Жиынды облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айтолқын Әбдібекова жүргізіп, саладағы өзекті мәселелерге тоқталды. Ал негізгі баяндаманы «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали жасап, өңірдегі атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді кеңінен баяндады.
Кездесу барысында өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларды ерте анықтау, оларға қолдау көрсету бойынша мобильді топтардың атқарған жұмыстары талқыланды. Бұл бағытта ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, әлеуметтік тәуекелдерді дер кезінде анықтау және көмек көрсету тетіктерін жетілдіру қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар отбасын қолдау орталықтарының қызметін бағалау көрсеткіштері бойынша алғашқы тоқсанның қорытындылары қаралды. Бұл ретте мамандар отбасылармен жүргізілетін жеке жұмыс жоспарларының сапасын арттыру, цифрлық жүйелер арқылы келіп түсетін сигналдарға жедел әрекет ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар ажырасудың алдын алу мақсатында «Жас отау» клубын ашу бастамасы көтерілді.
Жалпы қазіргі таңда Тараз қаласы мен 10 ауданда отбасын қолдау орталықтары тұрақты жұмыс істеуде. Олардың қызметі тоқсан сайын бағаланып, нәтижесіне қарай нақты шешімдер қабылданып отырады. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы көрсеткендей, бірқатар бағытта ілгерілеушілік бар, алайда әлі де жүйелі жұмысты қажет ететін тұстар жеткілікті. Алдағы кезеңде әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, цифрландыруды кеңінен енгізу және халықпен кері байланысты күшейту негізгі міндеттердің бірі болмақ.
Жиын соңында қатысушылар бірлескен жұмысты жандандыру арқылы өңірдегі отбасылардың әл-ауқатын арттыруға күш салу қажеттігін атап өтті. Олар отбасы қоғамның тірегі екенін алға тартып, әрбір шаңырақтың берекесі елдің тұрақтылығымен тығыз байланысты екенін жеткізді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ


