Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ягодный, вишневый, рыночный...

Ягодный, вишневый, рыночный...
Автор
Кез келген адамды, затты, барлық жаратылысты танып-білу үшін оның атауы аса маңызды. Себебі оған қатысты алғашқы ой мен түсінік тап соның атауына қарай пайда болады. Бұл – бейсаналы түрде жүретін құбылыс. Сондықтан халқымыз баланың да, басқаның да есімін дұрыс қоюға баса назар аударған. Тіпті кез келген кәсіпкер де өз бизнесінің атауына барынша мән берсе, ақын-жазушылар жарыққа шығаратын кітабын қалай атайтынын тоқсан күн толғанып барып бір тоқтамға келетіні рас. Ендеше баршамызға ортақ мекен болған, тасын түртсең, тарихы сөйлейтін Тараз қаласының да көше атаулары мән-мағынасыз болмауы тиіс. Алайда дәл қазіргі жағдай басқаша.

Көне шаһарда көше атаулары қашан ретке келтіріледі?

Тараз – екі мың жылдан астам тарихы бар еліміздегі ең көне қалалардың бірі. Өз шежіресінде түрлі атаулармен аталған шаһар 1997 жылғы 8 қаңтардан бастап тарихи атауын қайтарып алды. Жарты миллионға жуық тұрғын тіркелген қалада 1 734 көше бар. Өкініштісі сол, кей көшенің атауына қынжыласың. 8 март, Автомобиль, Вишневый, Тұйық көше, Ягодный сынды көше атаулары көптің көңілін қынжылтып-ақ жүр. Шаһарда 2025 жылы 179 көше мен 2 ауданға атау беріліпті. Бірақ бұл мәселені түбегейлі шешкен жоқ. Қарашаның ойын білмекке қала тұрғыны Фарида Метерқұловаға хабарластық. Ол көше атаулары белгілі бір мағынаға ие болуын және оның қазақша аталуын құп көреді.

– Қаланың абыройының асқақ болуы оның келбеті мен тарихынан бөлек, көше немесе әлде бір нысан маңдайшасында жазылған атаулармен де тікелей байланысты. Сондықтан кез келген атаудың көптің ойынан шығатындай болғаны дұрыс. Өкінішке қарай, кейде әлдебір шаруамен шаһардың басқа аумағына жолымыз түскенде мән-мағынасы түсініксіз, көнерген және қазақ тіліне кереғар ескі атаулардың әлі де бары ойға батырады. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деуші еді қазақ. Біздің тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл болса да көше атауларын әлі реттей алмай келеміз. Мәселен, 8-март, Ягодный, Леся Украинка деген көше атауларында не мән бар?! «8 март» деген қазақша «8 наурыз» болса, бір жөн. Осы секілді олқылық пен саяси жағынан мәні жоқ атаулардың бүгінгі заманға керегі не? Ал Барбюс пен Кулибин ше? Олардың Тәуелсіз Қазақстанымызға еңбек сіңірген тұлға екеніне күмәнім бар. Жалпы көнерген, саяси маңызын жоғалтқан орыстілді атаулар қазіргі қоғамға қажетсіз деп ойлаймын. Әсіресе тіліміздің мәртебесін көтеру жолында қазір талас-тартыс көп. Осы істің басы-қасында жүрген азаматтар ұлттық мүддемізді ойласа, әрине, мұндайға жол берілмес еді. Негізінде халық өзінің кім екенін тарихы арқылы танып біледі. Осы ретте көшелерге көпке белгілі адамдардың есімін берсек, бұл ел мүддесі үшін ерен еңбек еткен, аса танымал тұлғаларға көрсетілген құрмет болып есептеледі. Сонымен қатар қаламыздағы мән-мағынасыз көшелерге облыс тумалары, белгілі қаламгерлер Арғынбай Бекбосын, Жақсылық Сәтібеков, Мақұлбек Рысдәулет, тарихымызды түгендеген Күзембай Байбосыновтардың есімін берсе жарасар еді. Соңғы уақытта көше немесе елді мекендерге кісі есімдерінен гөрі абстрактілі атауларды қою дәстүрге айналғаны белгілі. Мәселен, бір көшенің атауы Алмалы бақ болса, енді бірі Жемісті екен. Ал бір көшеге Тайбурыл атауы беріліпті. Бұл да керек шығар. Себебі қоғамда кейбіреулер өз атабабасының есімін ұлықтап, көшеге атын бергізуге тырысатыны жасырын емес. КСРО дәуірінде тарихи шындық бұрмаланып, ақиқат ашық жазылмай келгені рас. Қазір біз кімге жалтақтаймыз? Тәуелсіздік алып, өткеніміз оралды. Көше атаулары барынша қазақшаланып, мағынасызы жойылып жатқанда оның арасында кетік кемпірдің тісіндей болып қалып кеткен кейбір олқылықтарды уақыт оздырмай түзеуіміз керек деп ойлаймын, – деді Фарида Оразқызы.

Көкейді күпті еткен бірқатар сауалға жауап іздеп, Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаеваға жолыққан едік. Сөз арасында шаһарда бірлі-жарым көше орысша атаумен тұрғанын әрі оның мағынасыз екенін, олар қашан жойылатынын сұрадық. Ол сұрағымызға тұшымды жауап қайтарып, көше атауына қатысты қойылар талап пен тәртіп жайын да тарқата айтып берді.

– Тараздың көшелеріне атау беру барысында ең бірінші кезекте атауы жоқ, мағынасы ескірген және қайталанатын көшелер жол картасына кезеңкезеңімен енгізіліп отырады. 2020 жылы мағынасы ескірген көшелер саны 267 болса, олар жаңа атауға ие болып, қазіргі уақытта атауы өзгеруі тиіс 166 көше қалып отыр. Бұл 166 көшенің 128-і 2026 жылғы жол картасына қайта атау үшін ұсыныс ретінде енгізілді. Жол картасы бекітілген жағдайда қайта атау жұмыстары жүргізілетін болады. Мәселен, шаһарда бұрын Модест Мусоргский көшесі мен оның 1, 2-тұйық бұрылысы болған. Облыс әкімдігінің 2023 жылғы 1 шілдедегі №126 қаулысымен ол көшеге Арыстан баб есімі берілді. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы А.Дәдебайдың 2025 жылғы 14 қазандағы №11120 ПАБ-3 бұрыштамасы сәйкес, қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан күштік құрылым қызметкерлерінің есімдерін елді мекендердің көшелеріне беру туралы Тараз қаласы бойынша арнайы тізім келісіліп, бекітілген. Осыған орай Автомобиль көшесін Мейіржан Айманов есімімен қайта атау туралы ұсыныс республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданды. Ережеге сүйенер болсақ, жалпы көшеге атау беру және қайта атау жұмыстары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі тарапынан бекітілген жол картасының негізінде жүргізіледі. Атау берілген және қайта аталған көше саны әр жылдары әртүрлі. Өйткені жол картасынан бөлек, мерейтойларға және тікелей ҚР Президенті Әкімшілігі тарапынан түскен тапсырмаларға сәйкес көше атаулары ауысып отырады. Бұл үдеріс Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің «Әкімшілікаумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» 2023 жылғы 1 тамыздағы №211 бұйрығының талаптарына сәйкес жүргізіледі. Біздің тарапымыздан көше атауына қатысты тек ұсыныс беріледі. Ал ол көшеге қандай есім лайықты екенін анықтау үшін мәселе Тараз қалалық мәслихаты арқылы көпшілік тыңдауына шығарылады. Оның қорытындысы мәслихат отырысында қаралып, құжаттар ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданады. Аталған комиссия тарапынан оң қорытынды алынған жағдайда ғана облыс әкімінің қаулысымен көшелерге тиісті атау беріледі. Қаражат талап етілмейді, тек тұрғындар үйін сатқанда немесе құжаттарын қайта рәсімдеген жағдайда бөлімнен тегін көше атауы өзгергендігі туралы анықтама беріледі. Осылайша ескі атаулар шетінен жаңартылуда, – деді Бақыт Тілегенқызы.

Маманның сөзінше, тұрғындар тарапынан мағынасы ескірген және атауы жоқ көшелер бойынша өтініштер жиі түседі екен. Олар да қаралып, заң талаптары ескеріле келе, ескірген көшелер жол картасына шетінен енгізіліп отырады. Ал 2024 жылдың 24 қаңтарында республикалық ономастик а комиссиясының отырысында «Әдістемелік ұсынымдар», «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» мен «Дәстүрлі атаулар» тізімі бекітілген. Республика бойынша әкімшілік-аумақтық бірліктерге және оның құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау жұмыстары бекітілген тізімді қатаң басшылыққа ала отырып жүргізілетін көрінеді.

Бір қарағанда қарапайым атауда тұрған ешнәрсе жоқ. Десе де ол атаулар сол көшенің тұрғындары үшін ыңғайсыз болмаса екен дейсің. Өзіміздің де тұрғылықты мекенжайымызды біреуге берерде мәнмағынасы келіскен атауды айтқымыз келетіні рас. Әрі жас ұрпаққа берер ұлағаты жоқ көше атауын қалай таныстырамыз? Сондай көшелерде батыр, ақын, өнер майталманы секілді белгілі тұлғалардың есімі жазылып тұрса, оны бала түгіл, шетелдік қонақтарға да зор мақтанышпен айта аламыз.

Мағынасы жоқ көше атауларын расында да жедел жоймасақ, салдарынан өзіміз мазаққа айналмасымызға кім кепіл? Бізді алаңдатқаны да осы ой еді. Даналығы салт-ғұрпымен сабақтасқан қарға тамырлы қазақ үшін мағынасыз дүние бос нәрсеге тең. Демек, сана сүзгісіне салар дүние маңайымызда әлі де көп.

Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар