Құжаттың негізгі міндеттерінің бірі – сервистік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызмет моделіне көшу, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруді, сондай-ақ HR-үдерістерді цифрландыруды қамтамасыз ету.
Заңдағы елеулі жаңалықтардың бірі мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға арналған ынталандыру тетіктерімен байланысты. Білікті кадрларды мемлекеттік жүйеде ұстап қалу үшін мансаптық өсудің деңгейлес моделі енгізілмек. Жүйе бойынша маман міндетті түрде жоғары лауазымға ауыспай-ақ, өз позициясы аясында кәсіби біліктілігін арттыру арқылы жалақысын өсіру мүмкіндігіне ие болады. «Б» корпусының қызметшілері үшін белгіленетін лауазымдық деңгейлер еңбекақы төлеудің жаңа жүйесімен тікелей байланыстырылған. Тәсіл Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, бірқатар министрліктер мен Астана қаласы мен Атырау облысының әкімдіктерінде екі жыл бойы пилоттық режимде сыналады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жалақыны кемінде үш жылда бір рет индекстеудің нақты тәртібі белгіленді. Шара инфляциялық үдерістер жағдайында қызметкерлердің табыс деңгейін қорғауға мүмкіндік береді.
Қызмет бабымен басқа өңірге ауысқан немесе ротацияланған мамандар үшін де кешенді жеңілдіктер пакеті қарастырылған. Оларға тұрғын үй төлемдері мен көтерме жәрдемақы беріліп, мүлкін тасымалдау шығындары толық өтеледі. Осындай отбасылардың балалары жаңа тұрғылықты жеріндегі балабақшаларға ешқандай кезексіз қабылданады. Бұған қоса мемлекеттік қызметшілер арнайы әзірленген жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысу құқығына ие болады.
Ал салаға ширек ғасыр, яғни 25 жыл ғұмырын арнап, мемлекеттік немесе ведомстволық наградалармен марапатталған мемлекеттік қызметші зейнетке шыққан сәтте төрт лауазымдық жалақы мөлшерінде біржолғы сыйақы ала алады. Еңбек құқықтарын қорғау аясында үстеме жұмыс, демалыс немесе мереке күндері атқарылған еңбек үшін міндетті өтемақы төлеу және бекітілген кестеге сай жыл сайынғы демалыстың берілуі қатаң бақылауға алынады. Мемлекеттік қызмет өтіліне байланысты ақы төленетін қосымша демалыс күндері, сондай-ақ қысқамерзімді демалыстар беру де жаңа ережелерде нақты көрсетілген.
Жұмыс уақытының режиміне қатысты енгізілген нақты нормалар қызметкерлердің еңбегі мен тынығу теңгерімін сақтауға бағытталған. Қалыпты жұмыс аптасы 40 сағаттан, ал күнделікті жұмыс 8 сағаттан аспауы тиіс. Ерекше қажеттіліктері бар мамандарға, атап айтқанда, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жандарға аптасына 36 сағаттық қысқартылған жұмыс уақыты белгіленді. Жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналардың бірі немесе медициналық қорытындыға сәйкес отбасының науқас мүшесіне күтім жасайтындар өз өтініштері бойынша толық емес жұмыс уақыты режиміне ауыса алады.
Одан бөлек әділ, инклюзивті және әлеуметтік бағдарланған мемлекетті дамытуға бағытталған нормалар қабылданды. Түзетулер мүгедектігі бар адамдардың мемлекеттік лауазымға орналасуына шектеуге жол бермеуді көздейді.
Нұрғали НИЯЗҚҰЛОВ,
облыстық орман шаруашылығы және
жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы
басшының міндетін атқарушы,
Әдеп жөніндегі уәкілі



