпті бүгінде бір әулеттің қуанышынан бөлек, қайғысы да енді тек дастарқан басында ғана емес, отбасы мүшелерінің келісімінсіз-ақ шарайнаны шарлап кетіп жатыр. Кеше ғана сағыныш хатын күткен жүректер қазір жедел хабарламаның дыбысын тосады.

...Әлеуметтік желідегі түрлі парақшаларда мінсіз өмірдің көрмесі күн сайын жаңарып тұрады. Әсіресе көршінің саяхаты мен құрбысының сыйлығын салыстыру дертіне шалдыққандардың көңілінде қанағаттың шырағы сөніп, өз шаңырағының берекесі бағаланбай қалады. Сөйтіп, әрнәрсені бір салыстыру сезімі бір әулеттің берекесін іштей кеміретін құртқа айналады. Жұбайлар бір-біріне емес, өзгенің виртуалды жетістігіне қарап, өз өмірінің бағасын өлшей бастайды. Осылайша ризашылықтың орнын реніш басады. Бұл тұста адамдар өмір айнасының екі беті бар екенін, олар да пенде болғандықтан келеңсіз жағдайлар болып тұратынын, бірақ кейбір жандар өмірінің көлеңкелі тұстарын жасыра алатындарын ойлап жатқан ешкім жоқ.

Әлеуметтік желіде белсенділік танытқан жұптар сырт көзге үлгілі көрінуі мүмкін. Олар ортақ сурет, бейнежазба, сторис арқылы махаббаттарын паш етеді. Бірақ жарияланған әр кадрдың артында жарияланбаған сұрақтар тұратынын көбі біле бермейді. Лайк саны сезімнің өлшеміне айналған уақыттан бастап, шынайылықтың сеңі сетінейді. Пікір жазған бейтаныс жандардың қалауы, кейде жұбайының құнынан жоғары қойылады. Бұл құбылыс әрине сенімге селкеу түсіреді. Сөйтіп көпшілікке арналған өмір жеке кеңістіктің шекарасын жояды. Өз әулетінің ішінде орын алып жатқан құпиялар контентке айналып кеткенде, ыстық ұяға айналған отбасының берекесі бұзылады. Түсініспеушіліктер басталады. Өйткені енді әрбір мереке өз отбасы үшін емес, камера үшін ұйымдастырылған қойылымға айналған тұста, ішкі шекара бұзылады. Тіпті балалардың күлкісі де кейде көрілім үшін қайталанып, шынайылықтан алыстап кетеді. Осындай жасандылық ұзаққа бармайды. Себебі адам жаны табиғилықты аңсайды. «Өтірік өрге баспайды» деген сөздің келбеті осы кезде ашыла түседі.

Соңғы кездері психологтар виртуалды белсенділік пен шынайы қарым-қатынас арасында тепе-теңдік бұзылғанын айтып, дабыл қағуда. Әсіресе жас отбасылар үшін әлеуметтік желі үлкен қауіпке айналып тұр. Олар махаббаттың алғашқы ыстық жалынға толы жылдарын алгоритмнің ырқына беріп қоюы мүмкін. Алгоритм назарды ұстап тұруды білгенімен, сезімді сақтауды білмейді. Адами түсінікпен қарасаң, әулеттің ынтымағы экран жарығына емес, жүректің жылуына мұқтаж екендігі анық қой. Ал халықтың пікірінің артында адам сезімдері көмескіленіп кетеді. Ең қауіптісі де сол

– Әлеуметтік желі заманауи қоғамның ажырамас құралы, бірақ оның осал тұстары бар. Біріншіден, ол отбасылық өмірді бақылауға және салыстыруға ықпал етеді. Көптеген жұптар бір-бірінің әрекетін желіден қадағалап, сенімге селкеу түсіреді. Лайк пен пікірлердің саны кейде махаббаттың өлшеміне айналады. Мұндай тосқауылдар сезімді жасанды қылып көрсетіп, шынайы қарым-қатынасты әлсіретеді. Үздіксіз жаңартылып отыратын контент жүйкеге шамадан тыс салмақ салғанда, балалар мен жасөспірімдер бұл бейнелерден өздерін төмен сезінуі мүмкін. Соның салдарынан таңғы шай үстінде басталған дау, біраз уақытқа дейін созылуы ғажап емес. Кейде жұбайлар бір үйде тұрып, әртүрлі цифрлық әлемде өмір сүреді. Бірінің жаңалығын бірі желіден көретін халге жетеді. Өйткені әлеуметтік желі отбасылық диалогтың орнын алмастырады. Оған тәуелділік адамдарды физикалық және психологиялық тұрғыдан шаршатып, шынайы байланысқа кедергі жасайды. «Таяқтың екі ұшы болады» демекші, әлеуметтік желінің де пайдалы тұстары бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Білім мен кәсіби даму үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Әлеуметтік белсенділікті арттырып, қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал етеді. Егер адамдар оны саналы қолданса, әлеуметтік желі отбасы мен жеке даму үшін қуатты құралға айнала алады. Тек маңыздысы адами құндылықтарға негізделген шынайылықты сақтай білуі шарт – дейді психолог Айару Нұржанқызы.

Әлеуметтік желіге тәуелді отбасындағы ерлі-зайыптылар үшін ең үлкен мәселе – шынайы сырласудың сиреуі. Ортақ әңгіменің жоқтығы адамдарды алшақтатады. Қоғамда бірінің жаңалығын бірі желі арқылы ғана көретіндер де кездеседі. Бұл рухани бөгде адамдарға айналудың алғашқы белгісі. Әлеуметтік желідегі белсенділік кейде өз-өзіңді дәлелдеудің тәсіліне айналады. Ал әлденені өзінен бұрын өзгеге дәлелдеуге тырысқандардың өмірінде тыныштық азаяды. Адам алдымен әлдекімге ұнап немесе көзге түсу үшін емес, өз туысына жақын болуды түсінуі қажет. Оған ертең әлдене бола қалса сырттағы біреу емес, ең алдымен жақындары бірінші болып көмек қолын созатынын ұмытпағаны абзал. Әйтпесе цифрлық дауыл бүтін бір әулеттің шаңырағын шайқалтып жіберуі әбден мүмкін.

Сөзімізге бір мысал. Тараз қаласының екі жас тұрғыны бір-бірін ұнатып, шаңырақ көтереді. Кейін жас келін ас үйдегі тіршілігін желіге жүктей бастайды. Тіпті кейінірек отбасының тыныс-тіршілігін күнделікті желіге салып отыруды әдетке айналдырады. Алайда оған бәрі аз көрініп, жолдасына, ата-енесіне түрлі тапсырмалар беріп, соны камера алдында орындауларын талап етті.

Келіндері жоғары табыс тауып отырған соң, оған ешкім ләм-мим деп аузын аша алмады. Қымбат ұялы телефонын күйеуіне де көрсетпей, тығып ұстайтын болды. Осыған дейін де шүйіркелесіп әңгіме айтудан қалған жұбайының бұл қылығы отағасын терең ойға шомдырып, әйелінің қылығы ұйқысын бұзды.

Осы оқиғаның басы-қасында жүрген IT маманы Сәбит Жолайбек бізге әңгіме ауаны қалай өрбігенін түсіндіріп берді.

– Маған әбден шаршаған досым хабарласып, әйелінің телефонының паролін шұғыл бұзып беруімді өтініп, жұмысыма іздеп келді. Оның себебін әйелі паролін ұмытып қалғандығынан деп түсінірген соң, айтқанын екі етпей жасап бердім. Сол сәт түрлі жасырын хабарламалар мен суреттердің беті ашылды. Хабарламалардың арасынан әлдекімнің досымның әйеліне: «Жаным, нешеде келесің?» деп жазғандары да көрінді. Осы тұста әйелінің көңілдесі бар екені белгілі болды. Сөйтіп айрандай ұйып отырған отбасының түбіне әлеуметтік желі осылай жеткенінің куәсі болдым. Табысты келіншекті «Tik Tok»-тан көрген жас жігіт «құлай сүйдім» деп сөз салып, соңынан бір елі қалмай қойыпты. Түрлі тосынсый жасап, гүл жіберіп, романтикалық кездесулер ұйымдастырып, басын айналдырып алған көрінеді. Смартфондағы хабарламалардың сезімдеріне бөленген келіншек осылайша алаяқ азаматтың арбауына түсіп қалған. Ол жігіт екі жастың арасына түсіп, сенімдеріне селкеу түсірді. Осы оқиғада мен де олардың ажырасуына себепші болғаныма іштей өкіндім, – дейді С.Жолайбек.

Бір хадисте: «Қайда болсаң да Алладан қорық, күнәлі істен кейін оны өшіретін жақсылық жаса әрі адамдармен қарым-қатынаста көркем мінезді бол», – делінген. Мұсылман адам әлеуметтік желіге жақсы мақсатта ғана жүгініп, оны пайдаланатын уақытын реттеп, шамадан тыс қолданудан өзін шектеуі тиіс. Пайғамбар (с.ғ.с): «Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің қадірін біл: кәрілік жетпей тұрып жастықты, ауырмай тұрып денсаулықты, кедейлікке ұшырамай тұрып байлықты, бос болмай тұрып бос уақытты, ажал келмей тұрып өмірді бағала, – деп өсиет еткен екен.

Сондықтан әлеуметтік желіде әдеп пен шынайылықты сақтау аса маңызды. Саналы пайдаланылған жағдайда ғана ол өз отбасының берекесін күшейтетін сенімді құралға айналады. Ал шектен шығып кеткендер, отбасы тұрмақ, бір қауым елдің сенімін жоғалтады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар