Мұны сөз етіп отырған себебім, біздің қоғам да сондай болуы керек. Бір мәрте қандай да бір оқыс оқиғадан немесе төтенше жағдай салдарынан сабақ алды ма, екінші мәрте ондай жағдай орын алмауы тиіс. Егер бұл мәселе тағы қайталанар болса, онда біздің қорғаныс жүйеміз лайықты жұмыс істеп жатқан жоқ деген сөз. Мысалы, көктем келіп күн көзі жылт етсе, таудағы қар еріп, сай-саланы қуалай аққан су жылғаларға жан бітіріп, ақыр соңында етектегі елдің берекесін қашыратыны бар. Тіпті жауын-шашын мол түсіп, жаңбыр толассыз жаууы салдарынан төбелердің теріскей бетіндегі қар бірден ерігенде, көлбеусудың өзі кей елді мекендерді шайып кететіні жылда қайталанатын көрініс. Ал одан түбегейлі құтылу үшін тау-тастан аққан су қауіпті аймақта орналасқан әр ауылдың маңындағы қауіпсіздік үшін қазылған арық-атыздарға жолай құйылып, ары қарай өзенге барып қосылуы тиіс. Сонда ғана мұндай жерде отырған елді мекен тұрғындарының көңілі жай табады.
Қорғаныс дегеннен шығады, бір жолы Төрехан Сембекұлы есімді танысым әлеуметтік желіден шетелдік балабақшада бүлдіршіндерді өрт шыққан жерден қалай құтқаруға болатынын үйретіп жатқан бейнежазбаны көргенін, әлгі бейнежазба өзіне қалай әсер еткенін айызы қана әңгімеледі. Ол өз сөзінде: «Біздің көріп жүргеніміз түк емес екен. Мысалы, көктемгі су тасқынына дайындық секілді облыстық төтенше жағдайлар департаменті арнайы ұйымдастырған оқу-жаттығу жиындарында әртүрлі техника мен құралдарды бір жерге тізіп қойып, жауапты басшылар баяндама жасап, сосын тарап кетеді ғой. Әлде біз оқу-жаттығудың тек сол жерін ғана көріп жүрміз бе? Осы саладағы мамандардың тәжірибелік машық қалыптастыру үшін не істеп жатқаны бізге белгісіз. Бізде неге шетелдегідей халықтың қатысуымен, адамдарды шынайы құтқару, оқыс оқиғадан қорғау, эвакуациялау секілді толық жаттығулар ұйымдастырылмайды? Неліктен жыл сайын кейбір ауылдарды су басады? Бәріне сақадай сай тұрсақ, бұған жол берілмес еді ғой. Әлде бізде жердің үстіндегі, яғни тасқын су, қашқын су, көлбеу су дегендерді басқару ісі кемшін бе?

Біздің өңірде балабақша мен мектеп, колледждерде өрт немесе жер сілкінісі кезінде балаларды қорғау, оларды апаттан сақтандыру ісі қалай жүзеге асырылады екен? Оларға оқиға шынайы өтіп жатқандай әсер ете ме әлде ұйымдастырушыларға жоспарлы іс-шара орындалса болды ма? Егер расында осындай іс-шаралар өткізіліп жатса, ол қаншалықты жиі жасалады, оны неге біз әлеуметтік желілерден көрмейміз?» – деді ол.
Білуімізше, біздің өңірде де төтенше жағдайға қарсы қызмет қарап отырған жоқ. Қал-қадірінше түрлі іс-шаралар өткізіп, қауіпке тойтарыс беруге әрдайым дайындықта жүреді. Бірақ олардың өткізген іс-шараларынан қарапайым халықтың кейбірі бейхабар болуы мүмкін. Сондықтан да біз облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Нұрболат Өмірзақовқа хабарласып, салада атқарылып жатқан жұмыстардан халық неліктен бейхабар екенін және қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрадық.
Нұрболат Өмірзақовтың айтуынша, мысалы көктемгі су тасқынына қарсы оқу-жаттығу ұйымдастырылғанда алдымен Тараз қаласының орталық алаңы секілді арнайы таңдалған орында іс-шараның басы басталып, содан кейін қатысушылар оқиға сценарий бойынша өтетін жерге аттандырылады екен. Қалған тәжірибелік іс-шара сол жақта өтеді. Осындай оқу-жаттығулар шетелдік тәжірибеден кем емес, барлық іс-әрекет тәжірибелік тұрғыда өткізіледі. Балабақшаларда да өрт қауіпсіздігі және жер сілкінісі кезінде не атқарылуы керектігі жөнінде тәрбиешілердің өз жоспарлары бар. Бұл іс-шара облыстық төтенше жағдайлар департаментінің білім беру мекемелерімен бірлескен оқу-жаттығуы ретінде ұйымдастырылады. Сонымен қатар жаңадан ғимарат бой көтерсе, онда да оқу-жаттығу өткізілетін көрінеді. Бұл төтенше жағдайлар қызметі мамандарының ғимараттың қай жерінде не бар екенін білуіне бағытталған. Осындай іс-шаралар жайлы барлық ақпарат аталған департаменттің «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасында үздіксіз жарияланып тұрады. Сондай-ақ елді елең еткізер салаға қатысты қандай да бір оқиға орын алса, әлеуметтік желіде жазба шығып, халықтың сұрақтарына да дер кезінде жауап беріледі екен.
– Жыл сайын әр мезгілге байланысты қауіптің алдын алу бойынша арнайы іс-шаралар өткізіледі. Көктемде «Көктем – 2026», қыста «Қыс-2026», жазда «Өрт қауіпті кезеңінің алдын алу жұмыстары», күзде «Жылыту маусымында пеш және өзге де жылыту құралдарын қауіпсіз пайдалану» іс-шарасы көрініс табады. Қыс мезгілінде Қордай мен Күйік асуларында жолда қалған жолаушылар мен автокөліктерді құтқару сияқты тағы да басқа шаралар ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар республика, облыс, аудан деңгейінде жүзеге асырылады. Оған төтенше жағдайлар департаменті, өрт сөндіру бөлімдері, жергілікті атқару органдары және өзге де мекемелер қатысады. Мысалы, Ұлттық ұлан сарбаздары, құқық қорғау, денсаулық сақтау, газ жүйесі, жолаушылар тасымалдау салаларының өкілдері, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының филиалының, «Жамбыл жарық сауда» ЖШС-ның, орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мамандары тартылады. Барлығы бірге облыс және аудан көлемінде су тасқынының алдын алу әрекеттерін пысықтайды. Сонымен қатар су тасқыны туындаған жағдайда атқарылуы тиіс шаралар тәжірибелік тұрғыдан тексеріледі. Сіздер сөз етіп отырған белгілі бір алаңда мекемелер мен қызметтердің жеке құрамы мен техникаларының сап түзеуінің өзіндік мәні бар. Осы арқылы жеке құрам мен тиісті техникалардың жарамдылығы, сондай-ақ тиісті құралдар мен жабдықтардың жеткіліктілігі тексеріледі. Атқаратын міндеттері тағы бір еске салынады. Одан әрі техникалар белгіленген орындарға дабыл бойынша шығып, су басу, тасқын су және өзге де төтенше жағдайларды жою әрекеттері тәжірибелік тұрғыдан пысықталады. Яғни, ары қарай оқу-жаттығу өтеді. Мысалға, Тараз қаласын айтсақ, Талас өзені арнасынан тасыған жағдайда жақын маңдағы тұрғындар арнайы автобустармен жедел көшіру арқылы қауіпсіз жерге жеткізіледі. Иесіз қалған үйлер Ұлттық ұлан мен полиция қызметі арқылы күзетіледі. Суға кеткен адамдар іздестіріліп, су ортасында қалып қойған көліктер мен жан-жануарлар құтқарылып, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіледі. Сонымен қатар басқа орынға көшірілген адамдар мектептердің спорт залдарына, арнайы дайындалған палаткаларға немесе қонақүйлерге орналастырылады. Республика көлемінде адамдар көп шоғырланатын және өзге де маңызды нысандарда жылу беру мекемесі, халыққа қызмет көрсету орталығы, оқу орындары мен мектептер, балабақшалар, мейрамханалар мен балалар ойын залдарында, жаңадан бой көтерген ғимараттарда міндетті түрде арнайы өрт-тактикалық оқу-жаттығулар мен сабақтар өткізіледі. Ол бойынша ақпараттар дер кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялануда. Аталған оқу-жаттығулар кезінде өрт сөндірушілер келіп жеткенше төтенше жағдай орын алған мекеме қызметкерлерінің өздері атқаратын әрекеттері бар. Мысалы, олар 101, 112 телефонына қоңырау шалып, өрт сөндіргішпен өртті сөндіруге әрекет етуі тиіс. Адамдарды қауіпсіз жерге шығару және құтқарушылар келіп жеткенде ғимарат ішінде адам қалған, қалмағандығын баяндауы қажет. Сонымен қатар қызметкерлердің тізімін беру секілді басқа да істер атқарылады. Қауіптің алдын алу барысында азаматтық қорғау қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, «Өрт қауіпсіздігі», «Тұрмыстағы өртке жол бермеу», «Уытты газ бен түтіннен улану фактілерін болдырмау», «Газдан абай бол!» деген тақырыптарда арнайы дайындалған жаднамалар мен брошюралар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мұндай жұмыс аталған тақырып бойынша балабақшаларда да ұйымдастырылып, ашық сабақтар өткізіледі. Кейде мектеп тарапынан ұйымдастырылған экскурсия барысында да түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Полиция қызметімен бірлескен жоспарға сәйкес, тоқсан сайын қаланың, ауылдың көлік кептелісі туындауы ықтимал көшелерінде өрт сөндіру автокөлігінің кедергісіз жүруін қамтамасыз ету үшін «Жол бер!», «Маячок» тақырыптарында рейдтік шаралар ұйымдастырылады. Іс-шара барысында арнайы көліктерге жол бермеген көлік жүргізушілеріне айыппұлдар салынады және ол ақпараттар БАҚ-та жарияланады, – деді ол.

Нұрболат Өмірзақов адам өмірі мен құнды мүліктерді қорғау құтқарушылар үшін басты міндет екенін айтады. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті әрдайым «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыс бойынша филиалымен ауа райы болжамы бойынша бірлесе әрекет етіп, төтенше жағдайларды халыққа ескерту мақсатында ұялы телефондарға арнайы хабарлама жолдайды. БАҚ-та төтенше жағдайдың алдын алу бойынша ақпараттар таратады.
– Кейбір жылдары жауын мен қар суы мөлшерден тыс мол түсетіні белгілі. Кейде күн күрт жылынып, таудағы қар тез ериді. Соның салдарынан еріген қар мен жаңбыр суы облыс аумағындағы су арналары мен арықтарға толып, кей жағдайда тұрғын үйлерге жайылуы мүмкін. Осындай қауіптің алдын алу мақсатында «Қазселденқорғау» мекемесі, жергілікті әкімдік және төтенше жағдайлар департаменті мен бөлімшелері бірлесіп тиісті жұмыстарды жүргізеді. Алдын ала тікұшақпен таулардағы қар көлемі өлшенеді. Тау басындағы бұлақтар мен одан ағатын судың мөлшері жыл сайынғы қалыпты деңгейден аспауы қадағаланады. Арықтар мен су арналарының қоқыстан тазалығы тексеріледі. Жүргізілген жұмыстар бойынша тиісті тапсырмалар мен ұсыныстар жергілікті атқарушы орган арқылы жауапты мекемелерге жолданады. Мәселенің орындалуы тұрақты бақылауда ұсталады. Тұрғындарға да үй маңындағы арықтарды уақтылы тазарту қажеттігі ескертіледі. Көктем мезгілінде жерасты суы көтеріліп, су жайылған жағдайда құтқарушылар шұғыл әрекет етеді. Арнайы техника мен мотопомпалардың көмегімен су басқан үйлердің суы сорылып, қауіпсіз жерге шығарылады. Осы тектес іс-шараларды жүргізу күн тәртібінен түскен емес. Мекемелер мен оқу орындарында, мектептер мен балабақшаларда оқу-жаттығу тұрақты түрде жыл сайын өтуде. Аталған іс-шараларға балалардың өздері тікелей қатысады. Ал балабақшаларда жағдай неғұрлым бала тілімен түсіндіріліп, ойын-сабақ түрінде де өтеді. Қазақстан Республикасының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес, яғни Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі бекіткен нормалар бойынша балаларды ғимараттан толық эвакуациялаудың өз уақыты бар. Мәселен, балабақшалар мен мектептерде әдетте бүлдіршіндер мен балаларды 3-5 минут ішінде ғимараттан шығару талап етіледі. Ал бастапқы әрекет саналатын сапқа тұрғызу, бағыттау 1-2 минуттан аспауы керек. Нақты уақыт ғимараттың қабатына, бала санына және эвакуациялық шығу жолдарына байланысты анықталады. Жер сілкінісі қаупінің алдын алу үшін тәрбиешілер мен қызметкерлер арнайы тренингтер мен ашық сабақтар, «Ашық есік» күндері мен экскурсиялар ұйымдастырады. Жыл сайын облыстық білім басқармасымен бірлескен алдын алу жоспарлары бекітіліп, білім беру мекемелері мен балабақшаларда жер сілкінісі кезінде атқарылуы тиіс шаралар тәжірибелік тұрғыдан пысықталады. Осы бағыттағы жұмыстар жөнінде аталған мекемелердің ресми сайттарында, әлеуметтік желідегі мекеменің «Instagram» парақшаларында және бұқаралық ақпарат құралдарында фото, бейнематериалдармен ақпарат тұрақты түрде жарияланып отырады. Жер сілкінісі болған жағдайда ғимарат ішіндегі адамдар қауіпсіз орынға жылдам баруы тиіс. Неғұрлым берік саналатын есік немесе терезе жақтауына жақын тұрған дұрыс. Мысалы, ағашы неғұрлым қалың стол астына кіріп, төбесіне қатты заттың құлауынан уақытша сақтану маңызды. Егер адамдар көлікте болса оны жолдың шетіне тоқтатуы қажет. Ал бір сәтке жер сілкінісі басылған шақта жедел түрде ашық аспан астына, көшеге шығу, ғимараттардан неғұрлым алыста тұру қажет. Осы және өзге де тиісті атқарылуы тиіс шаралар бойынша Төтенше жағдай министрлігі парақшаларында, БАҚ-та тұрақты жариялануда. Балаларға төтенше жағдай кезінде өзін-өзі ұстау мәдениетін үйрету, үрейге бой алдырмау, сабыр сақтау, тәртіпке бағыну сияқты амалдар тәжірибелік тұрғыдан өткізілген ашық сабақ, ойын сабақ барысында барынша түсіндіріледі, – деді Н.Өмірзақов.

Барлық мекемелерде төтенше жағдайға жауапты мамандар бекітілген екен. Олар жыл сайын төтенше жағдайлар департаменті аумағында арнайы апталық, айлық сабақтарға қатысып тұрады. Сондай-ақ осы жауапты қызметкерлермен бірлесіп, аталған мекемелер мен қызметтер арасында да оқу-жаттығу тәжірибелік тұрғыдан тұрақты өткізілетін көрінеді.
– Бұл жөнінде мәлімет бүкіл әлеуметтік желілерде жариялануда. Тіпті «WhatsApp» мессенджерінде облыстың баспасөзге жауапты мамандары, телеарна, газет тілшілері, ақпараттық агенттік өкілдері қосылған ортақ чаттар бар. Сол арқылы көлемді іс-шаралар алдын ала ресми хабарланып, аталған іс-шараға қай БАҚ-тан кім баратындығы пысықталып сұралады. Тіпті журналисті оқу-жаттығу аумағы шалғай болса жеткізу шаралары ұйымдастырылады. ТЖМ, ТЖ департаментінің сайттары мен «Instagram», «Telegram» және тағы да басқа әлеуметтік желілерде жарияланған ақпараттардың сілтемесі барлық БАҚ-қа тұрақты жолданады. Тілшілерді ақпараттандыру жұмыстары осындай жолдар арқылы жүргізілуде. Бір айта кетер жайт, көлемді іс-шара өткені бойынша төтенше жағдайлар департаментінің ресми ақпарат көздерінде жарияланған іс-шараның сілтемесін жолдағанның өзінде оны ақтарып қарауға кейбір кезде тілшілер қауымының уақыты болмайтын сияқты. Мүмкін құлықсыздық танытатын шығар, ол жағы бізге белгісіз. Үнемі жарияланған ақпараттарды әр тілшіге сұрауы бойынша ТЖД қызметкерлері жеке жолдайтын сәттер де жиі кездеседі. Дегенмен құтқарушылар ескертуді өздерінің міндеті санайды. Себебі өртті сөндіргеннен ескерткен оңай екені әмбеге аян. Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы да, қарапайым қызметкерлері де әрқашан, кез-келген уақытта халық пен билік арасындағы алтын көпір есебіндегі журналистермен кездесіп, халықтың қызығушылығын тудырған сауалдарына жауап беруге ынталы, – деді Нұрболат Өмірзақов.

Байқағанымыздай, департаменттің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларын кейбір журналистердің қарамайтыны, үнемі мамандардан ақпарат сұрап отыратыны уәж ретінде айтылды. Мәселенің екінші жағы да бар екенін ұмытпауымыз керек. Мекемелердің ресми парақшаларын ақтарып, үнемі ондағы мәліметтерді көшіру арқылы мақала дайындау кейбір журналистердің табиғи болмысы мен кәсіби талапқа қайшы. Сондықтан журналистер маманмен тікелей сөйлесуді, жағдайдың мәнісін олардың өз аузынан естуді, ақпаратты солардың өз қолынан алуды құп көреді. Себебі ресми жазба журналист қажет еткен сұрақтарды нақты қамти алмауы мүмкін және кейін тиісті тараптан «Бізге неге бір ауыз хабарласпадың?» деген реніш туындамайды.
Ал аталған сала бойынша өңірдегі жұмыс барысына келсек, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қыруар жұмыс атқаруда. Бірақ сол жұмысты көрсете білу де өнер. Біздің ойымызша, жарияланған мәлімет ақпараттық алаңда жоғалып кетпей, әлеуметтік желі қолданушылардың алдынан қайта-қайта шыға беруі керек. Өйткені кейбір адам көзбен көрмей ештеңеге сенбейді. Осы арқылы кез келген тұрғын қандай жағдай болмасын қауіпсіз жерде күн кешіп жатқанына көңілі толып, алаңсыз күн кешеді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ



