Егер осы міндеттер мемлекет тарапынан жүзеге асырылмаса, ел ішінде халықтық толқулар пайда болатыны сөзсіз. Сол үшін де тиісті салаларда өнім өндіруді ұлғайту, қайта өңдеу ісін жандандыру, ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік секілді салалардың жұмысын жүйелеу, тұрақты қолдау көрсету маңызды. Сонда ғана ішкі нарық отандық өніммен ойдағыдай қамтылып, артылғаны шетелге экспортталады.
Қазіргідей жаһандану кезеңі мен сыртқы нарықтағы құбылмалы жағдай, логистика саласының кемшілігі, импорттың ішкі нарыққа әсері, инфилияция, климаттың өзгеруі мен геосаяси тәуекелдер әрбір мемлекетті өз-өзін азық-түлікпен лайықты қамтамасыз етуге итермелеуде. Осындай жағдайда азық-түлік қорын қалыптастыру ең алдымен ауылшаруашылығы өнімдерін көптеп өндірумен байланысты болатыны анық. Егіншілік пен малшаруашылығын дамыту елдің азық-түлік қорын жасақтауда басты негіз саналатыны белгілі. Сондықтан бұл салаларды дамыту, өнімділікті арттыру, өндірісті ғылыми негізде жүргізу аса маңызды іс.
Өнім өндіру көлемін арттыру үшін жерді тиімді пайдалану, су ресурстарын үнемдеу, заманауи агротехнологияларды енгізу қажет. Тұқым сапасын жақсарту, тыңайтқышты ғылыми нормамен қолдану, мал басын асылдандыру нақты нәтиже беретін шаралар болып есептеледі. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау арқылы өндірістің ауқымын кеңейту басты назарда ұсталатын мәселе. Осы арқылы нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп, соның нәтижесінде баға тұрақтылығы мен халықтың әлеуметтік жағынан лайықты қорғалуына қол жеткізуге болады. Ішкі нарықта отандық өнімнің үлесі артқан сайын сырттан келетін тауарларға тәуелділік төмендейді. Бұл әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін маңызды. Ұн, нан, ет, сүт, қант, өсімдік майы, картоп, пияз, қарақұмық секілді басқа да күнделікті тұтынатын өнімдердің басым бөлігі ауылшаруашылық саласында өндірілетінін ескерсек, бұл бағыттағы өндірісті дамыту баға тұрақтылығының басты кепілі саналатыны айтпаса да түсінікті.
Осы ретте біз облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевты сөзге тартып, облыс халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуде қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұраған едік.
– Қазіргі таңда халық күнделікті тұтынатын 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 10 түрі облыс көлемінде артығымен өндіріледі. Бұл тауарларды өндіру ісінде Әулиеата өңірі ішкі сұранысты қанағаттандырумен қатар, басқа аймақтардың қажеттілігін де қамтамасыз ете алатын деңгейге жеткен. Ал қалған 5 түрлі азық-түлік тауары облыс тұрғындарының сұранысын 40-90 пайыз аралығында ғана өтеп отыр. Яғни, бұл өнімдер ішінара өзімізде өндірілгенімен, белгілі бір бөлігі басқа өңірлерден тасымалданады. Сонымен қатар 4 түрлі тауардың қамтылу деңгейі 20 пайыздан төмен. Атап айтқанда, сүзбе және өсімдік майы өндірісі өзімізде төмен болса, күріш пен қарақұмық негізінен өзге облыстардан әкелінеді. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыстан шетелге өсімдікшаруашылығы өнімдерінің көлемі айтарлықтай деңгейде экспортталды. Атап айтқанда, жалпы көлемі 930,4 мың тонна өнім сыртқы нарыққа шығарылды. Оның ішінде пияз өнімінің үлесі өте жоғары. Тарқата айтқанда, Жамбылдың 525,9 мың тонна пиязы Ресей Федерациясына, Қырғызстанға, Пәкістанға, Өзбекстанға және Әзірбайжанға жөнелтілді. Сонымен қатар 2025 жылдың 11 айында 5 888 тонна ет өнімдері экспортқа шығарылды. Бұл өнімдер негізінен Ресейге, Қырғызстанға және Таяу Шығыс елдеріне жеткізілді. Бұдан бөлек, тірі мал экспорттау да жалғасын тапты. Жамбыл облысынан шетелге экспортталған ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі 2024 жылы да қомақты болған. Атап айтқанда, 855,5 мың тонна жеміс-жидек және көкөніс өнімдері Ресейге, Қырғызстанға, Пәкістанға және Өзбекстанға экспортталды. Сонымен қатар 8,3 мың тонна ет және сүт өнімдері шетелге шығарылып, бұл өнімдер де Ресей, Қырғызстан және Таяу Шығыс мемлекеттеріне бағытталды. Өткен жылы облыста егіншаруашылығы саласында жақсы нәтижеге қол жеткізілді. Егіс даласынан масақты дәнді дақылдар бойынша 283 мың тоннадан астам өнім жиналды. Оның ішінде бидай көлемі 145,2 мың тоннаны, ал арпа 137,8 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар 207,2 мың тонна картоп, 1 миллион 253,8 мың тонна көкөніс дақылдары, 130,2 мың тонна дәндік жүгері, 31,3 мың тонна майлы дақылдар, 389 мың тонна бақша дақылдары алынды. Өткен жылы егіс алқаптарынан 3,4 миллион тонна өнім жиналды. Бұл көрсеткіштер облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік беріп отыр. Жалпы алғанда облысымыз ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру мен шетелге өнім экспорттау бағытында тұрақты өсім көрсетіп келеді. Алдағы кезеңде ішкі нарықты толық қамту және сырттан тасымалданатын тауарлардың үлесін азайту негізгі міндеттердің бірі болып қала береді, – дейді Әбдірәсіл Серікұлы.
Облыс көлемінде ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 200-ге жуық кәсіпорын тіркелген. Бүгінгі таңда 160 кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұрса, осы кәсіпорындарда 2,5 мыңнан аса адам жұмыс орындарымен қамтылған.
Сондай-ақ өңірде нан өнімін өндіретін 62 наубайхананың ішінде бөлке нан пісіретін 44 наубайхана бар екен. Сол секілдің жүн-теріні өңдеумен – 2, қант қызылшасын өңдейтін – 2, құс етін өндіретін – 5, жұмыртқа өндіретін – 1, макарон өнімдерін өндіретін – 8 және басқа да бірқатар кәсіпорындар ырғақты жұмыс істеп тұр.
– Облыста сүт өнімін тереңдете өңдейтін 24 кәсіпорын жұмыс істеп тұрса, олардың жалпы жылдық қуаттылығы 82,7 мың тоннаны құрады. Статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылдың 1 желтоқсанына 211,4 мың тонна сүт өндірілсе, тұтыну нормасына сәйкес 88,2 мың тоннасы ішкі тұтынымға жұмсалды. 84,8 мың тоннасы қайта өңделіп, кәсіпорындардың жүктелімі 102,5 пайызды құраған болатын. Өндірілген өнімнің 40 пайызы қайта өңделген. Сары май 2 091 тонна (103,6 пайыз), қатты ірімшік 1211 тонна (130,7 пайыз), өңделген сұйық сүт және кілегей 17,6 мың тонна (105,2 пайыз) көлемінде өндірілді. Бұдан басқа өзге де өндірілген сүт өнімдері 5,1 мың тонна болып, нәтиже 121,6 пайызды көрсетті. Ал ет өндірісі 61,9 мың тоннаны құраса, ішкі тұтынымға 16,2 мың тоннасы жұмсалды. 30,6 мың тоннасы қайта өңделіп кәсіпорындардың жүктелімі 42,3 пайызды құрады. Өндірілген өнімдердің 49,3 пайызы қайта өңделген тауар санатына жатады. Сол секілді 8,7 мың тонна шұжық өндірілді. Облыста астық дақылдарын өңдейтін 3 кәсіпорын жұмыс істеуде. Былтырғы 1 желтоқсандағы дерек бойынша дәнді және өсімдік дақылдарынан жасалған ұн, олардан майда тартылған ұн қоспалары 18,4 мың тонна көлемінде алынды. Сол секілді 2556 тонна өсімдік майы мен 2 663 тонна макарон өнімдері өндірілді. Облыс бойынша сыйымдылығы 357,8 мың тоннаны құрайтын 117 қойма жұмыс істеп тұр. Оның ішінде сыйымдылығы 79,3 мың тоннаны құрайтын 21 қойма климатикалық қондырғыларымен жабдықталған. 2024 жылы Қордай ауданындағы «Азия сад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сыйымдылығы 5,6 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймасы және Жамбыл ауданындағы «Қуаныш» шаруа қожалығының сыйымдылығы 3 мың тоннаны құрайтын көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға берілді. «Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін» облысқа тарату шеңберінде 2024 жылы жалпы сомасы 4,7 миллиард теңгені құрайтын сыйымдылығы 48 мың тонналық 6 жоба 2,4 миллиард теңгеге несиелендірілді. Бүгінгі күні «Кәусар» шаруа қожалығы сыйымдылығы 2 мың тонналық, «Аймкуль» жеке кәсіпкерлігі сыйымдылығы 15 мың тонналық және «Aliza» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сыйымдылығы 7 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасын іске қосты. Сонымен қатар аталған жоба бойынша өткен жылы 583 миллион теңгеге несие қаражаты 4 көкөніс сақтау қоймасын салу үшін берілді. Оның ішінде «Даму Сурат» ауылшаруашылық кооперативі 100 миллион теңгеге қондырғылар алса, «Кәусар» шаруа қожалығы да осыншама қаржыға қондырғылар орнатты. Дәл осы көлемдегі қаражатты «БАМ холдинг» ЖШС құрылыс жұмыстарына жұмсады. «Шу-Агро» шаруа қожалығы 283 миллион теңгеге қондырғылар алды, – дейді Ә.Желдібаев.
Осы қоймаларда желтоқсан айында жалпы 452,6 мың тонна өнім сақталып тұрған болса, пияз – 437,2 мың тоннаны, алма – 100 тоннаны, картоп – 1825 тоннаны, сәбіз – 1340 тоннаны, басқа өнім түрлері 12,1 мың тоннаны құрайды.
Ауылшаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Жаңа жылға дейін облыс бойынша 82 ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліпті.
Осы жәрмеңкелерде құны 1 миллиард 626 миллион теңгені құрайтын 1 296 тонна ауылшаруашылығы тауарлары сатылған екен. Оның ішінде 194,5 тоннасы ет, 103,7 тоннасы сүт өнімдері, 907,7 тоннасы жеміс-көкөніс болса, 90,8 тоннасы басқа да өнімдер көрінеді.
Міне, облыста халықты азық-түлік өнімімен қамтамасыз ету мақсатында былтыр ауылшаруашылық саласында осындай жұмыстар атқарылған екен. Бағаны тұрақтандыру, нарықты қажетті өніммен қамтамасыз ету, бағаны негізсіз көтергендерге шара қолдану, сапасыз және жарамдылығы өткен тауарды саудаға шығарғандарды жауапқа тарту секілді өзгеде жұмыстар әр сала бойынша алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




