Редакциядан
* * *
Тараз шәрі көрінген мұнарланып,
Сол сәттен көрер ме еді сыр аңғарып.
Кешқұрым қызыл күннің шапағына,
Жас батыр үндеместен тұр арбалып.
Бұл хәл де жұмбақ еді халыққа өзі,
Көптің де көңілі пәс ғаріп кезі.
Кеудесін әлсін-әлсін сипап қойып,
Қарайды күнбатысқа талып көзі.
Ол ару өмірінің шырағы екен,
Көңілінің ақкүміс бұлағы екен.
Кеудесіне жасырған қазынасы,
Айша ару берген кітап Құран екен.
Лайланбаған көңілдің ақ тұнығы,
Естен кетпес еркенің пәк қылығы.
Қарахан қалың ойда отырғанда,
Алыстан естілді анық ат дүбірі.
Қарақытай қаптаған кезең еді,
Шайқаста ер өлмейді, ез өледі.
Жаугершілік заманда жау жайратып,
Өліспей беріспейді, сезеді оны.
Оңдасын әрбір істі Хақ басынан,
Көреді бәрін тағдыр тақтасынан.
Қалың жауды қарсы алды ер Қарахан,
Тараздың ұлы батыс қақпасынан.
Жарамас жау тигенде тұрысқаны,
Басталды кескілескен ұрыс тағы.
Қиратты жау әскерін сол бір күні,
Қас Сақтың қайнап тұрған құрыш қаны.
Қарахан бұл шайқаста ту ұстады,
Бәрінен аман өтті, дұрыс бәрі.
Қара жау байтақ жерге ие болмас,
Халықтың ортаймасын ырыс-бағы.
Әскерлер әр тарапқа тарамдалды,
Жау шегінді, шайқас та тәмамдалды.
Тұтқиылдан қадалған кеудесіне,
Қарахан жау оғынан аман қалды.
Өмір, өлім арасы бір-ақ елі,
Тылсым күй батырдың шамшырағы еді.
Кеудесін сақтаған жау жебесінен,
Айша берген сол кітап Құран еді.
Көрмеді Қараханды соқыр өлім,
Сұр жебе тесе алмады көкірегін.
Алла деп атқа қонды қайта батыр,
Алқалап жеңісімен нөпір елін.
* * *
Нұрға тұнып Түркістан атырабы,
Жүректі ғажап ойға батырады.
Хакім ата келеді көше бойлап,
Ол сопы мешітте азан шақырады.
Дүниеде дәруіш боп күнін көрген,
Құлшылыққа күні мен түнін берген.
Зікір мен мінәжаттан бас көтермей,
Жүрегіне тірліктің мұңын көмген.
Намазға барады ылғи сағынышпен,
Сол үшін Алла алдында бағы да үстем.
Сүлеймен Бақырғани досы екеуі,
Қожа Ахмет ілімінен қанып ішкен.
Айша ару Сүлейменнен дара туған,
Құдайдың мейірімен жаратылған.
Шежірені ақтарсаң арғы атасы,
Діндар сопы, текті боп таратылған.
Екі дос енші бөлмей тең өніпті,
Ұлықпатша әжені тел еміпті.
Текті әулетте бұла өскен Айша сұлу,
Тәңірдің хақ нұрына бөленіпті.
Жүрек те жақсы сөзбен тербеледі,
Адамға асыл ниет – ең керегі.
Хакім ата тірлікте Айша қызды,
Өз қызындай өзгеше көрген еді.
Күліп атты даланың тұнық таңы,
Жақсы күнге сыйлады үміт тағы.
Сүлейменнің үйінде Хакім ата,
Алланы мінәжат қып ұлықтады.
Көпшілік қабыл ет деп ғибадатты,
Тәңірге тілек қылып сыйға батты.
Қараханға дұға етіп іштей ғана,
Оңаша отыр Айша ару инабатты.
Толқуды жасыра алмай жүзіндегі,
Дірілдеп дидарында қызыл меңі.
Жүрегі бойжеткеннің жанып тұрды,
Жанарынан бір тамшы үзілгелі.
Көктем гүлі секілді көркі қандай,
Ал бірақ, белгісіз бір дерті бардай.
Қарахан тірі болса (сенеді оған),
Тұрмайды Айша қыздың сертін алмай.
Жазды өткеріп, көктем мен күзді өткеріп,
Құстар ұшты алысқа тізбектеліп.
Күндердің бір күнінде бұл Қарахан,
Сүйгеніне сөз айтар іздеп келіп.
Ғаламат бір күй ойнап көңілінде,
Өзгеріс болғандай-ақ өмірінде.
Ойға түсті сол күні оңаша қап,
Бәрі де енді Алланың әмірінде...
* * *
Қарахан күн кешуде ұлы елінде,
Айшаның амандығы – тілегінде.
Есінен кетпейді екен сол кездесу,
Жатталған жақсы күн боп жүрегінде.
Үш рет көргенде сөз айта алмады,
Қыздан да бір іңкәрлік байқалмады.
Бүгін түн түсінде бір аян көріп,
Тұп-тұнық көңілінің шайқалғаны.
Қаратаудың бойымен көш келеді,
Сол бір көш қалың тұман кешкен еді.
Кенет қара дауылдан кілт тоқтады,
Қарахан тұр түсінбей ештеңені.
Қалың көш әлденеден сескенеді,
Біресе жау дейді екен көш дегені.
Арасынан қажыған бір дәруіш,
Иығынан теңді алып шешкен еді;
Белгісіз көш мұнарды көрді кешіп,
Осы жерден бұйырар соңғы несіп.
Тең ішіне жұмбақ боп жасырынған,
Қара айдаһар тұрыпты жолды кесіп.
Халық та болып сонда алашапқын,
Майданын кешкендей бір ғарасаттың.
Ақ аспанды торлаған қара бұлт,
Белгісіндей елестеп нала сәттің.
Түсініксіз бұл түс пе, әлде аян ба,
Тылсым сырды ұқтырды қандай, Алла.
Ғайыптан белгі берген сияқтанып,
Бір бітпейтін тақсырет бардай алда.
Үдей түсіп тағы да қорқынышы,
Өнбей қойды әйтеуір сол күні ісі.
Сан түрлі ойға түсіп, оңаша қап,
Басылмай тұр әлі де толқынысы.
Бұл қандай күй, өзі де түсінбеген,
Төңкеріліп жатқандай ішінде әлем.
Беймаза сәт болмысын шырмап алып,
Осы жайдың қайтарар күшін немен.
Жұлдыздар сөгілгендей ғарыштағы,
Тұнық күн мен тыныш түн алыстады.
Таң алды ниет етіп, дұға қылып,
Бар істі Тәңіріне табыстады.
Білінгендей тағдырдан анық белгі,
Сан рет әулиелерге барып көрді.
Батырдың көрген түсін, келесі күн
Жүсіп дейтін тақуа жорып берді.
Жалғанда тұра бермес бәрі мәңгі,
Құрметтейді Тәңір де танығанды.
Бұл Жүсіпке пайғамбар Жүсіп сынды
Түс жоритын қасиет дарыған-ды.
– Уа, Жүсіп, аян ба еді, түс пе еді бұл?!.
Жүректің жайсыз жайға түскені бір.
Сол түннен бері қарай, шынымды айтсам
Сөніп бара жатқандай іштегі нұр, –
Тәңірден жұмбақ күйі не тіледі,
Жүсіп те бәрін біліп отыр еді;
Қарахан сөзін айтып болған кезде,
Сөз бастады ашылып көкірегі...
– Ей, Қарахан, батырым,
Мықты болсын тақымың.
Басыңнан бір бақ көрдім,
Тәңір берсін ақырын.
Жау жағадан алғанда,
Елге әлек салғанда,
Топыраққа киелі
Көздің жасы тамғанда;
Бірге болғай еліңмен,
Айырылма жеріңнен.
Адам қашып құылмас,
Бәрібір бір өлімнен.
Келе жатқан көш ұлы,
Бұл – тағдырдың жасыны.
Халықпенен бірге бол,
Ұмытпағын осыны, – деп сонда бір тоқтады. Қарахан бұл
сөздерден секем алғандай еді. Бірақ, сыр берген жоқ. Жүсіпке тіл қатып, сөзін бөлмеді. Жүсіп ары қарай сөйлеп берді...
– Сақта, тағдыр тезінен,
Қайғы кетсін өзімен.
Кеше бір мұң байқадым,
Көгершіннің көзінен.
Шарқ ұрады көгершін,
Бұған тағы не дерсің?!.
Ел тізгінін қолыңа ал,
Арғы жағын көрерсің.
Ерсің жол да табатын,
Қайырылмасын қанатың.
Қара айдаһар – жауың ол,
Басқа қайғы салатын.
Алыста бір жақының,
Сені күткен, батырым.
Қиын жолдан айла тап,
Жеткенінше ақылың.
Он күншілік жол екен,
Жетсең – мұрат сол екен!
Бір арудың талабы,
Саған ғана оң екен.
Ол жан да жүр жырақта,
Көңілі алаң бірақ та.
Қара айдаһар – қайғы бұл,
Дайын болғын сынаққа.
Бір жақсылық болады,
Бір жамандық болады.
Пенде деген, жалғанның
Бес күндік бір қонағы.
Ер басынан бәрі өтер,
Елге болғын дәнекер.
Өмір дейтін – өлі түс,
Сәулесіне зар етер.
Бәрі өтеді жалғанда,
Бейнет салып бар маңға.
Дүниеде қас-қағым,
Қалмау керек арманда.
Қарахан тұр ойланып,
Барлық істі ойға алып.
Қос жанары жұмбақ күй,
Әлденеге байланып.
Қиялымен жарысқан,
Тағдырымен табысқан.
Алтын түсті ақ сәуле,
Көрінеді алыстан.
Күйге түсті не түрлі,
Сүйгені сол секілді.
Өмір бойы сол жанмен,
Бір болуға бекінді.
Күн секілді Айша ару,
Гүл секілді Айша ару!
Сол есіне түседі,
Кездестірген сол жанмен,
Ақ көгершін құсы еді.
Көзін ашып көргені,
Хор қызындай жердегі.
Қасиеті өлмейтін,
Құран кітап бергені;
Бәрі де оның есінде,
Көктемнің гүл кешінде.
Тағдыр қосу керек-ау,
Келді сондай шешімге.
Көктен түскен нұр ма еді,
Шайыр жазған жыр ма еді.
Ешбір пенде аша алмас,
Құпиялы сыр ма еді.
Алда әлі мың сапар,
Шақырады дүр шаһар.
Жоспар да көп, ой да көп,
Түркістанға тартар ма,
Айша ару қайда деп.
Бақытына балар ма,
Жүрек отын жағар ма.
Ақ некелі жары ғып,
Гәуһар жүзік салар ма...
* * *
Ақшуақ нұрлы
Айша ару текті,
Ибалы,
Көзінде тұнған ақ гүлдей ары,
Иманы.
Еркелеп өскен еліктей ерке сұлудың,
Нәзік жүрегін қатал тағдыр бір қинады.
Сүлеймен әке
Бет түзеген-ді бақиға,
Бұл да бір ауыр
Күтпеген болды уақиға.
Жылаған Айша жүрегі сыздап,
Жаралы,
Жасына қыздың жалған дүние тати ма?!.
Көзінің алды
Айыға алмай мұнардан,
Қайғы хал кешіп,
Тірліктен қандай ұғар мән...
Тақуа әке елестей берді көзіне,
Құл Қожа Ахметтің жаназасын өзі шығарған.
Яссауидің шәкірті болған сенімді,
Серті де берік,
Ісі де болған өнімді.
Бейдауа қайғы
Беймезгіл келіп басыңа,
Қайтесің енді
Көк мұнар басса көгіңді.
Анасы Әнбар
Сұлу да бекзат жан ізгі,
Құрметтеп өткен
Сүлеймен сынды абызды.
Жалғанда мынау
Жесірдің мұңы – жалқы мұң,
Жұлдыздар оған жылап та тұрған тәрізді.
Әулие Қарабураның бұл бір ұрпағы,
Жақсы аты жастай
Жауһардай болып шырқады.
Сіңлісі Бегім сұлуды алған бір кезде,
Санжар дейтұғын
Қыпшақтың даңқты сұлтаны.
Бәрінің мұнда
Күн ауғандай боп басынан,
Кілт үзілгендей
Арнасы нұрлы асыл ән.
Баба Әже отыр
Қайғыдан қара жамылып,
Бұл ізгі кісі Айшаны баққан жасынан.
Сүлеймен дана
Жоқ енді мынау фәниде,
Азалы күй бар
Түркістандағы әр үйде.
Өмірдің заңы
Өзгермес мәңгі қалпында,
Тірі адам тірлік қыла береді,
Әрине...
Айшаны түнде
Басқандай сірә қалың ой,
Тылсымның күйі
Көрсеткендей ме тағы бой.
Жалғанда мәңгі
Жасамас ешкім ғұмырын,
Жақсы адамның да өлімі кейде абырой.
Сүлеймен қызы Айша ару сұлу,
Сымбатты,
Ақ таңда бүгін
Тәңірге жұмбақ тіл қатты.
Сақтасын деді
Әрқашан ажал оғынан,
Өзі үшін барлық адамды әр кез қымбатты.
Арта түскендей
Әкеге деген сағыныш,
Ортайып қалған сияқты мұнда
Бақ-ырыс.
Жаныңа қиын
Жүректе болса жарылыс,
Санаға ауыр
Басталып кетсе сабылыс.
Сақтанып тұрмас
Өмірдің тепе-теңдігі,
Тарыла берер фәнидің кейде кеңдігі.
Айша ару
Ұлы Сүлеймен Бақырғанидің
Ұлағат жолын
Жалғайтын ұрпақ ендігі.
Түркістан шәрін
Қара бұлт торлап тұрғандай,
Тағдыр да торын
Тақуаларға құрғандай.
Жас құрақ сынды
Желкілдеп өскен Айша ару,
Ерте бойжетіп
Даналыққа бет бұрғандай.
Күн салқын тартып,
Ақ жауын тұрды себелеп,
Су суып берді...
Сүмбіле түсті...
Не керек.
Айшаның ойын жетелей берді аулаққа,
Қанаты алтын көбелек...
* * *
Қоштасып еліменен,
Жеріменен,
Асқар тау,
Атамекен,
Беліменен.
Айша қыз Қараханмен жолға шықты,
Тірлікте тапқан асыл теңіменен.
Қыз дәурен,
Гүлгүл әлем аппақ ары,
Өмірдің байланысты баққа бәрі.
Туған жер,
Өскен өлке,
Өнген ауыл,
Есінде қыздың мәңгі сақталады.
Ару қыз сәукелелі,
Сұлу қандай,
Жүзінен жаһан түгел жылынғандай.
Бір-біріне асық боп жеткен жандар,
Кешіп келе жатқандай күнін балдай.
Өрті қалып,
Жүректің дерті қалып,
Ұғынды ғашықтықтың сертін анық.
Айша қыз арман ойлап келе жатты,
Қырық қызды жанына ертіп алып.
Қыз болса да тартқан ғой тегіне бек,
Нұр орнаған көңілінің көгіне кеп.
Жасынан Айша аруды бағып-қаққан,
Келеді Баба Әже де жөні бөлек.
Туған жері асқақ-ты,
Биік елі,
Жан-жүрегі әрқашан иіледі.
Періштедей перзентін Әнбар ана,
Маңдайынан еміреніп сүйіп еді.
Құптайды ақ некені,
Иман ісін,
Шүкір еткен маңдайға сыйғаны үшін.
Ал бірақ...
Өгей әке Зеңгі баба,
Айшаны Қараханға қимады шын.
Өз қызындай ардақтап,
Аялаған,
Айшадан бар жақсыны аямаған.
Қай кезде де бәрінен қымбат еді,
Қызының бақытының баяны оған.
Жарқыраған жұлдыздай бұлақтағы,
Айша ару туған жерден жырақтады.
Қараханмен тағдырын қосатынын
Естіп ап Зеңгі баба ұнатпады.
Айша қыз мұның бәрін көрген еді,
Соны ойласа көңілге шер келеді.
Жұмбақ күй ен далада тартылғандай,
Көз алдында күллі әлем тербеледі.
Үш күн,
Үш түн келеді кең далада,
Тек екеуі секілді жерде ғана.
Жарығы жүрегіңді жылытады,
Ақ жұлдыздар аспанда өрген ана.
Қиды ма жұмақ мекен,
Жайсаң үйді,
Көкейіне қондырып майса күйді
Алысқа аттанғаны арман қуып,
Өзгеден артық туған Айша бибі.
Қарахан жеткен қыздың бағасына,
Сүйген соң жақсы көру халі осы да.
Бәрі де тыным алмақ болды бір сәт,
Аялдап Аса өзені жағасына.
Тұнық таң,
Майда жібек самал қандай,
Тәңірінің лебінен жаралғандай.
Керемет осы жерден бастау алып,
Бір сәтте жер-жаһанға таралғандай.
Ал, бірақ жалған сондай шолақ па еді,
Адамзат бір-біріне қонақ деді.
Фәнидің суық желі жібереді
Жаныңның жапырағын тонап тегі.
Жалғанның аласы бар,
Наласы бар,
Өлім күйін адамның данасы ұғар.
Жаз көңілмен алаңсыз отырғанда,
Айшаны жылан шақты қарашұбар.
Улы жылан беймезгіл иреңдеген,
Суық тілі сусылдап,
Сүйреңдеген.
Жорғалап, жербауырлап кең далада,
Адамнан да, басқадан именбеген.
Бұл мақұлық болды ғой анық күшті,
Кеудесін Қараханның зарық қысты.
Нәзік қыз ауыр халді көтере алмай,
Сәлден соң тілге келмей талып түсті.
Артта қалып жарқын күн,
Жайсаң әлем,
Күн кешу де ауыр сол ой-санамен.
Шұғыл түрде шаһардан молда алдырып,
Қарахан неке қиды Айшаменен.
Ілесіп келген жердің шалғайынан,
Арудың кете берді хал бойынан.
Қарахан қимаса да,
Амалы жоқ,
Бибі деп бір рет сүйді маңдайынан.
Қараханды қаптаған қалың қайғы,
Қалың қайғы мәңгілік арылмайды.
Тағдыр дейтін осы да,
Ешқашанда,
Пенденің дегеніне бағынбайды.
Фәни-жалған
Бір сәтте өтеді де,
Адамды ажал алса жетегіне.
Қараханға соңғы рет қимай қарап,
Айша аттанды мәңгілік мекеніне.
Қыз Айша,
Қайран Айша нәзік қана,
Жоқтайды жылап өзен,
Жазық дала.
Он сегізде үзілген бұла ғұмыр,
Арманыңды ұғармыз жазып қана.
Адам тұтқын тірліктің түрмесінде,
Ол біледі бәрін де,
Білмесін бе...
Жұпары мол өзгеше жұмақ гүлі,
Жайқалып тұр Тараздың іргесінде.
Кім жандырар бір өшкен шырақты үрлеп,
Тұрмайды тартылған соң бұлақ гүлдеп.
Жанындай жақсы көрген Айша аруды,
Қарахан да атаған жұмақ гүл деп.
Қабырғаны қаусатып қара қайғы,
Жан-дүниені жылатып аралайды.
Аса өзені бетінде сынық қанат
Жалғыз аққу айдынды сабалайды.
Кілт үзілді сезімнің әйгілі әні,
Аспаннан жасын түсіп, жай құлады.
Қос ғашықты ең алғаш табыстырған
Ақ көгершін құсадан қайғырады.
Қырық қыз қайтты еліне қара киіп,
Олар үшін Айша еді дара, биік.
Баба Әженің қанында мол қасірет,
Тамырында қайғы боп барады ұйып.
Қара түн.
Жұлдыз ақты тіліп көкті,
Жер бетінен аққуды іліп кетті.
Жұмақ гүлі,
Мәңгілік ару Айша,
Мәңгілікке ғайыпқа сіңіп кетті...
Қырық қыз Айша бибіні жоқтап, сыңсып, жоқтау айта бастады. Қырық қыздың қасіретті көз жасынан Қаратаудың қара тасы да күйіп кетті...
Тараздың іргесіндегі Айша бибі қабірінде Қарахан бүгін үшінші күн аза тұтып отыр. Айшаның жарық дүниеден мезгілсіз қайтқанына үш күн болған...
Осы үш күннің ішінде оның көз алдынан бәрі де қуанышы мен өкініші аралас күйде өте шықты. Қарахан орнынан тұрып, шаһарға бет алуға ыңғайланды. Енді Иранның Тебриз шаһарынан шеберлер алдырып, он сегіз түрлі өрнек салдырып, Айша бибіге кесене орнатпақ. Одан кейін, ел аралап, жер аралап, өзін тақуалыққа, ілім жолына бағыштамақ ниетте. Далада сағым көшіп барады. Мәңгілік сағыныш, сағым...




