Нақты нәтижелерге қол жеткізу бәрінен маңызды
Жалпы мемлекет тарапынан ұлттық экспорттаушыларға жүйелі қолдау көрсетілгеннен кейін қазақстандық өнімнің шетел нарығындағы орны нығая түсті. Отандық тауарлар сыртқы нарықта кеңінен танылып, қазақстандық өнім сұранысқа ие бола бастады. Бұл үрдіс облыстағы кәсіпорындардың да экспортқа бағытталған жұмысын жандандыруға оң ықпалын тигізуде. Ашығын айтқанда, бүгінгі таңда қазақстандық өнімді сыртқы нарыққа шығару ісі жоспарлы әрі қалыпты деңгейде жүзеге асып келеді. Оның ішінде Қазақстанның сыртқы нарыққа ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналуына өзге өңірлермен қатар біздің облыстың да қосар үлесі аз болмайтыны анық. Табиғаты мен жайылымдық жерлері, қолайлы климаттық шарттары, төрт түлік мал санының өсіп отырғаны осынау маңызды міндетті жүзеге асыруда жоғары жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Мұны облыстық ауылшаруашылығы басқармасының қолда бар деректері де растайды. 2025 жылдың 7 айында облыста тірідей салмақта 64,8 мың тонна ет өндіріліп, көрсеткіш 5,4 пайызға артқан. Өткен жылдың басынан бері 1 615,2 тонна ет және 340 тонна шұжық өнімдері экспортталған. Жылдың 11 айында 5 888 тонна ет өнімдері және тірі салмақта, яғни 18 035 мал экспортқа шығарылған. Атап айтқанда, ет Ресей, Қырғызстан, Таяу Шығыс мемлекеттерінің нарығына жеткізілсе, 12 136 мүйізді ірі қара, 4 081 уақ мал, 1 554 жылқы және 264 басқа да мал Өзбекстан мен Қырғыстанға жөнелтілген.
Негізі облысымызда ауылшаруашылығы өнімінің 40 пайыздан астамы малшаруашылығына тиесілі екені үнемі айтылып та, жазылып та келеді. Бұл көрсеткішті жаңартуға күш жұмылдырылса, нәтижелі шаралар іске асырылса, ет экспорты көлемін арттыруға қол жетер еді. Бұл бағытта төрт түліктің басым бөлігін өсіретін Сарысу, Талас, Мойынқұм, Байзақ аудандарында малшаруашылығы саласындағы жұмыстар жаңа талапқа сай жандандырылуы тиіс деп санаймыз.
Мемлекет басшысы Үкіметте қазір малшаруашылығы саласындағы бизнесті қолдау жоспары әзірленіп жатқаны, жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына және нақты жоспарлары бар инвесторларға берілуі тиіс екендігін айтты. Бұл ауылда мал өсірумен айналысатын шаруа қожалықтары үшін үлкен қамқорлық.
Облысымызда бұған дейін де Президентіміздің игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауылшаруашылығы жерлерін кері қайтарып, қайта бөлу туралы берген тапсырмасын орындау бойынша қыруар жұмыстар атқарылды. Бұл іске қоғамдық мониторинг жүргізу барысында ауыл халқының өтініштері мен арыз-шағымдарын қарап, тиісті мемлекеттік органдарға ұсынымдар беру арқылы облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері де өз үлестерін қосты. Сұхбатта айтылған міндеттерге сай бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз.
Мемлекет басшысының сұхбатында дамыған елдерде кооперация жақсы қырынан көрінгені, тіпті ірі корпорация деңгейіне жеткен бірлестіктер бары, Қазақстанның барлық ауылында табысты кооперация құруға негіз болатын алғышарттар жеткілікті екені айтылды.
1998-2008 жылдары облыстық ауылшаруашылығы басқармасын басқарған кезімде шаруашылық құрылымдарын шаруашылық жүргізудің өзін ақтайтын мейлінше тиімді түрлеріне көшіру жүргізілді. Ауыл тұрғындары шаруа қожалықтарын ашуға, өндірістік коооперативтер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге бірігуге көбірек таңдау жасады. Олардың саны, жұмыс нәтижелері туралы толық деректерді өзімнің құрастырып, редакциялауыммен 2016 жылы жергілікті «Сенім» баспасынан шыққан «Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы тәуелсіздік жылдарында (1991-2016)» анықтамалық кітабынан табуға болады. Сол жылдары істің ілгерілеуіне жұмысын жақсы жолға қойған шаруа қожалықтардың, өндірістік кооперативтердің, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің үйренерлік іс-тәжірибесін кеңінен насихаттаудың көмегі көп тиді. Уақыт өте келе ауылшаруашылық құрылымдарының сыннан өткендері ғана қалып, әлі күнге дейін жұмыстарын жалғастырып келеді.
Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының деректері бойынша 2025 жылы облыста 29 760 шаруа қожалық, 423 өндірістік кооператив тіркелген. Алайда бұлардың арасында кооперация құратындар бары туралы ешқандай мәлімет жоқ.
Аталған сұхбатта атап көрсетілгендей, кооперативтер еңбек өнімділігін және ауылшаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра алады. Сондай-ақ дайын өнімді сататын нарықтарға жақын болуға, тұтынушылармен ұзақ мерзімге арналған қарым-қатынас орнатуға жол ашады. Еліміздің барлық ауылдарында табысты кооперация құруға негіз болатын алғышарттар жеткілікті. Шаруалар жазда малын бағып, сүт, ет, тері, жүн жинап, оны өңдеу үшін күш біріктіре алады. Күнкөрістен өсіп-өркенуге бастайтын жол – осы. Кооперацияны бірлік пен жасампаздық идеологиясы деп те қарастырған дұрыс.
Президент сұхбатта кооперация өзінен-өзі пайда бола салмайтынын, ел ішінде егжей-тегжейлі түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу қажеттігін де баса айтты. Енді ұсақ шаруашылықтарды ірілендіруге деген ұмтылыс жанданады деп сенуге толық негіз бар. Ал бұл үшін аграрлық саладағы басшы-мамандардың қазіргі буыны елмен етене жұмыс істеуі тиіс.
Осы орайда сала ардагері ретінде өткеннің оңды тәжірибесімен бөліссем, нарықтық қатынастарға көшудің бастапқы жылдарында облыстық ауылшаруашылығы басқармасының атқарған істері еске оралады. Облыс орталығында, аудандарда, іргелі шаруашылықтарда үлкенді-кішілі жиналыстар, семинар-кеңестер ұйымдастыру өз алдына, облыстың бас басылымдары «Aq jol» және «Знамя труда» газеттерінде жетекші мамандардың мақалалары жиі жарияланып, теле-радио хабарлар ұйымдастырылып отырды. Сол жылдары жергілікті «Сенім» баспасынан шаруаға керекті деректердің бәрін табуға болатын, ауылшаруашылығын жүргізу жүйесіне арналған анықтамалық кітапшалар да шығарылды.
Қорыта айтқанда, Президентіміздің бағдарламалық сұхбаты ауылшаруашылығы саласының алдағы даму келешегін айқындап беріп отыр. Онда көрініс тапқан стратегиялық міндеттерді орындауда нақты нәтижелерге жету бәрінен де маңызды.
Аманкелді КАРЕНТАЕВ,
экономика ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы саласының үздігі,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы,
облыстық Қоғамдық кеңестің төралқа мүшесі, комиссия төрағасы




