Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сүйекке біткен болмыс

Сүйекке біткен болмыс
Автор
Ана құрсағы үш бала тапқанымен, Бегасыл әке-шешеден жалғыз ұл. Тегінде, қазақтың жетінші атасы «Тек ата» деп аталғанымен, оның тектілігі жетінші ұрпағының кез келгеніне дари бермейтінін осы Бегасылдың болмыс-бітімі мен пошымынан-ақ аңғаруға болады. Өзінен үлкен екі әпкесінің екеуі де уағында көрші-қолаң, ағайын-туысты «Қыз болсаң, пәленшенің қызындай-ақ бол» дегізіп, оқуда озат болумен қатар, қылықтылығы, кішіпейілдігі, парасат-пайымының арқасында теңін текті жерден тапқан. Барған жерін бақытқа бөлеп, шыққан жерінің абыройын да аспандатқан-ды. Ал негізінде оларды асқан ақыл иесі демесең, аса ажарлы да емес. Әйтпесе екі әпкесі тәрбие алған жерден тәлімді бұл да алған.

Оның бір кездері студент болып оқуды тастап кеткенін айтпағанның өзінде, ата-анаға бала болып бір бақыт сыйлаған емес. Қашан көрсең, жүрген-жері айқай-шу, дау-дамай, бір оңған қылығы жоқ. Шешесі соңғы демі үзілерде келінін шақырып алып, баласын аманаттаған.

– Қарағым, саған өкпем жоқ. Шалымның егде тартқанда көрген жалғызы еді. Көзімнің тірісінде көңілімізді қалдырған жоқсың. Адам болып кетер, көрген қорлығың көрдің азабынан ауыр емес деп ойлаймын. Мені сыйласаң, шыда! – деп, кәрі кеуденің иегі кемсеңдеген.

Содан бері қаншама ауыртпалық бастан өтсе де байлығын «байым мен балам» деп таныған Ақжарқын бәріне шыдап, баз кешіп кетудің аз-ақ алдында жүр. Әкеден қалған мал-мүлікті картаға ұтқызып, айдаладағы ауылда қаңғып қалған бұларды екі әпкесі қалаға екі-үш жыл бұрын көшіріп әкелген.

Алғашқыда Бегасыл ауылдағы еркіндігін аңсап әрі қала мәдениетіне үйренісе алмай анда бір, мұнда бір шапқылап, безек қаққан-ды. Біреулер оны «қала өміріне де еті үйрене бастады» деуі мүмкін. Алайда ол қаланың өзі тұратын аумағын өз өмір салтына бейімдеп әлек болғанын өзгелер қайдан білсін.

Мұнда да ішемін-жеймін, жүремін-тұрамын десең дос-жаран табылады екен. Күйдіргі екені сонша, әр жұмыстың басын бір шалып, ақыр соңында дүкенге сатушы болып орналасқан Ақжарқынның табысына ортақтасқанымен қоймай, арасында 5 балаға төленетін жәрдемақыға таласатынын қайтерсің?! Кейде ішерге ас таппай қалт-құлт етіп отырып, әкесінің баяғыда өзі қолдан үшырып жіберген дәулетімен мақтанып, «ауылдан бекер кеттік» деп лағып кететіні бар. Бір жолы ащы суға сылқия тойып келіп, ішіндегісінің бәрін ақтарған.

– Менің екі әпкемнің анда-санда беріп тұратын ақшасы қайда? Оны саған емес, бауыры болған соң маған берді. Тәп-тәуір дәулетіміз бар еді, сен келгелі ішегіміз бір ағармады. Қашан көрсек, қылдың үстінде отырамыз. Негізі ата-бабамыз «Жақсы әйел еркектің басын төрге сүйрейді, жаман әйел көрге сүйрейді» деп дәл айтқан. Кезінде «Кімнің баласы? Пәленшенің баласы» едім. Сенімен отасқалы қолымда қаржы, басымда қадір, бойымда қажыр қалмады. «Келіннің аяғынан, шопанның таяғынан» деген осы. Қалаға көшу туралы туған-туысымды үгіттеген сен. Не таптың, ал? – деп біршама уақытқа дейін ақиған көзін алартып, не болса соны оттаумен болды.

Сол жолы Ақжарқын түнімен солығын баса алмай шыққан. Ата-енесі алтын адамдар еді, ажырасу туралы ойлап, онысынан өзі шошып кетті.

– Мен осы шаңырақтың табалдырығын Бегасылмен бақытты боламын деп аттадым. Ешкім зорлап қосқан жоқ, өз ықтиярыммен келдім. Мүмкін оның осы күйге душар болуына мен кінәлі шығармын. Отбасын бақытқа жетелейтін басқа әйелдердің бойында бар қарым-қабілет менде шынымен де жоқ шығар. Ертең ел-жұрт не дейді? Орта жолға келгенде екіге айырылып, балаларды тірі жетім етіп, бір отбасының тағдырын тәлкекке ұшыратып қалай жер басып жүремін? – деп өз-өзін қамшылаған.

Бегасылдың бір жақсы жері – әйелге қол жұмсамайтыны. Бірақ салғыласқанда қатыннан бетер. Ақжарқынның төркініндегі кем-кетікке дейін жіпке тізіп, «Менің арқамда адам болып жүрсің» деп көкиді. Әйелінің бас сүйегін ажыратпай-ақ миын жегенін көрген адамның сай-сүйегі сырқырайтыны анық.

Бегасыл қазір бұрынғыға қарағанда сәл-пәл арағын азайтты демесең, қасындағыларды айдап салып, аңғалдарды айтағына ілестіріп, арандатуға дейін апаратын қылығынан жасы елуді алқымдаса да әлі арыла қойған жоқ. Әп-әжептәуір жібектей қатынын жүндей түтіп, жүдеткелі қай заман? Ол жайт бұл отбасын сырттай білетіндерге таңсық емес. Таныстарға қосылып біресе құрылыс, біресе тағы бір жұмыстарды істеуге ниеттенгенімен, оның аяғы ылғи құрдымға кетеді. Тапқанын ішіп, түрлі берекесіздіктен ұқсата алмай келеді. Сол Бегасыл биылғы оразада көптен қалмай ауыз бекітіпті, арағын да қойған деседі. Бірақ осы әңгімені алғаш естігенде оның сырын білетіндер демін ішіне тартқан. Әзірге Алланың аштық пен нәпсіге қатысты сынағынан аман-есен өтті, ал сабыр сақтау деген Бегасылдың сүйегіне әу бастан сіңбеген әдет.

Өткенде мұның ораза тұтқанын естіген үлкен әпкесі жылқының бір жарым жілік етін беріп жіберген. Екінші әпкесі берген ақшаға Ақжарқын азық-түлік алып, оразаның соңғы күнінде бес-алты көршісін ауызашарға шақырды. Ел кеткеннен кейін дастарқан жиналып, ыдыс-аяқ жуылды. Кісі кеткеннен кейін жуынды мен сүйек-саяқты төгуге барған ол бүгін контейнердегі қоқысты ақтарып-төңкеріп жатқан бір қаңғыбасты тағы да көрді. Еркек болған соң Бегасыл бір мезгіл қоқысты төгуді өзіне парыз санайды, біле білгенге бұл да – жігіттік. Алғашқыда ол екі-үш мәрте мұның лақтыра салған целлофан пакетін ақтарып көріп, талғажау ететін түк таппаған. Содан бері қаңғыбас Бегасыл целлофанға алтын орап әкеліп лақтырса да селт етпейтіндей қалыптан айнымай келеді. Осы жолы Бегасыл қолындағы целлофан қалтада күндегіге қарағанда құнарлы тағам қалдығы бар екеніне іштей масаттанды. Өзін мына бейбақтан бір саты жоғары санап, жегені – алдында, жемегені – артында секілді ыңырана жөткірінді.

– Ей, бері кел, – деп жылқының еті ықылық аттырып тұрған Бегасыл қолындағы қалған-құтқан тамақ қалдығы салынған қалтаны әлгі бейбаққа ұстата салды. Содан соң данышпандығы ұстап кетті.

– Қашан көрсем де қоқыс ақтарып жүресің. Түріңе қарасам, «тепсе темір үзетін жігіт» сияқтысың. Күніңді қоқыс ақтарумен өткізгенше, еңбек етіп, адам санатына қосылсаң нетті? Қазір мемлекет қазақстандықтардың кез келгеніне барынша жағдай жасап беріп отыр. Істеймін деген адамға жұмыс көп. Қазақты құртатын осы – масылдық. Ақшасы аз демей, еңбектене білу керек, береке-байлық тек еңбекпен келеді, – деп қалалық жұмыспен қамту бөлімінің бір маманының өзіне айтқан ақылын таңдайында тақылдатып барып әрең тоқтады.

Бегасылды сөйлетіп тұрған бір күнгі тоқтық немесе ораза айының берген әсері емес. Оның бітім-болмысы, парасат деңгейі, сана-сезімі – осы. Бір жақсысы, әлгі қаңғыбас егер Бегасыл отыз күн оразада тыйған жаман әдетін ары қарай да қоя алмаса, оның бұрынғы таз қалпына қайта түсетінін білген жоқ. Өйткені көпшіліктің дені отыз күн оразада өздерін жаман әдеттен тыйып, адамдықтың ауылына аяқ басуға талпынғанымен, бойындағы болмысы, қанға сіңген әдебі мен әрекеті оразадан кейін бұрынғы қалпына қайта түсіреді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар