Жиынға облыстық іскер әйелдер қауымдастығы жастар қанатының басшысы, «Respublica» партиясы облыстық филиалының төрайымы Айнұр Келімбетова модераторлық етті. Іскер әйелдер қауымдастығының қалыптасуы мен дамуы жайлы облыстық ардагерлер кеңесінің аналар алқасының төрайымы, іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Хадиша Оспанова айтып берді.
– Форум жыл сайын өтеді. Біз іскер және жаңадан кәсібін бастаған әйел кәсіпкерлер үшін мазмұнды және пайдалы бағдарламаны ұсындық. Жылдан-жылға форумның аясы кеңейіп, оған жақын және алыс шетелдерден қонақтар, спикерлер қатысып жатыр, – деді Хадиша Аяғанқызы.

Басқосуда өңір-өңірден келген кәсіпкер ханымдар атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Жиында «Әйел – кәсіпкер», «Әйел – саясаткер», «Әйел – іскер» деген ұстанымдар кеңінен қозғалып, нәзікжандылардың қоғам дамуындағы белсенді рөлі айқын көрініс тапты. Қатысушылар әйелдер басқаратын бизнес құрылымдардың ел экономикасының берік тірегіне айналып отырғанын айтты.
Кездесу барысында аудандық филиалдар құру арқылы әйелдер кәсіпкерлігін жүйелі түрде қолдау мәселесі де кеңінен талқыланды.
– Қоғамда әйелдер қауымының рөлі артып келеді. Бұл үрдіс форум барысында ашық айтылды, анық байқалды. Бүгінде облысымызда әйелдер саны 612 мыңнан асады. Яғни, өңір халқының жартысын нәзікжандылар құрайды. Ал бизнесте 45 пайызға жуық аруларымыз жетекшілік етеді. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі экономикада 38 пайызды, ал сауда секторында 49 пайызды құрайды. Керісінше, саудада техникалық және кәсіптік білімі бар жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі 45 пайыз, ал Қазақстанда жалпы – 56 пайызды құрайды, – деп толықтырды спикер, «Білім» секциясының жетекшісі Айман Садықова.

Іс-шара соңында Іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған «Жаңғыру жолы-Startup» әйелдер стартаптары байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ




