Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Басты бағдар – тәрбие мен білімнің үйлесімі»

«Басты бағдар – тәрбие мен білімнің үйлесімі»
Автор
Қазіргі қоғам жас ұрпақтан тек білімді меңгеруді ғана емес, оны өмірде тиімді қолдана білуді, жаңаша ойлап, заман талабына бейім болуды талап етеді. Сондықтан оқушылардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту – білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты терең білім мен саналы тәрбиені ұштастырып, шәкірттердің ғылымға қызығушылығын арттырып, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Жақында лицей-интернат директоры Еркін Тұрлыбековпен оқу орнының даму бағыты мен алдағы жоспарлары туралы әңгімелескен едік.

– Еркін Балғабайұлы, әңгімеміздің әлқиссасын білім ордасының тарихынан бастасақ. Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты қашан құрылды?

– Лицей-интернат 1993 жылы ашылған. Қазақстандағы дарынды оқушыларға бағытталған білім беру жүйесі шеңберінде құрылған алғашқы оқу орындарының бірі. «Білім-инновация» лицейлерін ашу Қазақстандағы жоғары деңгейдегі дарынды балаларды анықтау және оларды ғылым, математика, технологиялар саласында тереңдетіп оқыту арқылы академиялық нәтижелерге қол жеткізу, аналитикалық ойлау қабілеті жоғары жастарды қолдау қажеттілігінен туындады. Бұл бағыт Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін білім сапасын көтеру және халықаралық стандарттарға сай зияткерлік әлеуетті дамыту үшін қолға алынды. Мұндағы негізгі мақсат – елдің білім жүйесін жаңғырта отырып, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандар даярлау. Осыған байланысты облыс әкімдігі білім басқармасының қолдауымен Тараз қаласынан да лицей-интернат ашылып, базасында дарынды оқушыларға арналған жалпы білім беру деңгейін көтеру және халықаралық бәсекеге қабілеттілікті дамыту ортасы құрылды. Осылайша бұл лицей-интернат ашылғаннан бері дарынды жасөспірімдерді қолдау, оларды ғылыми және зияткерлік, бәсекеге қабілеттілік тұрғыдан дамыту, сапалы білім, саналы тәрбие беру бағытында жұмысын жалғастыруда.

– Құрылған сәттен бері лицей қандай даму жолынан өтті? Осы жылдар ішінде сіздердің лицейлеріңіз қандай биік белестерді бағындырды? Лицейдің «брендіне» айналған басты жетістіктеріңіз ретінде нені атар едіңіз?

– Лицей-интернат құрылған жылдан бері үздіксіз ізденіс пен даму жолында келеді. Алғашқы жылдары басты міндет – дарынды ер балаларды іріктеп, оларға жаратылыстану-математикалық бағытта тереңдетілген білім беру жүйесін қалыптастыру болды. Сол кезеңде лицейдің академиялық негізі қаланып, мықты педагогикалық ұжым жасақталды. Олимпиадалық дайындық жүйесі жолға қойылып, алғашқы республикалық, халықаралық жетістіктеріміз көріне бастады. Кейінгі жылдары дамуымыз жүйелі сипат алды. Оқушыларымыз республикалық, халықаралық, дүниежүзілік пән олимпиадаларында тұрақты түрде жүлделі орындар иеленіп қана қоймай, халықаралық білім бәйгелерінде де ел намысын қорғады. Ғылыми жобалар байқауларында оң нәтиже көрсетіп, зерттеушілік мәдениет қалыптасуда. Түлектеріміздің отандық және шетелдік беделді жоғары оқу орындарына грантпен түсу көрсеткіші артты. Бұл – лицейдегі сапалы білім мен мақсатты еңбектің нәтижесі.

Соңғы кезеңде білім мазмұны заман талабына сай жаңартылып, IT, робототехника, инженерлік ойлау, ғылыми зерттеу дағдыларын дамытуға басымдық берілді. Сонымен қатар біз үшін тәрбие жұмысы – негізгі бағыттардың бірі. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында академиялық адалдық, жауапкершілік, еңбекқорлық, отансүйгіштік сияқты құндылықтар білім үдерісімен қатар жүруде.

Осы жылдар ішінде бағындырған биік белестеріміздің қатарында халықаралық және республикалық олимпиадалардағы жеңістер, ғылыми жобалардағы табыстар, жоғары білім сапасы көрсеткіштері бар. Атап айтар болсақ, оқушыларымыз жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың нәтижесінде 15 жыл қатарынан «Үздік олимпиадалық мектеп» атағын иеленді.

Осы орайда лицейімізді «брендке» айналдырған басты жетістігіміз – мықты олимпиадалық жүйе қалыптастыруымыз және білім мен тәрбиені ұштастыра білген біртұтас лицей мәдениеті. Біздің ең үлкен мақтанышымыз – әр жылдары түлеп ұшқан, бүгінгі таңда ел дамуына үлес қосып жүрген білімді, парасатты, бәсекеге қабілетті азаматтарымыз.

– Білім шаңырағының мақтанышына айналған шәкірттері туралы айтып берсеңіз? Олармен байланыс үзілмей ме?

– «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген халық даналығының мәнін біз түлектеріміздің жетістіктерінен айқын көреміз. Лицейден алған сапалы білім мен дұрыс бағыт-бағдар олардың үлкен өмірдегі табысты жетістіктеріне жол ашты. Алғашқы түлектердің қатарында Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев та бар.

Сонымен қатар әлемнің жетекші компанияларында еңбек етіп жүрген түлектеріміз аз емес. Атап айтсақ, ақпараттық технологиялар саласын таңдаған шәкірттеріміздің бірқатары «Google», «Microsoft», «Amazon» сынды халықаралық корпорацияларда жұмыс істейді. Олар бағдарламалау, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік бағыттарында өз білімдерін дәлелдеп, бәсекеге қабілетті маман ретінде танылып отыр.

Қазақстанның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген түлектеріміз де жетерлік. Кейбірі «Astana Hub» алаңында стартап жобаларын жүзеге асырып жүрсе, енді бірі ұлттық компанияларда, қаржы секторында, ірі инфрақұрылымдық және цифрлық жобаларда қызмет атқаруда. Жақында ғана Ұлыбритания астанасы Лондонда өткен «BETT UK» халықаралық көрмесіне түлектеріміз қатысып, өздері әзірлеген «WeGlobal» жасанды интеллект платформасын таныстырды. Сөйтіп, жас ғалымдарымыз білім беру технологиялары саласындағы әлемдік қауымдастыққа өздерінің инновациялық шешімдерін ұсынып қайтты. «WeGlobal AI» бағдарламасы тек сабақ үйретіп қана қоймай, оқушының көңіл күйі мен психологиялық жағдайына да көңіл бөледі. Қосымша білім беру мен адамға рухани қолдау көрсетудің мүлдем жаңа, заманауи жолын қалыптастырып жатыр. Сондай-ақ ғылым жолын таңдаған жас түлектеріміз шетелдік және отандық жоғары оқу орындарында зерттеу жұмыстарымен айналысып жүр. Ең бастысы, біз олармен байланысымызды үзген емеспіз. Лицейде «Trust in community» түлектер қауымдастығы ашылған.

Түлектеріміз де жиі келіп, оқушылармен кездесулер өткізеді, тәжірибесімен бөліседі, кәсіби бағдар береді. Кейбірі тәлімгерлік жасап, дарынды оқушыларға қолдау көрсетеді. Осындай сабақтастық – білім ордасының рухани тұтастығын сақтайтын маңызды дәстүр.

Түлектеріміздің толағай табыстары – мерейімізді өсіретін ортақ мақтанышымыз ғана емес, бүгінгі жас өркеннің бойына қанат бітіріп, биіктерге жетелейтін сарқылмас жігер көзі.

– Оқу ордасының білім беру бағдарламалары өзге мектептерден несімен ерекшеленеді?

– Лицейдің басты ерекшелігі – жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндердің ағылшын тілінде оқытылуы. Физика, химия, биология, информатика, математика сияқты негізгі пәндерді ағылшын тілінде меңгеру оқушыларға халықаралық білім кеңістігіне еркін шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады, бұл түлектеріміздің шетелдік жоғары оқу орындарына түсуіне және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына жол ашады.

Лицейге қабылдау 7-сыныптан конкурс негізінде жүргізіледі. Яғни біз ынталы, қабілетті оқушыларды іріктеп алып, 11-сыныпқа дейін жүйелі әрі сапалы білім береміз. Мұндай тәсіл білім беру ісіндегі сабақтастықты сақтай отырып, әр оқушының ішкі қабілеті мен академиялық мүмкіндігін толыққанды ашуға жол ашады.

Вариативті компонент аясында оқушылардың бейімі мен қызығушылығына қарай заманауи, сұранысқа ие факультативтік сабақтар ұсынылады. Атап айтқанда, робототехника, бағдарламалау, олимпиадалық дайындық, зерттеу дағдыларын дамыту, «IELTS, AP» сияқты халықаралық емтихандарға дайындау бағыттары қамтылады және түрік тілі оқытылады, бұл – көптілді білім берудің тағы бір артықшылығы.

Лицей-интернат бағдарламасының тағы бір ерекшелігі – академиялық біліммен қатар, тәрбие жұмысының жүйелілігі. Оқушылардың зияткерлік дамуына ғана емес, рухани-адамгершілік құндылықтарына, көшбасшылық қасиеттеріне, жауапкершілік пен еңбекқорлық дағдыларына ерекше көңіл бөлінеді.

Сондай-ақ лицейде олимпиадалық қозғалыс жақсы жолға қойылған, ғылыми жобаларға, түрлі республикалық және халықаралық байқауларға қатысуға кең мүмкіндік беріледі. Пәндік тереңдік, көптілділік, заманауи дағдыларды дамыту және тәрбие мен білімнің үйлесімі – біздің оқу ордамызды өзге мектептерден даралайтын негізгі факторлар.

– Лицейдің материалдық-техникалық базасы заман талабына қаншалықты сай? Оқушылардың ғылыми жобалармен айналысуына қандай жағдай жасалған?

– Бүгінгі білім беру процесі тек теориямен шектелмей, практикалық ізденісті талап етеді. Лицейіміздің материалдық-техникалық базасы қазіргі таңда қолданыстағы заңнамалар мен нормативтік талаптарға сәйкес келеді. Дегенмен шынайы жағдайға тура қарасақ, ғимараттың ескілігі біздің кең құлаш жаюымызға біршама кедергі келтіріп отырғанын жасыра алмаймыз. Сапалы білім беру мен инновацияларды енгізу үшін лицей ғимараттары күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл мәселе шешілген жағдайда робототехника және «STEАM» кабинеттерін заманауи үлгіде түбегейлі жаңартуға, оларды соңғы үлгідегі технологияларымен жабдықтауға жол ашылар еді. Оқушыларымыздың ғылыми жобалармен айналысуына, өздерінің стартап идеяларын жүзеге асыруына қазір де барынша жағдай жасап, қолдау көрсетіп келеміз. Бірақ технологиялық базамызды заман талабына сай жаңа деңгейге көтерсек, балалардың ғылыми әлеуеті бұдан да ашыла түсетініне сенімдімін.

Біз үшін ең басты басымдық – оқушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігі. Сондықтан лицейде жайлы әрі сенімді орта қалыптастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалған.

– Жатақханадағы жағдай, тәрбиешілердің жұмысы және оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу мәселесі қалай ұйымдастырылған?

– Ата-ана үшін баласының қарны тоқ, ұйқысының тыныш және қауіпсіз ортада болғаны өте маңызды. Лицей интернаттық мекеме болғандықтан интернаттағы жағдайды біз басты назарда ұстаймыз. Оқушылар күніне 5 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Мәзір балалардың өсуіне қажетті дәрумендер мен минералдарды ескере отырып, арнайы бекітілген. Тағамның сапасы мен асхананың тазалығы күнделікті қатаң бақылауда болады. Жатақханадағы жатын бөлмелер қажетті жиһаздармен жабдықталған, тазалық пен тәртіп – біздің басты талабымыз. Осы орайда айта кетейін, сыныптар арасында тәрбиешілер тарапынан бөлме тазалығына байланысты жарыстар ұйымдастырылады. Тәрбиешілеріміз оқушының сырлас досына, ақылшысына айналып, олардың тұлғалық қалыптасуын, мінез-құлқы мен ішкі жандүниесінің тебіренісін жіті бақылап, дұрыс арнаға бағыттайды. Біздегі «Аға-іні» (Mentorship) жүйесі арқылы жоғары сынып оқушылары өзінен кішілерге көмектесіп, лицей ішіндегі бауырмалдықты нығайтады.

Балалардың сабақтан тыс уақыты да алдын ала жоспарланады. Футбол, баскетбол, волейбол және үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ бойынша турнирлер, ата-аналардың тәрбие сағаттары, кітап оқу сағаттары, қызықты тұлғалармен кездесулер жоспарға сәйкес өткізіледі. Қысқасы, баланың тек зейіні ғана емес, сонымен бірге физикалық және рухани саулығы қатар дамытылады. Ата-аналар балаларын бізге сеніп тапсыра отырып, олардың жан-жақты қамқорлықта екеніне сенімді бола алады.

– Өткен оқу жылы лицей ұжымы мен оқушылар үшін қандай жаңалықтармен есте қалды? Алға қойған мақсаттар орындалды ма?

– Былтыр мектеп ұжымы мен оқушылар үшін нәтижелі жыл болды деп сеніммен айта аламын. Жыл қорытындысы көрсеткендей, еңбегіміз ақталды. Оқушылар мен педагогтар түрлі деңгейдегі зияткерлік және шығармашылық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытындысында лицейіміз жылдағы дәстүрден жаңылмай «Үздік олимпиадалық мектеп» атағын иеленді. Білікті мамандар мен зерек шәкірттердің бірлескен еңбегі осындай биік белеске жол ашты. Сонымен қатар Қазақстан бойынша үздік білім беретін 100 мектептің қатарында бесінші орыннан көрінуіміз – үлкен жетістік әрі зор жауапкершілік. Бұл көрсеткіш мектептің білім сапасы мен жүйелі жұмысының жоғары деңгейін дәлелдейді.

– 2025-2026 оқу жылының да бел ортасынан астық. Алда үлкен сын – ҰБТ және халықаралық емтихандар тұр. Биылғы түлектерден қандай үміт күтесіздер?

– Осы оқу жылында 11-сыныпта 74 оқушы білім алуда. Қазіргі таңда олардың барлығы өз болашақ мамандықтарын айқындап, таңдаған бағыттары бойынша жоғары оқу орындарына түсуге жүйелі дайындалуда. Алдағы ҰБТ мен халықаралық емтихандар – үлкен сын, бірақ түлектеріміздің әлеуеті жоғары екеніне сенімдіміз. Олардың арасында республикалық және халықаралық олимпиадалардың 8 жеңімпазы бар. Сонымен қатар робототехника бағытындағы жарыстардың 2 жеңімпазы мектебіміздің STEАM саласындағы жұмысының нәтижесін көрсетеді.

Спорт және зияткерлік бағыттағы жетістіктер де қуантады. Республикалық Ұлттық ойындар лигасының «Тоғызқұмалақ» түрінен 1, «Білім-инновация» лицейлері арасындағы республикалық «Волейбол» турнирінен 3, халықаралық «Тіл және мәдениет» байқауының ән номинациясы бойынша 1, «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағдарламасынан 1 жеңімпаз бар.

Академиялық көрсеткіштерге келсек, 29 оқушы (39,2 пайыз) «IELTS» емтиханын тапсырып, жоғары нәтижелер көрсетті. Төртеуі 7.5, он бірі 7, оны 6.5, төртеуі 6 балл жинады. 9 оқушы «SAT» емтиханын тапсырып, орташа есеппен 1 312 балдық нәтижеге қол жеткізді. Қаңтар айындағы ҰБТ қорытындысы бойынша 23 оқушы 100 балдан жоғары жинаса, оның ішінде бір оқушы 139 балл иеленді. 11-сынып оқушыларының арасында жоғары оқу орындарының грант иегерлері де бар. Мәселен, Нұрғанат Қанат «SDU University» грантын жеңіп алды. 9 оқушы шетелдік жоғары оқу орындарынан ресми шақырту алды. Алинұр Азатқа АҚШ-тың 10 университетінен шақырту түсті. Ерсайын Амирбекті әлемнің үздік оқу орындарының бірі – «University of Manchester» университеті шақыртып, сонда білім алуға шешім қабылдады. Алинұр Ермекбай Малайзиядағы «Taylor's University» университетіне оқуға барады.

Әрине, әлі де нәтижелер күтілуде. Биылғы түлектеріміздің арасында өз саласында биік белестерді бағындыратын нағыз «жұлдыздар» бар деп сеніммен айта аламыз. Ең бастысы – олардың мақсаттары айқын, дайындығы жүйелі, ал біз олардың үлкен жетістіктерге жетуіне толық негіз бар деп есептейміз.

– Сіздерде кадрларды іріктеу қалай жүреді? Шетелдік мамандар мен жас, креативті ұстаздардың үлесі қандай және олардың кәсіби деңгейін үнемі арттырып отырудың қандай тетіктері жолға қойылған?

– Лицейге кадр іріктеу үдерісі өте мұқият әрі көпсатылы түрде жүзеге асырылады. Біз үшін кадр саясаты – стратегиялық бағыттардың бірі десе де болады. Лицейге жұмысқа қабылдау бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншісі – құжаттарды іріктеу. Үміткердің білімі, еңбек өтілі, кәсіби жетістіктері мен біліктілік санаттары жан-жақты сараланады. Екіншісі – пәндік тестілеу. Бұл кезеңде мұғалімнің теориялық білімі мен әдістемелік дайындығы тексеріледі. Үшіншісі – demo-сабақ. Үміткердің практикалық шеберлігі, оқушылармен байланыс орнату қабілеті, сабақты ұйымдастыру стилі бағаланады. Төртіншісі – сұхбат. Мұнда педагогтың құндылықтары, командалық жұмысқа бейімділігі және лицей миссиясына сәйкестігі анықталады.

Қазіргі таңда лицейде 50 педагог қызмет етеді. Ұжымның 43 пайызы – жас мамандар. Олар білімді, жан-жақты, заманауи әдіс-тәсілдерді еркін меңгерген, креативті әрі жоғары эрудициясымен ерекшеленеді. Сонымен қатар педагог-шебер, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы санатындағы ұстаздардың үлесі 56,25 пайызды құрайды. Бұл – кәсіби деңгейдің жоғары екенінің айқын көрсеткіші.

Айта кетер бір жайт – мұғалімдердің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Лицейішілік семинарлар мен әдістемелік отырыстар тұрақты өткізіледі. Бұдан бөлек педагогтар облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі іс-шараларға қатысып, тәжірибе жинақтап қана қоймай, өз тәжірибелерін таратады. Ұжым ішінде авторлық оқу бағдарламалары мен әдістемелік нұсқаулықтардың авторлары да бар. Осының барлығы лицейде үздіксіз кәсіби даму мәдениеті қалыптасқанын және әр педагогтың өсуіне нақты тетіктер жолға қойылғанын көрсетеді.

– «Білім-инновация» лицейінің алдағы жылдарға арналған даму стратегиясы қандай? Лицейді бұдан да жоғары деңгейге көтеру үшін қандай жаңа жобаларды енгізуді жоспарлап отырсыздар?

– Алдағы жылдары бекітілген жобаларды іске асырып, қол жеткізген нәтижелерді тұрақтандырып қана қоймай, оларды жаңа деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз. Ең алдымен, бүгінгі таңда жақсы нәтиже көрсетіп жатқан бағыттарды одан әрі жүйелі түрде дамыту көзделуде.

Пәндік олимпиадалар бойынша лицейде белгілі бір дайындық жүйесі қалыптасқан, оның нәтижесі де қуантарлық. Алдағы уақытта осы жүйені жетілдіріп, дүниежүзілік деңгейдегі жетістіктер санын арттыру жоспарлануда. Олимпиадамен қатар, ғылыми жобалар мен зерттеу жұмыстарына тартылған оқушылар бар, алайда бұл бағыттағы қатысушылар санын көбейту – басты міндеттердің бірі. Келесі оқу жылында ғылыми жоба жарыстарында да олимпиадалардағыдай жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін нақты жоспарлар құрылып, дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Педагогтардың кәсіби дамуы да стратегиялық басымдықтардың қатарында. Алдағы кезеңде ұжым арасынан Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастыратын «Үздік педагог» байқауының жеңімпазын шығару жоспарлануда. Бұл – мұғалімдердің кәсіби шеберлігін шыңдауға берілген үлкен мүмкіндік әрі мотивация.

Білім беру сапасын арттыру мақсатында басқару үдерістерін цифрландыру да маңызды бағыттардың бірі болмақ. Атап айтқанда, педагогтардың KPI көрсеткіштерін автоматтандыру, оқу жоспарын, тарифтеу мен табельдеуді цифрлық форматқа көшіру жоспарланып отыр. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға және уақыт ресурсын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда лицейдің даму стратегиясы – сапалы білім беру, ғылыми-зерттеу мәдениетін қалыптастыру, педагогтардың кәсіби әлеуетін арттыру және басқару жүйесін заманауи талаптарға сай жетілдіру арқылы мектепті жаңа белеске көтеру, «Заманауи білім мен адами құндылықтарды бойына сіңірген, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу» миссиясын орындау.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар