Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бумеранг заңы – адам әрекетінің айнасы

Бумеранг заңы – адам әрекетінің айнасы
Автор
Көп халықта «жақсылық жасасаң – жақсылық көресің, жамандық жасасаң – жамандыққа ұшырайсың» деген түсінік бар. Қазақ халқы да бұл ойды мақал-мәтелдер арқылы жеткізген. Мысалы, «Не ексең, соны орасың» немесе «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген сөздер адамның жасаған іс-әрекеті өзіне қайтып келетінін білдіреді.

Қазір бұл ойды кейде «бумеранг заңы» деп атайды. Яғни бумерангты лақтырсаң, ол қайтадан өзіңе қайтып келеді. Сол сияқты адамның жасаған жақсылығы да, жамандығы да бір күні өзіне қайта оралады.

Бумеранг – лақтырып ататын ағаш құрал. Ол белгілі бір тәсілмен лақтырылған кезде айналып келіп, қайтадан иесіне оралады. Ал философиялық мағынада бумеранг заңы адамның жасаған іс-әрекеттері, сөздері мен ниеттері уақыт өте келе өзіне қайта оралады деген ұғымды білдіреді. Яғни адам өміріндегі көптеген жағдайлар оның өткен әрекеттерімен байланысты болады.

Бумеранг алғаш рет ежелгі өркениеттерде аңшылық пен соғыс құралы ретінде қолданылған. Ол Ежелгі Мысырда, Оңтүстік Үндістанда және Оңтүстік-Шығыс Азияда белгілі болған. Дегенмен ең кең таралған түрі Австралиядағы жергілікті тайпалардың мәдениетінде кездеседі. Австралиялық аборигендер қолданған бумеранг имек пластина тәрізді болып, оның астыңғы жағы тегіс, ал үстіңгі жағы дөңес болып жасалған. Осындай ерекше пішінінің арқасында ол ауада айналып, кері қайтады.

Философиялық тұрғыдан қарағанда, бумеранг заңы – моральдық заң. Ол физикалық заңдар сияқты дәл өлшенбесе де, адамдар арасындағы қарым-қатынаста жиі байқалады.

Мысалы, адам біреуге шын жүректен көмектессе, уақыт өте сол жақсылығы өзіне басқа бір жолмен қайтып келеді. Бұл міндетті түрде сол адамның өзінен келмеуі мүмкін, бірақ қоғамдағы сенім, құрмет және жақсы қарым-қатынас түрінде байқалады. Ал керісінше, біреуге қиянат жасаған адам уақыт өте келе адамдардың сенімінен айырылып, жалғыз қалып немесе беделін жоғалтуы мүмкін.

Бумеранг заңы көбінесе үш жағдайда көрінеді. Олар – адамдар арасындағы қарым-қатынаста, қоғамдағы сенім мен беделде, адамның ішкі рухани күйінде.

Жақсылық жасаған адам көбіне өзін жеңіл әрі тыныш сезінеді, ал жамандық жасаған адамның ішінде кінә сезімі мен мазасыздық қалыптасуы мүмкін.

– Құран Кәрімде «жақсылықтың сыйы – жақсылық» делінген. Сондай-ақ, «қандай жақсылық жасасаң, шаңның тозаңындай жақсылық аласың, қандай жамандық жасасаң оның да күнәсін аласың» деп ескертіледі. Бұл қағида бумеранг заңы сияқты. Адам жасаған әрбір іс-қимет өзіне қайта оралады. Егер жақсылық жасасаң, ол саған жақсылық ретінде қайтады; егер жамандық жасасаң, соның салдары өзіңе оралады. Сондықтан адам баласы адалдық пен иманды, ары мен әділдікті әрдайым жоғары ұстауы керек. Істерің таза, ниеттерің таза болса, өмірде де соған сай нәтижелерді көресің, – дейді Тараз қалалық мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев.

Бумеранг заңына ұқсас түсінік шығыс философиясында карма деп аталады. Карма – индуизм мен буддизмдегі маңызды ұғымдардың бірі. Бұл ілім бойынша адамның жасаған әрбір ісі, сөзі және ойы оның тағдырына әсер етеді. Егер адам осы өмірде жаман әрекеттер жасаса, оның салдары келесі өмірде көрінуі мүмкін деп есептеледі.

Карма идеясы адамның жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Яғни адам өз тағдырына өзі ықпал етеді деген түсінік қалыптастырады. Сондықтан шығыс мәдениетінде адамдардың моральдық мінез-құлқына ерекше мән беріледі.

Дегенмен өмірде кейде бумеранг заңы жұмыс істемейтіндей көрінеді. Кейбір адамдар жамандық жасап жүрсе де, байлыққа немесе билікке ие болады. Ал кейбір адал әрі мейірімді адамдар қиындықтарға тап болады.

Бұл құбылысты бірнеше тұрғыдан түсіндіруге болады. Біріншіден, бумерангтың қайтуы әрқашан бірден байқалмайды. Кейде оның салдары бірнеше жылдан кейін ғана көрінуі мүмкін. Екіншіден, салдар әрқашан дәл сол әрекет жасалған жерден қайтпауы мүмкін. Яғни жамандық жасаған адам жазасын басқа жағдайда немесе басқа адамдар арқылы сезінуі ықтимал.

Психология тұрғысынан алғанда, адамның ойлау жүйесі мен мінез-құлқы оның өміріндегі оқиғаларды белгілі бір бағытқа алып келеді. Мысалы, мейірімді және позитивті адам көбіне сондай адамдармен араласады. Ал үнемі реніш пен ашуға толы адам айналасына да сол сияқты адамдарды жинауы мүмкін. Нәтижесінде адамның ортасы мен өмірлік тәжірибесі оның өз мінезіне сәйкес қалыптасады.

Қазақ халқы бұл заңды ғылыми терминдерсіз-ақ түсінген. Халық даналығында «жақсылықтың қайыры бар», «жамандық түбі – жаза» деген ұғымдар кең таралған.

– Психологиялық тұрғыдан алып қарасақ өмір – үнсіз ұстаз. Ол ешқашан айқайлап үйретпейді, бірақ әр әрекетімізді өзімізге қайта көрсетіп отырады. Бұл бумерангтың өмірдегі көрінісі деп білемін. Адамның ойы – дән болса, сөзі – су болса, ал әрекеті – топырақ. Қандай дән ексең, уақыт өте келе сол өнімді жинайды адам баласы. Біреуге айтылған ауыр сөз жүректе із қалдырады. Біреуге жасалған жақсылық та жүректе жылу болып сақталады. Уақыт өте сол жылу да, сол салқындық та айналып келіп өз өміріңнің бір кезеңдерінде көрініп жатады. Психологияда бұл – адамның энергиясы мен қарым-қатынасының айналымы. Жылы жүрек – жылы жауап тудырады. Суық көзқарас – алыстау мен салқындықты шақырады. Сондықтан өмір бізге әрдайым бір ғана сұрақ қояды:Сен әлемге не жіберіп жатырсың? Өйткені өмірге жіберген әр ой, әр сөз, әр әрекет бір күні міндетті түрде бумеранг болып өзіңе қайтады. Соны адам баласы түсінсе екен деймін, – дейді психолог Мира Аманжолқызы.

Бала тәрбиесінде де осы қағида жиі айтылған. Ата-аналар балаларға «өзгенің ала жібін аттама», «ешкімге жамандық жасама» деп үйреткен. Бұл сөздердің астарында адам әрекетінің салдары болатынын ескерту жатыр.

Бумеранг заңы адамды өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Егер адам бақытты өмір сүргісі келсе, алдымен өз ойы мен әрекетін түзетуі қажет. Мысалы – адамдарға құрметпен қарау, ренішті ұзақ сақтамау, қиын жағдайдан сабақ алу, жақсы орта қалыптастыру.

Өмірде кездесетін әрбір қиындықты тек жаза ретінде емес, тәжірибе ретінде қабылдауға болады. Өйткені әрбір жағдай адамды жаңа ойларға, жаңа шешімдерге жетелейді.

Бумеранг заңы – адамның өмірдегі әрекеттері мен олардың салдары арасындағы байланысты түсіндіретін ұғым. Ол нақты ғылыми формуламен дәлелденбесе де, адамзат тәжірибесінде кеңінен байқалады.

Қай мәдениетте болмасын, негізгі ой бір – кім болмасын жасаған ісіне жауап береді. Сондықтан қоғамда жақсылықтың көбейіп, әділдік орнауы әр адамның өз әрекетінен басталады.

Демек, айналамызға қандай ой мен әрекет таратсақ, өмір бізге соның жаңғырығын қайтарады.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар