Баспасөз конференция сында алдымен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова баяндама жасап, биылғы көрменің ерекшеліктеріне тоқталды.
– Бүгінде Тараз қайтадан өнер ордасына айналып, шеберлердің шабытына қанат бітіріп отыр. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан келген шеберлерді бір шаңырақ астында тоғыстырып, олардың шығармашылық диалог құруына, тәжірибе алмасуына және жаңа серіктестіктер қалыптастыруына мүмкіндік беріп отырмыз. Іс-шара аясында отандық және шетелдік қолөнершілердің қатысуымен көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастырылуда. Шеберлік сағаттары арқылы көнеден жеткен тәсілдер жаңғырып, тәжірибе алмасу алаңдарында жаңа идеялар туындауда. Сонымен қатар ғылыми-практикалық конференциялар, сән көрсетілімдері мен мәдени бағдарламалар қала өміріне ерекше серпін беруде. Іс-шаралардың негізгі бөлігі «Көне Тараз» тарихи этномәдени кешенінде ұйымдастырылуда. Бұл аумақта этноқалашық бой көтеріп, киіз үйлер тігіліп, шеберлердің қайталанбас туындылары көпшілік назарына ұсынылуда. Жалпы «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық фестивалі – өңірдің мәдени келбетін айқындайтын, халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын әрі ұлттық руханиятты дәріптейтін маңызды жоба. Қазіргі таңда қаламызда 5 қоғамдық бірлестік пен 200-ден аса қолөнерші еңбек етуде. Сонымен бірге «Қолөнершілер үйінің» ашылуы бұл саланың дамуына тың серпін беріп отыр. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, Таразды халықаралық деңгейдегі мәдени әрі туристік орталыққа айналдыру жолында аянбай еңбек ететін боламыз, – деді Г.Жауынбекова.
Мұнан соң «Қазақстан этнодизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Салтанат Жапарова баяндама жасады. Айтуынша, бүгінде әлем бойынша 83 қала Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енсе, Тараз қаласы 2022 жылы елімізде алғашқы болып осы биік мәртебені иеленген. Тараздың бұл жетістігі өзге өңірлерге жол ашып, 2024 жылы Алматы, ал 2025 жылы Түркістан қалалары аталған тізімге қосылған. Сол секілді Салтанат Аминқызы жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл фестиваль отандық қолөнер туындыларын халықаралық деңгейге шығарудың басты алаңы екенін жеткізді. Осы ынтымақтастықтың арқасында қазақстандық шеберлер Үндістан, Қытай және Еуропадағы ірі көрмелерге қатысуға мүмкіндік алып отыр екен.
Өз кезегінде Түркістан облысының қолөнер одағының төрағасы Индира Икапова, Алматы қолөнершілер палатасының президенті Дәмелі Жанашева да баяндама жасады.
Көшпелі брифингте кезекті баспасөз мәслихаты аталған фестиваль аясында өткен халықаралық «ASPARA FASHION WEEK» дәстүрлі сән апталығының XVII маусымының ашылуына орай ұйымдастырылды. Ондағы тақырып дәстүрлі сән апталығының биылғы өзгешеліктеріне арналды.
Баспасөз мәслихатында алғашқы болып «ASPARA FASHION WEEK» сән үйінің бас менеджері – продюсері Санжар Қалиев баяндама жасады. Спикер «ASPARA FASHION WEEK» сән апталығының 17-маусымының кезекті жобасы дизайнерлер арасында тәжірибе алмасуға, жаңа идеялардың пайда болуына, жаңа таланттарды анықтауға мүмкіндік беретінін жеткізді. Сонымен қатар сән апталығы аясында тәжірибелі дизайнерлер ғана бақ сынап қоймай, колледж студенттері үшін де байқау ұйымдастырылатынын айтты.
– «ASPARA FASHION WEEK» – 17 маусым ішінде әлемнің 50-ге жуық елінен 700-ден астам дизайнердің басын қосқан ауқымды халықаралық платформа. Мұнда дәстүрлі қолөнер мен заманауи дизайн тоғысып, шынайы мәдени диалог қалыптасады. Бүгінде жоба – жаңа идеялар мен байланыстар орнайтын, отандық дизайнерлер үшін халықаралық деңгейге жол ашатын бірегей кеңістікке айналды. Бұл үдерісте Тараз қаласының орны ерекше. Көне шаһар – шығармашылық тұлғаларды жақындастырып, ерекше шабыт сыйлайтын өнер орталығы, – деді С.Қалиев.
Баспасөз мәслихатында «Serbian Fashion Week» сән үйінің президенті Светлана Ховарт және «Mad Mood Milan Fashion Week» сән үйінің президенті Марианна Мичелли баяндама жасап, қазақ халқының қонақжайлығына алғысын білдірді.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ




