Кешке жиналған қауым ең алдымен елге қызмет етіп келе жатқан басылымның өткеніне көз жүгіртіп, оның қоғам өміріндегі маңызын терең сезінді.
Салтанатты кеште алдымен облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын табыстап, газет ұжымына жүрекжарды тілегін жеткізді.
Аймақ басшысының құттықтау хатында: «Құрметті «Jambyl Taraz» газетінің ұжымы! Сіздерді тарих пен шежіреге толы басылымның отыз жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Дәуірмен үндесіп қоғаммен бірге өркендеген бұл басылым қазақ баспасөзінің киелі қара шаңырағының бірі. Отыз жыл ішінде газет өзінің айқын бағыты мен бай мазмұны арқылы өңір өмірінің шежіресіне айналып ақпарат кеңістігінде лайықты орнын таба білді», – делінген.
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова да шаһар басшысының ықыласын білдіріп, шығармашылық ұжымға толағай табыс тіледі.

Басқосуда «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Бекнұр Сатыбалдиев, облыстық «Знамя труда» газетінің бас редакторы Людмила Мельник сөз сөйлеп, баспасөздің қоғамдағы орны жайлы ой бөлісті. Олар газет бетінде жарық көрген әрбір материал ел өмірінің тынысын танытатынын атап өтті.
Кеш барысында басылым тарихынан сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, кітапхана қызметкерлері «Отыз жыл – отыз белес» тарихи шолуын ұсынды. Ардагер журналистер мен зиялы қауым өкілдері естеліктерімен бөлісіп, жас буынға ақ тілегін арнады.
Мерейтой аясында газет тарихы, тәуелсіздік кезеңіндегі еңбегі және жаңа заман талаптарына сай дамуы кеңінен әңгіме болды. Көпшілік қауым үшін бұл кеш өткенді еске алып қана қоймай, сөз қадірін бағалауға үндеген рухани кездесу ретінде есте қалды.
Бүгінгі таңда басылым халық пен билік арасындағы сенімді байланыс орнатып, ел өміріндегі елеулі оқиғаларды оқырманға дер кезінде жеткізіп отыр. Осы жылдар ішінде ол талай буынның сенімді серігіне айналды. «Jambyl Taraz» газетінің ұжымында бүгінде жиырмадан астам қызметкер еңбек етеді. Басылымның таралымы 12 мың данаға жеткен. 2022 жылы редакцияда арнайы SMM тобы құрылып, басылым жаңа белеске қадам басты. Соның нәтижесінде газет дәстүрлі баспа аясымен ғана шектелмей, цифрлық кеңістікке нық енді. Қазіргі таңда ақпарат оқырманға қағаз нұсқамен қатар бейнероликтер арқылы да ұсынылып отыр.
Редакцияның өз «YouTube» арнасы жұмыс істейді. Сонымен бірге бірнеше ақпараттық бағытта қызмет атқаратын топтар құрылып, әлеуметтік желілерде тәулік бойы жаңалық тарату жүйесі жолға қойылған. Жас мамандар шоғырланған бұл орта мәтіндік материалмен қатар бейне форматтағы ақпаратты да жедел әзірлеп, жаңа медианың талаптарына сай жұмыс жүргізуде. Осылайша басылым ақпарат таратуда заманауи тәсілдерді меңгеріп, көпшілікке жедел әрі қолжетімді контент ұсынуды тұрақты үрдіске айналдырды.
Газет сәрсенбі және жұма күндері қос тілде жарық көреді. Ал екі мың жиырма екінші жылы басылымға облыстық баспа мәртебесі беріліп, оның өңірлік ақпарат кеңістігіндегі рөлі айқындала түсті.
Сымбат ҚУАНЫШ




