Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаратау қарқынды дамып келеді

Қаратау қарқынды дамып келеді
РСК
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетов шаһардың 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындысы туралы баяндама жасады.

Қала әкімінің айтуынша, 2025 жылғы 1 шілдедегі статистикалық мәліметке сәйкес Қаратау қаласының халқы 28 309 адамды құрап отыр. Экономикалық белсенді халық саны 16 189 адамды немесе жалпы тұрғындардың 56,8 пайызын құрайды. Оның ішінде 14 181 адам жалдамалы жұмысшы, 1 668 тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтыған, ал 340 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген.

– Қаратау қаласы үшін өткен жыл нәтижелі болды деп сеніммен айтуға болады. Соңғы жылдары жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың арқасында қалада тұрақтылық сақталып, барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсім байқалуда. Біз үшін ең бастысы – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру. Осы бағытта инфрақұрылымды жаңғырту, жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй мәселесін кезең-кезеңімен шешу, жастар мен әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету негізгі басымдық болып қала береді. Бұл көрсеткіштер – бір күннің немесе бір мекеменің еңбегі емес, қала тұрғындарының ортақ ынтымағы мен бірлігінің нәтижесі – деді Дархан Баймбетов.

Өнеркәсіп орындарының көбеюі бюджет кірісінің артуына оң әсерін тигізген. 2025 жылдың қорытындысымен қала бюджетінің кірісі 246,1 миллион теңгені құрапты. Бұл қаражат қаланың инфрақұрылымын дамыту мен әлеуметтік саланы қолдауға бағытталған.

Инфрақұрылымды дамыту аясында қала көшелерін жөндеу, жарықтандыру, газ және ауызсу жүйелерін жетілдіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда қала көшелерінің басым бөлігі асфальтталған, тұрғын үйлердің аулалары толық жарықтандырылған. Табиғи газбен қамту деңгейі 91 пайыздан асып, ауызсу мәселесі толығымен шешілген. Жылу желілерін жаңғыртуға өткен жылы 211,7 миллион теңге бөлініп, ескі құбырларды ауыстыру жұмыстары аяқталған.

Тұрғын үй саласында да нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Өткен жылы 5 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылып, 372 пәтер кезекте тұрған азаматтарға берілген. Биыл тағы 3 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 225 адам жаңа баспанаға ие болмақ.

Әлеуметтік салада жұмыспен қамту көрсеткіші жоспардан асыра орындалыпты. Мансап орталығы арқылы 1 724 адам жұмыспен қамтылып, 79 тұрғын қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқан.

Спорт және мәдениет салаларына да ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы 125-ке жуық спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 8 мыңға жуық қала тұрғыны қамтылған. Сонымен қатар, балалар ойын алаңшалары орнатылып, жасыл желектерді көбейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Өнеркәсіп саласында «Karatau Chemicals» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобасы іске қосылып, жаңа өндіріс орны жұмысын бастаған. Бұл жоба қала экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде.

Брифинг соңында қала әкімі алдағы жоспарларға да тоқталып өтті.

– Алдымызда әлі де шешімін күтетін мәселелер бар. Дегенмен, оларды кезең-кезеңімен еңсеруге барлық мүмкіндігіміз жетеді. Қаратаудың дамуы – біздің ортақ мақсатымыз. Халықтың ұсыныс-пікірін ескере отырып, қаланы одан әрі көркейту, жастарға қолайлы, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз, – деп түйіндеген Дархан Баймбетов БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар