Трендтегі тәттілердің бірі – тәжбен әрленген торттар. Балқаймақпен нәзік безендіріліп, үстіне жарқыраған тәж қондырылған мұндай торт әр аруға өзін ханшайымдай сезіндіріп, мерекенің сәнін келтіреді. Тәж – қадір-қасиет пен асқақ арманды меңзейтін әсем нышан. Сол себепті жеміспен көмкеріліп, тәж тағылған торттар соңғы уақытта мерекелік дастарқанның ең сұранысқа ие әрі жүрекке жылы сыйлықтарының біріне айналып отыр. Осындай ерекше торттарға тапсырыс қабылдап, тәтті өнері арқылы көптің көңілінен шығып жүрген жан – Айдана Бүркітбай. Ол бүгінде «BelloCake» кондитерлік брендінің негізін қалаушы ретінде дәмі тіл үйірер тәттілерімен талай адамның мерекесін мәнді етіп келеді.
– Дәмі тіл үйрірер торт қашаннан мерекенің басты символы саналған. Ал тәжді десертті өзін ерекше бағалайтын нәзікжандылар жақсы көреді. Біз бұл тортты «мерекенің патшасы» деп атаймыз. Ол биік формасымен, тәж элементімен және сәнді минимализм стилімен бірден көзге түседі. Мұндай тортты жасау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ең алдымен торттың құрылымы мықты болуы керек. Ол биік әрі салмақты келеді. Бұл тортты жасау барысында біз тек сапалы бисквиттер мен тұрақты кремдер қолданамыз. Торттың ең басты бөлігі – тәж. Тәж де қолмен жасалады. Оны әр тортқа үйлестіріп, жеке дизайн ретінде ойластырып салып, клиенттің қалауын ескеруге тырысамыз. Бұл тортта бәрі қол еңбегі. Мұндай тренд торттарды сатуда ең алдымен әлеуметтік желілердің әсері өте үлкен. «Instagram» мен «Tik Tok» платформаларында тіркелушілер ең алдымен мәтін емес, сурет пен бейнеге назар аударады. Сондықтан тәжді торт камерада өте әсерлі әрі әдемі көрінеді. Және де фото мен видеода бірден назарды өзіне аударады. Сондықтан ерекше болғысы келгендер бірден осы тортқа тапсырыс береді. Осылайша тәжді торт Таразда да трендке айналып тұр. Тапсырыс берушілерден «Кесуге қимай қалдық», «Фотоға керемет шықты», «Дәмі әрі дизайны да күшті» деген сөздерді естіген сайын, қуаныш иесіне ұнағаны үшін көңіліміз көтеріліп қалады, – дейді кондитер Айдана Бүркітбай.
Соңғы жылдары мереке кезінде ерекше, мағынасы бар сыйлық тарту ету сәнге айналды. Соның ішінде қолдан жасалған бұйымдарға деген қызығушылық артып келеді. Қарапайым қағаздан әсем дүние жасап, оған жаңа сипат беретін шеберлердің еңбегі бүгінде көптің назарын аударып отыр. Кейбіреулер тез тозады, жыртылып қалады деп бағаламайтын қағаздан сұлулық жасау – үлкен ұқыптылық пен шыдамды талап ететін жұмыс. Өйткені қағазбен жұмыс істеу оңай емес: бір қате қию немесе артық бүктеме бүкіл еңбекті зая кетіруі мүмкін.
Сарғайған кітап беттерін қиып, бүктеп, жаңа пішінге келтіру арқылы шеберлер қарапайым материалға өзгеше мән береді. Қағаздан жасалған гүлдер солмайды, ал кітап парақтарынан құрастырылған мүсіндерге әр бүктеме мен әр қиюдың іздері сақталып қалады. Мұндай жұмыстарда ұқыптылық пен төзім айрықша маңызды.
Осындай ерекше қолөнер иелерінің бірі – Назира Құлыншақова. Ол мерекелерге орай кітапқұмар қыздарға арнап қағаздан түрлі бұйымдар жасап, көпшіліктің қызығушылығын тудырып жүр. Оның еңбектері қысқа уақыт ішінде әлеуметтік желілерде кең таралып, трендке айналды.

– Мен үшін кітап тек оқылатын дүние емес, өнерге айналдыруға болатын қазына. Қарапайым парақ менің қолымда сәнді шамға, ерекше қабырға әшекейіне, нәзік композицияға айналады. Бұл дүниелерді мен өз қиялым мен талғамыма сүйене отырып жасадым. Түрлі үлгілерді әлеуметтік желіден қарап, қызығып жүретінмін. Бір күні қолыма қағаз алып, ерекше шабытпен ісімді бастап кеттім. Сөйтіп мен қолға алғаш алған қыз бейнесінің көйлегі ескі кітап беттерінен жасалды. Әр парақты мұқият бүктеп, гүл пішінінде құрастырып, қабаттап жапсырып отырдым. Жұмыс істеу барысында шығармашылық ойлау, дәлдік және шыдамдылық қажет болды. Бұл композиция білімнің әсемдікке айналуын бейнелеп берді. Мұндай бұйым көзге ғана емес, көңілге де әдемі көрінеді. Менің әр жұмысымның негізгі мақсаты қарапайым заттарды кәдеге жаратып, әсем әрі мағыналы бұйымға айналдыру болды. Қолымнан келгеніне қатты қуандым, – дейді Назира Құлыншақова,
Қолөнердің тынысымен, заманның лебін сезіп отыратын шеберлер бар. Олар қай бұйым сәнге айналса, соны меңгеріп, өз өрнегімен қайта түлетуге ұмтылады, және соны жаңа арнада ұсынады. Сондай он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлерінің бірі – Жазира Жолдыбайқызы. Ол бірде моншақтан сөмке тоқыса, енді бірде сәукеле мен тақия жасап ұсынады. Түрлі ою-өрнекпен безендірілген ілгектер мен соңғы сәндегі алқалар да осы шебердің қолынан шыққан бұйым екенін тани қоясың.

– Иә, моншақтан тоқылған сөмке тренд болғанда, сан түрлі түсті тізіп, көз жауын алатын үлгі жасадым. Әшекейге сұраныс артса, әр тастың тілін тауып, нәзік сырға мен алқа құрастырдым. Барқыт матаны кестелеп, ұлттық нақышқа жан бітіремін. Мен үшін әр бұйым жай тауар емес, жанымның бір бөлшегі іспетті. Тренд уақыттың талабы болса, шеберлік жүректің қалауы. Сондықтан мен жаңашылдықтан қашпаймын, қайта оны өнеріммен ұштастыруға асығамын. Бүгінде 8 наурызға орай ұлттық нақыштағы оюлы қамзолдар тігіп, ұсындым. Бұл заманауи киім үлгісі әсіресе аналар мен жас келіншектердің көңілінен шығып жатыр. Қолымнан шыққан әр дүние тапсырыс беруішінің көңілінен шықса, менің еңбегімнің ақталғаны сол, – дейді қолөнер шебері.
Қолмен жасалған әр бұйым шебер жүрегінің қолының табы қалған қастерлі дүние. Бұл дүниеге маңдай тер сіңіп, төзім мен шынайы ықылас қатар бой көрсетеді. Сондықтан да мұндай туындылардың құны уақыт өткен сайын арта түседі. Сән өзгеріп, заман жаңарғанымен, қол еңбегіне деген құрмет ешқашан кемімейді. Өйткені жүрекпен жасалған дүние қашан да сұраныста, қашанда бағалы.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ



