Сол себепті қыз баланы бетінен қақпай, қонақ санап, аялап, сонымен қатар әр нәрсенің өз орны барын түсіндіре отырып тәрбиелеп, өсірген. Көргенді ата-ананың ұлағатты тәрбиесін алған қыз баланың артынан жаман сөз ермеген.
Міне, бағзы дәуірден бастау алатын осы сабақтастық бүгін қалай жалғасын табуда? Осы орайда біз «Дәстүрлі қыз тәрбиесі қандай?» деген сауалға жауап алу үшін профессор, педагогика ғылымдарының докторы, Тараз қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекованы әңгімеге тартқан едік.
– Менің бұл тақырыпты тереңдете зерттеп жүргеніме отыз жылдан астам уақыт болыпты. 1995 жылы қыздар тәрбиесіне қатысты мақала жазып, қалам тербеуім осындай үлкен ғылым жолына алып келді. Қыз тәрбиесінде халқымыз – күш көрсету, қорқыту тәсілдерінен бойды аулақ ұстап, оларды мәпелеу, иландыру, сендіру әдістеріне, үлгі-өнеге көрсетуге ерекше мән берген. Қазақ отбасының маңызды қызметтерінің бірі – тәрбие болған. Ата-ананың міндеті – жас ұрпаққа аға ұрпақтың әдет-ғұрпын, адамшылық, адамгершілік, инабаттылық, сыйлау қасиеттерін сіңіру. Әсіресе қазақ отбасында басқа ұлттарға қарағанда қыз бала тәрбиесі ерекше орын алады. Қазақта ұлға ауыр жұмыстарды, яғни сырттағы шаруаларды атқару міндет болса, ал қыз балаға үй ішіндегі істермен айналысу жүктелген. Осы істердің барлығын қызға ерте жасынан үйретіп отырған. Қазақ халқы бойжеткен қыздың киім киісіне де айрықша көңіл бөлген. Мысалы, «Адам көркі – шүберек, ағаш көркі – жапырақ» деп қыз балаларға білезік, шашбау, шолпы сияқты әшекейлерді тақтырған. Қыз баланың көркіне оның ақыл-ойы және мінез-құлқы сай болуын қалаған. «Қызға қырық үйден тыйым» дейтін ұлағатты ұстаным бар. «Қыздың жолы – жіңішке» деген тәмсіл де үлкен тағылыммен ұштасып жатыр. Қыз баланың абыройын теңдесі жоқ бағалы дүниеге балаған халқымыз оны көздің қарашығындай қорғаған. Асыл қазынасын сұқ көзден сақтаған. Халқымыздың осындай бағалы бағыт-бағдарын болашақ ұрпаққа жеткізу, олардың зердесіне дарыту ата-аналар мен ұстаздардың еншісінде. Себебі қыз тәрбиесі – баршамызға ортақ. Қыз тәрбиесіне қатысты ежелден келе жатқан халықтық ұстанымның бірі – өсиет айту және сөз арқылы оның көзін жеткізе отырып, сенімін арттыру. Бұл әдіс қазақ халқының мақал-мәтелдерінен, шешендік, нақыл сөздерінен, ырым-тыйымдардан айқын көрініс тапқан. Ырымдар мен тыйым салу сөздері қыз баланы ағаттық жасаудан, түрлі қауіп қатерден сақтандырып, адамгершілікке, кішіпейілділікке, имандылыққа жетелейді, – деді ол.
Қыз, ару, кестетігер деген сөздерді естігенде исі қазақтың ойына Қыз Жібек, Баян Сұлу сынды арулар мен Домалақ, Ұлпан, Ұлжан аналар, сонымен бірге Зере, Қызтумас сынды дана әжелер оралады. Оған қоса қан майданда қаһарман атанған Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, тәуелсіздік үшін құрбан болған Ләззат Асанова, Сәбира Мұхаммеджанова сынды арулар да ұлт мақтанышы. Ал бүгінгі күні спортта, шығармашылықта ел абыройын асқақтатып жүрген бұрымдылар да баршылық. Мәселен, 2025 жылы Аруна Жангелдина Ислам ынтымақтастығы ойындарында Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медалді салған спорт саңлағы. Ол 78 келіге дейінгі салмақта топ жарды.
Дейтұрғанмен қыз тәрбиесі қай уақытта да өзекті тақырып болып қала береді. Себебі қыз тәрбиесі тұтас ұлт тәрбиесіне әсер етеді. Сондықтан арулардың қылығы қоғам үшін аса маңызды. Осы тұста біз Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамарға хабарласып, пікірін білуді жөн санадық. Ол қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі екенін алға тарта отырып, тақырып аясында салмақты ой бөлісті.
– Қыз тәрбиесі бір отбасының емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі. Өйткені тәрбиелі қыз – ертеңгі саналы ана, ұлттың тәрбиешісі. Қазақ дана ғой. Бұл нәрсенің бәрін ертеден біліп, бала тәрбиесінде қыз балаға ерекше мән бергені де содан. Бұл дегеніміз «ұлдарды босаңсытып, қыздарды құлдай ету» деген сөз емес. Керісінше ұлының да, қызының да еркіндігін шектемеген. Тек еркіндік деген есіру емес екенін ұқтырды. Өмірдің балансын ұстап тұру үшін қыздың да, ұлдың да өз орны барын ұқтырып, тәрбие нормаларын өз тұрмысының дағдысына айналдырған еді. Бүгінгі қоғамда заман өзгергенімен, құндылықтың түп-тамыры өзгермеуі керек деп ойлаймын. Қыз баланың білімді, еркін ойлы болуы уақыт талабы. Бірақ сол еркіндік ибамен, парасатпен, ұлттық болмыспен үйлескенде ғана толыққанды тұлға қалыптасады.Дәстүр өткеннің сарқыншағы емес, ол – ұлттың иммунитеті. Қыз тәрбиесіндегі қазақы ғұрыптар – қазіргі жаһандану дәуірінде рухани бағдаршам. «Заман, заман...» деп бөгде қылықтарды бойымызға сіңіріп алдық. Әсіресе қыздарымыз көп еліктейді. Өткен ғасырдың соңынан басталған бұл үрдістер бүгінде тіпті түрленіп кетті. Кей қыздардың бойында жарасымсыз дарақылық пайда болды. Ер баланың мойнына өзі асылып, қарқылдап күлуді шығарды. Бұл қылықтар қазақы тәрбие емес, жалпы адамгершілік тәрбиесінен сыртқары кеткен дүние. Рухани өзектің жоқтығынан өзіне назар аударта алмай жүрген адамның қылығы деген жөн шығар. Бір өкініштісі, ол – адасу. Оны талайдың сынған тағдыры көрсетіп-ақ берді ғой. Ол адасудан кері шыққандары – бірлі-жарым. Оның өзінде отбасынан алған рухани өзектің бүр жарып шығуынан дер едім. Сондықтан қыз тәрбиесінде дәстүр мен заманауи талапты ұштастыра отырып, ұрпағымыздың діңгегін мықтылау – бүгінгі буынның басты міндеті, – дейді Н.Қожамар.
Расында да бүгінде әлеуметтік желіге аңсары ауған, жаңашылдыққа жаны құмар бұрымдылар аз емес. Еуропаша киініп, шығысша боянып-сыланатыны да бар. Тіпті түнгі клубқа бару мен қысқа белдемше кию, оған қоса жұрт алдында қымсынбай шылым тұтату да қалыпты жағдайға айналғандай. Көшеде би билеп, «Tik-Tok» желісіне видео түсіріп жүрген қыздардың қылығы әлемнің көз алдында. Дегенмен қоғам ішінде де заман ағымына сай бой түзегенімен, ұлттық болмысты, тәрбиені сақтап жүрген арулар да аз емес. Мақаланы жазу барысында жастардың ойын білмекке М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Жаратылыстану ғылымдары» факультеті, «Тарих мұғалімдерін даярлау» мамандығының 3-курс студенті Әсел Тоқпановамен сөйлескен едік. Білімгер ару заман мен дәстүрді өзара байланыстырып, теңгерімді сақтау маңызды дейді.
– Қыз тәрбиесі қазақ қоғамында әрқашан ерекше мәнге ие болған. «Қыз – ұлттың айнасы» деген түсінік бекер айтылмаған. Дәстүрлі ортада бұрымдыны ибалы, инабатты, үлкенге құрметті, кішіге ізетті етіп тәрбиелеу басты ұстаным болды. Отбасылық жауапкершілік, ар-намыс, әдеп сақтау негізгі құндылықтар саналды. Алайда бүгінде қоғам өзгерді. Бойжеткен тек отбасының болашақ ұйытқысы ғана емес, сонымен қатар білімді маман, көшбасшы, қоғам белсендісі бола алады. Қазіргі көзқарас бойынша қыз тәрбиесі тек шектеу мен тыйымдарға емес, саналы таңдау жасауға, өзін-өзі дамытуға, білім мен кәсіби өсуге бағытталуы тиіс. Бүгінгі таңда ең дұрыс жол – дәстүр мен заманауилықтың тепе-теңдігін сақтау. Бұрымдыларға ұлттық тәрбие беру – оның болашағын шектеу емес, керісінше рухани тірек қалыптастыру. Бірақ сол тәрбие қыздың білім алуына, кәсіби дамуына, өз пікірін ашық айтуына кедергі болмауы керек. Қорытындылай келе, қыз тәрбиесі – тек қызға қойылатын талап емес, бұл бүкіл қоғамның мәдени деңгейінің көрсеткіші. Егер біз тәрбиені құр тыйым емес, саналы құндылық ретінде берсек, онда дәстүр де сақталады, даму да тоқтамайды, – деді ол.
Қазақта «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Ертең ана атанып, бесік тербететін қыздарымызды дәл қазірден бастап жөнге салмасақ, «қолымызды мезгілінен кеш сермейтініміз» ақиқат. Өйткені келешек тірегі жас ұрпақты дүниеге әкелетін де, тәлім-тәрбие беретін де осы қыз бала. Қыз –тұтас бір ұлттың ар-намысы. Өзге елдің алдында ар-намысымыз аяққа тапталмаса дейміз.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ



