Оның балалық шағы әкесі мен анасының ажырасуымен басталған ауыр кезеңдерге тап келді. Не әкенің, не ананың қасында ұзақ тұрақтай алмай, екі арада жаутаңдап жүрген күндер оның бойында ерте есею мен төзімділікті қалыптастырды. Анасының қарауында өзінен кейінгі бес бауыры болса, әкесінің жүрегі неге екені белгісіз, өз перзентіне тым суық еді. Мұндай жағдайда ол ешкімге салмақ салмай, өз жолын өзі табуды ерте түсінді. Сондықтан еңбекке тым ерте араласты. Қатарластары ойын қуып, демалыс күндерін асыға күтетін 8-9 сыныптарда, құрбым даяшы, сатушы, тіпті дүкендерде ауыр жұмыстарды атқарып, өзін-өзі асырауға машықтанды. Оқу формасы, мектепке қажетті құрал-жабдықтар былай тұрсын, қыстың қаһарлы суығында киетін күртешесі мен етігін де өз маңдай терімен тапқан қаражатына сатып алатын. Бір таңғалдыратыны, ол тек өзін ғана емес, ауық-ауық қолына тиген ақшасына анасына азық-түлік апарып, бауырларына да қарайласуды ұмытпайтын.
Қазіргі уақытта да бұғанасы қатпастан екі қолға бір күрек іздеп кететін өрендерді аз кездестірмейміз. Қуанышқа бара қалсақ даяшы, дүкенге кіре қалсақ сатушы, ал енді бірі көлік жуу орталықтары мен кілем жуу цехтарында бел жазбай еңбек етіп, өз нәпақасын тауып жүреді. Әсіресе аптап ыстық орнайтын жаз мезгілінде көше бойында тәтті жүгері, тәтті мақта, балмұздақ, кейде тіпті қарбыз сатып тұрған балаларды жиі кездестіреміз. Олардың әрқайсысының артында бір-бір тағдыр, бір-бір мақсат жатыр. Бірі ата-анасына қолғабыс қылғысы келсе, бірі жаңа оқу жылына өз бетінше дайындалуды жөн санайды.
Жақында «Facebook» әлеуметтік желісінен белгілі кәсіпкер Жұмасейіт Нұрбаевтың та осы бір өзекті мәселені көтеріп, көптің көкейіндегі түйткілді дөп басқан жазбасын көзім шалып қалды. Кәсіпкердің сөздерінен оның ағалық, аталық жүрегімен шырылдап, бұғанасы қатпаған өрендердің тағдырына шын алаңдағаны сезіледі.
– «Тараз қаласындағы толып жатқан тойханалардың бірінде қай күні еді, тойда болдым. Ой сұмдық-ай, даяшы болып жүрген қыз-жігіттердің дені өрімдей балалар. Тіпті, 15-17 жас шамасы арасында-ау. Жап-жас болып, ішкілік ағыл-тегіл болатын тойда даяшы болуға кім мәжбүрледі екен деп ойланып отыр едім, «Ата, ақтан құйайын ба?» деп әлгі даяшы қыздардың бірі арақтың бөтелкесін ұстап, желкемнен төніп тұр... Міне, жеткен жеріміз. Осыдан кейін жастар тәрбиесі туралы бірдеңе деп көр. Құдай-ау, тойда толып жүрген даяшы қыздар мен ұлдардың арасында қазақтан басқа бірде-бір ұлттың өкілінің баласы жоқ. Ақыры ата-анадан қайран жоқ екен, Бала құқын қорғау жөніндегі өкіл ме, комиссия деуші ме еді, қайда солар? Құқық қорғау органдары ше? Кәмелеттік жасқа толмағандарды жұмысқа, жұмыс болғанда да түнгі жұмысқа тартқан тойхана қожайынына заң талаптарын басшылыққа алып, пәлен мың теңге айыппұл арқалатып немесе басқа да қатаң шара қолданбаса, ертең ақша табамыз деп тойхана біткенді оң-солын танымаған балалар жаулап алуы мүмкін», – делінген автор жазбасында.
Расында да заң бойынша елімізде 18-ге толмағандардың барлығы «бала» деген санатқа кіреді. Осы орайда өрендерді денсаулығына қауіп төндіруі, білім алуына кедергі келтіруі, ақыл-ойы, рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жұмысқа тартуға тыйым салынады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаментінің еңбек саласын бақылау және талдау бөлімінің басшысы Жанат Мұхатаеваның айуынша, заң бойынша 16 жасқа толған азаматтармен еңбек шарты еркін жасалса, 15 жасқа толғандар орта білім алған жағдайда, ал 14 жасар оқушылар оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келмейтін жұмыстарға орналаса алады. Сондай-ақ, кинематография немесе цирк саласында 14 жасқа толмаған балалардың да еңбек етуіне рұқсат етілген, бірақ мұндай жағдайда келісімшартқа міндетті түрде баланың заңды өкілі қол қоюы керек.
– Бүгінгі таңда кәмелетке толмаған жасөспірімдердің автокөлік жуу, мейрамхана, базар және жанармай бекеттері сияқты түрлі бизнес құрылымдарда еңбек етіп жүргені ешкімге жасырын емес. Дегенмен уақытша жұмыс істегісі келетін жастар Еңбек кодексінің 31-бабындағы негізгі талаптарды білуі тиіс. Кәмелетке толмағандар үшін заңмен қысқартылған жұмыс уақыты белгіленген, 14-16 жас аралығындағылар үшін аптасына 24 сағаттан, ал 16-18 жас аралығындағылар үшін 36 сағаттан аспауы тиіс. Жасөспірімдерді үстеме жұмысқа, түнгі ауысымға немесе денсаулығы мен моральдық дамуына нұқсан келтіретін ауыр, зиянды жұмыстарға (құмар ойындар, түнгі клубтар, алкоголь мен темекі саудасы) тартуға қатаң тыйым салынады. Егер жұмыс беруші бала еңбегін заңсыз пайдаланса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 86-бабына сәйкес, кәсіпкерлік субъектісінің көлеміне қарай 80-нен 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл арқалайды. Ал бұл заңсыздық бір жыл ішінде қайталанса, қолданылатын жаза шаралары мен айыппұл мөлшері бірнеше есеге артады. Бір айта кетерлігі, инспекция облыстағы еңбек қатынастарын реттеу мен заңнаманың орындалуын бақылайтын тікелей орган саналады. Еңбек кодексінің 192-бабының 3-тармағына сәйкес, бұл мекеме жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өтініштері мен арыз-шағымдарын қарауға құзыретті. Осыған байланысты, тек ресми тіркелген, яғни еңбек шарты бар азаматтардың құқықтарын қорғауға мүдделі. Себебі, заңды келісімшарт болған жағдайда ғана мемлекеттік органның жұмыс берушіге талап қоюға және еңбек дауларын заң аясында шешуге толық мүмкіндігі бар. Алайда, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, мемлекеттік еңбек инспекциясы кәсіпкерлерді өз бастамасымен тексеруге немесе рейдтік шаралар жүргізуге құқылы емес. ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабына сүйенсек, жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін тек жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің ресми өтініштері немесе прокуратура органдарының тапсырмасы негіз бола алады. Айта кетерлігі, өткен жылы жүргізілген ішінара тексерулер барысында 18-ге толмаған азаматтардың еңбек құқықтары бұзылу фактілері анықталған жоқ және ювенальды полиция қызметінен де бұл бағытта арыз-шағымдар тіркелмеген. Дегенмен, департамент тарапынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Осы орайда, Байзақ және Жаңатас колледждерінің, сондай-ақ Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің білім алушыларымен кездесулер өткізіліп, еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік жарақаттардың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Алдағы уақытта да оқу орындарынан сұраныс түскен жағдайда, департамент еңбек заңнамасын түсіндіру жұмыстарын жалғастыруға дайын, – дейді Жанат Жетібайқызы.
Балалардың жұмыс істеуге асығуына бүгінде түрлі жайттар себеп болып отыр. Кейбір жасөспірімдер ата-анасына салмақ салмай, ақшалай тәуелсіз болғысы келсе, енді біреулерін тағдырдың тауқыметі мен тұрмыстық жағдайлар ерте есейтуге мәжбүрлейді. Осындай қиындыққа жасымай, кәмелетке толмаған шағынан-ақ ауыр жұмысты жатсынбай, өз-өзін жетілдіре білген өреннің бірі – тараздық тұрғын Ақжарқын Мырзатайдың ұлы.
– Жолдасым өмірден ерте қайтты. Соңында әлі оң-солын танып үлгермеген ұлым мен қызым қалды. Өмір ерте есейткен ұлым еңбекке өте ерте араласты. Оқушы кезінде алдымен даяшы болып, жаз мезгілінде егіс алқабында еңбек етіп, есейе келе біліміне қарай репетиторлықпен айналысты. Әрине, мұны көргенде ана жүрегім сыздайтын. Негізі қызметім тәуір, мейірбике болып еңбек етіп ұл-қызымнан ештеңе аяған емеспін. Сондықтан алғашқыда «Өзім-ақ асыраймын, шамам жетеді» деп баламның шешіміне қарсылық таныттым. Соған қарамастан, ұлым тірліктен тыным таппай, маған қолғабыс болуға тырысатын.Еңбекпен ерте шыңдалған перзентім бүгінде қос дипломы бар білікті маман болып еңбегінің жемісін көріп отыр. Баламның жетістігіне мақтансам да, ана ретіндегі көзқарасым әлі өзгермеген. Баланың аты – бала, ол балғын шағын еңбекпен емес, қызықты естеліктермен өткізуі тиіс. Құдай бұйырып, кейін немере сүйіп жатсам, оның жасы жетпейінше жұмыс істеуіне жол бермейтінім анық,– дейді ана.
Жасөспірімдердің ерте еңбекке араласуының артында олардың құқықтық қорғалуы, техникалық қауіпсіздігі мен еңбекақысының әділ төленуі секілді маңызды мәселелер тұрғаны анық. Әрине, баланы жастайынан еңбекке баулыған дұрыс. Бірақ олардың құқықтары қаншалықты сақталып жатыр? Бізді осы сауал толғандырды. Осы орайда, өңірдегі мән-жайды білмек мақсатта облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әлішер Қалышевпен байланысып, атқарылып жатқан жұмыстарға қанықтық. Полиция өкілінің мәлімдеуінше, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әсіресе олардың түнгі уақытта қоғамдық орындарда жүруі мен заңсыз еңбекке тартылуы ювеналдық полиция бөлімшелерінің тұрақты бақылауында.
Мәселен, құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында облыс аумағында «Жасөспірім – заң – қауіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар» және «Қауіпсіз мектеп» сынды жедел-профилактикалық іс-шаралар жүйелі жүргізіліп келеді. Аталған іс-шаралар аясында полиция қызметкерлері, білім беру ұйымдарының өкілдері, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия мүшелері, жастар ресурстық орталықтары және прокуратура қызметкерлерінен құралған мобильдік топтар былтыр 4 965 рейдтік іс-шара ұйымдастырыпты. Нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің түрлі баптары бойынша 15 141 әкімшілік хаттама толтырылып, 10 723 жасөспірім түрлі құқықбұзушылықтар жасағаны үшін полиция бөлімдеріне жеткізіліпті.
– Түнгі уақытта қараусыз жүрген жасөспірімдердің қылмыс құрбаны болу немесе құқықбұзушылық жасау қаупіне жиі ұшырайтынын ескере отырып, аталған кодекстің 442-бабына сәйкес, балаларының заңды өкілдерінсіз жүруіне жол берген 8 606 ата-ананың әкімшілік жауапкершілігі қаралды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бергені үшін 287 мекеме иесі 132-бап бойынша, ал балаларының аталған орындарда жүргені үшін 355 ата-ана 442-баптың 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Рейдтер барысында тойханалар мен дәмханаларда балалардың көңіл көтеру үшін емес, даяшы немесе әкімші болып еңбек ету үшін жүрген фактілер де жиі кездеседі. Бұл жағдайда еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен реттеледі. Рейдтік іс-шаралар барысында еңбек заңнамасын бұзу белгілері анықталған жағдайда, материалдар мемлекеттік еңбек инспекциясына жолданып, кәсіпкерлердің жауапкершілігі сол орган арқылы қаралады. Ювеналдық полицияның негізгі бағыттарының бірі – жасөспірімдердің еңбек, әлеуметтік және жеке қауіпсіздік құқықтары туралы хабардарлығын арттыру. Осы бағытта білім беру ұйымдарында 13 411 іс-шара өткізілді. Оның ішінде 10 323 лекция оқылды, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет желілерінде 3 345 жарияланым орналастырылып, 418 «дөңгелек үстел» отырысы, 1 348 ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды. Жұмыстардың барлығы жасөспірімдердің заңды құқықтарын түсіндіруге, заңсыз еңбекке тартылу қаупінің алдын алуға және ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Ата-аналарға баласының жұмыс істеуіне келісім бермес бұрын, жұмыс түрінің қауіпсіздігі мен оқу процесіне кедергі келтірмейтіндігіне көз жеткізу қажеттігін ескерткім келеді. Егер жұмыс орнында балаға әлімжеттік көрсетіліп немесе еңбек қанауы орын алса, полиция дереу араласып, кінәлілерді жауапқа тартады және баланың құқығы толық қалпына келгенше құқықтық сүйемелдеу көрсетеді. Ювеналдық полицияның басты ұстанымы – жазалау емес, жас ұрпақтың мүддесі мен қауіпсіздігін сақтау, – дейді Ә.Қалышев.
Баланың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіліп, заң талаптары қатаң сақталып жатса, оның демалыс мезгілінде жеңіл-желпі жұмыс істеп, еңбектің дәмін татқанынан келер-кетер зиян жоқ шығар бәлкім. Керісінше, еңбек өрендердің жауапкершілікті сезінуіне, ақшаның құнын білуіне және өмірлік тәжірибе жинақтауына септігін тигізуі мүмкін. Алайда, қарадомалақтарымыздың жыл он екі ай бойы сабағын екінші орынға ысырып қойып, нәпақа табу үшін қара жұмысқа жегілуі құптарлық іс емес. Сондықтан, бала еңбегі мемлекет пен қоғамның жіті бақылауында болуы тиіс.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ



