Заман қарыштап дамыған сайын, жаңа тәртіп қалыптасатыны анық. Бірақ осы бір өзгерістің салдары кейде адами құндылықтардың аяққа тапталуына, ал кейде ұмыт болуына әкеліп соғады. Одан өзге түрлі көзге түрпідей тиетін түйткілдер пайда болып, бұрын болмаған мәселелер бас көтере бастайды. Осы ретте біз қоғамда жиі кездесетін, ұмыт болып бара жатқан көршілердің қарым-қатынасы туралы ой қозғамақпыз. Қазіргі таңда адамдар үйі іргелес болғанымен, бұрынғыдай бірінің шаңырағына бірі бас сұғудан қалғандай. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді айтпағанда, ауылдағы ағайынның арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс сирегені жасырын емес.
Ауыл демекші, бүгінгі ауылдықтардың да тұрмысы, тыныс-тіршілігі қала өміріне қатты ұқсайды. Биік-биік зәулім үй, тас қамалмен бара-бар қоршау, темір қақпа, оған орнатылған қоңырау бір қарағанда көзге көрікті көрінгенімен, шын мәнінде сұрқы тым суық. Сондай сәтте адамның адамға деген мейірімі, жылулық атаулы бір кездері қоңырқай күй кешкен қараша үйде қалғандай көрінеді. Бүгінгінің баспанасына бақ байланғандай салтанатты көрінгенімен, жылулықтың төрге оза алмай жүргені төрткіл дүниеге тән құбылыс болып қалды. Қазіргі үйлердің пластик терезесі де адамды сыртта не болып жатқанынан мүлдем бейхабар етеді. Көз алдыңдағы көршіңнің жағдайына тек телефон арқылы тілдесіп не хат алмасып қана қанық бола аласың. Ағайынның қуанышына да, қайғысына да ортақтасатын қазақы болмысымыз жаңарған, дамыған, нарыққа бейімделген заманның ығына жығылып, мүлде басқа болмысқа айналғандай. Осы орайда біз ауылдағы көпті көрген, көненің көзі саналатын ақсақалдарды әңгімеге тартқанды жөн көрдік. Сәті түсіп, Жамбыл ауданына қарасты Шоқай ауылының тұрғыны, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы облыстық филиалы Жамбыл ауданы бөлімінің директоры Сембек Пірімқұловпен тілдестік. Қарияның айтуынша, бұрын жұрт бір-біріне бауырмал, жанашыр болатын. Көрсеткен қол көмегі не мейірім шапағаты үшін ақы алмаған.
– Бұрын қалаға көшкен ағайыннан: «Бір-бірінің үйіне кірмейді, есіктері құлыптаулы болады. Үйіне кіру үшін алдымен есік қоңырауын басасың» дегенді жиі естуші едік. Кейін бұл үрдіс ауылға да жетті. Баяғыда үйлердің есігінде құлып болмайтын, көршілер бір-бірімен емін-еркін араласа беретін. Қайта, бірінің аманатына бірі қиянат жасамай, қарайласып тұратын. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген қағида даланың жазылмаған заңы еді. Адамдар бір-бірінен нанын, айран-сүтін, құртын алып тұрушы еді. Арада риясыз алыс-беріс болатын. Қолында барымен бөлісетін. Қазір нарық заманында бәрін ақшаға сатып аласың. Десе де біздің Шоқай ауылында ағайын арасындағы ауызбіршілігікті жақсарта түсуге күш салып келеміз. Мұнда 118 түтін бар. Ауыл ақсақалдары, үлкендер бас қосып, ақылдасып, ортақ қор құрамыз деп шештік. Бұл қордың жұмысы ізгілікке, жанашырлыққа, мейірімге негізделген. Ауылда табан астында орын алған қандай да бір жағдай, өлім-жітім, той-томалақ немесе біреудің басына іс түсіп, қаржыдан қиналғанында ақсақалдардың ұйғарымымен сол қордан ақша бөлу, жәрдемдесу негізгі мақсаттың бірі,– дейді С.Пірімқұлов.
Бүгінгі таңда қала өміріне қызығатындардың қарасы қалың. Жастардың басым бөлігі қалада тұруды қалайтыны айдан анық. Біз сөз етіп отырған шаһар тіршілігінде де көршілердің қарым-қатынасы сан қилы. Әлеуметтік желілерден, сайттардан, БАҚ-тан пәтері іргелес азаматтар арасында туындаған кикілжіңдер көзге шалынады. Дегенмен қалада да қазақы қалыптан айнымаған ағайын бар. Мәселен, Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданының тұрғыны Гүлнар Тайжанның сөзінше, көршілер барлық мәселеге бейжай қарамай, қуанышын да, қайғысын да бөліседі екен.
– Мен «Ұлы Дала» ықшамауданының тұрғынымын. Біздің тұрғындар, көршілер өте белсенді десем жаңсақ айтқаным емес. Егер қандай да бір мәселе туындаса, бірауыздан бірлесіп шешуге ұмтыламыз. «WhatsApp» мессенджерінде ортақ чатымыз бар. Сонда хат-хабар алмасып та тұрамыз. Қуаныш, той болса, шақырту қағаздарын сол ортақ топтарға салып жатады. Дегенмен аса белсенділік таныта бермейтін азаматтар да жоқ емес. Меніңше, ауылдың тәлімін алған адамдар қалада да қазақы қалыптан айнымайды. Айт күндері, әз-Наурыз сынды түрлі мерекелерде дастарқан жайып, үйлеріне шақырады. Көктемде аулаға тал-дарақтар егіледі. Өз басым қалада ағайынгершілік, көршілер арасында татулық жоқ дегенге сенбеймін. Қалада да қазақылықтың қаймағын бұзбай отырған үйлер бар, – дейді ол.

Ел іші болған соң тұрғындар арасында түрлі жағдайлар да кездесіп жатады. Кейде болмашы түсініспеушіліктің соңы кикілжіңге ұласып кетеді. Мәселен, облыстық полиция департаменті мамандарының айтуынша, көпқабатты үйлердегі көршілер арасындағы тәртіпті арнайы заң реттемейді. Дегенмен «тыныштықты бұзу» фактілері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы бойынша қаралады. Жыл басынан бері облыста бұл бап бойынша жалпы 222 әкімшілік хаттама толтырылыпты. Оның ішінде 117 хаттама Тараз қаласына қатысты болса, қалғаны аудандарда тіркелген.
– Тұрмыстық жанжал тек бір үйде тұратын туысқандар арасындағы жағдайларға қатысты, ал көршілер арасындағы даулар ұсақ бұзақылық немесе сол сияқты іс-әрекет ретінде қаралады, – дейді мамандар.
Сондай-ақ аталмыш мәселе бойынша заңгер пікірін білгенді де жөн көрдік. 20 жылға жуық тәжірибесі бар маман, облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Айгүл Жақсылықова айтуынша, тұрғындар арасындағы келіспеушілік көбіне тыныштықты бұзудан туындайды екен.
– Қалада көпқабатты тұрғын үйлерде кейде пәтер иелерінің бірі музыканың даусын қатты шығарып қоятыны бар немесе пәтер есігін қатты қағатындар, айқай-шу шығаратындар жиі кездеседі. Олар өзге тұрғындардың тыныштығын бұзады. Ал бізде бұған заң бойынша жауапкершілік қарастырылған. Нақтырақ айтар болсам, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің «Тыныштықты бұзу» деп аталатын 437-бабында бәрі де тайға таңба басқандай көрсетілген. Өз басым жұмыс тәртібіне сай айына бір мәрте кезекшілік қызмет атқарамын. Сол уақытта осындай мәселелермен біздің қызметімізге жүгінген азаматтарды кездестіремін. Сонымен бірге көпқабатты үйлерде кездесетін жағдайлардың бірі – жоғарғы қабаттан төменгі қабатқа судың тамшылауы. Осының салдарынан тіпті жанжалдар пайда болуы ықтимал. Бізге азаматтар осы сияқты мәселелермен жиі жүгінеді, біз оларға заң аясында кеңес береміз, – дейді Айгүл Жақсылықова.
Көрші ұғымы үйі жақын адамдарға қатысты айтылады. Дегенмен бұл ұғым жұмыста, түрлі орындар мен мекемелерде де қолданылады. Ал кейбір ғалымдардың пікірінше айналаңдағы қырық үй көрші саналады. Дана халқымызда «Қадіріңді білгің келсе, көршіңнен қарыз сұра» деген мәтел бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Көршісі аш болып, өзі тоқ жатқан адам мүмин емес», – деген екен. Демек, қонысы іргелес жандардың тілеуін тілеп, олармен жақсы мәміледе болу біздің адамдық парызымыз болса керек.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ



