Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кітапқа құштар ұрпақ – ел болашағы

Кітапқа құштар ұрпақ – ел болашағы
Юрий КИМ
Мектеп олимпиадалары мен сыныптан тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы «Оқуға құштар жүректер» облыстық байқауын ұйымдастырды.

«Жыр мен білімнің қос шыңы: Ыбырай мен Мұқағали» тақырыбын арқау еткен байқау ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығы мен аққиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай өткізілді. Ұйымдастырушылар қос тұлғаның мұрасы арқылы жас ұрпақты білімге, ой тереңдігіне және рухани құндылықтарға баулуды мақсат етті.

Биыл ақпан айында өткен аудандық кезеңнен іріктелген 10 үміткер облыстық кезеңде бақ сынады. Байқау барысында олардың әдебиетке деген қызығушылығы мен шығармашылық қабілеті айқын көрінді.

Ашылу салтанатында облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлдана Серікбаева қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сайыстың «Әдебиетпен өрілген өз әлемім» кезеңінде үміткерлер өздерін таныстырды. Ал «Поэзия мен парасат тұғыры» кезеңінде қатысушылар Ыбырай Алтынсарин мен Мұқағали Мақатаев шығармаларын мәнерлеп оқып, көрермен ықыласына бөленді. «Білім белесі» кезеңінде қатысушылардың білім деңгейі, логикалық ойлауы мен жылдамдығы бағаланды.

Қазылар алқасының құрамында жазушы, журналист Марат Құлибаев, ақын Ғалия Абылай және мектеп директоры Сәбит Кенесариев болды. Олар әр қатысушының өнерін жан-жақты бағалап, шығармашылық ізденісі мен сахна мәдениетіне ерекше мән берді. Әділдік пен нақтылықты басты ұстаным еткен мамандар байқаудың жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосты. Сонымен қатар, олар жас қатысушыларға бағыт-бағдар беріп, әдебиетке деген қызығушылықтарын арттыруға ықпал етті.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Дамира Желеубай жеңіп алды. Бірінші орын Махмет Хидировке бұйырса, екінші орынды Батырхан Боранбек еншіледі. Үшінші орын Инабат Даниярбек пен Сұлужан Анарбекке табысталды. Қалған қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Байқау аясында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, әлеуетін көрсетуге толық мүмкіндік алды.

 

Айдана СӘРСЕНОВА,

М.Х.Дулати атындағы

Тараз университетінің 4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар