Қайғылы оқиғалар салдарынан адамдар жарақат алып, кей жағдайларда ауыр зардаптардың салдарынан адам өмірі қиылып жатады. Теміржолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бөгде тұлғалардың белгіленбеген жерлерден өтуінің алдын алу мақсатында осы жылдың қаңтар айында «ҚТЖ – Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан бірқатар кешенді профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, теміржол маңында тұратын тұрғындар арасында қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттілігі жөнінде кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Азаматтарға теміржол бойымен жүрудің қауіптілігі, белгіленбеген жерлерден өту салдары және жеке қауіпсіздікті сақтау ережелері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, теміржолға жақын орналасқан білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған арнайы кездесулер өткізіліп, жасөспірімдерге қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған түсіндіру сабақтары ұйымдастырылды. Мұндай кездесулер барысында балаларға теміржол аумағында ойнаудың, рұқсат етілмеген жерден өтудің және пойыз қозғалысына жақындаудың қаншалықты қауіпті екені нақты мысалдар арқылы жеткізілді.
Қоғам назарын қауіпсіздік мәселесіне аудару мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында да түсіндіру материалдары жарияланып, тұрғындарға қауіптілігі жоғары аймақтарға шығудың алдын алу жөнінде ақпараттар ұсынылды. Бұдан бөлек, желілік ішкі істер бөлімдерінің қызметкерлері, әскерилендірілген теміржол күзеті және теміржол саласының мамандарының қатысуымен бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізілді. Рейд барысында тәртіп бұзушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, арнайы жадынамалар таратылды. Теміржол өткелдеріндегі ескерту белгілері жаңартылып, көрнекі ақпараттардың сапасы күшейтілді.
Жазатайым оқиғаларды тергеу нәтижелері көрсеткендей, теміржол аумағында жарақат алу жағдайларының негізгі себептері – азаматтардың қауіпсіздік талаптарына немқұрайды қарауы. Әсіресе алкогольдік ішімдік тұтынған күйде теміржолға шығу, вагондардың астынан өтуге әрекет жасау, сондай-ақ жүріп келе жатқан пойыздың алдынан жүгіріп өту секілді өрескел әрекеттер қайғылы жағдайларға алып келуде.
Былтыр өңірімізде бөгде адамдардың қатысуымен 5 жазатайым оқиға тіркеліп, оның 3 жағдайы қайғылы аяқталған. Сонымен қатар теміржол өткелдерінде 5 жол-көлік оқиғасы орын алған. Бұл көрсеткіштер теміржол аумағында қауіпсіздік талаптарын сақтамаудың әлі де өзекті мәселе екенін аңғартады.
Көп жағдайда қайғылы жағдайлар азаматтардың теміржолды белгіленбеген жерлерден кесіп өтуі немесе жүріп келе жатқан пойыздың алдынан жүгіріп өтуге әрекет жасауынан туындайды. Алайда пойыздың салмағы мен қозғалыс жылдамдығын ескерсек, оның бірден тоқтауы мүмкін еместігін әр адам жете түсінуі тиіс.
Теміржолдан өту кезінде тек арнайы белгіленген өтпе көпірлерін, жаяу жүргіншілерге арналған төсеніштер мен теміржол өткелдерін пайдалану қажет. Ескерту белгілеріне мұқият назар аударып, берілген дыбыстық және жарық сигналдарын міндетті түрде орындау – қауіпсіздіктің басты талабы. Бұл талаптар жай ғана ереже емес, адам өмірін сақтауға бағытталған маңызды шаралар екенін ұмытпаған жөн. Қауіпті аумақта вагондардың үстіне шығуға, баспалдақтарына, өтпе алаңшаларына немесе тамбурларына мініп жүруге үзілді-кесілді тыйым салынады. Сондай-ақ вагондардың астынан өту, қозғалыстағы пойызға міну немесе одан түсу әрекеттері аса қауіпті әрі ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Осындай бейқам әрекеттердің соңы көп жағдайда орны толмас өкінішке ұласып жатады.
Мұнда электр тоғынан зардап шегу қаупі де өте жоғары. Вагондардың төбесіне көтерілу, түйіспе желілерінің үзілген немесе салбырап тұрған сымдарына жақындау адам өміріне тікелей қауіп төндіреді. Мамандардың ескертуінше, үзілген электр сымдарына кемінде 10 метрден жақындаудың өзі адамды тоқ соғу қаупіне ұшыратады. Сондықтан теміржол аумағында әрбір азамат барынша мұқият болып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы қажет. Абайсыздық пен бір сәттік немқұрайдылық адам тағдырына әсер ететінін естен шығармаған жөн.
Теміржол – асығыстық пен абайсыздықты кешірмейтін аймақ. Сондықтан әрбір азамат өз өмірінің қауіпсіздігі ең алдымен жеке жауапкершілікке байланысты екенін ұмытпауы қажет. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы адам өз өмірін ғана емес, айналасындағы адамдардың амандығын да қамтамасыз етеді. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын сақтау – ортақ міндет әрі адам өмірін сақтаудың ең сенімді жолы.
Дархан ЕСЕНҒАЛИ,
«Қазақстан теміржолы – Жүк тасымалы» ЖШС филиалы
«ЖТ Жамбыл бөлімшесі» Тараз стансасының бастығы




