Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ескірмейтін есті әндер қалай дүниеге келді?

Ескірмейтін есті әндер қалай дүниеге келді?
Автор
Күн сайын жаңа әндер жарыққа шығып жатса да, кей туындылар ел жүрегінен ойып тұрып орын алып, есте мәңгі сақталады. Ел аузында жүрген ондай хит әндер арада жылдар өтсе де санадан өшпей, қайта керісінше жаңаша тыныспен жарыққа шығып жатады. Бүгінгі мақаламызда жамбылдық ақын-сазгерлердің жүрегінен шыққан сөзі мен әуені үйлескен, халық жатқа айтатын сондай туындылардың шығу тарихына қысқаша тоқталғанды жөн көрдік.

«МЕН СЕНІ ҚҰЛАЙ СҮЙГЕНМІН» – АЙТЫЛМАЙ ҚАЛҒАН АЯУЛЫ СЕЗІМДЕР

Қазақ ән әлеміндегі ерекше сырлы, нәзік сезімге толы туындылардың бірі – «Мен сені құлай сүйгенмін» әні. Бұл ән айтылмай қалған аяулы махаббат, тағдырдың жазуымен орындалмай қалған асқақ арман іспетті. Көптің жүрегіне жол тапқан осы бір мұңлы да сұлу шығарманың тарихы да өз алдына бөлек бір әңгіме.

Бәрі де композитор Ербол Спаналиевтің белгілі ақын Қуаныш Қолқаға қоңырау шалуынан басталған. Сазгер Қуаныш ақынға көкейінде жүрген жаңа әуенді ыңылдап айтып беріп, сөз жазып беруін өтінеді. Қызығы сол, композитордың жүрегінен шыққан сол иірімдер ақынның дәптерінде бұрыннан жазылып, дайын тұрған өлең жолдарына құйыла кеткендей болады. Ақынның:

«Жаныма нұрын төгетін,

Көктемдей дара шұғылам.

Өзімді көргім келетін,

Көзіңнің қарашығынан», – деген жыр шумақтары әуенмен табиғи үндесіп, бірден қабыса кетеді.

Ал сазгерге осы бір жүрек тебірентерлік әнді жазуға әнші Мақсат Базарбаевтың өтініші түрткі болыпты. Оқиға былай өріледі, бірде белгілі әнші Мақсат Базарбаев өзінің басынан өткен сырлы естелігін бөлісіп, өткен күндерін еске алады. Ол жастық шағында бір қызды қатты ұнатып, оған деген сезімін: «Мен оны құлай сүйгенмін ғой!» – деп тебірене жеткізеді.

– Сол «құлай сүйгенмін» деген сөз сазгердің көкейінде ұялап, көңілінен кетпей қояды. Сол түні Ербол ұйқы көрмей, осы сөздің төңірегінде терең толғанысқа түседі. Таң атса да байыз таппай, көшеде келе жатып ән иірімдерін іздеп, ой үстінде жүргенде тәртіп сақшылары тоқтатып, «не әндетіп жүрсің, ішіп алғансың ба?» деп біраз әуреге түсіреді. Ішкі арпалысы сазгерді байыз таптырмай, ақыры оңаша жерге барып, таңды таңға ұрып, осы әнді жазып шығады. Содан сөз жазып бере аласың ба деп маған қолқа салады, – дейді ақын Қ.Қолқа.

Ерболдың әуені мен Қуаныштың өлеңі осылайша тоғысып, «Мен сені құлай сүйгенмін» әні дүниеге келеді.

Алайда, бұл өлең жолдарының астарында Қуаныш ақынның өз өміріндегі өкінішті де мұңды хикаясы жатыр екен.

– Студенттік жылдары бір аяулы қызды ұнатып, оны болашақ жарым, өмірлік серігім болар деп іштей бекініп қойғанмын. Ол қыз да менің «Мен сені ұнатамын» деген сөзімді естімесе де, ниетімді іс-әрекетімнен-ақ сезіп, түсініп жүретін. Тіпті ата-анама айтып, үй-ішін дайындап, «осы күзде сырға салып, үйленемін» деп зор үмітпен жүргенмін. Ол кезде қазіргідей телефон, әлеуметтік желі жоқ, каникуль кезінде байланыс үзіліп қалатын шақ. Сол жылы жазғы демалыста Сарыкемер ауылында тұратын сүйгенімді аялдамада тұрған жерінен ауылдың жігіттері алдап көлікке отырғызып, алып қашып кетеді. Тағдырдың бұл жазуы жоспарымды астаң-кестең етіп, жүрегіме жазылмас жара салады.

«Ол күндер – арман, бұл күнде,

Қауызын жарған гүл сезім,

Мазалап қазір жүр мүлде...

Айтпаған сонда бір сөзім...» деген жолдардың мәні де осында. Себебі сол бұйырмаған ғашығыма «мен сені жақсы көремін» деп бір ауыз сөз айтып үлгермеген едім. «Өзі де түсініп жүр ғой» деген сенім мен жастыққа тән ұяңдық арадағы сезімді сөзге айналдыруға мұрша бермеген болатын, – дейді ақын.

Бүгінде бұл ән Саят Медеуовтің орындауындағы халықтың сүйікті шығармасына айналды. Оның әрбір нотасында айтылмай қалған сыр, әрбір сөзінде орындалмай қалған арман мен баянсыз махаббаттың мұңы жатыр. Есімі аталмаса да, ақын жүрегінде мәңгі қалған сол бір қызға деген сағыныш осылайша әсем ән болып өрілді.

 

САРҒАЙҒАН САҒЫНЫШТАН ТУҒАН – «ЖАЛҒЫЗ ДОСЫМ»

Адамзат өмірінде достық ұғымы әрқашан ерекше орын алады. Адам баласы дүниеге келген сәттен бастап өмір жолында түрлі адамдармен танысып, сан алуан қарым-қатынас орнатады. Солардың ішіндегі ең шынайысы, ең қымбаты – достық. Сондықтан да бұл тақырып талай ақынның жүрегінен жыр болып төгіліп, талай сазгердің көңілінен әуен болып өрілген.

Адам жанының нәзік сезімдерін, сағыныш пен сырды жеткізетін мәңгілік тақырыпқа арналған осындай әсем әндердің бірі – «Жалғыз досым» әні. Әннің сөзін қазақтың көрнекті ақыны Күләш Ахметова жазса, әуенін ақын-сазгер Айгүл Бажанова шығарған.

Бұл әннің тарихы да ерекше, жүрекке жақын. Сағынышқа толы өлеңді Күләш Ахметова өзінің бала күнінен бірге өсіп, егіз қозыдай қатар жүрген ең жақын құрбысы Ізімкүлге арнап жазған екен.

Құрбысы Ізімкүл Иманбекованың айтуынша, қазақтың талантты ақыны екеуінің арасындағы достық 10 жастарында басталған. Олар бірге оқып, бірге армандап, өмірдің алғашқы қадамдарын қатар жасаған жан құрбылар болған.

– Күләш екеуміз Талас ауданындағы Үшарал ауылының перзенттеріміз. Бастауыш сыныптан арамыз ажырамас достар едік. Тіпті өмірдің ағысы, тағдырдың сынағы да бұл сезімді өшіре алмады. Ауыл мектебін аяқтаған соң қол ұстасып білім іздеп Алматыға аттандық. Дегенмен алғашқы жылы оқуға түсе алмадық. Келесі жылы жақсы нәтиже көрсетіп Күләш «Журналистика» мен «Филология» факультетіне оқуға қабылдандық. Бұл 1968-1969 жылдар болатын. Атауы екі бөлек болғанымен мазсұндас факультеттер емес пе, жиі кездесіп тұрдық. Үлкен қалада жүріп студенттік өмірдің қызықтарын бірге бастан өткізіп жаттық. Көп өтпей екінші курста Күләш өзімен бірге оқитын ақын Қайырбекке тұрмысқа шығатынын хабарлады. Мен жанашырлықпен: «Әлі жассың ғой» деп алаңдаушылық білдірдім. Уайымым бекер екен. Күләш пен Қайырбек ерте отау құрғанымен отбасылық өмірдің қиындықтарын, өмірдің ащы-тұщысын қатар көріп, үлгілі отбасыға айналды. Кейін оқуым аяқталған соң ауылға қайтатын кез келді. Күләш болса Алматыда қалды. Туған жерге аттанар күні Күләш шығарып салды. Құрбым екеуміз бір-бірімізді қимай біраз тұрдық. «Осында қал, бір жұмыс табылар» деп көндірумен болды. Бірақ менде де, ода да баспана жоқ. Досымнан ұзағым келмесем де Үшаралға оралдым. Ол автобус сыртында, мен автобус ішінде жылап отырмыз. Екеуміздің күйімізді сезгендей жауын да құйып жатыр еді, – дейді өлең кейіпкері.

Отбасы құрып, жаңа өмір бастаған жас ақын үшін де құрбысынан алыстаған кезең оңайға соқпапты. Ол кезде ақын ретінде есімі ақырындап танылып келе жатқанымен әлі де Алматыдай алып қалада мұң шағар бір жақын жан табыла қоймаған еді.

Халық арасында айтылатын «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөздің мәнін сол кезде Күләш ақын анық сезінеді. Жас сәбиі Жазирасын бағып, тұрмыстың сан түрлі қиындығын бастан өткеріп жүрген сәттерде оның жүрегін бір ерекше сағыныш кернейді. Сол сағыныш сезімі ақын жүрегінде жыр болып төгілді. Күләш Ахметова досына деген шынайы сағынышын, жүрегінде жүрген мұң мен сырды қағаз бетіне түсіріп, «Жалғыз досым» өлеңін жазады. Бұл өлең – достықтың қадірін, алыста жүрсе де жүректерді жақын ұстайтын адал сезімді бейнелейтін әсерлі туынды.

– Үшаралда азды-көпті 3 жыл ұстаздық қызмет еттім. Алайда еңбек демалысымда жыл сайын Алматыға жол тартып, досыммен жолығып, сағынышымды басып тұрамын. Мені көрсе болды Күләш: «Осы жолы қаламын деші» деп мені өз қасына алып қалғысы келіп тұратын. Менің айтар уәжім пәтердің жоқтығы. Үшінші жылы барғанымда дәл сол күні Күләш қызмет ететін сол кездегі «Қазақстан пионері», қазіргі «Ұлан» газетінің бас редакторы Фариза Оңғарсынова жас отбасыға баспана беріп, кілтін табыстап жатқан. Күләш қуанып: «Енді ештеңе дей алмайсың, пәтер бар, жұмысты да табармыз» деп ақыры алып қалды. Достыққа адал еді-ғой. Сөзінде тұрып мені бір полирографиялардың біріне корректор етіп жұмысқа тұрғызды. Кейін Қайырбек пен Күләштің көмегімен корректер болып «Қазақ әдебиеті» газетіне ауыстым. Сонда да бұл сала менікі емес еді, жаным ұстаздықты қалайтын. Содан бір күні досыма ойымды жеткізіп, ауылға қайтқаным жөн болар деп айттым. Күләш ол кезде «Жалын» баспасында еңбек етіп жүрген. Сол уақытта Сәрсенбі Дәуітов деген ақын-жазушының кітабын редакциялап жатқан кезі екен. Мені әлі де қасынан ұзатқысы келмей: «Осы жігітпен танысып көрші» деп өтініш жасады. Құрбымның тілегі қабыл болып Сәрсенбімен әңгімеміз жарасып, отау құрып, ақыры Алматыда қалып қойдым. Содан әлі осы қалада өмір сүріп келе жатырмын. Ал шашымыз ағарғанға дейін бір шәй десіп көрмеген Күләш екеуміздің достығымыз «Жалғыз досым» әні арқылы мәңгілікке жалғасты, – деп есіне алады Ізімкүл Иманбекова.

Күндердің бір күні ақын-сазгер Айгүл Бажанова Күләш Ахметованың «Жалғыз досым» өлеңмен танысады. Өлең жолдарын оқи бастаған сәтте-ақ сазгердің жүрегін ерекше бір сезім билейді. Жыр жолдарынан төгілген сағыныш пен сыр, адал достықтың жылуы оның көңіліне терең әсер етеді. Сол сәтте ақын сөздерімен үндескен әуен сазгердің жүрегінде өзінен-өзі туындай бастайды. Көп ұзамай бұл өлеңге әсем әуен жазылып, «Жалғыз досым» әні дүниеге келеді.

Алғашында бұл әнді Айгүл Бажанова өзі орындап жүрді. Ән біртіндеп тыңдарман жүрегіне жол тауып, ел арасына кең тарай бастайды. Уақыт өте келе бұл туындыны танымал өнерпаздар өз репертуарларына енгізіп, халыққа кеңінен жеткізді. Әсіресе «МузАРТ» тобы мен әнші Тамара Асар орындағаннан кейін әннің танымалдығы арта түсті.

«Жалғыз досым» – сағынышқа толы, жүрек тербейтін ән. Бұл туынды тыңдарманды өткен күндерді еске түсіріп, алыста жүрген достарды ойға салады. Әннің әрбір жолынан адал достықтың қадірі, жүректегі сағыныштың лебі сезіледі. Сондықтан да бұл ән жылдар өтсе де өз құндылығын жоғалтпай, тыңдарман жүрегінде мәңгілік сақталып келеді.

 

МАХАББАТ ТАҚЫРЫБЫН НӘЗІК БЕЙНЕЛЕГЕН – «АУЗЫНАН АЙДЫҢ ТҮСКЕН ҚЫЗ»

Халықтың жүрегінен орын алған танымал лирикалық әндердің бірі – «Аузынан айдың түскен қыз». Махаббаттың нәзік сезімін тербеген бұл әсем ән – сазгер Сәрсенбек Бәкір мен ақын Серік Томановтың шығармашылық үндестігінен туған көркем дүние.

– Серік ағамен таныстығымыз өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасына, нақтырақ айтқанда, 1996 жылға тұспа-тұс келеді. Күтпеген кездесу қаладағы орталық базар маңында орын алды. Есімі сырттай таныс ақынмен алғашқы кездесуімізде-ақ әңгімеміз жарасып кетті. Ақынды өзім тұратын ықшамауданға ертіп бардым. Шай үстінде Серік аға бірнеше өлеңін жатқа оқып, жүректен шыққан жырларын ортаға салады. Сол сәттерде менің көңілімде бір сазды әуен әлдеқашан маздап жүрген еді. Жүрегімнің түкпірінде әлдебір әннің сарыны толқып, лайықты сөзін іздегендей күй кешіп жүрген шағым болатын. Ақын оқыған өлеңдердің арасынан сол әуенге дәл келетін мәтін табылар деген үміт те болған. Алайда сол жүздесуде тыңдаған жырлардың ішінде көңілдегі әуенге толық үйлесетін жолдар кездеспеді. Серік ақын да көңілімдегі ізденісті сезгендей болды ма, қоштасар сәтте қалтасынан жаңа ғана жазылған, сиясы әлі кеппеген өлеңнің бір парағын шығарып, төрт жолды қағазға түсіріп берді.

«Дертімді қалай емдермін,

Не амал оған не істерміз.

Арманым болдың сен менің,

Аузынан айдың түскен қыз...»

Жыр жолдары жүрегімде әлдеқашан тербеліп жүрген әуенмен бірден үндесіп кетеді. Ақын аттанған соң көңілдегі саз дәл осы шумаққа құйылып, әннің алғашқы нобайы сол мезетте-ақ жаза бастадым. Бірнеше күн өткен соң өлеңнің толық нұсқасы қолыма тиді. Сол мәтіннің ішінен әуенге үйлесетін жолдарын таңдап, әнге лайықты ырғақпен қайта жүйелеп шықтым. Осылайша қазақ эстрадасында кейін кеңінен танылатын туындының негізі қаланды, – деп еске алады С.Бәкір.

Әннің алғашқы орындаушысы – әнші Маралбек Бабақұлов. Жас әншінің табиғи дауысы лирикалық шығарманың нәзік болмысын айрықша аша түсті.

1997 жылдың көктемінде шығармашылық топ әнді кәсіби түрде жазу үшін Алматыға жол тартады. Қазақ кино өнерінің қара шаңырағы саналатын «Қазақфильм» студиясында Маралбек Бабақұловтың орындауындағы алғашқы нұсқа таспаға түсіріледі. Дыбыс жазу жұмысы басталмай тұрып, жаңа туындының нобайы ақын Серік Томановқа тыңдатылған. Жүректен туған әнді алғаш естіген сәттен-ақ жыр иесі шығарманың болашағынан үлкен үміт күтеді.

Қызығы, ән толық өңделіп үлгермей тұрып-ақ тыңдарман жүрегіне жол таба бастайды. Әуеннің табиғи сұлулығы мен сөздің мөлдір лирикасы халықтың құлағына бірден жағымды естіледі. Кейін кәсіби оранжировка жасалып, студиялық жазба дайын болған соң әннің әсері тіпті күшейіп, көпшіліктің сүйікті шығармасына айналады.

«Аузынан айдың түскен қыз» – қазақ ән өнеріндегі махаббат тақырыбын нәзік бейнелеген туындылардың бірі. Әуен мен сөздің үйлесімінен туған бұл әнде қазақы сезімнің тазалығы, ғашық жүректің аңсары, сұлулыққа деген іңкәрлік көркем өрілген.

Жүректен туған саз бен жүрекке жеткен жыр тоғысқанда ғана халық жадында ұзақ сақталатын ән дүниеге келетіні белгілі. «Аузынан айдың түскен қыз» – дәл сондай тағдырлы туынды. Уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін, тыңдарман көңілін тербетіп келе жатқан лирикалық әннің өмірге келу тарихы да қазақ өнерінің шынайы шығармашылық сәттерін айқын аңғартады.

 

КӨҢІЛДІ ТОЛҚЫТҚАН – «КЕЛШІ АЙЫМ»

Қазақ музыкасының тарихында тыңдарман жүрегіне ерекше әсер еткен, жылдар өтсе де ұмытылмай айтылып келе жатқан әндердің бірі – «Келші, айым». Мұңлы шығарманың дүниеге келу тарихында шынайы өмірден туған ауыр тағдыр мен терең сезім жатыр.

«Келші, айым» әнінің әуенін қазақтың белгілі композиторы Мэлс Өзбеков жалған. Консерваторияда оқып жүрген шағында Мэлстің өмірінде тағдырлы кездесу орын алады. Сол жылдары ол Алматы медициналық институтында білім алып жүрген Айымзада есімді қызбен танысады. Жастық шақтың алабұртып тұрған кезі, арман мен үмітке толы уақыт еді. Екі жастың арасындағы сезім біртіндеп тереңдеп, олар бір-бірін шынайы жақын тартады. Қала көшелеріндегі серуендер, көл жағасындағы кездесулер, болашақ туралы айтылған армандардың бәрі де жаңа ғана басталып келе жатқан мөлдір махаббаттың белгісіндей болатын. Алайда жазғы демалыс басталған кезде олардың жолы уақытша екі айырылуға мәжбүр болады. Әрқайсысы өз ауылына қайтып, жаңа оқу жылы басталғанда қайта кездесуге уәделесіп қоштасады. Жаз бойы екеуі бір-біріне хат жазып, сағыныштарын сол хаттар арқылы жеткізіп тұрған. Қарапайым қағаз бетіне түскен сол сөздер жас жүректердің арасындағы нәзік байланысты сақтап тұрғандай еді. Бірақ уақыт өте келе Айымзададан келетін хаттар сирей бастайды. Соңғы хаттарының бірінде қыз: «Үйге хат жазба, ата-анам біліп қойса, ұят болады» деп ескерткен екен. Мэлс бұл сөзді түсіністікпен қабылдап, еш күмәнданбастан демалыстың аяқталуын күтеді.

Күз түсіп, оқу жылы басталғанда Мэлс Алматыға үлкен үмітпен оралады. Бірақ ол армандаған кездесу енді ешқашан болмайтынын сол кезде білмеген еді. Курстас қыздардың бірінен ол Айымзаданың жазғы демалыс кезінде өзенге шомылып жүріп, суға батып кеткенін естиді. Бұл хабар жас жігіттің жандүниесін төңкеріп жібереді. Күтпеген қайғы жүрегіне ауыр жара салып, оның бар үміті бір сәтте үзіліп кеткендей болады. Осы қайғылы хабардан кейін Мэлс ұзақ уақыт өз-өзіне келе алмай жүреді. Сағыныш, өкініш, жүрекке түскен ауыр мұң оның жандүниесін түгел билеп алады. Өткен күндердің елесі, бірге өткізген бақытты сәттер көз алдынан кетпей қояды. Сол кезде ішкі күйзеліс пен сағыныш біртіндеп әуенге айналып, жүректен шыққан сазға ұласады. Сөйтіп, жүректегі ауыр сезім мен мәңгілік сағыныш арқылы «Келші, айым» әні дүниеге келеді. Бұл ән тек махаббат туралы лирикалық туынды ғана емес, орындалмай қалған арман мен жоғалған жастық сезімнің мұңды естелігі еді.

Әннің сөзін белгілі ақын Әбдірахман Асылбеков жазған. Ақын мәтінде сағыныш пен күту, жоғалған махаббатқа деген аңсарды нәзік әрі әсерлі жеткізе білген. Өлең жолдарынан алыста қалған сүйіктісін іздеген жанның ішкі күйзелісі, жүрек түкпіріндегі мұң анық сезіледі. Әсіресе әннің:

«Айдын көл, сен айтшы,

Самал жел, сен айтшы...» деген жолдары табиғатпен тілдескендей әсер қалдырып, жалғыздыққа душар болған адамның жан сырын бейнелейді.

«Келші, айым» әнінің кең таралуына 1975 жылы экранға шыққан «Гауһартас» көркем фильмі айрықша ықпал етті.. Фильмде актер Досхан Жолжақсынов домбырамен орындаған «Келші, айым» әні халыққа ерекше әсер қалдырды. Киноның бір көрінісінде баяу шертілген домбыра үнімен айтылған бұл ән фильмнің эмоционалдық өзегіне айналып, көрерменге терең әсер етті. Әуен мен кадрдағы көріністің үйлесуі әннің мұңды әрі лирикалық сипатын айқындай түсіп, оны көпшілікке бірден танытты.

Көпшілік бұл әнді фильммен бірге қабылдап, оны қазақ музыкасының ең әсерлі лирикалық әндерінің бірі ретінде бағалады. Уақыт өте келе «Келші, айым» тек кино арқылы танылған ән ғана емес, қазақ тыңдарманының жадында сақталған, бірнеше буын қатар білетін шығармалардың біріне айналды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар