Жиында өңірлік коалиция жетекшісі Дауыл Бейсенқұлов, коалиция мүшелері Сейітжан Орынбаев пен Айгерім Дәулетбаева мекеме қызметкерлеріне республикалық референдум бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев те алдағы референдумның маңызына тоқталып, Ата Заңдағы өзгерістерді тілге тиек етті.
– Ата Заңымыздың негізгі ерекшелігі – оның адамға және адам өміріне тікелей бағытталуында. Бірер күннен соң мемлекеттік басқару жүйесінде де елеулі өзгерістер орын алмақ. Игі өзгерістер негізінде Сенат пен Мәжілістің орнына Құрылтай мен Халық кеңесі құрылып, Вице-президент лауазымы пайда болады. Егер 15 наурызда халық жаңа Конституцияны қолдап дауыс берсе, құжат 1 шілдеден бастап өз күшіне енеді. Осыдан кейін екі ай ішінде тиісті сайлау науқандары өтеді. Жаңа реформа аясында адамды құқықтық жағынан қорғау мен еңбегін лайықты бағалауға басымдық берілген. Мәселен, 30-бапта неке және отбасы құндылықтарына арнайы тоқталып, мемлекеттік деңгейде қорғалатыны көрсетілген. Сондай-ақ заң аясында баланың, ананың және әйелдің құқықтары мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген, – деді Қ.Төленді.

Коалиция мүшелерінің айтуынша, жаңа Конституция жобасы саяси жүйені одан әрі жаңғыртып, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге, кәсіпкерлікті қолдап, ғылым мен мәдениетті дамытуға септігін тигізбек.
Кездесу барысында орталық мамандары көкейкесті сауалдарын жолдап, ой-пікірімен бөлісті.
Ашық пікір алмасу соңында өңірлік коалиция жетекшісі Дауыл Бейсенқұлов елдегі саяси науқанға үн қосу әрбір қазақстандықтың парызы екенін айта келе, бір кісідей атсалысуға шақырды.
Бүгінде коалиция мүшелері түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Алдағы уақытта өзге де еңбек ұжымдарымен, сарапшылар қауымымен және тұрғындармен кездесулер өз жалғасын таппақ.
Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ




