Сайыс жастардың қоғамдық мүлікке деген жауапкершілігін арттыру, азаматтық санасын қалыптастыру және вандализмнің алдын алу мәдениетін дәріптеуге арналды.
Жиын «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаеваның сөзімен ашылды.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің вандализмге қарсы «Барыңды бағала» жобасы аясында бүгін студенттер арасында эссе байқауы өткізілуде. Аталған жоба жыл басынан бері тұрақты түрде жалғасын тауып келеді. Осы уақыт аралығында оқушылар арасында сурет көрмесі ұйымдастырылып, қала аумағындағы ескерткіштер мен тарихи орындарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Байқаудың негізгі мақсаты – жастар арасында вандализмнің алдын алу мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық кеңістікті қорғау идеясын насихаттау. Сондай-ақ жастардың шығармашылық қабілетін дамытып, эссе жазу мәдениетін арттыру да назарымызда болды. Бүгінгі эссе байқауына қаламыздағы төрт-бес колледжден студент ұл-қыздар қатысуда. Оның сегізі мемлекеттік тілде, ал қалған этнос өкілдері орыс тілінде эссе жазуда. Байқау қорытындысы бойынша қатысушыларға тиісті марапаттар табысталады, – деді Мүбарак Қасымқызы.
Сайысқа қатысып бақ сынаған өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждерден іріктелген 21 студент ұсынылған бес тақырыптың бірін таңдап, 60 минут ішінде қазақ немесе орыс тілінде эссе жазды. Үміткерлер өз жұмыстарында қоғамдық мүлікті қорғау, қоршаған ортаға жанашырлық таныту, ортақ құндылықтарды сақтау мәселелерін кеңінен қозғады.
Қазылар алқасының құрамында Жамбыл политехникалық жоғары колледжі қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагог-зерттеуші Гүлсара Баярисова, №3 мектеп-лицейдің мұғалімі, педагог-зерттеуші Роза Илесова және облыстық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Сара Даузова болды. Қазылар эссе мазмұнының тереңдігіне, ой жүйелілігіне, авторлық ұстанымына, шығармашылық деңгейі мен тіл мәдениетіне мән беріп, жұмыстарды 100 балдық жүйе бойынша бағалады.
Байқау нәтижесінде I орын Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттері Гүлім Асылбек пен Аня Богославецке бұйырды. II орынды «Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Амира Камалова мен қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Айзат Жұмаділ иеленді. III орын Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенттері Арууа Мырзабек пен Шерхан Искендеровке табысталды.
Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар берілді.
Жиын соңында ҚХА Аналар кеңесінің өкілдері қатысушыларға ізгі тілектерін білдіріп, мұндай мазмұнды шаралар жастардың қоғамдық жауапкершілігін арттырып, ортақ мүлікке жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




