Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Гүл сыйлашы маған...»

«Гүл сыйлашы маған...»
Автор
Кез келген мерекенің сәні гүл екені сөзсіз. Әсіресе нәзік жандылардың мерекесі саналатын – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні әр арудың кеудесі құшақ-құшақ гүлге толып, жүзі бал-бұл жанып жүретіні белгілі. Сондықтан бұл күндері гүлге деген сұраныс артып, гүл сату табысты кәсіптің біріне айналады. Осындай сұлулықты кәсіпке айналдырып, гүл арқылы адамдарға қуаныш сыйлап жүрген жандардың бірі – жас кәсіпкер Қайырбек Байғабыл.

Флорист шетелден жеткізілген орхидея, көпшілік «қыз бақыты» деп атайтын спатифиллум секілді бөлме өсімдіктері мен басқа да гүлдердің сан алуан түрін ерекше күтіммен баптап, сатып алушыларына сәнді әрі креативті түрде ұсынады. Әр тапсырысты өзі дайындап, сапасын жіті бақылауы тұтынушылардың сенімін арттырып келеді. Соның нәтижесінде жас кәсіпкердің гүл бизнесі айына шамамен 5 миллион теңге табыс әкеліп отыр.

Қайырбектің гүл қоймасына бас сұққан жан бір сәтке өзгеше әлемге енгендей әсер алады. Мұнда жүзге жуық түрлі өсімдік жайқалып тұр. Замиокулькас, гардения, гузмания, антуриум секілді көз тартар гүлдердің әрқайсысы ерекше күтіммен өсірілген.

Бүгінде Қазақстанның әр өңірінен тапсырыс түседі. Алғашында бір бөлмеден басталған шағын іс уақыт өте келе кеңейіп, ай сайын миллиондаған теңге табыс әкелетін тұрақты кәсіпке айналған.

Қайырбек бұл салада оқушы күнінен бері жүр. Бәрі анасының тәжірибе ретінде 500 түп гүл сатып алуынан басталыпты. Сол сәт жас жігіттің қызығушылығын оятып, кәсіпке деген ынтасын арттырған.

– Кез келген кәсіптің бастауы көбіне қарапайым ниеттен туады. Біздің отбасы үшін де бұл жол анамның гүлге деген ерекше ықыласынан басталған еді. Сол кезде ел аузында «Көк базар» аталып кеткен Төле би базарының тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан шақ болатын. Бір күні анам сол базардан көбейтіп өсіру мақсатымен үйге бірнеше фиалка гүлін алып келеді. Гүл баптауға деген қызығушылығы күн өткен сайын артып, көп ұзамай үйдің іші толған гүлге айналады. Бір күні санап көргенде, фиалканың саны шамамен бес жүзге жуықтапты. Сол кезде анама «осынша гүлді тек өсіріп қана қоймай, сатып көрсем қалай болар екен?» деген ойымды айтым. Осылайша қарапайым қызығушылық біртіндеп кәсіпке айналып, гүл сатудан алғашқы табыс та түсе бастады. 2014-2015 жылдары анам «Мыңбұлақ» ықшамауданындағы базарда гүл сатып жүрді. Кейін сол маңдағы шағын базарға ауысып, саудасын жалғастырды. Гүлдерді көбіне «Қысқы бақтан» («Зимний сад») алып келіп сатып, тәжірибе жинай бастады. Бұл кезең біздің отбасы үшін кәсіпкерліктің алғашқы баспалдағы болған уақыт еді. Уақыт өте келе жаңа ойлар мен тың бастамалар пайда болды. Бір күні анам: «Гүлдермен бірге топырақ та сатсақ қалай болады?» деген ұсыныс айтты. Бірақ ол кезде дүкендердегі дайын грунттарды көтерме бағамен алып, қайта сату аса тиімді емес болатын. Осыдан кейін анам басқа жолын ойлап тапты. Ауылға барып, табиғи көң алып келіп, оны қаладағы бақша топырағымен және дүкеннен алынатын дайын грунтпен араластырып сатуды қолға алды. Әр барған сайын ауылдан кем дегенде 25-30 қап көң әкелінетін. Ол дүкен топырағымен араластырылған кезде шамамен 15 қап қосымша шығын кететін. Сол кезеңде 50 литрлік дайын топырақтың бағасы шамамен 1500 теңге тұратын. Осылайша 30 қаптан шамамен 60 қап дайын грунт дайындалып, әрқайсысы 2000-3000 теңге аралығында сатылатын. Бұл тәсіл бір жағынан тиімді, екінші жағынан сұранысқа сай өнім болып шықты. Біртіндеп бұл іс дамып, кәсібіміздің ауқымы кеңейе бастады. 2019 жылдары ағам жаңа фирма ашылатынын естіген соң, сол жерден де өнім алып, жұмысымызды одан әрі кеңейттік. Кәсіптің көлемі ұлғайып, жаңа сауда орындары ашыла бастады. Алдымен «Телеорталық-2» тұрғын алқабынан сауда нүктесін аштық. Кейін Жамбыл даңғылы маңынан орын алып, көтерме сауда жасайтын қойма жұмыс істей бастады. Әсіресе көктем мезгілі, оның ішінде 8 наурыз мерекесі жақындаған шақта бұл жер ерекше қарбаласқа толатын. Гүл алуға келген адамдардың қарасы көбейіп, қоймадағы жұмыс қыза түсетін. Таңнан кешке дейін гүлдерді дайындап, буып-түйіп, тапсырыстарды жөнелтумен айналысатынбыз. Сонымен қатар «Тайвань» алқабындағы алты сотық жеріміздің жанынан жылыжай ашып, гүл өсіруді де қолға алдық. Өзіміз өсірген гүлдер мен сатылымдағы өнімдер біртіндеп көбейіп, жұмыс көлемі жыл сайын ұлғая берді. Осылайша анамның үйге гүл жинап өсіруден басталған қарапайым қызығушылығы уақыт өте келе бүкіл отбасының кәсібіне айналып, жылдан-жылға дамып, айналымы да, тәжірибесі де өсіп келе жатқан іс болды, – дейді Қайырбек Қалдыбекұлы.

Анасының бастап берген ісін жалғастырып, оны әрі қарай өркендетіп жүрген Қайырбекке отбасының қолдауы ерекше. Әкесі мен анасы да гүл шаруашылығына белсене араласып, өсімдіктерді күтіп-баптауға бірге атсалысады. Үйінің ауласында бес мың түп гүл өсіруге арналған арнайы жылыжай салынған. Гүлдер жыл 12 ай бойы жайқалып өсіп, көздің жауын алады. Осындай жүйелі еңбек пен ұқыпты күтімнің нәтижесінде бұл іс біртіндеп отбасының тұрақты табыс көзіне айналған.

Қайырбектің әкесі Қалдыбек Сабыртаев ұлының еңбекқорлығы мен іскерлігіне әрдайым сүйсініп қарайды. Оның айтуынша, жылыжайдағы гүлдердің басым бөлігі Қытай мен Нидерландыдан жеткізіледі. Шетелден келген нәзік өсімдіктер мұнда арнайы күтіммен өсіріліп, кейін еліміздің әр аймағына жөнелтіледі. Мәселен, гардения гүлі бір айға дейін үздіксіз гүлдеп тұрады. Оның нәзік хош иісі айналаны жұпар иіске бөлеп, кез келген жанды өзіне тартады. Алайда мұндай әсем гүлдер ерекше күтімді талап етеді. Сондықтан оларды баптауда лимон қышқылы аралас сумен суару секілді арнайы тәсілдер қолданылады. Осындай мұқият күтімнің арқасында гүлдер өзінің табиғи көркі мен сұлулығын ұзақ уақыт сақтап тұрады.

Әр кәсіптің өз қиындығы болатыны белгілі. Гүл саудасы да сырт көзге әдемі көрінгенімен, өз ішінде талай тәуекел мен жауапкершілікті талап ететін сала. Кейде алыс жолдан жеткізілген гүлдер үсіп немесе жарамсыз болып қалады. Мұндай сәттер жас кәсіпкер үшін белгілі бір шығынға әкелетіні анық. Алайда Қайырбек мұндай кедергілерді тоқырау емес, керісінше тәжірибе ретінде қабылдап, кәсібін одан әрі жетілдіруге күш салып келеді.

– Гүл бизнесінде табысқа жету үшін күн сайын үлкен жауапкершілікпен еңбек ету қажет. Кей жағдайда сатып алынған гүлдердің бір бөлігі шіріп немесе солып келуі мүмкін. Мұндай жағдайларда оларды жеткізушіге қайтарып беру әрдайым мүмкін бола бермейді. Соның салдарынан сатылмай қалған гүлдер кәсіпкер үшін шығынға айналады. Дегенмен бұл саладағы шығын тек сонымен шектелмейді. Гүл сатып алынғаннан кейін оның құнын қайтару үшін үздіксіз еңбек қажет. Күн сайын гүл сатылып, түскен табыс қайта айналымға салынады, жаңа тауар алынады, қажетті өнімдер сатып алынады, салық төленеді. Осылайша табыс әртүрлі шығындарға бөлініп, кәсіптің тоқтаусыз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл бастаманың артында үлкен команда тұрған жоқ. Қазіргі таңда командам – тек өз отбасым. Яғни, мен, әпкем, ағам және қарындасым. Біз сырттан адам жалдамаймыз. Маркетингтен бастап, идея, ұйымдастыру жұмыстарының бәрін өзім жүргізіп келемін. Жобаның барлық шығыны әзірге өз қаражатымның есебінен жүзеге асып жатыр. Соңғы бір жыл ішінде, яғни 2025-2026 жылдары біз «Индософт» үлгісіндегі жылыжай салып, жұмысты нақты жолға қоюға қадам жасадық. Бұл істі әрі қарай дамыту жауапкершілігі маған жүктеліп отыр. Үйдің кенжесі болғандықтан да осы бастаманы жалғастырып, оны үлкен жобаға айналдыруды өз міндетім деп санаймын, – дейді жас кәсіпкер.

Қайырбек өз ісін тек Тараз қаласының шеңберінде қалдырмай, оны кеңейтуге ниетті. Қазіргі таңда қалада «Gulbala flowers shop» атты екі гүл дүкені, қоймасы және жылыжайы бар. Одан бөлек «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «Gulbala_taraz» парақшасы арқылы да тауарларын жарнамалап әрі сатылымға шығарып жүр. Бұл – жас кәсіпкердің табанды еңбегінің нәтижесі.

Кәсіпкердің еңбегін бағалап, оның гүл дүкеніне тұрақты түрде келетін клиенттердің қатары аз емес. Солардың бірі – Іңкәр Алдаберген.

– Гүл дүкенінің тұрақты тұтынушыларының бірімін. Әдетте қуанышты сәттерде, мерекелерде немесе жақындарыма сыйлық алғым келгенде гүлді осы жерден аламын. Гүлдерінің балғындығы мен әсем безендірілуі әрдайым көңілімнен шығады. Ең бастысы – қызмет көрсетуі өте жақсы, әр клиентке жылы қарым-қатынас танытып, гүлдерді ерекше талғаммен дайындап береді. Жас болса да, Қайырбектің кәсіпкерлігі шынымен таңғалдырады. Әр істі жауапкершілікпен атқарып, сапасына ерекше мән беретіні байқалады. Осындай еңбекқор жастардың көп болғаны қуантады, – дейді І.Алдаберген

Алдағы уақытта Қайырбек кәсібін одан әрі дамытып, қаланың орталығынан кең әрі заманауи гүл бутигін ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар жас флорист елорда Астана қаласынан үлкен қойма ашып, гүл бизнесін жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді. Оның басты арманы – қазақстандықтарға сапалы әрі әсем гүлдерді қолжетімді ету.

– Қаланың орталығынан үлкен жер телімін алып, осы бастаманы әрі қарай дамытып, ауқымды жобаға айналдырғым келеді. Яғни, бұл тек шағын іс болып қалмай, үлкен гүл өсіру алаңына айналса деген ниетім бар. Мысалы, голландтық үлгідегі, немесе «Нури Агро» сияқты ірі дала гүлдерін өсіретін орталық ашқым келеді. Сондай-ақ ауқымды жасыл аймақ қалыптастыратын, қалаға көрік беретін үлкен гүл алаңын жасауды жоспарлап отырмын. Сондықтан бүгінде жас кәсіпкер ретінде осы істі одан әрі дамыту мақсатында қаланың орталығынан жер телімін бөлу мәселесін көтеріп жүрмін. Егер бұл бастамаға қолдау көрсетіліп, оң шешімін тапса, жоба тек табыс әкелетін бизнес қана емес, сонымен қатар қаланың көркін арттырып, жасыл кеңістіктерді көбейтуге өз үлесін қосатын игі іс боларына сенім мол, – деді Қ.Байғабыл.

Қазіргі уақытта Қайырбек Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Заңгер» мамандығы бойынша білім алып жүр. Білім мен кәсіпті қатар алып жүрген жас жігіт үшін еңбекқорлық пен табандылық – басты қағида.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар