Қазіргі кезде көптеген жастар жоғары оқу орнын тәмамдап, қолдарына диплом алғанымен, өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуге асыға қоймайды. Мұның түрлі себептері бар. Бірі өз мамандығы бойынша жұмыс табудың қиын екенін алға тартса, енді бірі табылған күннің өзінде жалақының мардымсыз екенін айтады. Кейбір мамандықтар бойынша жылдар бойы білім алғанымен, еңбек нарығында оған деген сұраныс аз болуы да мүмкін. Осындай жағдайлар жастарды ойландырып, оларды басқа жол іздеуге итермелейді.
Дегенмен мәселенің түп-тамыры тек жұмыс табуда немесе жалақының аздығында ғана емес. Бұл – уақыттың өзгеруінен туындаған құбылыс. Өйткені қазіргі заман – технология мен ақпараттың заманы. Бұрын тек жоғары оқу орнында үйренуге болатын білім мен дағдылар бүгінде интернет арқылы да қолжетімді. Адам өзін қызықтырған саланы онлайн курстар арқылы меңгеріп, қысқа уақыт ішінде жаңа мамандық иесі бола алады. Сондықтан жастар үшін білім алудың жолдары көбейіп, таңдау мүмкіндігі кеңейді.
Соңғы жылдары цифрлық саланың қарқынды дамуы жаңа мамандықтардың пайда болуына әкелді. Мысалы, SMM маманы, маркетолог, мобилограф, таргетолог, контент-мейкер, PR-менеджер сияқты мамандықтар бүгінде үлкен сұранысқа ие. Бұл мамандықтардың ерекшелігі – олар көбіне шығармашылықты, жаңашыл ойлауды және тәжірибені талап етеді. Ал диплом бұл жерде міндетті шарт бола бермейді. Көптеген жастар арнайы курстардан өтіп немесе өз бетімен үйрену арқылы осы салаларда жұмыс істеп, табыс тауып жүр.
Осы орайда мобилография саласында ақша тауып жүрген Саян Әлиасқармен аз-кем сөйлескен болатынбыз.
– Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын екі жыл бұрын тәмамдаған болатынмын. Студенттік жылдарда мектепте жұмыс істеп, шәкірт тәрбиелеу туралы армандайтынмын. Диплом алғаннан кейін жұмыс іздеу мақсатында enbek.kz платформасы арқылы онлайн өтініш толтырдым. Біраз уақыт өткен соң қаладағы мектептердің бірінен хабар келіп, жұмысқа қабылдандым. Алғашқы күндері жұмыс көңілімнен шықты. Жаңа орта, үлкен ұжым, оқушылармен жұмыс істеу – бәрі де маған ерекше әсер қалдырды. Өз мамандығым бойынша еңбек етіп, тәжірибе жинап, нағыз ұстаз ретінде қалыптасамын деген құлшыныс болды. Сөйтіп жүргенде айлық алатын күн де келіп жетті. Құжат бойынша айлық жалақым 150 мың теңге деп көрсетілген болатын. Алайда қолыма тиген жалақы – небәрі 100 мың теңге. Келісілген жалақының толық төленбегенін басшылыққа айтқанымда, олар алғашқы айларда осылай болатынын, белгілі бір бөлігін зейнетақы қоры мен басқа да ұсталымдар алып қалатынын түсіндірді. Басында жалақыға көп мән бермей, тәжірибе жинау үшін жұмыс істей берейін деп ойладым. Дегенмен уақыт өте келе жұмысқа деген ынтам біртіндеп төмендей бастады. Оның үстіне жасы үлкен мұғалімдердің жас болғандықтан түрлі тапсырмаларды жиі жүктейтіні де әсер етті. Әрине, кез келген жұмыста қиындық болатыны түсінікті. Уақыт өте келе «Егер осылай жалғаса берсе, сүйікті мамандығымнан біртіндеп алшақтап кетпеймін бе?» деген сұрақ жиі ойыма келетін болды. Ақырында ойлана келе жұмыстан шығу туралы шешім қабылдадым. Қазіргі таңда мобилограф болып жұмыс істеймін. Түрлі мерекелік шараларда, той-томалақтарда фото және видео түсірумен айналысамын. Кейде бір күндік түсірілімнің өзі мектепте алған айлық табыспен шамалас болып жатады. Сол себепті кей сәттерде қазіргі кәсібім табыс жағынан тиімдірек пе деп ойлап қаламын. Дегенмен ұстаздық мамандыққа бір бүйрегім бұрып тұрады. Сондықтан болашақта жағдай өзгеріп, мүмкіндік туындап жатса, өз мамандығым бойынша қайтадан еңбек етуге деген ниетім әлі де бар, – деді Саян Әлиасқар.
Дегенмен, бұл жағдайды тек бір жақты түсінуге болмайды. Өмірдің өзі бізге бір ғана жолмен жүруді міндеттемейді. Кейде адамның таңдаған мамандығы оның шынайы қызығушылығына сәйкес келмеуі мүмкін. Ал кейде өмірдің өзі бізді күтпеген бағыттарға алып келеді.
Ал психолог Гүлнұр Рашитқызының айтуынша, жастар белгілі бір күйзелістен де жұмысқа орналаса алмауы мүмкін екен.
– Философиялық тұрғыдан қарасақ, адамның өмір жолы тек дипломмен немесе белгілі бір мамандықпен ғана өлшенбейді. Қоғамда көбіне адамның білімін немесе жетістігін оның алған дипломымен бағалау қалыптасқан. Жұмыссыздық мәселесі туралы сөз болғанда, көбіне жастардың жұмыс істеуге құлқы жоқ деген пікір жиі айтылады. Алайда бұл құбылыстың астарына тереңірек үңілу керек. Кей жағдайда адамның жұмысқа деген ынтасының болмауы жалқаулықтан емес, ішкі күйзелістен туындауы мүмкін. Қазіргі қоғамда психологиялық қысым, болашаққа деген сенімсіздік, өз орнын таба алмау сезімі көптеген жастардың көңіл күйіне әсер етеді. Осындай кезде адамға ештеңе қызық болмай, кез келген іске деген құлшынысы төмендеп кетеді. Сондықтан мұндай жағдайда адам өз армандары мен мақсаттары туралы қайтадан ойланып, жүрек қалауына құлақ асуы керек, – деді Гүлнұр Рашитқызы.
Жалпы қазір жастардың алдында таңдау көп. Бірі өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, кәсіби білікті маман болуды таңдайды. Ал енді бірі жаңа цифрлық салаларды меңгеріп, заман талабына сай мамандықтарды игеруге ұмтылады. Қай жолды таңдаса да, ең бастысы – адамның өз ісін сүйіп істеуі, үнемі дамуға ұмтылуы және қоғамға пайдасын тигізуі. Себебі шынайы жетістік – адамның өз орнын тауып, жасаған еңбегінен мән мен мағына таба білуінде.
Сымбат ҚУАНЫШ



