Әсіресе бұл мәселе, анығын айтқанда, табысын жасыруға тырысу бөлшек сауда саласында жиі кездеседі. Күнделікті нәпақасын осы саладан айырып жүрген кейбір кәсіпкерлер тұтынушыдан төлемді электронды тәсіл арқылы емес, қолмақол ақшамен алуға тырысады. Кейбірі тұтынушыдан белгілі бір тауар түріне қатысты нақты ақша талап етеді. Мысалы, өзім тұратын аумақтағы бір дүкен иесі нан алуға барған сайын қолма-қол ақша сұрайды. Кейде целлофан қалта бергісі келмейді. Мұндай кезде қашық та болса басқа дүкенге барып сауда жасауға ниетің ауады. Бір жолы тағы да қолма-қол ақша сұрағанда осы әдетін түсіне алмай сөзге тартқан едім, жағдайын айтып жыламсырағанда жаным ашып кетті.
– Бізге нанды 145 теңгеден әкеліп береді. Негізінде наннан пайда жоқ. Бірақ тұрғындар нан іздеп келетін болған соң, амал жоқ, сатуымызға тура келеді. Соған бола аламыз. Мысалы, 145 теңгенің нанына 5-ақ теңге қосамыз. Бірақ бізге салық үстіндегі 5 теңгеден емес, 150 теңгеден ұсталады. Мемлекет салықты осылайша нан пісіретін наубайханадан бір, дүкеннен екі ұстайды. Бізден нанның үстіндегі пайдасынан емес, бастапқы бағасына қосып салық алатынын түсіне алмадым. Сонда әділ жүйе дегеніміз осы ма? – деді ол.
Тараз қаласындағы «Мыңбұлақ» базарында сауда жасайтын Тұрсынкүл Әбілқасымова есімді бір тұрғын кәсібі күнделікті шығынды ақтамай жатқанын айтады. Негізінен ол тұрмысқа қажетті ұсақ-түйек заттар сатады екен.
– Бір полиэтилен қалта (пакет) 100 теңге тұрады. Осы қалтаның өз бағасына ары кетсе 15-ақ теңге қосамыз. Қазір ақшаның құны болмай қалды. Сауда жасап тұрған орын үшін ақы төлейміз, жеке кәсіпкер ретінде төлейтін салығымыз, күнделікті түскі асымыз, электр энергиясы секілді коммуналдық төлемдер бар. Осының бәрін қосқанда пайда тапқан былай тұрсын, кейде шығынға батып кетеміз. Мен бір нәрсені түсіндім. Мен секілді майда-шүйде зат сататын адамдар үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелу тиімсіз екен. Бағаны қымбаттатсақ, оны халықтың қалтасы көтермейді, керек болса шу шығарады. Ал бағасын арзандатсақ, күнделікті шығынды жаппайды. Ары кетсе 100 теңгенің заты үшін бізге бір күнде 30-40 аударым жасалады. Ол бір айда 100 аударымнан асып кетеді. Мұндай жағдайда жеке кәсіпкер ретінде тіркелуіңе тура келеді. Сол секілді мұнда картоп, сәбіз, пияз секілді көкөніс сататындар да бар. Олар да бағаны асыра белгілей алмайды. Себебі айыппұл салынады екен. Жұмыс аяғында көкөніс сататындар тауарын тіпті өз бағасына өткізуге тырысып жатады, – деді Т.Әбілқасымова.
Осыдан кейін біз облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетовке хабарласып, мәселенің мәнісін сұрадық. Ол дүкен иелерінің салық төлеу тетігін өздері таңдайтынын айтты.
– Кез келген саудагер жеке кәсіпкер болып тіркелуге міндеттеледі. Нанға, шақпаққа ары кетсе бес-он теңге қосатын жағдай жөнінде хабарымыз бар. Бірақ әңгіме мынада. Үйдің қасындағы дүкен иесі немесе базардағы саудагер болсын, яғни бөлшек саудамен айналысатындардың басым бөлігі оңайлатылған декларация негізіндегі режиммен жұмыс істейді. Бұл ретте салық салу жүйесі кез келген айналымдағы қаражаттан екі пайыз көлемінде салық ұстауды көздейді. Яғни 100 мың теңге таза пайда емес, 100 мың жалпы айналым түсті ме, содан 2 мың теңге салық төленуі тиіс. Демек, нанның дүкендегі бағасы 150 теңге болса, кәсіпкер соның екі пайызын салық ретінде төлейді. Шақпақ сататын саудагердің де жағдайы осыған ұқсас. Біздің облысымызда бұл ставка биылдан бастап екі пайыз деп белгіленді. Ал былтыр үш пайыз болатын. Демек, салық жүктемесі біздің өңірде өткен жылға қарағанда төмендеп отыр. Егер кәсіпкер басқа режиммен жұмыс істегісі келсе, жалпыға бірдей тәртіп деген бар. Мұндай жағдайда олар бухгалтерлік есептемесін, яғни кіріс-шығысты толық жүргізуі тиіс. Бұл тәртіп бойынша барлық шығындар есепке алынады. Мысалы, 150 теңгенің нанын сатқанда алуға жұмсалған 145 теңге шығынға жатқызылады да, нақты табыс 5 теңге болып қалады. Саудагер сол 5 теңге табыстың 10 пайызын салық ретінде төлейді.Жалпы қазір елімізде кәсіпкерлікке арналған осындай таңдау шарттары белгіленіп отыр. Кәсібіңізді оңайлатылған декларациямен жүргізсеңіз, артық құжаттама мен бухгалтердің қажеті жоқ. Кез келген айналымнан 2 пайыз салық төлейсіз де, айналым қаражатыңыз қанша теңге болса да қосылған құн салығын төлеуге міндеттелмейсіз. Ал егер бухгалтерлiк есеп жүргiзу арқылы жұмыс істесеңіз, онда табыс пен шығыстың айырмасынан 10 пайыз төлейсіз және қосылған құн салығы ұсталады. Мысалы, 150 теңге табыс көрсетілгенімен, оның 145 теңгесі шығын ретінде шегеріледі де, қалған 5 теңгенің 10 пайызы, яғни 50 тиын салыққа кетеді. Сондықтан кәсіпкер қай жүйені таңдайтынын өзі шешеді7 Бір айта кетер жайт, қолма-қол ақша жүрген жерде міндетті түрде бақылаукассалық машинасының түбіртегі жүруі тиіс. Бұл тауарлық чек (түбіртек) емес, фискалдық чек. Кәсіпкер осындай түбіртек ұсынса, онда бұл заңды. Егер аталған түбіртекті бермесе, онда оған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 284- бабы бойынша шара қолданылады. Кәсіпкер бірінші мәрте құқық бұзып тұрса, ескерту беріледі. Ол мұны бір жыл ішінде тағы қайталаса, айыппұл салынады, – деді Ерлан Мейрамбекұлы.
Мемлекет қазынасы әрбір азаматтың, әрбір кәсіпкердің адал төлеген салығынан құралатынын ескерсек, мұндай «көлеңкелі» әрекеттер ел бюджетіне түсетін қаржыны ортайтады. «Көлеңкелі» экономиканың үлесін азайту, ең алдымен, кәсіпкерлік мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің еншісіндегі іс. Осы орайда салық жүктемесінің тиімділігі мен кәсіпкерлерге ұсынылған жеңілдіктерді түсіну саудагерлер үшін аса маңызды деп ойлаймыз. Сол себепті бақылаукассалық машинасы туралы біз Ерлан Нұрмаханбетовтен кеңірек сөз қозғауды өтінген едік.
– Қазіргі заманда сауда және қызмет көрсету саласында қаржылық операцияларды нақты есепке алу мемлекеттің салық жүйесінің тиімді жұмыс істеуінің негізі болып саналады. Осы мақсатта қолданылатын негізгі құралдардың бірі – бақылау-кассалық машинасы (БКМ). Бақылау-кассалық машинасы кәсіпкерлердің табысын тіркеп, тұтынушыға түбіртек беріп, салық органдарына есептілікті қамтамасыз етеді. Тауарлар мен қызметтер үшін төлемдерді тіркеу, фискалдық чектерді басып шығару және қаржылық операциялар туралы мәліметтерді салық органдарына жіберу осы электрондық құрылғы арқылы жүзеге асады. Қазақстан Республикасында БКМ қолдану тәртібі Қаржы министрлігі және Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан реттеледі. Бақылау-кассалық машинасы бірқатар қызметтерді атқаратынын айта кетуіміз керек. Атап айтсақ, сатуды тіркеу арқылы әрбір тауар немесе қызмет үшін төлем сомасы есепке алынады. Фискалды чек бере отырып саудагер сатып алушыға төлемді растайтын құжат ұсынады. Күндік есеп қалыптастырудың (Z-есеп) нәтижесінде бір күн ішіндегі жалпы табыс көрсетіледі. Деректерді сақтау арқылы барлық операциялар фискалдық жадта сақталады. Онлайн есеп беру тетігі бойынша интернет арқылы мәліметтерді салық органдарына жібереді. Бұл құрылғылар көбінесе шағын дүкендерде пайдаланылады. Олар фискалдық жадымен жабдықталған және түбіртекті басып шығарады. Сонымен қатар онлайн-бақылау кассасының да маңызы зор. Бұл – интернет арқылы салық органдарына автоматты түрде мәлімет жіберетін заманауи құрылғы. Қазіргі таңда Қазақстанда онлайн-кассаларды пайдалану кеңінен енгізілген. Сондай-ақ POS-жүйе деген де бар. Ол компьютер, арнайы бағдарлама, сканер және чек принтерінен тұратын кешенді жүйе. Ол ірі сауда орындары мен супермаркеттерде қолданылады. Бақылау-кассалық машинасын қолданудың маңызына тоқталсақ, осы арқылы мемлекеттік бюджетке салықтың дұрыс түсуі қамтамасыз етіледі. Кәсіпкердің қаржылық тәртібін нығайтып, «көлеңкелі» экономиканың алдын алады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғайды. Бір айта кетерлігі, түбіртек сатып алушының заңды құжаты болып саналады. Тұтынушы тауарды қайтару немесе ауыстыру кезінде түбіртекті дәлел ретінде пайдаланады, – деді ол.
Маман Салық кодексінің 110-бабына сәйкес кассалық аппаратты қолданудан босатылатын тұлғалар бар екенін айтады. Олардың қатарына қарапайым жеке тұлғалар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар жататын көрінеді. Сондай-ақ қалалық қоғамдық көлікте билет беретін жолаушы тасымалдаушылар, Ұлттық Банк пен екінші деңгейдегі банктер, діни бірлестіктер және арнайы мобильді қосымша арқылы есеп айырысатындар кассалық аппаратты қолданбай-ақ қоюына болады екен. Ал Ұлттық пошта операторы тек интернет пен телекоммуникация желісі жоқ шалғай жерлерде ғана осындай жеңілдікке ие бола алады.
– Ал бақылау-кассалық машинасы бар кәсіпкерлер шығаратын түбіртекте міндетті түрде салық төлеушінің атауы мен ЖСН-і (немесе БСН), аппараттың зауыттық және тіркеу нөмірлері, чектің реттік саны, сауда жасалған күн мен уақыт, тауардың не қызметтің бағасы мен жалпы сомасы және сәйкестендіру құралдары көрсетілуі тиіс. Ж алпы кәсіпк ерлердің басым бөлігіне кассалық аппаратты қолдану міндеттелген. Егер кәсіпкер қолма-қол ақшамен сауда жасағанда аппаратты қолданбаса немесе түбіртек бермесе, сондай-ақ ақауы бар не тіркелмеген аппаратты пайдаланса, жоғарыда сөз етілгендей, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 284-бабы бойынша жауапқа тартылады. Мұндай бұзушылық бірінші рет анықталып, ескерту берілген бір жыл ішінде тағы қайталанса, жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнеске 15 айлық есептік көрсеткіш (64 875 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Орта бизнес 30 АЕК (129 750 теңге), ал ірі бизнес субъектілері 50 АЕК (216 250 теңге) мөлшерінде айыппұл арқалайды. Кассалық аппарат – қаржының ашықтығын қамтамасыз ететін және тұтынушы құқығын қорғайтын құрал. Сондықтан заң талабын сақтау әр кәсіпкердің міндеті екенін ұмытпаған жөн. Мәлімет ретінде айта кетейін, қазіргі таңда облыс бойынша 60 876 онлайн кассалық машина тіркеліп, жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ оқта-текте болса да жекелеген кәсіпкерлер сатылған тауар ақысын (көрсетілген қызметтер) қолма-қол ақшамен төлеуді талап ете отырып, онлайн аударым не карточкамен төлемдерді қабылдаудан бас тартқан жағдайлар орын алып жатқаны рас. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып саналады және тұтынушылардың құқықтарын бұзады. Өйткені «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында төлемнің әртүрлі тәсілдері – банк картасымен, QR-төлеммен немесе қолма-қол ақшамен көзделген (25-бап). Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бірінші рет ескерту, қайталап бұзған жағдайда 40 АЕК мөлшерінде айыппұл (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 194-бабы) салынады. Қолмақол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері орын алғанда тұтынушы ол туралы бізге жүгіну қажет. Бұл ретте арнайы мобильді қосымша және «Amian» мобильді қосымшасы, сондай-ақ «e-Otinish» порталы арқылы міндетті түрде растайтын құжаттарды қоса бере отырып шағымдануға болады. Тауарларды сату немесе қызмет көрсету кезінде кәсіпкерлер сатып алушыға фискалдық чек беруге міндетті. Фискалдық чекті бермеу де әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Алдымен ескерту, қайталанған жағдайда 20-дан 40 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл (ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 284-бабы) салынады, – деді Ерлан Мейрамбекұлы.
Осы орайда біз облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Әлия Амангелдиеваға хабарласып, екі саудагердің көтерген мәселесіне қатысты пікір беруін сұрадық. Ол нан сататын саудагердің целлофан қалтаны тұтынушыға тегін бермеуге құқы бар екенін айтты.
– Целлофан қалтаны саудагерге ешкім тегін бермейді, ол да сатып алады. Тұтынушы нан сатып алғанда ол оны бөлек сатуға құқы бар. Егер саудагер нанның немесе әлеуметтік маңызы бар 31 тауар тізіміне енетін осы секілді өнімнің бағасын заңмен бекітілген шекті бағадан асырып сатса және ол бойынша тұтынушыдан бізге шағым түссе, міндетті түрде тиісті шаралар қолданылады. Сол секілді көкөніс сататындардың пияз, картоп, қырыққабат секілді азықтүлікке үстемені шекті бағадан асыра белгілеуіне жол берілмейді. Тарқата айтсақ, азаматтар «eOtinish» бірыңғай платформасы арқылы немесе мекемеге өзі келіп арыздануына болады. Шағым түсіру үшін нақты фактілер болуы шарт. Атап айтқанда, сатып алынған тауардың кассалық чегі (немесе QRчегі), тауар бағасы көрсетілген сөренің (витринаның) фотосуреті және дүкеннің аты анық көрінетіндей сыртқы фотосуреті тіркелуі тиіс. Осы құжаттар негізінде біздің мамандар заңға сәйкес тексеріс ашады. Егер тексеру барысында шекті бағадан асырғаны дәлелденсе, айыппұл салынады. Мәселен, шағын дүкендер үшін бұл бірінші рет тіркелген құқықбұзушылық болса, 5 айлық есептік көрсеткіш (қысқартылған тәртіппен 10 812 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Орташа дүкендерге 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал ірі сауда желілеріне 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Осы жылы 1 айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңгеге тең. Саудагер тауардың көтерме бағасына 15 пайыздан асырып үстеме қоспауы қажет. Сондықтан кәсіпкерлер бекітілген бағаны негізсіз өсірмеуі, ал тұтынушыларға өз құқықтарын қорғауда белсенді болуы керек, – деді Ә.Амангелдиева.
Жалпы қоғам « көлеңкелі» экономикадан алшақтап, ашық жұмыс істеу мәдениетіне көшуі қажет. Сонымен қатар сауда мәдениеті дамуы үшін нарықта тауардың сапасы мен бағасына қатысты мәселе туындамауы керек. Сонда ғана мемлекеттің алға қойған мақсаты өз жемісін береді әрі тұтынушының да құқығына нұқсан келмейді. Бұл ретте тұрғындар да белсенді болуы шарт.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ



