Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Инвестиция тарту ісінде іркіліс жоқ

Инвестиция тарту ісінде іркіліс жоқ
Автор
Т.Рысқұлов ауданы бүгінде ілгері қадам басып келеді. Жергілікті жерде нақты нәтижеге бағытталған бастамалар жетерлік, экономиканың әр саласында серпіліс бар. Елді мекендердің еңсесін тіктеуге, жұмыс орындарын көбейтуге ауданда баса мән беріліп отыр. Осындай жүйелі жұмыстар ауданның дамуына оң септігін тигізуде.

КӨРСЕТКІШТЕР КӨҢІЛ КӨНШІТЕДІ

Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің айтуынша, өткен жылдың 11 айының қорытындысымен аудан экономикасының негізгі көрсеткіштерінің басым бөлігінде оң динамика қалыптасыпты. Атап айтсақ, өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 20,1 миллиард теңгеге жетіп, меже артығымен орындалған. Құрылыс жұмыстары да қарқын алып, 10,3 миллиард теңгенің жұмысы атқарылып, нақты өсім 106,3 пайызды көрсеткен. Сонымен қатар ауданда 12 мың 880 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, үй салу көлемі де артқан. Сауда-саттық саласында да қозғалыс бар, яғни бөлшек сауда көлемі 7,9 миллиард теңгеге жетсе, көтерме сауда бір жылда екі еседен аса өсіп, 14,6 миллиард теңгені құрапты.

– Аудан экономикасының негізін қалаушы ауылшаруашылығы бағыты болғандықтан, алдымен осы салаға тоқталып өткенді жөн көріп отырмын. Өткен жылы барлық ауылшаруашылығы дақылдарын шашпай-төкпей, дер кезінде жинап алдық. Күзгі дала жұмыстары бойынша 60 560 гектар жер айдалып, 50 100 гектар күздік бидай себілді. Бұл науқандық жұмысқа барлығы 162 ауылшаруашылығы техникасы тартылды. Негізінде ауданда шаруалардың ауа райына тәуелділігін барынша азайту мақсатында арнайы жоспар құрылып, тиісті жұмыстар сәтімен жүзеге асырылуда. Оның ішінде су үнемдеу технологиясын енгізу бағытында былтыр 2 400 гектар алқап суарылды. Мәселен, 720 гектар алқап жаңбырлатып, 1680 гектары тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы ылғалдандырылды. Ауданда «Қарақыстақ», «Ақназар», «Ботпай», «Ботпай-Сихым», «Қарақат», «Шөңгер», «Көкдөнен», «Көгершін», «Талды-Су», «Тұйық-Төр», «Сұлу-Төр», «Мақпал», «Мамай-Қайыңды», «Қайыңды», «Қазақ», «Жарлысу», «Сарыбұлақ» секілді бас-аяғы 18 канал бар. Олардың жалпы ұзындығы 173,7 шақырым болса, осы арқылы 5 783 гектар суландырылады. Бірақ аталған каналдардың басым көпшілігінің тозығы жеткендіктен күрделі жөндеуді қажет етуде. Абай ауылдық округінде орналасқан «Қарақат» су каналын қайта жаңғыртудың жалпы сметалық құны 1 миллиард теңгені құрап, жұмыс толық аяқталды. Каналға тиесілі суармалы алқап көлемі 150 гектар болған, қайта жаңғыртудан кейін оның көлемі 470 гектарға жетті және «Ауыл аманаты» жобасының бірінші бағыты бойынша 150 аула ағынсумен қамтылатын болады. Сонымен қатар Қарақыстақ, Құлан, Көкдөнен, Өрнек, Тереңөзек ауылдық округтерінен суқоймаларын салуға аудандық бюджет есебінен 73 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжат әзірленіп, сараптамаға жолданды. Қазіргі таңда Тереңөзек ауылдық округінде салынатын суқоймасының жобалық сметалық құны 355,491 миллион теңгені құрап, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қалған 4 суқойма мемлекеттік сараптаманың қарауында жатыр. Осы орайда айта кетер бір жайт, аудан шаруаларына қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында Түркия мемлекетінің «I-Pivot» компаниясы жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайтын су үнемдеу технологияларын, яғни жаңбырлатып және тамшылатып суару қондырғыларын құрастыру зауытын салуды жоспарлап отыр. Бұл аудандағы бұрынғы механикалық жөндеу зауытының базасында осы жылы іске асырылатын болады. Бүгінгі күнге 300 миллион теңгеге қондырғылар жеткізіліп, орнатылды. Алдағы уақытта аудан және облыс деңгейіндегі шаруаларға қызмет көрсетілетін болады. Жалпы аудан аумағында «Белогорка», «Әлденбай», «Бәйтелі», «Разъезд-98», «Шілік», «Аққайнар» суқоймасы бар. «Шілік» су қоймасы арқылы бүгінгі күнге шамамен 100 гектар алқап суғарылуда, – дейді Ернар Серікәліұлы.

Биыл ауданның 193 ауылшаруашылық тауар өндірушілері 16 519 тонна тыңайтқышқа өтінім беріп, 16 485 тоннасын алыпты, оның 1860 тоннасы аммофос болса, 10 120 тоннасы селитра, қалғаны басқа тыңайтқыш түрлері. Сонымен қатар 9 200 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, шаруаларға 254 теңгеден таратылған екен. Оның ішінде көктемгі дала жұмыстарына 7 329 тонна, күзгі дала жұмыстарына 1871 тонна жұмсалған. «Кең дала» бағдарламасы бойынша 43 шаруа қожалық 1 миллиард 344,5 миллион теңге несие алыпты. Аталған несие қаражатының сыйақы үстемеақы пайызының бөлігін және малшаруашылығын субсидиялау төлемдерін алдағы ақпан айынан бастап өтеу жоспарланыпты. Бұл төлемдер облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы тарапынан жүргізілетін көрінеді.

Тауарлы несие беру жоспары да былтырғы 11 айдың қорытындысымен толық орындалыпты. Нәтижесінде 8 азаматқа 762 қой берілген. Мәселен, «Сұлтан би» шаруа қожалығы мен «Бай Алғабас» шаруа қожалығы бір-бір тұрғынға 50 қойдан берген. Сол секілді «Шәушен» шаруа қожалығы 4 азаматқа – 562, «Хамза» шаруа қожалығы 2 адамға 100 қой беріп, жоспар 100 пайыз меже көрсеткен. «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты бойынша 82 азаматқа 624,2 миллион теңге несие үлестіріліп, олар жеке кәсібін ашуда. Оның ішінде жеке кәсіпкер «Атыханова» 17 миллион теңге қаржыға макарон өндірісі цехын, жеке кәсіпкер «Шындалы» 8 миллион теңгеге профнастил өндіру цехын қолға алса, «Алтын-апа» балабақшасы 28 миллион теңгеге құрал-жабдықтар орнатқан. Жоба аудан бойынша Құмарық, Абай, Көкдөнен, Көгершін, Жаңатұрмыс ауылдық округтерінде жүзеге асып. Оған 2 663 отбасы қатысып, барлығы 4,4 миллиард теңге несиеге қол жеткізіпті. Осы жобаның аясында 847 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 863 адам жұмыспен қамтылған екен. Сонымен қатар 32 289 мал, 33 ауылшаруашылығы техникасы сатып алынса, 6 кәсіпкерлік нысан ашылып, 15 адам жұмыспен қамтылған.

Мал қыстату науқанына қажет деген 238 мың тонна пішен, 53,1 мың тонна сабан, 37 мың тонна құнарлы жем толығымен дайындалыпты. Одан бөлек, былтырғы жылдан қалған 100 мың тонна шөптің әлі мұрты бұзылмапты.

Жалпы ауданға инвестиция тарту ісінде іркіліс жоқ. Осы тұрғыда кеңінен сөз қозғасақ, өткен жылдың желтоқсан айына дейін 13,3 миллиард теңге негізгі капиталға салынып, нақты көлем индексі 155,3 пайызды құрапты. Аудан әкімі инвесторларды көптеп тартуда облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының жеке инвестиция тарту жөнінде берген тапсырмасы мен істің тиісті деңгейде жүзеге асырылуына көрсеткен қолдауы сеп болғанын айтады. Нәтижесінде есепті кезеңде ауданға 10,9 миллиард теңге жеке инвестиция құйылып, өткен жылмен салыстырғанда көлем 2,3 есе ұлғайыпты. Бұл ретте 14 ірі инвестициялық жоба іске асырылып, 167 жаңа жұмыс орны құрылған екен. Белсенділік танытып отырған шағын және орта бизнес өкілдері қызмет көрсету, сауда, өнеркәсіп және ауылшаруашылығы салаларын дамытып жатқан жайы бар. Тарқата айтсақ, қызмет көрсету саласында «Мустафа» жеке кәсіпкерлігі қоғамдық монша құрылысын салыпты. Құны 350 миллион теңгелік бұл жоба аясында 16 адам жұмыспен қамтылған. «Tomy» жеке кәсіпкерлігінің көпбейінді «T.AIYA» сұлулық салонына 342,4 миллион теңге инвестиция салынып, онда 8 адам тұрақты жұмыс істеп жүр. Ал «Тушмаев» жеке кәсіпкерлігі 458 миллион теңгеге мейрамхана ашып, 18 адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. «Ихласова О.» жеке кәсіпкерлігінің 300 орындық мейрамханасының құны 350 миллион теңгені құраса, мұнда да 18 адам еңбек етеді. Сонымен қатар 245 миллион теңгеге салынған жекеменшік «Құмарық» бөбекжайында 8 адам жұмыс істейді. Сауда саласында да жаңа нысандар ашылуда. Құны 625 миллион теңге болатын «Мега Арзан» сауда орталығында 22 адам жұмыспен қамтылған. «Елубаев Д.» жеке кәсіпкерлігі салған үш қабатты әмбебап «Ален» сауда үйінің жобалық құны 728,3 миллион теңгені құрады, бұл нысанда 20 адам еңбек етуде. «Абдыкадырова» жеке кәсіпкерлігі 121 миллион теңгеге әлеуметтік дүкен салып, 12 адамды жұмысқа алған. Сондай-ақ, «Софи» жеке кәсіпкерлігі 550 миллион теңгеге «Qazaq oil» жанармай құю станциясын іске қосып, 8 адамды жұмыспен қамтыпты. «Бекназарова А.» жеке кәсіпкерлігі ашқан супермаркетке 290 миллион теңге жұмсалып, мұнда 8 адам нәпақа тауып  отыр. Бұдан бөлек, «Firkan» сауда орталығының құрылысына 300 миллион теңге бағытталып, 12 адамға жұмыс орны ашылған екен.

Ауданда өндіріс саласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нақты дәлелі ретінде іске асырылып жатқан және жоспарланған инвестициялық жобаларды айтуға болады. Өнеркәсіп саласында «Golden Compass Capital» акционерлік қоғамы тау-кен өндірісіне қажетті екі дана буындалған, яғни шарнирлі самосвал сатып алды. Бұл техника өндіріс процесін жеңілдетіп, жұмыс өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Аталған жобаға 121 миллион теңге инвестиция салынып, нәтижесінде 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар «Парус-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі минералды су құю зауытының құрылысын жүргізуде. Жобаның жалпы құны 200 миллион теңгені құрайды. Зауыт іске қосылғаннан кейін 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Бұл жоба өңірде өндірілетін табиғи өнімдерді өңдеп, нарыққа шығаруға, сондай-ақ сауда айналымын арттыруға оң әсер етеді. Ауылшаруашылығы саласында да ірі жобалар қолға алынған. «Ақтоған» шаруа қожалығы 300 басқа арналған мал бордақылау алаңын салуда. Жобаның жалпы құны 450 миллион теңгені құрайды. Бұл нысан малшаруашылығын дамытуға, ет өндірісін ұлғайтуға және ауылдық жерде 8 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұдан бөлек, қазіргі таңда мемлекеттік қолдау шаралары аясында жалпы құны 42 миллиард теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аталған жобалар 2025-2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен іске асырылады. Сөз етіліп отырған бастамалар толық жүзеге асқан жағдайда өңірде 560 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар осы жобаларға қосымша шамамен 7 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылуда. Инвестицияның кезең-кезеңімен құйылуы жобалардың тоқтаусыз іске асуына мүмкіндік беріп отыр. Нәтижесінде, жыл қорытындысы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 20 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда екі есе өсімге қол жеткізілуде. Бұл көрсеткіш аудан экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын және инвесторлар тарапынан кәсіпкерлік пен өндіріс саласына деген сенімнің артқанын байқатуда.

Тағы бір айта кетер жайт, аймақ басшысының қолдауымен жоба құны 4,5 миллиард теңгені құрайтын «Gakku Qus» ЖШС-ның құс фабрикасына өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен 150 гектар жер телімі беріліп, 2,6 миллиард теңге несие рәсімделді. Бұл іс «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы іске асырылды. Осы жылы жоба іске қосылып, 90 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Сонымен қатар 20 миллиард теңгені құрайтын Кварцит өндірісінің кен байыту фабрикасын, 4,5 миллиард теңгеге бие сүтінен ұнтақ алу зауытын және 2 миллиард теңгені құрайтын 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасы жобаларын да атап өтуге лайық.

 

АУДАНҒА ҚҰБЫР АРҚЫЛЫ МЕТАН ГАЗЫ ТАРТЫЛАДЫ

Туризм саласын дамыту аясында да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта жалпы құны 2,2 миллиард теңгені құрайтын жол бойындағы екі қызмет көрсету және этно-туристік демалыс кешендерінің құрылыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, «Бауырсақ» серіктестігі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізінің бойында қызмет көрсету кешенін салуда, жобаның құны – 1 миллиард теңге. «Алаш-Метан» серіктестігі газ құю стансасы мен қонақүй кешені құрылысын бастап кетті. Ал ауданның тау бөктерінде орналасқан «Сарым» шаруа қожалығы қазіргі таңда этно-туристік бағыттағы демалыс орталығын ашу жобасын іске асырып жатыр. Бұл жоба ұлттық салт-дәстүрді, ауыл тұрмысын, табиғи тынығу мүмкіндіктерін туристерге ұсынуға бағытталған. Жобаның жалпы құны 150 миллион теңгені құрайды.

– Бүгінде аудан аумағында жалпы саны 15 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар әртүрлі салада қолға алынған және жаңа жұмыс орындарын ашуға, экономиканы дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, «Gakku Qus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 10 000 000 дана инкубациялық жұмыртқа өндіруге арналған құс фабрикасын салу жобасын іске асыруда. Жобаның жалпы құны 4,5 миллиард теңге. Кәсіпорын іске қосылған жағдайда 90 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Агроөнеркәсіптік кешен құрамындағы «NeoEcoFarm» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бие сүтінен ұнтақталған саумал өндіретін зауыт пен ірі қара мал бордақылау алаңын салу жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұл жобаның құны да 4,5 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде 36 адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, аудан аумағында жаңбырлатып суару машиналарын құрастыру және өндіру цехын ашу көзделген. Жоба Түркияның «OpalPivot» және Қытай Халық Республикасының «Vodar» компанияларының технологияларын пайдалана отырып жүзеге асырылады. Жобаның құны 1 миллиард теңге, ал тұрақты жұмыс орындарының саны – 12. «Мұхиев» жеке кәсіпкерлігі кірпіш зауытын салу жобасын қолға алған. Аталған өндіріс орнының құрылысына 4,2 миллиард теңге инвестиция тартылып отыр. Жоба іске асқанда 100 адам жұмыспен қамтылады. «Хамза» шаруа қожалығы тауарлы сүт фермасын ашып, сүт және сүт өнімдерін өңдеу бағытын дамытуды жоспарлап отыр. Бұл жобаның құны 2 миллиард теңге. Жаңа өндіріс орнында 16 адам тұрақты жұмысқа орналасады. «Мирас» шаруа қожалығы Жалпақсаз елді мекенінде 600 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны 400 миллион теңгені құрайды. Аталған нысан іске қосылғанда 8 адам жұмыспен қамтылады. «АИС» компаниясы сүт қабылдап, оны өңдейтін заманауи зауыт салу жобасын жүзеге асыруда. Жобаның құны 2 миллиард теңге, ал жұмыспен қамтылатындар саны – 32. «NOMAD AQUA INVEST» және «ФУДИНВЕСТГРУПП» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бірлесіп үш жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде уылдырық өндіру, құрама жем шығару зауыты және форель балығын өсіріп, балық етін бөлшектеп орап, мұздату, көтерме бағада сату және уақытша сақтау қоймасын ұйымдастыру көзделген. Бұл үш жобаның жалпы құны 700 миллион теңгені құрайды. Нәтижесінде 32 адам жұмыспен қамтылады. «Ағәділ» жеке кәсіпкерлігі жеңіл автокөліктерге арналған тіркемелер (прицептер) шығаратын цех ашу жобасын қолға алған. Жобаның құны 250 миллион теңге. Бұл өндіріс орнында 24 адам еңбек етеді. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасының «Zepu Country Zhenfei Plastic Industry Processing Plant» компаниясымен бірлесіп ауызсу шығаратын зауыттың құрылысын салу жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны 250 миллион теңге, соның аясында 8 азамат жұмыспен қамтылады. «КазПромЛит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кварцит өндірісіне арналған байыту фабрикасын салу жобасын жоспарлап отыр. Бұл бағытта Катар мемлекетінің кәсіпкерлерімен келіссөздер жүргізілуде. Жоба аясында кварцты тақтайшалар, фарфор және керамика өнімдерін өндіру көзделген. Жобаның жалпы құны 20 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын іске қосылғанда 200 адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, «Era Group» кешенді отбасылық мейрамхана мен тойхана салу жобасын жүзеге асырып жатыр. Жобаның құны 500 миллион теңге. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған нысан іске қосылғаннан кейін 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады,дейді Е.Есіркепов.

Осы бастамалардың ішінде бізді ауданға газбен жүретін көліктер үшін құбыр арқылы газ тарту ісін қолға алған «Алаш-Метан» серіктестігінің жобасы қызықтырды. Инвесторға бірнеше күн хабарласып жүріп, сөйлесудің сәті түсті. Осы жобаны жүзеге асырушы Алтынбек Аманшаев аталған серіктестіктің Ақтау қаласында тіркелгенін айтады.

– Біздің осы жобамыздың аясында қажетті инфрақұрылымның барлығы жоба бастамашысы – «Алаш Метан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Яғни, газ құбырын тарту, техникалық желілерді дайындау, басқа да ұйымдастыру жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлінбейді. Қазіргі таңда жобаға қажетті жер телімін рәсімдеу жұмыстары қолға алынған. Бұл жобаны іске асырудың маңызды кезеңдерінің бірі болып отыр. Алдын ала есеп бойынша газ құбырының ұзындығы аймақтық «QazaqGaz Aimaq» компаниясының өкілдерімен бірлесе отырып қарастырылған. Бастапқы болжамға сәйкес, құбырдың ұзындығы шамамен 2 шақырымнан аспайды. Дегенмен бұл тек алдын ала есеп екенін айта кетуіміз керек. Негізінде тартылатын құбырдың нақты ұзындығы жер телімі толық рәсімделіп, техникалық шарттар алынғаннан кейін ғана белгілі болады. Қазіргі таңда жобаның құны 650 миллион теңгені құрап отыр. Бір айта кетерлігі, бұл қаржының барлығы да жобаға «Алаш Метан» ЖШС тарапынан құйылуда. Біз жобаны өз күшімізбен жүзеге асырамыз. Жоба іске асқан жағдайда аудан тұрғындарының ішінде газбен жүретін жүк көліктері үшін бұл отын түрі жанар-жағармайға қарағанда әлдеқайда тиімді болмақ. Себебі метан газы бензин мен дизель отынына қарағанда анағұрлым арзан әрі қолжетімді балама саналады. Қазіргі таңда көлік секторында газ отынының екі негізгі түрі кеңінен қолданылады. Олар – пропан-бутан қоспасы (LPG) және метан газы (CNG). Бұл екі отын түрінің техникалық және экономикалық сипаттамалары әртүрлі, соған сәйкес олардың бағасы да бірдей емес. Пропан газы, яғни LPG, мұнай немесе газ өңдеу кезінде алынатын жанама өнім болып саналады. Ол негізінен автоцистерналар арқылы тасымалданады. Пропан бағасы мұнай нарығындағы жағдайға тікелей тәуелді болғандықтан, кей кездері маусымға қарай құбылып тұрады. Ал метан газы (CNG) – табиғи газдың негізгі құрамдас бөлігі. Ол тұтынушыларға магистральдық газ құбырлары арқылы тікелей жеткізіледі. Метан газының бағасы табиғи газ тарифтеріне байланысты және мемлекет тарапынан реттелетіндіктен, бағасы тұрақты әрі ұзақ мерзімге болжамды болып келеді. Осы себепті метан отыны көлік жүргізушілері үшін үнемді әрі сенімді таңдау болып саналады, – деді Алтынбек Мұхамедұлы.

Инвестордың сөзіне сүйенсек, пропанның жану жылуы жоғары болғанымен, 1 шақырым жолға кететін шығын метанмен салыстырғанда қымбат. Метан энергия сыйымдылығы төменірек болғанымен, оның 1 текше метрінің бағасы арзан болуы есебінен пайдалану құны төмен екен. Десе де пропан ауадан ауыр болғандықтан бір жерден газ шыққан жағдайда төменгі аймақтарда жиналып, жарылыс қаупін арттырады екен. Ал метан ауадан жеңіл болуы есебінен ашық кеңістікте тез тарайды, қауіпсіздігі жоғары. Пропан автономды жеткізілімге тәуелді, сондықтан да бағаның кез келген жағдайда өсу ықтималдығы жоғары. Метан құбыр инфрақұрылымына қосылған жағдайда тұтынушыны тұрақты әрі ауқымды көлемде қамтамасыз ету мүмкіндігі мол. Инвестор пропан газы мен метан газының айырмашылықтарын ескере отырып, метанды тікелей құбыр арқылы жеткізу жанармайдың өзіндік құнын төмендетеді, бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етеді, тұтынушылар үшін арзанырақ әрі қауіпсіз отын ұсынады, қоғамдық көлік пен коммуналдық техниканы газға көшіруде анағұрлым тиімді деген уәжін алға тартты.

«Алаш Метан» ЖШС –2024 жылы құрылған компания. Бүгінгі таңда, компания Ақтау қаласы бойынша метан станциясын іске қосты және осындай нысандарды биылғы бірінші тоқсанда Түркістан облысы, Түркістан қаласында, сондай-ақ Қызылорда және Арал қалаларында, Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылында және Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жымпиты ауылында ашуды жоспарлауда. Сонымен қоса, жылдың соңына дейін Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылын қосқанда басқа өңірлерде тағы да 12 метан стансасын іске қосу көзделіп отыр. Жоба технологиялық жағынан қиын болғандықтан мемлекеттік сараптамадан өтеді, яғни барлық экологиялық және де төтенше жағдайлар бойынша талаптар сақтала отырып жүзеге асырылатын болады. Бұл бастама транзиттік «Фура» жүк көліктері үшін метанмен үздіксіз қамтуды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта ауыр жүк көліктерінің дені, автобустар метан газымен қозғалады. Оларға жеңіл көлік пайдаланып жүрген пропанның күші жетпейді. Мысалы, Өзбекстаннан көкөніс, жеміс-жидек артқан бір жүк көлігі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізімен өтіп бара жатып, жол бойындағы біздің стансадан 180 теңгелік метанымызды құйса, оның көкөнісінің бағасы арзан болады. Өйткені ол дизельге қарағанда метан арқылы қаражат үнемдеп тұр. Сол секілді автобустарда адам тасымалдағанда жолкірені арзандатады. Демек, жанармай тапшылығы мен жоғары логистикалық шығын мәселесін бұл жоба толық шешеді және облыста қоғамдық көлік пен коммуналдық техникалар газға көшкен жағдайда оларды отынмен толықтай қамтамасыз ететін болады. Жергілікті бюджет қаражаты да осы арқылы үнемделеді, нарықта тауар бағасының өсуіне жол шығыны себеп болмайды, – деді А.Аманшаев.

Осылайша, Т.Рысқұлов ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытумен қатар, жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру, логистикалық шығындарды азайту және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға нақты ықпал етпек. Метан газын құбыр арқылы жеткізу жобасын соның айқын дәлелі десек болады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар