Бруцеллез ұзақ уақытқа созылатын, уақтылы анықталмаған жағдайда созылмалы түрге ауысып, түрлі асқынуларға әкелетін аурулардың қатарына жатады. Аурудың қоздырғышы – Brucella бактериялары. Адам үшін инфекцияның негізгі көздері – ірі қара мал, қой-ешкі, шошқалар, кей жағдайларда түйе мен иттер. Қоздырғыштар жануар ағзасында ұзақ уақыт сақталып, сыртқы ортаға әртүрлі биологиялық бөлінділер (қан, зәр, төл суы) арқылы таралады.
Бруцеллез қоздырғышы ет пен сүтте, әсіресе олар толыққанды термиялық өңдеуден өтпеген жағдайда ұзақ уақыт тіршілік ете алады. Сондықтан шикі немесе дұрыс өңделмеген жануар өнімдерді тұтыну адам денсаулығы үшін қауіпті.
Жануарларда бруцеллез айқын белгілерсіз өтуі мүмкін. Дегенмен, ауру малда әлсіздік, іш тастау, өлі төл туылу, қысыр қалу сияқты белгілер жиі кездеседі. Ауру қоздырғышы қоршаған ортаға тек төлдеу кезінде ғана емес, сонымен қатар сүт, зәр және қи арқылы жыл бойы бөлініп отырады.
Бұл дерт адамнан адамға жұқпайды. Адамдардың бруцеллезді жұқтыруы көбінесе кәсіби немесе тұрмыстық жағдайларда орын алады. Індет ауру немесе ауруға күдікті жануарларды күтіп-бағу кезінде, малды сою және ұшаны бөлшектеу барысында, жүн қырқу кезінде, жануарлардың биологиялық бөлінділерімен (қан, зәр, төл суы) ластанған заттармен жанасу кезінде жұғуы мүмкін. Сонымен бірге толыққанды термиялық өңдеуден өтпеген етті тұтынғанда немесе қайнатылмаған сүтті, сондай-ақ шикі сүттен дайындалған сүзбе, ірімшік, айран және басқа да өнімдерді пайдалану кезінде жұғуы ықтимал. Бруцеллездің адамдарға жұғу қаупі ауру малдың төлдеу кезеңінде айтарлықтай жоғары.
Қауіп-қатер тобына, әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын адамдар, ветеринариялық мамандар, қасапшылар, сүт өнімдерін дайындайтын тұлғалар және жеке шаруашылық иелері жатады.
Бруцеллез ауруы жіті немесе біртіндеп басталуы мүмкін. Алғашқы кезеңде ауру тұмау немесе басқа да жұқпалы ауруларға ұқсас келеді. Көбінесе науқастардың дене қызуы көтеріліп, қалтырап, қатты терлейді. Адам бойында жалпы әлсіздік, тез шаршағыштық байқалады. Бұлшықеттер мен буындар ауырып, тәбет қашады.
Уақтылы және толық ем қабылдамаған жағдайда, бруцеллез созылмалы түрге ауысып, буындарды, омыртқаны, жүрек-қантамыр және жүйке жүйесін зақымдауы мүмкін. Созылмалы бруцеллез адамды жылдар бойы мазалап, еңбекке қабілеттілігін төмендетеді.
Қазіргі таңда бруцеллез Қазақстан Республикасының бірқатар өңірлерінде, әсіресе оңтүстік аймақтарында өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Оның ішінде Жамбыл облысында аурудың тіркелу жағдайлары жиі кездеседі. Ауру ересектермен қатар балалар арасында да анықталып, кей жағдайларда ауыр түрде өтеді.
Бруцеллездің алдын алу үшін келесі сақтық шараларын қатаң сақтау қажет. Атап айтсақ, жеке шаруашылықтарда жануарларды ұстау кезінде ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтап, малды ветеринариялық мамандарға тұрақты түрде тексертіп отыру керек. Жануарларды күту барысында, әсіресе іш тастау және төлдеу кезінде жеке гигиена ережелерін сақтау, қолғап пен арнайы киім пайдалану маңызды. Сонымен қатар төлдеу кезеңінде ауру немесе күдікті малды оқшаулап, төл қабығы мен шуын белгіленген ветеринарлық тәртіппен жойған дұрыс. Қора-жайларды дезинфекциялап, жануарларды тек ветеринариялық құжаттары болған жағдайда ғана сатып алыңыз. Ет пен сүт өнімдерін белгіленген, тексерілген сауда орындарынан алу, етті мұқият термиялық өңдеуден өткізу, тек қайнатылған сүтті және өнеркәсіптік жолмен өндірілген сүт өнімдерін пайдалану, ауру белгілері байқалған жағдайда медициналық мекемеге дәрігерге қаралу, өздігінен емделмеу қажет.
Бруцеллез – алдын алу шаралары сақталған жағдайда таралуының алдын алуға болатын, бірақ салдары ауыр жұқпалы ауру. Әсіресе, малдың төлдеу кезеңінде сақтық шараларын күшейту, тағам өнімдерін дұрыс өңдеу және медициналық көмекті дер кезінде алу арқылы, бұл дерттен сақтануға болады.
Есіңізде болсын, өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарау – өзіңізді және жақындарыңызды бруцеллезден қорғаудың ең тиімді жолы.
Неили МУЛИКОВА,
облыстық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаменті басшысының орынбасары



