Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоғам қауіпсіздігі қатаң бақылауда

Қоғам қауіпсіздігі қатаң бақылауда
Автор
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Манас Әбдукәрімовтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Спикер осы жылдың алғашқы тоқсанында атқарылған жұмыстарды саралап, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Баяндамашының айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы іс-шаралар жүйелі жалғасып келеді. Мәселен, жыл басынан бері отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 32 құқықбұзушылық тіркеліпті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 52,2 пайызға төмендеген. Сонымен қатар 1 247 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, учаскелік инспекторлар тарапынан 978 қорғау нұсқамасы берілген. Бұған қоса сот шешімімен 33 тұлға психокоррекциялық курстардан өтуге міндеттеліпті.

– Профилактикалық бағытта бірқатар республикалық ауқымдағы іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Сталкинг», «Тұрмыс», «Қауіпсіз үй» акциялары, сондай-ақ «Зорлық-зомбылықсыз жанұя» форумы өтті. Бұл шаралар құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға оң ықпал етті десек болады. Бұрын сотты болған тұлғалармен жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қылмыстар саны 4,3 пайызға азайды. Қазіргі таңда профилактикалық бақылауда 8 221 адам тұр, ал жыл басынан бері 1 729 азамат есепке алынды. Сонымен қатар масаң күйде жасалатын теріс әрекеттер саны 33,6 пайызға төмендеді. Қоғамдық орындардағы тәртіпті қадағалау мақсатында 1 480 тұрғын жауапқа тартылып, алкоголь өнімдерін заңсыз саудалау бойынша 189 дерек анықталды. Нәтижесінде 111 кәсіпкердің лицензиясы уақытша тоқтатылды. Бұдан бөлек «Ішімдіксіз ауыл» жобасы облыстың 54 елді мекенінде іске асырылды. Бүгінде жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше мән берілуде. Жасөспірімдерге қатысты қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда 17,9 пайызға төмендеді. Қазіргі таңда 531 мектеп пен 42 колледжге 700-ден астам полиция қызметкері бекітіліп, қадағалау жұмыстары күшейтілді. 188 жасөспірім және бала тәрбиесіне салғырт қарайтын 105 ата-ана профилактикалық есепке алынды. 11 кәмелетке толмаған бала арнайы білім беру ұйымдарына жолданып, 26 тұлға ата-ана құқығынан айырылды. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялардың 69 отырысы өтті, – деді Манас Ақбалтаұлы.

М.Әбдукәрімовтің сөзінше, қазіргі таңда 309 қолайсыз отбасы және 409 жасөспірім тізімде тұр. Рейдтік іс-шаралар барысында ішкі істер органдарына 3 615 кәмелетке толмаған жеткіншек жеткізіліп, 3 581 әкімшілік хаттама толтырылған. Бұдан бөлек ұсақ бұзақылық, алкоголь тұтыну және буллинг пен кибербуллинг фактілері бойынша жалпы 100-ден астам дерек орын алған.

Мамандардың айтуынша, мұндай заңсыздықтардың алдын алу үшін арнайы талдаулар жүргізіліп, себептері айқындалған. Негізгі себептердің бірі – ата-ана бақылауының жеткіліксіздігі, қараусыз қалу, асоциалды ортаның әсері, бейресми көшбасшылардың ықпалы. Сондай-ақ әлеуметтік желілердің кері әсері мен отбасылардың материалдық жағдайы да басты себептердің бірі болып отыр. Осыған байланысты кешенді профилактикалық шаралар қабылдануда. Білім беру ұйымдарында 2 787 дәріс өткізіліп, интернет-ресурстарда 771 бейнеролик орналастырылған. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕК

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар