Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тарихы тағылымды Сарысу

Тарихы тағылымды Сарысу
Коллаж
Уақыт озған сайын артта қалған әр күн, әр сағат тарихқа айналып, өткен күннің еншісіне өтеді. Жылдар тоғысында қалыптасқан өзінің өрлеу, өсу кезеңдерінде қым- қуыт күндер мен зобалаң замандарды басынан өткерген шежірелі Сарысу ауданының тарихы тереңде жатыр.

Сонау батыс өлкенің Атырау, Орал, Жайық өңірін қоныс еткен Кіші жүздің алшын-шеркеш, тама, жағалбайлы рулары орыс империясының отаршылдық саясатынан көп қыспақ көрді. Бұлар атақты Сырым Датов көтерілісінде жеңілген соң 1797-1825 жылдар аралығында Арқа өңіріне, Оңтүстікке, Сарысу өзендерінің бойына үдере қоныс аударды. Олар мұнда бірнеше болыс ел болып, ғұмыр кешеді. Осыдан 97 жыл бұрын Қазақ АССР Өлкелік Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нығымет Нұрмақовтың «Қазақстанда көшпелі, отырықшы аудандарды белгілеу туралы» Қаулысына сәйкес 1928 жылы 3 қыркүйекте Сарысу ауданы құрылды.

Осы шешімге сәйкес Сарысу ауданы Қызылорда, Созақ, Шу аудандарымен бірге Сырдария округіне қаратылды.

Алғашқы аудан құру жөніндегі жиын Арқадағы Айнабұлақ деген жерде өткізілді. Ауданды құру жұмысына округтен келген Мәкин мен Сәрсенбаев басшылық етті. Ауданның жазғы орталығы осы күнгі Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы Түгіскен ауылының іргесінен ағатын Сарысу өзеннің бойына орналасты. Бұл жер кейінірек Ақкеңсе деп аталып кетті. Себебі сол жерге 16 үй тұрғызылған болатын. Ал қысқы орталығы Шу өзенінің бойындағы Кентарал болып белгіленді. Аудандық партия комитетінің алғашқы бірінші хатшысы болып Әлішер Бейсенов сайланды. Аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып Өтемісов бекітілді.

Жаңадан құрылған аудан он ауылдық кеңеске бөлінді де, оларды басқаратын ауылдық кеңестің төрағалары сайланды. Сайлап болғаннан кейін іле-шала байлардың мал-мүлкін тәркілеуге дайындык ісі жедел жүргізілді.

1928 жылы аудан құрылғаннан кейін бір айдан соң байлардың малын тәркілеу басталды. Тәркілеу науқанының көшпелі халыққа тигізген зардабы аса ауыр болды. Ел есінен танардай абдырады. Алғаш рет Сарысу ауданының аса ірі сегіз байы кәмпескеленіп, мал-мүліктен жұрдай болды. Олар жағалбайлы әулетінен ағайынды Өксікбай және Қақу Арғынбайұлы, Жүсіп Шоқайұлы, тама әулетінен Төленбек Жанбекұлы, Ақберген Кеңкөзұлы, Әлі Темешбайұлы, алшын Сыздык Отыншыұлы еді. Оның ішінде қобыз абызы Ықыластың үлкен ұлы Түсіпбек те бар еді.

1931 жылы республикадағы округтердің облыс болып қайта құрылуына байланысты Сарысу ауданы Қарағанды облысының қарамағына кірді. 1933 жылы көктемде аудан халқының ашаршылыққа, шұбырындылыққа ұшырауы салдарынан Саудакент өңіріне қоныс аударды. Сөйтіп Қарағанды облысынан шығып, Оңтүстік Қазақстан облысына енді.

1939 жылы Оңтүстік Қазақстаннан Жамбыл облысының бөлініп шығуына байланысты Жамбыл облысының құрамына берілді.

1925 жылы Қазақстанға Өлкелік партия комитетінің хатшысы болып, Мәскеуден жіберілген Голощекиннің тағайындалуы халқымыз үшін ең қасіретті жылдар болды. Ол Сталинге «Қазақстанда тікелей «Кіші Қазан төңкерісін» жасамай болмайды» деп жазып, одан толық қолдаған жауап алды. Қазақстанда зорлап отырықшыландыру саясаты қолданылды. Тәркілеу науқанының жаппай жүргізілуі, колхоздарға зорлап кіргізу, санаға сыймайтын салық түрлері, қыс ішінде жүн жинату, мақта даярлау, тағы басқа салықтар халықты сансыратып жіберді. Осындай сорақы саясат халық арасында он бес айлық «нық план» деген атпен таралды. Ел арасында наразылық күшейді. 1930 жылы 7 ақпанда көрші Созақ ауданында халық көтерілісі бұрқ ете түсті. Көтерілісшілер жана үкіметтің белсенділерін өлтірді. Кеңселерін өртеді.

Осы көтеріліс алдында хан сайланған таманың белсенді адамы Сұлтанбек Шолақов өз өкілі Мұқыш дегенді Шу бойында қыстап отырған Сарысу ауданына жіберіп, оларды көтеріліске шығуға үндеді. Сарысудағы толқу 9 ақпанда басталды.

Сарысу көтерілісіне қатысқандар алғашқы күні елудей адам болды. Келер күні олардың қарасы 500-ден асып жығылды. Олар кеңселерді өртеді, дүкендерді тонады. Мектеп пен интернат үйін өртеді. Сөйтіп өз арасынан ел арасында «Бақақожа» атанған Райымбек дегеннің 29 жасар ұлы Серікті хан сайлады. Бірақ ұйымдастырушылығы нашар, әлсіз қаруланған көтерілісті үкімет әскері тез басады. Бетпақты бетке алып қашқан Серікті ұстап әкеліп, Қызмола деген жерде найзалап өлтірді. Тұтқыннан қашты деген сылтаумен бірнеше адамды атып тастады. Кейіннен осы көтеріліске катысты деген сылтаумен 1930 жылы 25 маусымда 22 сарысулық азамат атылды. Сондай-ақ 100-ден аса адам түрлі мерзімдерге сотталып, жер аударылды.

Жалпы халық есін жиып үлгерместен артынша зобалаңы көп заман орнады. Ел басына нәубет туғызған 1932-1933 жылдар келді. Ғасырлар бойы көшпелі тірлікпен күн кешіп, төрт түлік малдан азығын айырып, еркін өмір сүріп жатқан халықты күштеп ұжымдастыру сарысулықтарға қасірет әкелді. Ұжымдастыруға дейін Сарысу ауданында қой-ешкі 1 миллионға жуық, 10 мыңдай жылқы, түйесі бар болатын. Ал 1932 жылы осы асыра сілтеушілік кезінде халық ең алдымен өздерінің малдарын жаппай соя бастады. Әлді отбасылар көршілерін тонады. Малы жоқ отбасылар көбейіп, елді ашаршылық жайлады. Бірлі-жарым күш көлігі барлар түнделетіп, жасырын көше бастады.

Көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов 1933 жылдың 9 наурызында Сталинге жазған хатында: «Сарысу ауданында жұмыс істейтін 7000 шаруашылықтан 500-ге жуық қана шаруашылық калды. Ал қалғандары Әулиеатаға және басқа аудандарға үдере көшкен. Жолда халықтың бір бөлігі аштан қырылған» – деп күйзеле жазған. («Қазақстан тарихы», «Атамұра», 2010 жыл, 276-бет).

Алды Арқада опат болған көшпенділер енді Бетпақ үстінде, ұзақ жолдың үстінде қынадай қырылды. Сарысу өзенінің бойынан Қаратауға қарай үдере көшкен алты жарым мыңдай шаңырақтан 1933 жылдың көктемінде межелі жерге іліккені – екі мыңдай ғана түтін. Ал күш-көлігі, ас-ауқаты барлар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркістан асты. Созақ пен Ащысайға қоныстанып, жан сауға етті. Аудан халқы осы бір ауыр жылдарды басынан өткізіп, Саудакент төңірегіне қоныстануға бет алған кезде Өлкелік партия комитеті мен Қазақ АССР Орталық Атқару комитеті аудан халқын қоныстандырып, шаруашылыққа бейімдеуді көрнекті мемлекет қайраткері Ораз Жандосов басқарған арнайы комиссияға тапсырды. Сол тұста халқымыздың ардақты азаматтары Ораз Жандосов, Жанайдар Садуақасов нәубетке ұшыраған сарысулықтар көшінің алдынан шығып, қиналған халыққа көмек қолдарын созды.

Сарысу өзені бойынан тағдыр талқысымен Қаратау өңіріне ауа келген жұрттың рухани жадын есте мәңгі сақтау үшін аудан аты Сарысу болып қалуына күш салған да Ораз Жандосов болатын.

Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бюросы 1933 жылы 23 мамырда Сарысу ауданының саяси-шаруашылық күйі туралы қаулы қабылдады. Осы қаулыда ауданның саяси-шаруашылық жағдайын көтеру үшін көшпелі халықты көшпенділіктен тоқтатып, Талас ауданының жеріне орналастыру, егіс егуін ұйымдастыру шараларын белгіледі. Өскен малдың басын аман сақтап, көбейту үшін аңшылар бригадалары ұйымдастырылды. Талас, Аса өзендерінің төменгі сағасын малына өріс, еліне құтты коныс еткен ежелгі ағайындармен қоян-қолтық араласып, бірлесіп, жаңа өмірге бейімделе бастады. Егін салып, мал өсіріп, халықтың жағдайы біртіндеп жақсара бастады. Мысалы, 1934 жылы ауданда 7651 мал болса, 1935 жылы бұл көрсеткіш 18 875-ке жеткен. Дәл осы кезде Сарысу ауданында 12 ауылдық кеңеске біріктірілген 47 артель болды.

Өрттен қалған өскіннің өркеніндей болып, төрт жыл ішінде қайта бой көтере бастаған ел 1937 жылдың ойранына тап болды. Небір жампоз, жайсаң азаматтар осы ойран мен алапаттардың құрбанына айналды. 1937 жылғы сталиндік қызыл саяси террор біздің ауданды да аямай шарпып өтті.

Адамдар тағдыры үш-ақ адам қатысқан жедел сотпен шешіліп жатты. Ал Сарысу ауданынан ұсталып, қатаң жазаға тартылған азаматтар саны жетерлік. Соңғы нақтыланған деректер бойынша, 50 адам ату жазасына кесілген. Ал Мәдікен Ысқақов, Аққұман Мырғанов, Көшен Исабеков, Тілек Бөпежанов, Жақсылық Аяпов, Жаңабай Дүйсенбеков сияқты азаматтардың алды 25 жыл, арты 10 жылдан сотталды. Олардың көбі түрмеде көз жұмды. Ал енді мына азаматтардың тағдырына назар салайық.

Аудандағы денсаулық сақтау бөлімінің тұңғыш меңгерушісі Сәрсенов Байна Жақыпұлы, «Аққойлы» колхозының бастығы болған Жазыкен Омарбеков, аудандық мал дайындау мекемесінің бастығы Құрманбек Оралбеков сауатты, білімі бар Тәжібай Елібаев, түгіскендік ағайынды Төреқожа, Қарақожа Ханқожаұлдары жазықсыз жазаланды.

«Қаратас» ұжымшарының түлегі, 1929-1931 жылдары Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысы, кейіннен Қазақстан кен-металлургия институтының тұңғыш директоры Әшір Бүркітбаев та, Өндіріс ауылының түлегі, жаңа үкіметті орнатуға белсене қатысқан Жарылқасын Отарбаев та қызыл террордың құрбандары болып кетті.

Ал қызыл репрессия құрбаны Нұрыш Данияров туралы ерекше тоқталғанның артықтығы жоқ. Ол 1934-1937 жылдары 3 жыл 4 ай Сарысу ауданын басқарып, оның қалыптасуына, нығаюына көп еңбек сіңірген. Ол да 1937 жылы 30 қазанда тұтқындалып, 1938 жылдың 19 қарашасында Шымкент қаласының маңындағы Кайтпас сайында атылды.

1937 жылы қыркүйектің басында Байқадам мен Ақкөл арасында тасжол салу басталды.

1939-1940 жылдары аудан еңбеккерлері үлкен жігермен еңбек етті. Бұл жылдары егін шығымдылығы жаман болған жоқ. Әсіресе 1940 жылы аудан ұжымшарлары егіннен мол өнім алды. Ақкөлге дейінгі жол толық салынып, пайдалануға берілді.

1941 жылдың көктемінде ауданда «Ынталы» су бөгетін жасау жұмысы қолға алынды. Бірақ соғыс салдарынан құрылыс жұмыстары тоқтап қалды.

Ер-азаматтардын басым бөлігі майданға аттанды. Сол жылдары барлық мекемелерде, ұжымшарларда Отан қорғау қорына ақша, көлік, азық-түлік, түрлі жылы киімдер дайындалды. Соғыс заемына жазылуға көптеген азаматтар белсенді қатысты. 1942 жылдың қаңтарында аудан бойынша танк колоннасын жабдықтау үшін 1 миллион 742 мың сом құйылған.

1944 жылды аудан еңбеккерлері үлкен үмітпен қарсы алды. Майдандағы ұрыстар Кеңес одағының пайдасына шешіле бастады. Соғыс алдында басталып, тоқтап қалған «Ынталы» каналының құрылысын жүргізу одан әрі жалғастырылды. Оған ауданның 48 ұжымшарының адамдары қатысты. Осы жылы ауданға атқару комитетінің төрағасы болып Шабдан Байбатшаев келген еді. Барлық болмыс-бітімі ізгіліктен жаралған осынау азаматтың аты аудан тарихында алтын әріптермен жазылып калды. Сол кісінің көмегінің арқасында көп жастар оқу орнына түсіп, елге айтулы мамандар болып оралды.

Аман қалып, елге оралған майдангерлердің көбі жарақат алған-ды. Олар соғыс жарасының жазылуын күтпестен еңбек майданына қызу араласты. Сарысу ауданы топырағында кіндік қаны тамған Амантай Дәулетбеков, Берген Исахановтар Кеңес Одағының Батыры атағын иеленсе, 280 немісті жер жастандырған, аты аңызға айналған сұрмерген Ыбырайым Сүлейменов аудан атын даңққа бөледі. 1418 күнге созылған соғыста сарысулықтар 2750-дей азаматынан айырылды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында аудандық партия ұйымының басшылығымен аудан халқы соғыс жағдайына бейімделді. Ер-азаматтары майданға аттанған әйелдер еңбек майданында үлкен күшке айналды.

Сыйымдылығы 7 миллион текше метр «Ынталы» су қоймасының құрылысы 1947 жылы аяқталды. Осы су қоймасынын атын сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ізмұқанбет Еділбаев каналдың ашылу салтанатында ұсыныс жасап, қойдырған болатын.

1945 жылы аудандағы қой-ешкі саны 97 мыңға жетті. 1946 жыл нағыз бейбіт еңбек қызған кез болды. Аудандағы кой-ешкі саны 260 мыңнан асты. Малдың осынша қарқынмен өсуінен жазғы жайылым тарлық ете бастады. 1948 жылы Арқа жайлауына 20 мың қой-ешкі, бір мың жылқы, мүйізді ірі қара шығарылды. Осы жылы мемлекетке өткізілетін ет жоспары асыра орындалып, ауданға үлкен табыс әкелді. Аудан тарихында тұңғыш рет «Қызыл Ту» ұжымшарының шопаны Сағындық Кенжебаев 1948 жылдың 23 шілдесінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығы бойынша Социалистік Еңбек Ері атағын алды.

Кейініректеу ауданның 15 майталман малшы, бақташы, шопандарына КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1949 жылғы 12 шілдедегі Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

1950 жылы аудандағы 39 ұжымшар ірілендіріліп, 11 ұжымшарға біріктірілді. Бұл жылдары ұжымшарларға техникалық және ұйымдастыру жағынан жәрдем көрсету үшін ауданда машина-трактор стансасы құрылды.

1954 жылы елімізде тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталды. Соның бір айғағы бұрынғы «Үшбас», «Буденный», «Қаратас» және Жданов атындағы ұжымшарлар негізінде құрылған «Түркістан» астық кеңшары еді.

1958-1959 жылдары аудандағы мал басы едәуір өсті. Кой-ешкі 240 мыңға, мүйізді ірі қара 13 мыңнан асты. Аудан бойынша бір радио торабы жұмыс істеп, оның нүкте саны 1244-ке жетті. Орталықта жаңа монша іске косылды. 1959 жылы «Коммунар» кеңшарының орталығынан әсем мәдениет үйі ашылды. 1960 жылы аудан бойынша 286 трактор, 125 комбайн, 233 автомашина жұмыс істеді.

1960 жылы ауданның бірінші басшысы болып Матай Шорабеков келді. Ол өте талапшыл, қатаң тәртіп иесі еді. Ол аудан экономикасында қордаланып қалған элеуметтік мәселелерді шеше алды.

1962 жылы КСРО-ның бірінші басшысы Никита Хрущев жүргізген өзімбілермендік, волюнтаристік саясаттың салқыны шалғайдағы Сарысу ауданын да шарпып өтті. Сарысу мен Талас ауданы қосылды. Сейтіп 1967 жылы Сарысу ауданы Талас ауданынан бөлінді. Қайтадан құрылған ауданның құрамына көршілес Мойынқұм ауданына қарасты «Шығанақ», «Жайлаукөл», «Қамқалы кеңшарлары енгізілді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Ұзақбай Сыздықбаев, аудандық атқару комитетінің төрағасы болып Қырықбай Асанов келді. Бұлардың барлығы ауданның байырғы түлектері еді. Сарысу ауданының экономикалык жағынан өсуінің, мәдениеті көркеюінің қарқын алуы осы жылдардан басталды.

Малшаруашылығы саласында Ошақбай Рақышев, Серік Елубаев рекордтық көрсеткіштерге жетсе, Сағат Сәкенова, Әсем Мұздыбаевалар техника тізгінін берік ұстады. Көкөніс шебері Тамдыкүл Жамбылова Социалистік Еңбек Ері атанды. Рым Ақынбаева, Сағат Сәкенова, Шолпан Бұқарбаева, Күлпан Түлкібекова, Серікбай Бейсенбаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары болды. Бұрынғы жабылып қалған «Социалистік шаруа» газеті 1967 жылдың маусым айынан бастап «Октябрь таңы» деген атпен қайтадан шыға бастады.

1968 жылы желтоқсаннан басталған қатты қыс 1969 жылдың наурыз айына дейін созылды. Аудандағы мал басы зор шығынға ұшырады. 1983 жылы ауа райы өте қолайлы болып, егіннен мол өнім жиналды. Ауданда 33270 тонна астық жиналып, 4 жылдық жоспарды бір жылда орындады.

Ауданда жаңа екі орта мектеп, бір сегізжылдык мектеп іске қосылды. Мәдени ошақтар саны кебейді. Аудан орталығында 150 орындық сәулетті аурухана кешені іске қосылды.

1991 жылы еліміздің егемендік алуы қоғам өміріне елеулі өзгерістер әкелді. Алып Одақтың бір-ақ сәтте ыдырап, бұрынғы қалыптасқан экономикалық жүйенің күйреуі мемлекетімізге көп қиыншылық алып келді. Еліміз егемендік алғаннан кейін басқару құрылымы өзгерді. Сарысу ауданының алғашқы әкімі болып басқару саласында ысылған Әбдіманап Көпбергенов тағайындалды. Дегенмен аудан халқы жаңа жағдайға біртіндеп бейімделе бастады. Жаңа меншік түрлері дүниеге келді. 1997 жылдың 15 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен кеншілер қаласы Жаңатас Сарысу ауданының орталығы болып бекітіліп, бұрынғы аудан мен қала әкімшілігі біріктірілді.

Ауданның жаңа әкімі болып Дүйсенбай Тұрғанов тағайындалды. Оның өтпелі кезең қиындықтарын жеңу үшін көп тер төгуіне тура келді. Бұл кездері қолдан-қолға етіп, түрлі деңгейдегі иеліктерге өткен «Қаратау» комбинатының кеншілері көп қиыншылықтарды бастан өткерді.

Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай халыктың әлеуметтік жағдайы азды-көпті оң арнаға түсе бастады.

2001 жылы Жаңатас қаласында №5 кәсіптік-техникалық мектеп қайта ашылды. Ауданда бұрын жабылып калған бес кітапхана өз оқырмандарына есігін айқара ашты. Шоқай датқа, Қызылдиқан мектептері жаңа ғимараттарға көшті.

Қазақстан химиясының алыбы «Қаратау» тау-кен өндеу кешені өзінің 79 жылдық тарихында даңқты жолдан өтті. Осы өндіріс кешенінің дамуына зор үлес қосқан – өндіріс кайраткері Анатолий Шеин. Оның есімі комбинат тарихында өшпес із қалдырды.

Қаратаудың батыс алабына қоныс тепкен әлемдік химия алаптарының бірі «Еврохим» да өз жұмысын қарқынды жүргізуде.

Қалаға 2018 жылдан бастап үздіксіз ауызсу беріле бастады.

Жаңа типті қос қабатты Досбол орта мектебі, «Болашақ» балабақшасы, шағын спорттық алаңдар, көпқабатты бірнеше үй халық игілігіне берілді. «Асыл тұз» кәсіпорны халықаралық стандартқа сай өнім өндіре бастады.

Сарысу топырағында дүниеге келген көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлері де жетерлік. Олардың қатарында Қазақ КСР Министрлер Советі Төрағасының орынбасары Ахай Онғарбаев, 20 жылдай Қазақ КСР Байланыс министрі болған Әбдіразақ Елібаев, министрлік пен комитетті басқарған Ерденбай Тұрғанбаев, Асылхан Мамаев, Иса Халимов, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қаржы министрі Төлеубек Әбдіқадыров, облысты басқарған Дәуренбек Әубәкіров, Дәбен Бөкешев, Байбол Сопбековтер бар.

Сарысулықтар ұзақ жылдар бойы бірнеше аудандардың бірінші басшылары болып, жемісті қызмет атқарған аяулы ұлдары Айтбай Назарбеков, Амангелді Омаров, Рақыжан Ерсейітов, Мұхамбетқасым Шәкенов, Ұзақбай Сыздықбаев, Сейфулла Қожаханов, Кемелтай Жүндібаев, Өтебай Құлмаханов, Хами Аханов, Ахаш Ібіжановтың есімдерін қастер тұтуы тиіс.

Шетелдерден инвестиция тарту ісі де жанданып келеді. Алды пайдалануға берілген жел электр стансалары, Сорбұлақта түріктер салып жатқан сода өндіретін зауыттар ауданның экономикалық әлеуетін арттыратыны сөзсіз.

2023 жылы Сарысу ауданының әкімі болып Сәкен Үмбетұлы Мамытов тағайындалды. Өткен жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық саласында оң динамика қалыптасты. Осындай жетістіктердің барлығы ауданның барша тұрғындарының берекелі тірлігінің арқасында болды.

Біздің әке-шешелеріміз бен ата-аналарымыздың тар жол, тайғақ кешіп жүріп, іргетасын қалаған ауданымыздың кемел келешегі бүгінгі, ертеңгі ұрпақ қолында екендігін еш ұмытпағанымыз жөн. Тарихы шежірелі, тағдыры тағылымды, сандаған жылдардың табы ұялаған Сарысу аты ғасырлар бойы жасай беретіндігіне кәміл сенеміз.

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты,

Сарысу ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар