Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қынамен сурет салу да бір өнер

Қынамен сурет салу да бір өнер
Автор
Қынамен сурет салу – тарихы тереңге бойлайтын, нәзіктік пен дәстүр ұштасқан ерекше өнер. Ежелгі заманнан бері бұл өнер түрі тек сәндік үшін емес, сонымен қатар түрлі тіл-көзден, жағымсыз энергиядан сақтайтын символикалық тұмар ретінде де дамып келген.

Қыз-келіншектер арасында әсемдік үшін мехенди аталып кеткен, яғни қынамен денеге сурет салу өнерінің тарихы тереңде жатыр. Бұл өнер біздің дәуірден 5 000 жыл бұрын ежелгі Египетте пайда болыпты. Кейін XII ғасырда Үндістанға тарайды. Үндістандық әйелдердің нанымынша мехенди бақыт пен қуаныш әкеледі екен. Әсіресе, тұрмыс құрғалы отырған бойжеткендер ұзатылу тойының алдында қолы мен аяғына қынамен сурет салдыруды дәстүрге айналдырған. Бұл некенің беріктігін сақтауға септігін тигізеді және тылсым күштерден қорғайды деп сенген.

Бүгінде қынамен сурет салуды хоббиына айналдырған қыз-келіншектер көп. Солардың бірі – Тараз қаласының тұрғыны Назым Дулатқызы. Назым қынамен сурет салуды мектеп кезінен бастаған.

– Мехенди, яғни қынамен денеге өрнек салу өнері маған әрдайым қызық болып келген. Алғашында құрбымнан үйреніп, кейін қынамен әртүрлі сурет салудың тәсілдерін меңгердім. Қазір гүлдер мен ою-өрнектерді, нәзік үлгілерді еркін сала аламын. Үндістанда мехенди тек әдемі көрініс үшін емес, әрбір сурет белгілі бір ой мен мәнге ие болып, ерекше сеніммен байланыстырылса, мұсылман елдерінде бұл өнер көбінесе сәндік мақсатта пайдаланылады. Намаз оқитын қыз-келіншектер тырнағын боямайды. Сол себепті қолына сурет салдыруға келіп жатады. Еш қоспасыз жасалған қыналар әдемі ғана емес, сонымен қатар пайдалы қасиетке ие. Олар аллергия тудырмайды, антисептикалық, стерильді әсері бар, тіпті жүкті әйелдер үшін де қауіпсіз. Тіпті қынаны бірнеше ғасыр бұрын ауырған аяққа жағып, емдік мақсатта да қолданған екен. Сурет салу барысында тек табиғи қына қолданамын. Оның түсі жылы, қоңыр, теріде жұмсақ көрінеді. Ал жасанды қынаның түрі өте көп. Бірақ олар табиғи қына секілді қауіпсіз емес. Мысалы, қара қынаның құрамында «парафенилендиамин» болады. Ол теріні күйдіріп, аллергия тудыруы, кейде тері ауруына әкелуі мүмкін және тыныс алу жолдарына зиян тигізеді. Сондықтан қыз-келіншектерге айтарым, синтетикалық қынамен сурет салдырмағандарыңыз дұрыс. Көп жағдайда жас қыздар суреттің ұзақ уақыт сақталуы үшін синтетикалық қынаны қолданады, алайда оның қауіпті екенін ескермей жатады. Қазіргі таңда түрлі мерекелер қарсаңында, той алдында немесе жай сән үшін қыздар қолдарына сурет салдырып жатады. Қынамен салынған сурет екі-үш күннен бір аптаға дейін сақталады. Қынаны мен арнайы интернет дүкендерден алдырамын, сапасына ерекше мән беремін. Кейде осы өнеріммен ақша табатын кездер де болады. Қынамен салынған әрбір сурет – тек әдемілік қана емес, сонымен бірге адамға жылу мен ерекше көңіл күй сыйлайтын өнер. Бұл өнерді мен жүрекпен жасаймын, әр өрнекке нәзіктік пен жанымды қосамын, – дейді Назерке Дулатқызы.

Назеркеге әзербайжан қыздары көп келеді екен. Олар тұрмысқа шығар алдындағы қыз күнімен қоштасу кешіне аяқ-қолдарына қынамен сурет салдыратын көрінеді. Ал қазақ пен орыс қыздары әдемілік үшін «ақ қына» деп аталатын синтетикалық қынамен суретті көп салдырады екен.

Назерке салатын суреттің құны тұрақты емес, суреттің күрделілігіне қарай баға өсе береді. Мәселен, екі қолға салынған сурет үш жарым мың теңге тұруы мүмкін. Назерке қына ұзақ сақталуы үшін ыдыс-аяқты арнайы қолғап киіп жуып, уақытша моншаға бармаған жөн деп келушілеріне кеңес береді.

Сонымен қатар кейіпкеріміз мехендиді салдыру үшін арнайы шеберге барған жөн екенін ескертеді. Себебі, білмейтін маман сапасыз бояуларды қолдануы мүмкін. Ал Назеркенің өзі қынаны Үндістаннан арнайы интернет арқылы алдырады.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар