Ғылыми деректерге сүйенсек, саңырауқұлақтар – ыдыратушылар. Олар өлі өсімдіктер мен жануар қалдықтарын ыдыратып, топырақты құнарландырады. Сонымен қатар кейбір саңырауқұлақтар ағаштардың тамырымен симбиоз құрып, олардың өсуіне көмектеседі. Бұл орманның саулығын сақтауда өте маңызды.
Ал көктем туып, жаз шыққанда, яғни бүгінгі тілмен айтсақ, «трендте» көш бастап, сұраныс артатын өсімдік – саңырауқұлақ. Табиғаттың баурайында, тал түбінде самсап өсетін бұл өскінге құмар жандар саны жылдан-жылға артып келеді. Десе де көбіне саңырауқұлақтар улы болып келеді. Ал оның жеуге жарамды түрлеріне ақ саңырауқұлақ, қозықұйрық, арышқұлақ, қайыңқұлақ және түлкішек жатады екен.
Қазір саңырауқұлақ саудасы нағыз қызып тұрған шақ. Десе де бұл өнімді жинаудың да, саудалаудың да өзіндік заңдылықтары мен талаптары бар. Жалпы бағаның жай-күйін және сауданың қалай жүріп жатқанын білмек мақсатта бірнеше базарды аралап қайтқан едік. Алдымен жолымыз Рысқұлов көшесінің бойындағы шағын базарға түсті. Осы жердегі сөрелерге қозықұйрық секілді өнімдерін тізген саудагерлермен тілдесіп, жағдайды бағамдап көрдік. Алайда сатушылардың көбі ашылып сөйлесуге ықылас танытпай, аты-жөндерін айтудан бас тартты. Соған қарамастан, базардағы тіршілік пен өнімге деген сұраныстың деңгейі бірден байқалады. Алған бетімізден қайтпай, сұрағымызға жауап беруге келіскен сатушыларға жолығып, өзімізге қажетті мәліметтерді ала алдық. Саудагерлердің сөзінше, оларға өнімді Мойынқұм, Жуалы сынды аудандар мен жылыжайда өсірілген саңыруқұлақтарды арнайы тасымалдаушылар жеткізеді. Күніне 2-3 қорап қабылдап алады екен. Келісін 2 000 теңгеден жоғары алып, 2 500-4 000 теңге аралығында сатылымға шығарады. Ал күнделікті 5-6 келі немесе одан да көп мөлшерде сатылып кететін көрінеді. Үш жылдан бері саудамен айналысып жүрген Мұрат Сапаровпен тілдескенімізде саңырауқұлақты биыл бірінші мәрте сатып жатқанын айтты. Аталған маусымдық жеңсік асты алып-сатудың пайдасы бар екенін де жасырмады. Өйткені нарықта саңырауқұлаққа сұраныс жоғары, тіпті күннен-күнге қозықұйрық іздеген адамның саны да артып келеді.
– Сауда саласында жүргеніме үш жылдан астам уақыт болды. Өткен жылдан бастап ашылғанына бір жылға жуық уақыт болған осы «Бейбарыс» азық-түлік дүкенінде қызмет етемін. Қозықұйрық бізге Мойынқұм ауданынан келеді. Жеткізушілеріміз бар. Қазір бағасы келісіне шамамен 2 500-4 000 теңге аралығында. Өсімдіктің оосы түрін сатқанға дейін қазақтарды қозықұйрық жейді деп ойламаппын. Себебі ата-бабамыз саңырауқұлақты ас деп санамаған. Сөйтсек, қозықұйрықты іздеп жүріп сатып алатын қазақтар да көп екен, – деді ол.
Мұнан соң «Қайқармет» базарын да шолып шыққанды жөн көрдік. Мұнда да баға сол шамада. Бірақ бір саудагер тау қозықұйрығының келісі 4 000, ал құм саңырауқұлағының келісі 2 500 теңге екенін айтты.
Ал тұтынушылардың ойын білмекке Қаратау қаласының тұрғыны Жүсіп Мұқашевпен тілдескен болатынбыз.
– Саңырауқұлақтар сатылымға шыға бастаған уақытта бағасы 3 000 теңге болды. Сол кезде біз екі келісін 6 000 теңгеге алған едік. Осы жолы тағы барғанымызда саңырауқұлақ таба алмадық. Былтыр қозықұйрық өсетін жерге барып, теріп алмақшы болғанбыз. Жер-көкті шарлап, қай жерге барсақ та көретініміз – құмырсқадай қаптаған адам. Сол күні кешке дейін сандалдық. Ақыр соңында үйге құрқол қайттық. Көкейімде «Осы саңырауқұлақты, расында, бәрі жақсы көре ме, әлде базбіреулер кәсіп көзіне айналдырып алып, сатып пайда тауып жүр ме?» деген ой қалды. Сол кезде 30 литрден астам жанармай босқа шығын болды. Одан да жанармайға жұмсаған қаражатқа саңырауқұлақ сатып ала салғаным жөн еді. Содан бері қозықұйрықты базардан алатын болдық, – дейді Жүсіп Құдайбергенұлы.
Егер жұрт иен даладан қап-қап қозықұйрық теріп, оны көтерме бағамен өткізіп жүрген болса, бұл қаншалықты заңды? Осы ой жетегімен облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Гүлмира Ширановаға хабарластық. Маман азаматтарды заңнан аттамауға шақырды.
– Көктем мезгілінде халық арасында орманнан саңырауқұлақ теру әдетке айналған. Бірі оны отбасы қажетіне жинаса, енді бірі сатып, табыс табуға тырысады. Бірақ көпшілік осы әрекеттің заңдылығы туралы ойланбайды. Табиғаттан бір нәрсені алу әрқашан еркін, тегін бола бермейді. Қазақстан Республикасында табиғи ресурстарды пайдалану белгілі бір ережелермен реттеледі. Экологиялық кодекс талаптарына сәйкес азаматтар табиғи ресурстарды ұтымды әрі заң шеңберінде пайдалануға міндетті. Яғни өз қажетіңіз үшін аз көлемде саңырауқұлақ теру заңға қайшы емес, ал қорықтарда немесе ерекше қорғалатын аумақтарда теру – заңбұзушылық және сирек кездесетін түрлерді жинау жауапкершілікке әкеледі. Егер осындай өсімдік түрлерін көптеп жинап, оны саудалайтындар бар болса, демек, олар – кәсіпкер. Соңғы жылдары базарларда, жол бойында саңырауқұлақ сатып отырған адамдарды жиі көреміз. Егер олар да осындай жолмен тұрақты түрде табыс тауып отырса, онда бұл да кәсіпкерлік қызмет болып саналады. Егер кәсіпкер ретінде тіркелмесе, санитарлық талаптарды сақтамаса, онда оның әрекеті әкімшілік құқықбұзушылық ретінде бағалануы мүмкін. Тәжірибеде ең жиі кездесетін жағдайлар: қорғалатын аумақта саңырауқұлақ теру, рұқсатсыз сауда жасау, сапасыз немесе қауіпті өнім сату, яғни улы саңырауқұлақтарды тарату. Мұндай жағдайда әкімшілік айыппұл салынып, өнім тәркіленуі мүмкін. Бірақ кез келген әрекет заңмен реттеледі. Ең бастысы, табиғатқа зиян келтірмеу, заң талаптарын сақтау, қауіпсіз өнім ұсыну, – деді маман.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының деректеріне сүйенсек, облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 25 маусымдағы шешіміне сәйкес бір адамға тек үш келі саңырауқұлақ теруге рұқсат етіледі. Мекеменің бас маманы Гүлмира Жабағиева заң аясындағы тәртіпті айтып берді.
– Саңырауқұлақтарды теру үшін қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесімен бірге «Мемлекеттік қызметті алу туралы түбіртек» нысаны арқылы өтініш беру керек. Бұл «www.elicense. kz», «egov.kz» веб-порталы арқылы немесе қағаз форматында жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызмет бір күн ішінде көрсетіледі. Бұл қызметті облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қарамағындағы мемлекеттік орманшаруашылығы мекемелері көрсетеді. Сонымен қатар облыстың мемлекеттік орман қоры учаскелерінде облыстық мәслихаттың 2025 жылғы 27 қарашадағы №28-3 «Облыстың мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдаланудың жекелеген түрлері үшін төлемақы мөлшерлемелерін бекіту туралы» шешімімен 1 келі саңырауқұлақтың бағасы 248 теңге болып белгіленген. Ал саңырауқұлақ теруді жоспарлаған адамдар, ең әуелі, орманшаруашылығы мекемесіне өтініш беріп, терудің ақылы түрлеріне төлем жасап, қатаң есеп беретін орман рұқсатын алу үшін пайдаланылатын төлем түбіртегінің көшірмесін ұсынуы қажет. Сондай ақ мемлекеттік орман алқаптарында саңырауқұлақтарды заңсыз теру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 370-бабының 3-тармағына сәйкес ескерту немесе 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салуға әкеп соғатынын естеріңізге саламыз, – деді ол.
Табиғатты қорғау әрі аялау – адам баласының міндеті. Сөз басында айтқанымыздай, біз қоршаған ортамен тығыз байланыста өмір сүреміз. Демек, оны қорғап, сақтай білу – өзіміз үшін маңызды іс. Саңырауқұлақ жеймін немесе пайдаға кенелемін деп жүргенде сан соғып жүрмесек игі.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ




