Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаңа көлік міну жағдайыңа байланысты

Жаңа көлік міну жағдайыңа байланысты
Автор
Жүргізушінің тақымдағаны – көкшіл түсті, көз сүйсінер «Chevrolet Cobalt». Сол жолы жаздың ми қайнатар ыстығында иен даланы қара жолмен қақ жарып келе жатқан тек біз ғана секілдіміз. Не соңымызда, не қарсы беттен әзірге бір көлік кездескен жоқ. Айнала тегіс сары реңкке боялған. Көз жетер жерде иіріліп бір отар мал жусап жатыр. Мына көліктің салқындатқышының арқасында даладағы адамды азапқа салар аптап ыстық көліктегі бізге түк те сезілмейді. Діттеген жерге жетуіміз үшін әлі бір-екі сағаттық жолды артқа тастауымыз керек.

Көлік ішіндегі үш-төрт адам әрнені бір әңгіме етіп келе жатқанбыз. Бір кезде жолаушының бірі шопырымыздың көлігін, өзінің техниканы бипаздап ұстайтын қасиетін мақтай ала жөнелмесі бар ма? Сол кезде: «Әншейінде ел экономикасы жылдан-жылға дамып келеді деп күшенеміз ғой. Алайда күнін әрең көріп отырғандар ел ішінде аз емес. Қарапайым халықтың тұрмыс жағдайы керемет емес екенін олардың мініп жүрген көлігінен-ақ аңғаруға болады. Қазір несиесі жоқ адамды кездестіру қиын. Бірі үйін несиеге алса, бірі жиһазын жаңартқан, тіпті күнделікті ас-суын да ірі сауда орталықтарынан «Kaspi Red»-пен алып жүргендер бар. Ал су жаңа темір тұлпар тізгіндегендердің дені көлікті кемі бес-он жылға несиеге алған. Мен де мына көлікті несиеге алдым», – деп сөз бастады әлгі жігіт.

Оның аталған темір тұлпарды тізгіндегеніне екі жыл болыпты. Айтуынша, сол уақыттан бері ішіп-жемнен, киім-кешектен әбден тарыққан. Әйелі екеуі бар тапқанын құрап, ай сайын 210 мың теңгені бала-шағаның аузынан жырып, банкке несиесін өтеу үшін құяды екен. Елмен де араласудан қалған, той-томалақтан мүмкіндігінше бас тартқан. Туған бауырларының арасында «Елмен араласуды қойдың, астыңда қымбат көлігің бола тұра, біз өтінгенде барар жерімізге іні болып апарып келуге жарамадың, «байыған сайын сараң болып кеттің» деп реніш білдіргендері де болыпты.

– Мені елдер, тіпті бірге туғандарым бай деп ойлайды, ауыздарына май. Мұны несиеге алғанымды білсе де, кейбірі «Оны да шамасы келгендер алады, бізде ескі-құсқы көлік те жоқ» деп қынжылады. Жағдайың болса, тәуір тұрмыс кешкенге не жетсін? Ал несиеге күн кешсек, мұның бір жаман жері кредитті бүгін жапсаң, келесі айының өтейтін күні «зу» етіп жылдам келе қалады. Осының ай сайынғы өтемін жабу үшін қала ішінде күндіз-түні ақыға адам тасимын, арасында таныстарыммен жалданып құрылыс жұмысына да жегілемін, әйтеуір бір тыным жоқ. Осы көліктің несиесінен енді бес жылдан соң ғана құтылады екенмін. Сол кезде де заман осы бетімен кете берсе, мұны сатып, тағы су жаңа көлік ала алмайтыным анық. Себебі ол кезде мұның бағасы түседі. Амал жоқ, тағы жеті жыл мінсем, арғы жағында бұл көлік те зауыттан шыққанына жиырма жыл болған автокөліктердің қатарына барып қосылады екен. Біз өзі қашан айлықтан артылған ақшаны жинап дүние аламыз? Қашан ел ең болмаса жаппай пайызы төмен несиеге көлік, үй алатын жағдайға жетеді? – деп қынжылды ол.

Сөз арасында бізге «Нақты ақшаларың болмаса, ескі көлікпен-ақ жүре беріңдер. Одан да үй алыңдар. Бала-шағаға баспана болады» деп ақыл қосқандай болды.

Сол жолғы әңгіме мені автонесие туралы мақала жазуға итермелеген еді, соның сәті енді түсті.

Рас болса, бүгінде ел аумағындағы жеңіл автокөліктердің 80 пайызының тозығы жеткен. Оның ішінде кейбір облыстардағы жеңіл көліктердің денінің зауыттан шықанына 20-30 жылдан асқан. Әулиеата өңіріндегі жағдай да осыған ұқсас. Облыстағы жеңіл көліктердің нақты қанша пайызы ескі көлік екенін білу үшін облыстық полиция департаменті процессинг орталығының мемлекеттік автоинспекторы, полиция подполковнигі Дулат Құрманалиевпен тілдескен едік. Ол мұндай есеп қазіргі таңда жүргізілмейтінін сөз етті.

– Біз облыстағы автокөліктердің қаншасы ескі, қаншасы жаңа екені жөнінде нақты ештеңе айта алмаймыз. Себебі мұндай мәлімет әзірге қолымызда жоқ. Дегенмен өңірде өткен жылдың желтоқсан айында тіркеуде тұрған 269 мың 455 жеңіл автокөліктің 73 мың 966-сы 2015 жылдан бері елімізде алғаш рет тіркелген көліктер болып саналады. Қазақстанда алғаш рет тіркелгеніне он-ақ жыл болса да олардың қатарында зауыттан жаңа шыққан, автосалоннан сатып алынған, сондай-ақ шетелден әкелінген, оның ішінде ескі көліктер де бар. Мәселен, Ресейден немесе Грузия сияқты елдерден жеткізілген автокөліктердің арасында зауыттан 2012 жылы шыққандары да кездеседі, – деді Д.Құрманалиев.

Осыдан кейін біз Тараздағы бірді-екілі автосалонға бас сұқтық. Мақсатымыз жаңа автокөлік сатып алуды халықтың қалтасы көтере ме, көтермей ме соны білу еді. Ондағы сатушылармен тілдесіп, ұсыныстарын тыңдадық. Несие шарттары қағаз жүзінде қолжетімді көрінгенімен, ай сайынғы төлем қарапайым отбасының қалтасына әлі де ауыр тиетіні байқалды. Менеджерлердің айтуынша, халық жаңа автокөлік алуда қарызданып-қауғаланып болса да мүмкіндігінше тартынып қалмай, ұсыныстарға қызығушылық танытып жатқан көрінеді.

Мысалы, Тәуке хан көшесінде орналасқан «Toyota Service Taraz» автосалонына барғанымызда, ондағы сатушылар бізді клиент екен деп асты-үстімізге түсіп, бәйек болды. Келген шаруамызды алға тартқанда оның директоры Шыңғысхан Төлеген ағынан жарылып, сатылымдағы көліктердің бағасы мен несиеге ұсынылу шарттары туралы кеңінен әңгімелеп берді. Ол мұнда орта есеппен жылына қанша автокөлік сатылатынын айтқанымен, оны «коммерциялық құпия» деп нақты санын жариялауға қарсы болды.

Негізінде бұл автосалонға еуропалық үлгіде құрастырылған автокөліктер Жапониядан тікелей жеткізіледі екен. Онда зауыттан шыққан су жаңа машиналармен  қатар, жүрілген автокөліктер де бар. Пайдаланылған көліктер «Toyota Tested» бағдарламасы аясында тексеріліп, trade-in жүйесі арқылы қабылданады.

– Сырттан кездейсоқ әкелінетін көліктер мұнда қабылданбайды. Талап бойынша көлік зауыттан шыққан, Қазақстанда құрастырылған және пайдаланылғанына он жылдан аспаған болуы шарт. Осындай талап үдесіне сай автокөліктер ғана жүрілген автокөлік ретінде саудаға шығарылады. Жалпы көліктерге 1 жылдан 10 жылға дейінгі мерзім аралығына кепілдік қарастырылған. Сондай-ақ «Toyota Relax» бағдарламасы тұтынушылар үшін тиімді. Аталған ресми сервисті техникалық қызмет көрсетуді тұрақты түрде өткеріп отырған клиенттерге берілетін қосымша кепілдік жүйесі деп айтуға болады. Яғни, көлік иесі регламентке сай қызмет алып тұрса, кепілдік мерзімі белгілі бір талаптарға сәйкес ұзартылып отырады. Техникалық қызмет көрсету кестесіне сәйкес, май ауыстыру бір жылдан кейін немесе 10 мың шақырым жүрген соң жүргізіледі. Көліктердің басым бөлігі «Toyota Finance» қаржы ұйымы арқылы рәсімделеді. Клиенттерге ақыны бөліп төлеу мүмкіндігі де қарастырылған. Мәселен, «Camry 80», «RAV4», «Corolla» секілді автокөліктерге сатып алушы 50 пайыз бастапқы жарна құйса, қаржының қалған 50 пайызын белгілі бір мерзім ішінде пайызсыз төлей алады. Сонымен қатар бізде «Toyota Motors» компаниясы арқылы да қаржыландыру тетіктері қарастырылған. Жеңілдетілген несие жылдық 4 пайызбен 3 жылға дейін беріледі. Көліктердің бағасы моделіне қарай 18 миллион 690 мың теңгеден басталып, 26 миллион теңгеге дейін барады, – деді Шыңғысхан Дәулетбекұлы.

Мұндағы жүрілген көліктердің бағасы шамамен 5 миллион теңгеден басталып, 60 миллион теңгеге дейін барады. Несие 10 пайыз алғашқы жарнамен беріледі. Қаржыландыруды «Банк ЦентрКредит», «MyCar», «Toyota Financial Services Kazakhstan», «Sapa Digital» серіктес қаржы ұйымдары арқылы рәсімдеуге болады. Мерзімі – 7 жылға дейін. Пайызы шамамен 22,7-24,5 пайыз аралығында. Мысалы, мұндағы ең арзан деген жүрілген көлікті 5 миллион теңгеге несиеге алсаңыз, 500 мың теңге алғашқы жарна төлейсіз. Қалған сома 7 жылға бөлінеді. Ай сайынғы төлемі шамамен 110 мың теңгеден айналады. Су жаңа көліктерге қарағанда бұл көліктердің бағасы арзандау, төлемі де қалтаға ыңғайлы. Бірақ несиеден 7 жылда құтылған кезде ол көліктің нарықтағы бағасы төмендейтінін және ескі көліктердің қатарында болатынын ескерген жөн.

«Doscar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Тараздағы автосалонында «Kia», «JAC», «Hongqi», «Chevrolet» секілді маркалы автокөліктердің бірнеше моделі саудаланады екен. Менеджерлердің бізбен тілдесуге мұршасы болмағандықтан, «Kia» автокөлігін саудалайтын бөлімнің сатушы-кеңесшісі Тұрар Жеңіспен әзер дегенде аз-кем тілдесудің сәті түсті. Ол айына 40 «Kia» автокөлігі сатылатынын сөз етті. Қозғалтқышының көлемі 1,5-3,5 литр аралығында. Оның ішінде елдің таңдауы шағын-орта өлшемді «Kia Sportage» кроссоверіне, седан «Kia Cerato», отбасылық ірі кроссовер «Kia Sorento» автокөлігіне түсетін көрінеді. Көліктердің бағасы моделіне қарай 12 миллион 490 мың теңге мен 28 миллион 190 мың теңге аралығында. Өзіндік шарттарына байланысты 12 миллион 490 мың теңгенің автокөлігі жеңілдікпен ұсынылғанда оның бағасы 10 миллион теңгеге дейін түседі екен. Бұл жағын бізге осы серіктестіктің аталған автосалонындағы несиені сақтандыру бөлімінің менеджері Нұрлыбек Әлиев түсіндірді.

– 18-19 миллион теңгенің автокөлігіне жеңілдік болған кезде оның пайыздық ставкасы 22-ден басталады. Алдын ала 10 пайыз жарна құйғанда, несиені жеті жылда қайтарса, клиент негізгі бағаға 10 миллион теңгедей үстінен қосып қайтарады. Тұтынушы айына 300-350 мың теңге төлеп отырады. Ал осы авттомобиль жеңілдіксіз 17-18 пайызбен берілсе, үстінен қосып қайтаратын қаржы 2-3 миллион теңгеге дейін дейін азаяды. Автокөліктер 1 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Негізінде көліктің пайыздық ставкасы оның моделіне қарай түсе береді. Барлығы да Қазақстанда құрастырылған, ескі көліктер жоқ. Сонымен қатар «Doscar»-дың автосалонында автокөлікті толық қорғау үшін «КАСКО» сақтандыру бағдарламалары ұсынылуда. Негізі әр көліктің өзіне арнайы бағдарлама бар. Мысалы, бір модель үшін Basel бағдарламасы, басқа модельдер үшін тағы басқа серіктес сақтандыру компаниялары қызмет ұсынады. Бұл пакет апат болғанда, көліктің сырты зақымданып немесе басқа да жағдайлар орын алғанда қаржылық қолдауды пайдалануға септігін тигізеді,– деді Н.Алиев.

«Hyundai Auto Taraz» диллерлік орталығына барғанымызда «Hyundai Tucson» кроссоверін айналсоқтап жүрген екі жігітті сөзге тарттық. Өзін Қуаныш Әуезбек деп таныстырған жігіт ағасы қасындағы қайнысына көлік іздеп жүргенін сөз етті. Айтуынша, «Hyundai Tucson» моделінің өзі бірнеше нұсқада ұсынылуда. Бірінің қозғалтқыы – 2.0 MPI, яғни 150 аттың күшіне татыса, тағы бірі (2.5 GDI) 190 аттың күшіне тең. Жетегі бойынша бірі 2WD, екіншісі 4WD болып бөлінген. Сонымен қатар «Classic», «Comfort», «Travel», «Prime», «Prime N Line» және «Luxe» жинақтамаларымен (комплектация) ұсынылып жатыр екен. Бағасы мен мүмкіндігі осы жинақтамаларға және шыққан жылына қарай өзгеретін көрінеді. 2025 және 2026 жылғы нұсқаларына қарастырылған науқан бүгінде аяқталып кеткенге ұқсайды.

– Қазір қай автосалонда қандай көлік, нендей жеңілдікпен беріліп жатқанын менеджерден артық біліп алдық. Өзіме жаңа көлік іздеп, осыдан бір ай бұрын Тараздағы барлық автосалондарды аралап шыққанмын. Негізінде астымда «Toyota Carina Е» модельді ескі автокөлігім болған, оның жүруінен тұруы көп болып кетті. Оған қоса аралас-құралас таныстардың барлығы тәуір көлік міне бастады, бір жерге ескі көлікпен барғанға ұялатын болдық. Осыдан кейін қабырғаммен кеңесе келе жаңа көлік алуға бекіндім. Алайда ұзақ ойлануымызға тура келді. Мәселен, Тәуке хан көшесінің бойында «Keruen Auto» деген салон бар, ол жерде негізінде қытай автомобильдері сатылады екен. Бірқатар эксперттермен сөйлесіп едік, олар қытайдың өнімін сипаттауда сенімсіздік байқатты. Бағалары да арзан емес. Мысалы, «Changan X5» автомобилі осыдан бір ай бұрын 9 миллион теңге деп тұрды. Менеджерлер егер ескі автокөлігімді осы орталыққа өткізсем, 8 миллион теңгеге несие шартын жасасуға мүмкіндік берілетінін айтты. Бірақ мен сенімдірек қой деп ресми дилер саналатын «Hyundai Auto Taraz» орталығынан көлік алуды жөн көрдім. Ол жерде көліктердің түр-түрі бар, соған сай бағалары да әралуан. Сол кезде көліктің «Hyundai Tucson» моделін банк 13 пайыз жеңілдікпен несиеге беріп жатты. Бұл автокөліктің қозғалтқыш көлемі 2 литр, өзі зауыттан 2025 жылы шыққан, әрі «Prime» комплектациясымен ұсынылып жатты. Қалған көліктер стандартты мөлшер, яғни 25 пайыз еді. Оның несиесін бірге-бір қайтарасың, ал мен 19 миллион 600 мың теңге тұратын аталған «Hyundai Tucson»-ды 13 пайызбен 7 жылға рәсімдедім. Алғашқы жарнаға 2 миллион теңге құйдым. Қазір ай сайын 321 мың теңге төлеп жатырмын. Мұның ішіне 5 мәрте техникалық қызметті тегін көрсету қоса кірген. Алдағы уақытта автокөлік мың шақырым жол жүрген сайын май-суын ауыстыру секілді техникалық қызметті тегін пайдаланатын боламын. Мұның кепілі сол. Егер осы көлікке дабыл қондырғысын (сигнализация) қою немесе алдына радиаторды қорғайтын тор орнату секілді қосымша қызметтер керек болса, олар ақылы түрде көрсетіледі. Қазір мұнда сатып алған көлігіңе дабыл қондырғысы, дыбысты оқшаулау (шумоизоляция), қорғаныш қаптамасы (бронепленка), радиатор алдына тор және картер қорғанышын орнату қызметтеріне акция жүріп жатыр. Дабыл қондырғысын қазір 110 000 теңгеге орнатуға болады, бұрын оның бағасы 180-175 000 теңге болған. Бұл бағаға «StarLine E97» дабыл қондырғысын орнатып беру мен жұмысы қоса кіреді және 1 жыл кепілдігі бар. Дыбысты оқшаулау бұрын 450 000 теңге еді, қазір 300 000 теңгеге түсіпті. Көлік алғалы мұндағы мамандар осы секілді акцияны пайдалануыма болатыны жөнінде хабарласып тұрады, ол жағын енді болашақта ойластырамыз. Жаңа көлігіме қайным қызығушылық танытқан соң, осы көлік түрін несиеге алуға келсек, науқан бітіп кетіпті, бағасы да қымбаттаған. Енді не істерімізді білмей тұрмыз. «Үйдегі сауданы базардағы нарық бұзады» деген осы, – деді ол.

Жалпы ел ішінде екінің бірінің көлікті нақты ақша тұрмақ, несиеге сатып алуына жағдайы келе бермейді. Себебі көлік қымбат, несие үшін алғашқы жарнаны табу, ай сайын қомақты ақша төлеп отыру оңай шаруа емес. Ал халықты ескі көліктен арылтуға автолизинг бағдарламасы тиімді құрал болуы мүмкін. Былтыр ҚР Сауда министрлігі қазақстандықтарға автокөлікті лизингке алуға мүмкіндік беретін ішкі сауда ережелеріне түзетулер дайындағаны белгілі. Бұдан бөлек, автолизингтің үлгі шартын бекіту қолға алынған болатын. Негізінде осы арқылы азаматтар автокөлікті лизингке алып, кейін оны сатып алу немесе кері қайтару мүмкіндігіне ие бола алатынын айта кетуіміз керек. Мысалы, автонесиеде көліктің иелігі бірден сатып алушыға өтсе, ал автолизингте меншік құқығы бастапқыда лизинг берушіде қалады. Клиент шарт бойынша төлемдерін толық орындаған соң ғана автокөлік меншікке өтеді. Сондықтан бастапқы жарна автонесиеге қарағанда аз мөлшерде болады. Пайыздық мөлшерлеме де автонесиеден төмен болады. Қаржылық жүктеменің жеңілдетілуі халыққа автокөлік алуды қолжетімді ететіні анық. Бір айта кетер жайт, Сауда және интеграция министрлігі былтыр қараша айында 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда азаматтарға арналған автолизинг бағдарламасы іске қосылатынын ресми түрде мәлімдеген болатын. Сол кезден бастап жұртшылықты жеке тұлғаларға автолизинг беру мүмкіндігінің кеңейтілуі қызықтырғаны даусыз. Алайда одан бері 2026 жылдың үшінші айына аяқ бастық. Сондықтан біз өз тарапымыздан Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бұл бағдарламаның нақты қашан жүзеге асырылатыны, көлік лизингке қандай шарттармен берілетіні секілді сұрақтарға жауап алу үшін арнайы хат жолдаған едік. Жолданымымызға тиісті министрліктің Өнеркәсіп комитетінен жауапхат келді. Аталған жауапхатта: «2025 жылғы 10 қарашада Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің № 318-НҚ бұйрығымен Ішкі сауда қағидаларына өзгерістер енгізіліп, жаңа автокөлік құралдарын жеке тұлғаларға лизингке беру мүмкіндігі көзделді.

2025 жылғы 1 желтоқсанда жеке тұлғаға автокөлікті лизингке беру бойынша алғашқы мәміле жасалды. Бренд ұстаушының қолдауын ескере отырып, мәміле шарттары бастапқы жарнаның 10 пайыз мөлшерін, лизинг мерзімінің кемінде 3 жыл болуын және «KIA» мен «Forte Leasing» дистрибуциясының арнайы серіктестік бағдарламасы аясында сыйақы мөлшерлемесінің 15 пайыз деңгейін көздеді.

Сонымен қатар лизинг бойынша сыйақы сомасы лизинг нысанының құнынан жылына 36 пайыздан аспайды. Лизинг шарттары әрбір клиентке жеке дара қарастырылады.

Жеке тұлғаларға арналған автолизинг тетігі іске қосылды. Қазіргі уақытта лизингтік компаниялар өздерінің экономикалық мүдделерін, сондай-ақ тұтынушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, шарттар мен ұсыныстарды жұмыс тәртібінде пысықтауда», – делінген.

Жалпы автокөлікті несиеге немесе аталған лизингтік бағдарлама нақты іске қосылғанда оны осы тетік арқылы аларда әркім шамасына қарауы қажет. Бұл тетіктер халыққа ыңғайлы, кез келген отбасының таңдауына айналған негізгі құрал іспетті болмайынша оған жоламаған жөн. Ал бұдан басқа таңдаулар болмаса, қаржылық міндеттемелерді өтеуде ауыртпалық туындамайтынына көз жеткізіп, табысты басқаруда сауатты жоспар құра білген абзал. Басқасы-басқа, халық қазір «жүзеге асырылады» деген автолизингтен үлкен үміт күтіп отыр. Осы арқылы жұрт өздерінің тәуір көлік тізгіндеу деңгейінің артатынына сенімді. Лайым солай болсын!

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар