Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұлттық стиль сәннен қалмайды

Ұлттық стиль сәннен қалмайды
Автор
Қазіргі таңда ұлттық нақыштағы киім кию – күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Басындағы тақиясы мен иығындағы өрнекті шапаны жарасқан жандарды көшеден жиі кездестіреміз.

Дәстүрлі әшекейлер де заман талабына сай түрленіп, жаңа сипатқа ие болды. Қазақы қамзол мен шапанды заманауи үлгіде пішіп, ұлттық өрнекті қазіргі стильмен үйлестіретін дизайнерлер саны да жыл санап артып келеді. Соның арқасында этнобұйымдар тек арнайы шараларда ғана емес, күнделікті қолданыста да кеңінен көрініс табуда.

Ұлттық киімдерді заманауи үлгіде тігіп, ұлттық өрнекті заманауи стильмен үйлестіріп жүрген жас кәсіпкерлердің бірі – Ақнұр Үшкемпір. Ақнұрдың айтуынша, бүгінгі таңда жастар стильге аса мән береді.

– 2024 жылы «Z&A atelier» дүкенін ашқан болатынмын. Бұл дүкенді ашқандағы мақсатым – қолөнершілер мен дизайнерлердің басын қосып, қазақтың ұлттық киімдерін кеңінен насихаттау болды. Дүкенді ашқаннан бастап бірден тапсырыстар түсе бастады. Тапсырыс берушілер өз қалауларына қарай заманауи киімдерге ою-өрнектер, жануарларды қостырады. Тігу уақыты көйлектің күрделілігіне, дизайнына және тапсырыс санына байланысты. Себебі бізде әр киім жеке дайындалады. Алдын ала төлем жасалған соң, клиентпен бірге мата таңдаймыз. Көбіне маталарды Алматы қаласынан алдыртамыз, себебі сапаға қатты мән береміз. Бүгінде жастар өзіне не керек екенін нақты біледі. Олар жай ғана киім емес, өзінің болмысын көрсететін образ іздейді. Қандай фасон, қандай түс, қандай ою, қандай деталь болу керегін алдын ала ойластырып келеді. Біз сол ойды пішінге айналдырамыз, ал арманды – дайын киімге. Қазір жастардың таңдауы көбіне тақия мен этно-корсеттерге түседі. Заманауи стиль мен ұлттық нақышты үйлестіретін мұндай бұйымдар олардың даралығын айқындайды. Біз әр корсетті дене пішініне сай етіп құрастырып, ою-өрнегін үйлестіріп, қолмен өңделетін элементтерді қосып, сапасына ерекше мән береміз. Кейде мектеп оқушылары келіп, сыныптастарымен бірдей корсеттер мен камзолдарға тапсырыс береді. Бұрымдылардың таңдауы көбінесе этно шапандарға және жұптық этно киімдерге түседі. Мұнда түстердің, өрнектердің, силуэттің бір-бірімен үндесуіне мән береміз. Этно шапандарды кейбірі сыйлыққа, кейбірі күнделікті киюге алады. Сонымен қатар шаһарда той-томалақ көп болғандықтан, отбасылық этно киімдерге де сұраныс жоғары, – дейді Ақнұр Айдынғалиқызы.

Ұлттық киім – өзінің қайталанбас өрнегімен, табиғи түстерімен, терең мағыналы нақышымен әрдайым ерекшеленіп тұрады. Әр киімді киюдің өзіндік әдебі қалыптасқан. Тіпті ата-бабаларымыз киімге салынатын ою-өрнекке дейін жіті қадағалап, әр қайсысының мағынасына терең үңілген. Ұлттық киімнің түрлерін дайындауда көшпелі ұлтымыз төрт түлік малдың жүні мен терісін кәдеге жаратқан. Жүнді иіріп, мал терісін илеп, күнделікті киетін киімдерін тіккен. Бүгінгі күні ата-баба дәстүрі жаңғырып, ұлттық киім өндірісі өзіндік бағытпен түпкі мәнін сақтай отырып дамуда.

– Командамызда екі адамбыз. Мен және 15 жылдық тәжірибесі бар тігіншім. Мен дизайн жасап, модель құрастырып, клиентпен сөйлесіп, эскиз сызып, фото-видео түсіріліммен айналысамын. Сонымен қатар көйлектің қолмен тігілетін гүлдер, тастар, нәзік өңдеулер, үтіктеу сынды соңғы детальдарды толықтырамын. Ұлттық киімді тігу қарапайым киім тігу әдісінен айтарлықтай ерекшеленбейді. Алайда, аса жауапкершілікті талап етеді. Ал бағаға келетін болсақ, этно киімдер 10 000 теңгеден 1 000 000 теңгеге дейін барады. Шамамен орташа баға – 50 000 теңге. Баға матасына, жұмыстың қиындығына, қолдан жасалатын элементтердің көлеміне байланысты. Біздің алғашқы коллекциямыз 2025 жылдың 20 желтоқсанында Тараз қаласында Алима Саяхова ұйымдастырған «Венский баллда» ұсынылды. Бұл біз секілді енді дамып келе жатқан брендке үлкен тәжірибе әрі жаңа белес болды, – деді Ақнұр Үшкемпір.

Қазақтың ұлттық киімі – ұлттың рухани байлығы мен мәдениетінің көрінісі. Әрбір ою-өрнек, әрбір тігіс – ата-бабадан қалған аманат. Ұлттық киімді жаңғырту – тек дәстүрді сақтау ғана емес, халқымыздың тарихы мен өнерін келер ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісі.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар