Бұл, бір жағынан, кәсіпкердің өз есімін брендке айналдыруы, танымал болуға ұмтылысы сияқты көрінеді. Ал екінші жағынан, көпшіліктің көкейінде «атың шықпаса, жер өрте» дегеннің кері емес пе деген сұрақ та туындайтыны жасырын емес.
Осы мәселенің заңдық және қоғамдық қырын тарқату үшін біз облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Гүлнұр Әмірбековамен тілдестік.
– Кәсіпкер өз нысанына қандай атау беретінін өзі шешеді. Бұл оның жеке таңдауы. Біз тек атаудың дұрыс жазылуына, көрнекі ақпарат талаптарына сай орналасуына назар аударамыз. Яғни «Тіл туралы» заңның 21-бабына сәйкес жұмыс жүргіземіз. Атаудың мазмұнына немесе оның кімнің атымен аталатынына шектеу жоқ, – дейді Г.Әмірбекова.
Демек, заң тұрғысынан қарағанда кәсіп иесінің өз аты-жөнін бизнесіне беруіне ешқандай кедергі жоқ. Ал қоғам бұл құбылысты қалай қабылдайды?
– Қазір заман солай ма, әйтеуір атын танытқысы келетіндер көп. Көп жағдайда нысанға өз атын немесе баласының атын беріп жатады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Басқа да әдемі, мағыналы атаулар жеткілікті ғой. Міндетті түрде өз атын жазу шарт емес. Бұл, бір жағынан, атақты болудың оңай жолы сияқты көрінеді, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Айжамал Маратқызы.
Ал бұл мәселеге бизнес және маркетинг тұрғысынан қарасақ, көпшіліктің пікірі мүлде өзгеше. Тараздық сату эксперті Айниль Әбуалы жеке брендтің маңыздылығын ерекше атап өтеді.
– Қазір өз атымен бір нәрсе бастап, өз парақшасын жүргізетін адам ешқашан ұтылмайды деп ойлаймын. Ең болмағанда танымалдылыққа ие болады, мойындалады. Бізде көп адам кәсіп десе, бірден тауар немесе дүкен деп ойлайды. Яғни бірдеңе өндіріп, соны сату керек деген сияқты түсінік қалыптасқан. Ал қазіргі тренд мүлде басқа. Қазір біз шығыны аз, бірақ табысы жоғары бағыттарға көбірек мән беріп жатырмыз. Мысалы, өз атыңмен қызмет те сата аласың, тауар да сата аласың. Ең басты мақсат – аз шығынмен жоғары табысқа шығу. Сол себепті, менің ойымша, өз атымен жұмыс істейтін адам ешқашан ұтылмайды. Мәселен, мен подкаст ашқым келеді. Ешкім мені телеарна сияқты қаржыландырмайды, бәрін өзім жасаймын. Қажет болса, инвестор табамын. Сол арқылы өзімді журналистика саласында байқап көремін. Егер жұмысым жүріп кетіп жатса, бұл менің өз атыммен жасаған жобам болып қалады. Бірақ кез келген жағдайда ол маған танымалдылық, сенім және адал аудитория алып келеді. Сосын сол атым арқылы кез келген нәрсені сата аламын. Мысалы, Еркебұлан Тоқтар бургер ашайын деп, оны «Тоқ бургер» деп атады делік. Адамдар бәрібір «бұл Еркебұлан Тоқтардыкі ғой» деп барады. Неге? Себебі сенім бар, қызығушылық бар. Адамдар оны таниды, жақсы көреді. Менің де «Айниль студия» деген студиям бар. Бір кезде «Тыңдасай подкаст» деп бөлек бренд жасайын деп ойладым. Бірақ Алматы мен Астананың маркетологтарымен ақылдасып едім, «Сен қазір өз атыңды дамытып жатырсың. Егер подкасты бөлек бренд қылсаң, оны да жеке дамытуың керек болады. Ал «Айниль студия» ішінде қалдырсаң, бәрі бірге өседі» деді. Бұл жерде ең маңыздысы – ресурс. Әр брендке уақыт, энергия, ақша керек. Мысалы, мен бір ғана жеке брендім үшін айына 500-600 мың теңге жұмсаймын. Егер екінші бренд ашсам, оған да дәл сондай қаржы қажет болады. Сондықтан бір брендке күш салу әлдеқайда тиімді. Оның ішінде барлық жобаң бірге дамиды. Тағы бір мысал айта кетейін, қаламызда кондитерлікпен танылған адам ателье ашты делік. Ателье – күрделі бизнес, кейде өзін ақтамайды. Бірақ ол өзінің жеке бренді арқылы табыс тауып, сол арқылы басқа бизнесін ұстап тұрады. Оның аты – актив. Сол сияқты танымал адамдардың балалары да жоқшылық көрмейді. Себебі олардың артында есімі бар. Қазір бәрі танымал болғысы келеді. Бұрын «Instagram адамдарды құтыртты» дейтін, ал қазір ол адамдардың ой-өрісін кеңейтті. Адамдар «осылай да өмір сүруге болады екен» деп түсіне бастады. Мысалы, мен маркетингтен психологияға да өте аламын, қаржылық сауаттылықтан да сабақ өткізе аламын. Себебі мен – адаммын, мен өзгеремін. Адамдар да соны қабылдайды. Қазір мен қаржылық сауаттылықтан сабақ өткізгелі жатырмын. Негізгі бағытым – маркетинг. Бірақ адамдар бәрібір келеді, себебі олар маған сенеді. Жеке бренд қашанда икемді. Өйткені оған кез келген нәрсені қосуға болады. Ал классикалық брендте ондай мүмкіндік жоқ. Қазіргі экономикада икемділік өте маңызды. Трендтер тез өзгереді, сен соған бейімделуің керек. Аудиторияға не керек екенін сезіну қажет. Сол үшін өз атыңмен жұмыс істесең, бағытыңды оңай өзгерте аласың. Бүгін салон ашасың, ертең басқа салаға өтесің – бұл қалыпты жағдай. Қазір бүкіл әлем осы бағытқа бет алды. Бұл тек Тараздың тренді емес. Бизнес өзінің «ішкі асүйін» ашып көрсетіп жатыр. Қолданушы жасаған контент, ішкі контент деген ұғымдар пайда болды. Адамдарға брендтің шынайы өмірі қызық. Мысалы, ірі компаниялар өз қызметкерлеріне «күнделікті өмірлеріңді түсіріңдер» деп ақша төлейді. Неге? Себебі адамдарға шынайылық керек. Қазір адамдар құрғақ брендке сенбейді. Оларға адамның өзі, өмірі, ойы қызық. Сол арқылы сенім қалыптасады. Ал сенім бар жерде кез келген өнім сатылады. Жеке бренд арқылы сен тек бір өнім емес, түрлі тауар мен қызметті қатар ұсына аласың. Сондықтан қазіргі заманда жеке бренд арқылы өсу әлдеқайда жеңіл. Себебі ол жерде адам бар, бет-бейне бар. Ал адамға ең қызығы – адам, – дейді Айниль Әбуалы.
Айниль айтқандай, брендке немесе бизнеске өз есімін беру дәстүрі ертеден қалыптасқан. Көптеген әлемге танымал компаниялар өз атауын негізін қалаушылардың аты-жөнінен алған.
Мысалы, француз сәнгері Ив Сен-Лоран құрған «Yves Saint Laurent» сән әлеміне үлкен жаңалық әкеліп, әйелдерге арналған уни стилін енгізді. Ал Луи Вюиттон негізін қалаған «Louis Vuitton» бастапқыда жол сөмкелерімен танылып, бүгінде сән индустриясының алыбына айналды.
Ал Хуго Фердинанд Босс құрған «Hugo Boss» алғашында жұмыс киімдерін тіксе, кейін классикалық стиль мен хош иістерімен танылды. Ал италиялық Пьетро Барилья негізін қалаған «Barilla» шағын наубайханадан әлемдік макарон өнімдері нарығына шықты.
Сол сияқты Анри Нестле құрған «Nestlé» балалар тағамынан бастап, ірі корпорацияға айналса, Луиджи Лавацца негізін қалаған «Lavazza» – бүгінде әлемге әйгілі кофе өндіруші.
Неміс инженері Роберт Бош құрған «Robert Bosch GmbH» пен америкалық Генри Джон Хайнц негізін қалаған «Heinz» де өз есімдерін әлемдік брендке айналдырған табысты кәсіп иелерінің қатарында.
Осылайша көптеген танымал брендтердің атауы – олардың негізін қалаушылардың есімі арқылы тарихта сақталған мұра.
Байқағанымыздай, кәсіпке өз атын беру – біреулер үшін артық даңғойлық болып көрінсе, енді біреулер үшін тиімді маркетингтік стратегия. Заң тұрғысынан еш кедергі жоқ, ал қоғамда бұл тенденцияны екі түрлі қабылдайды. Біреу мақтаса, біреу даттайды. Дегенмен, уақыт көрсеткендей, қазіргі нарықта сенім мен танымалдық – ең құнды капитал. Ал оны қалыптастырудың бір жолы – өз есіміңді брендке айналдыру.
Айжан ӨЗБЕКОВА



