Платформа жұмысын бастағалы күні бүгінге дейін шамамен 1,1 мың адам оқудан өткен. Оқуды аяқтаған 4,3 мың жұмыссыз азаматтың ішінде негізінен Шымкент қаласының (1 492 адам), Қарағанды облысының (631 адам), Ақтөбе облысының (427 адам) жастары (16-35 жас аралығындағы) басымдау болған.
Бүгінгі таңда платформада авторлар әртүрлі бағыттар бойынша 568 курс жариялаған. Курстардың 385-і – тегін. Сондай-ақ, одан әрі оқу үшін білім беру алаңдарына ауысу мүмкіндігімен «Fluent Education» және «Яндекс Қазақстан» серіктестерінің курстары бар.
Курстардың ұзақтығы 2-дан 72 сағатқа дейін. 2026 жылдың қаңтар айында сертификаттар «Введение в социальную работу» (172 сертификат), «Профессиональный курс индивидуального помощника для сопровождения лиц с трудностями в передвижении» (758 сертификат), «Кассир» (1 000 сертификат), «Курс по финансовой грамотности» (851 сертификат) курстары бойынша көп беріліпті.
Платформада әлеуметтік қызмет көрсету, басқа да бағыттардағы тегін курстардың саны тұрақты түрде артып келеді. Себебі бұл жүйе халықтың білім деңгейі мен кәсіби біліктілігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға, «өмір бойы білім алу» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Қызметтер нарығының маркетплейс қағидатына сәйкес, онлайн-курстарды жылдам әрі оңай ұсынатын халықаралық білім беру платформаларының үлгісімен құрылған.
Оқуға https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (Enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы қол жеткізуге болады.
Онлайн оқудан өткісі келгендер оқу қарқынын, тілін, материалды ұсыну тәсілін өз бетінше таңдап, оқу барысындағы өзінің деңгейін қадағалай алады. Оқуды аяқтау үшін білім алушы 70 пайыз шекті деңгейден төмен емес нәтижемен тестілеуден өтуге тиіс. Тек курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыны меңгергені туралы сертификат табысталады. Оқуды аяқтаудың міндетті шарты – курсқа баға берумен байланысты. Сертификатты жүктеу кезінде алған дағдыларға сәйкес, бос жұмыс орындарына «Enbek.kz» сайтындағы ұсыныстар қоса беріледі. Қысқасы, сіздің сертификат алғаныңыз туралы ақпарат электрондық еңбек биржасындағы түйіндемеңізде жаңғырып шыға келеді.
«Skills Enbek»-те онлайн-курстарды орналастыру авторлар мен әзірлеушілерге тегін. Сабақтар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қолжетімді. Әрі ақпаратты ұсынудың түрлі форматтарын қамтуға тиіс деген талап та бар. Оның ішінде мәтін, таныстырылымдар, бейне, аудиоматериалдар, инфографика бар. Платформада ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарға интерфейсті бейімдеу мүмкіндігі қарастырылған.
Курс авторлары үшін ыңғайлы сабақ құрастыру, жарияланған курстардың статистикасы мен тиімділігін қарау, сертификаттарды түрлі дизайнда жасау, сондай-ақ оқу құнын алдын ала есептеуге арналған онлайн-калькуляторды қолдану мүмкіндіктері қарастырылған.
2023 жылғы желтоқсаннан бастап курстарды «Enbek» мобильді қосымшасы арқылы да өтуге болады. Қосымшаны «Google Play» және «AppStore» қосымшаларынан жүктеп алуға болады.
«AR-AI»-ақпарат



