Кеш барысында мерейтой иесінің шығармашылық жолы кеңінен таныстырылды. Әдеби кешке арнайы келген қонақтар қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның Құрметті журналисі Асқарбек Сейілхан, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамар, №3 мектеп-лицей директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Мира Аханқызы болды.
Сонымен қатар «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали Меруерт Өтекешованың қазақ руханияты мен өнеріндегі айрықша орнына тоқталды.
– Қазақ өнерінің інжу-маржаны, сұлулық пен нәзіктіктің символына айналған Меруерт Өтекешова – ұлттық кино өнерінде өшпес із қалдырған дара тұлға. Ол қазақ халқының рухани қазынасын байытуға зор үлес қосып, көрермен жүрегінен ерекше орын алған актриса. Өнер жолындағы шоқтығы биік туындысы – «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек бейнесі. Бұл рөл арқылы Меруерт Өтекешова қазақ қызының көркі мен ақылын, ибасы мен парасатын, ішкі жандүниесінің тазалығын шынайы әрі әсерлі жеткізе білді. Актрисаның сахналық мәдениеті, табиғи таланты мен көркем бейне жасаудағы шеберлігі аталмыш фильмді ұлттық классика деңгейіне көтерді. Ол – қазақ әйелінің асыл болмысын айшықтаған, ұлттық болмысты әлемге танытқан өнер иесі. Сұлулық пен парасатты, талант пен тектілікті тоғыстырған Меруерт Өтекешованың есімі қазақ мәдениетінің алтын қорында мәңгі сақталады,– деді орталық директоры.
Іс-шарада «Ерке сылқым» хореографиялық үйірмесінің өнерпаздары «Кербез қыздар» биін биледі. Сонымен қатар Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның жұлдызды жұбы, отбасылық дуэт Дулат пен Мейірім «Сен керексің» әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Ал облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының үйірме жетекшісі Сәрсенбай Абылқайыр фильмдегі Шегенің «Жекпе-жек» күйін шеберлікпен орындап, күй өнерінің құдіретін паш етті.
Сондай-ақ Төле би атындағы №8 гимназияның оқушысы Қонысбай Даниял Мұқағали Мақатаевтың «Анашым» өлеңін оқып, Сұлтанхан Даниял ән орындады.
Сымбат ҚУАНЫШ




