Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауы – ел дамуының жаңа белеске қадам басқанын айқындайды. Осы бастамамен үндескен іс-шара дәстүр мен заманауи технологияның үйлесімін сәтті көрсетті. Көрермендер уақыт пен кеңістікті байланыстыратын ерекше шығармашылық атмосфераға куә болды.
Байқауға өңірдегі жетекші оқу орындары мен мәдениет мекемелерінен 30-ға жуық жұмыс ұсынылды. Қазылар алқасы қатысушылардың жұмыстарын ұлттық-мәдени элементтердің қолданылу деңгейі, эмоциялық және зияткерлік әсері, техникалық сапасы, идеяның жаңашылдығы және форматқа сәйкестігі бойынша бағалады.
Іс-шара аясында «Жыр алыбы – Жамбылым» атты кітап көрмесі, робототехника көрмесі, ақынның «Таңдамалы» жинағының Брайль қарпіндегі тұсаукесері, сондай-ақ байқаудың үздік бейнероликтері ұсынылды. Сонымен қатар жасанды интеллектінің даму тарихы таныстырылып, Жамбыл мен Құлмамбет айтысының жаңаша форматтағы көрінісі сахналанды. Бұл көрініс ғасырлар үнін бүгінгі технологиямен үйлестірген әсерлі сәттердің бірі болды.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды «ALEM» кәсіби білім беру колледжінің кітапханашысы Гүлсім Жақсымбетова иеленсе, екінші орынды дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ-лицей интернатының оқушысы Едіге Бейсен алды. үшінші орынға Жамбыл аудандық зағип және көзі әлсіз көретін азаматтар бөлімінің кітапханашысы Айгерім Үркумбаева иелік етті.
Сондай-ақ «Үздік визуал», «Юмор», «Әдеби сын», «Ой ұшқырлығы» номинациялары бойынша жеңімпаздар марапатталып, арнайы сыйлықтар табысталды.
Сымбат ҚУАНЫШ



