Хамит Ерболатұлы Тұрар Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылында дүниеге келген. 2008 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы бағдарламасы бойынша «Жалын» баспасынан «Ағаштың бүрі» атты тұңғыш өлеңдер жинағы шыққан. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Алтын тобылғы» байқауының «Жылдың үздік поэзиясы» номинациясының жеңімпазы.
Хамит Ерболатұлының есімі бұл күнде әдеби ортаға ғана емес, жалпы ел ішінде жақсы таныс. Ол өлең өлкесіне өзіндік өрнек, соны серпін ала келген, тың тақырыптарымен дараланған ізденімпаз қаламгер. Жыр әлемінде жаңаша бағыт қалыптастырып, терең ойлы туындыларымен ерекшеленген ақын әдебиеттің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген шығармашыл жан.
«Өлең мен өмір» тақырыбында өткен кеш ұлттық әдебиетімізді ұлықтауды, рухани құндылықтарды дәріптеуді көздеді. Кеш барысында поэзияның адам жанына сәуле құяр құдіреті кеңінен насихатталды. Қатысушылар көркем сөздің қадір-қасиетін тереңірек ұғынып, ұлттық әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырды.
– Әдеби кештің әр сәті мазмұнды ой мен тағылымды пікірге өріліп, рухани байлықтың мәйегіне айналды. Жыр оқылып, сыр толғанып, жүректерге ізгілік нұры себілді. Осындай өнегелі шаралар арқылы жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтар дәні егілетіні анық. Кездесуге қатысушылар рухани толғанысқа бөленіп, әдебиеттің өмірмен өзектес екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді. Әсерлі әңгіме мен жүрекжарды жырлар жас буынның қиялына қанат бітірді. Ұстаздар мен шәкірттердің арасындағы рухани сабақтастық нығая түсті. Мұндай тағылымды кездесулер ұлт әдебиетінің мерейін өсіріп, сөз өнеріне деген құрметті еселей беретіні сөзсіз, – деді №62 мектептің директоры Мәулен Жаппасбаев.
Өлеңдері испан, әзербайжан, түрік тілдеріне аударылған ақын жас буынды кітаппен дос болуға шақырды. Өз кезегінде кеш иесі де оқушыларға жылы лебізін білдіріп, шығармашылығынан өлең оқып беріп, жастардың сүйіспеншілігіне бөленді.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығы арта түскені байқалды. Кеш соңында жас оқырмандар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, еркін пікір алмасты.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ




