Қаһарманның антына адалдығын ұрпақ жадында сақтау мақсатында еліміздің әр өңірінде тағылымды іс-шаралар мен игі бастамалар жүзеге асырылуда. Соның жарқын көрінісі ретінде жуырда Жамбыл ауданындағы Әзімбек Исмаилұлы атындағы орта мектепте Ғазиз Байтасов атындағы «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шараға Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекова, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полковник Дәурен Сапиев, аудандық прокуратураның аға прокуроры Арманжан Әбдібеков, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысты.
Жиын барысында сөз алған Арманжан Әбдібеков:
– «Жас сақшы» сыныбының ашылуы өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде айрықша маңызға ие. Мектеп оқушыларының бойына бала кезден отансүйгіштік, тәртіп пен жауапкершілік құндылықтарын сіңіру өте өзекті. Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерен ерлігі жас буынды батыл да адал азамат болуға жігерлендіреді, – деп атап өтті.

Іс-шара барысында оқушыларға ел қауіпсіздігі жолында жанын пида еткен ұлт мақтанышының өмір жолы мен қызметі туралы кеңінен мағлұмат берілді.
Одан кейін оқушыларды «Жас сақшы» қатарына қабылдау рәсімі өтті. Мектеп оқушылары елге адал болуға, әрқашан батыл да жауапты азамат болуға ант берді. Ант қабылдау рәсімін аудандық полиция бөлімінің бастығы, полковник Дәурен Сапиев өткізді.
Жиынға қатысушылар Ғазиз Байтасовтың құрметіне орнатылған естелік тақтаға гүл шоқтарын қойып, батыр рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті.
Жиын оқушылардың дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты. Сондай-ақ, ел тыныштығы мен азаматтардың амандығы жолында қаза тапқан өзге де полиция қызметкерлерінің ерліктері туралы сыр шертілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама жасөспірімдердің бойында тәртіп пен жауапкершілікті нақты іс арқылы қалыптастыруға арналған. «Жас сақшы» сыныбында оқушылар саптық дайындықтан өтіп, құқықтық білім алады, қоғамдық тәртіптің мәнін іс жүзінде түсінеді.
Жиында сөз сөйлегендер «Жас сақшы» сыныбының ашылуы батырды ұлықтаумен шектелмей, оқушыларды тәртіпке, жауапкершілікке және елге қызмет етуге тәрбиелейтін ортаға айналатынын атап өтті. Капитан Байтасовтың өнегелі өмірі оқушыларға шабыт беріп, олардың бойында көшбасшылық қасиеттер мен қоғам мүддесін қорғауға деген дайындықты ұялататынына сенім білдірді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




