Игі іс-шара барысында ауыл балаларының білім көкжиегін кеңейтуге бағытталған түрлі жанрдағы әдебиеттер мен заманауи оқулықтар таныстырылды. Бұл бастама елді мекендердегі білім ошақтарының материалдық-рухани базасын нығайтуға үлкен септігін тигізді.
– Президент Жарлығымен белгіленген Ұлттық кітап күні аясында Жамбыл облысындағы ауылдардың мектептеріне 17 000 кітап табысталады. Ауқымды жоба «ASSYLTAS» қоғамдық қорының «Артық білім кітапта» бастамасы шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Бұл жобаны қолдаған – «JUZ40» білім беру орталығының басшысы Жұлдызай Мұсаева. Қазақтың мәрт жігіттері де қалыс қалмады. Мәселен Мұхамеджан Тазабеков 300 кітапты тегін берді. Кітап керуені Қордай мен Меркі ауданына аялдады. Аудан жұртшылығы ерекше ықыласпен күтіп алды. Тараз жұртшылығы да қонақжайлылықтарын көрсетіп, сый-құрметтерін аямауда, – дейді «ASSYLTAS» қоғамдық қорының директоры Дулат Тастекей.
Жиын соңында қабылданған бағалы тартулар арнайы жоспар бойынша ауылдық мектептерге жөнелтілді.
Жалпы саны 340 білім беру ұйымын қамтитын бұл игі іс-шара аясында оқушыларға арналған мазмұнды әрі танымдық туындылар топтастырылған кітаптар жеткізіледі.
Айта кету керек, өткен жылы осы жоба Абай облысында іске асырылып, 233 ауыл мектебіне 14 000-ға жуық кітап үлестірілген еді. Биыл бастаманың жалғасын табуына облыс әкімдігі қолдау білдіріп отыр.
Бұл қадам ауыл мектептеріндегі кітап қорын толықтырып қана қоймай, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратыны анық.
Айжан ӨЗБЕКОВА




